Мен 3-4 сыныптан бастап ешкім мәжбүрлемей-ақ газет-журнал оқи бастадым. Егер мені әке-шешем газет-журнал оқуға мәжбүрлегенде мен газет-журнал түгілі, қолыма кітап ұстамай кетуім мүмкін еді..
Газет – тауар, ал тұтынушы мәжбүрленбеуі тиіс
Біз нарықтық қоғамда өмір сүріп отырмыз. Бұл – әр адам өз еркімен таңдау жасап, қажетіне қарай тұтыну құқығына ие деген сөз.
Ал газет – бұл тек ақпарат көзі емес, нақты бір тауар, яғни өнім.
Оны өндіруші – бизнес субъектісі, тұтынушысы – оқырман.
Бұл тауарды тұтынушы неге мәжбүрлі түрде сатып алуы тиіс?
Кейбір редакциялар мен мектеп әкімшіліктері, аудандық білім бөлімдері әлі де ескі кеңестік жүйедегідей «ұжымдық жазылу» тәжірибесін жалғастырып келеді.
Мұның артында не тұр?
Қарапайым ғана себеп – газет бизнесінің әлсіздігі, нарықпен санаспай, амалдауға көшуі.
Бәсекеге қабілетсіз редакция неге ұстазға қысым көрсетеді?
Кез келген кәсіпкер өз бизнесін дамыту үшін сапа мен сұранысқа сай өнім ұсынады. Егер газет мазмұны заманауи, пайдалы, шынайы әрі қолжетімді болса – оқырман өзі-ақ жазылады. Ал редакция нарыққа бейімделе алмаса, ұстазды кінәлау, мәжбүрлеу, сөгу жолын таңдайды.
Сонда бұл кімнің әлсіздігі?
Ақпараттық нарықты игере алмаған редакцияның әлсіздігі ме?
Әлде өзін қорғай алмайтын мұғалімнің дәрменсіздігі ме?
Интернет бар кезде газетке мәжбүрлі жазылу кімге керек?
Бүгінде әрбір ұстаздың қолында смартфон, үйінде интернет бар. Ғаламторда
Ашық сабақтар,
Оқу-әдістемелік құралдар,
Онлайн курс пен видео,
Электронды кітапханалар толып жатыр.
Осындай жағдайда
Неліктен мұғалімге қағазға басылған, ескірген ақпаратты, интернеттен көшірілген материалдарды жазылу арқылы сатып алу міндеттелуі керек?
Бұл – нағыз абсурд
Уақытты, ақшаны, энергияны ысырап ету ғана емес, педагогтің кәсіби қадірін аяққа таптау.
Редакция газет шығара ма – ол бизнес. Демек, сол бизнеске оқырманды мәжбүрлеп тарту – кәсіпкерлікке де, этикаға да қайшы. Егер газет шын мәнінде өз миссиясын орындай алмаса, жаңашыл жол іздеуі, тіпті керек болса, кәсіп бағытын өзгертуі тиіс.
Өнім өтпесе – сапасын арттыр.
Мазмұның қызықсыз болса – жаңа формат таңда.
Оқырман сенімсіз болса – кінәні тұтынушыдан емес, өзіңнен ізде.
Ұят – тұрақты категория, ол бар немесе жоқ.
Ұят – адамның ішкі өлшемі. Ол нарықтық бағада өлшенбейді, лауазыммен де артпайды. Ұят бар немесе жоқ болады.
Екі арасы жоқ. Бұл – адамгершіліктің мәңгілік таразысы.
Бүгінде кейбір ақпарат құралдары мен олардың бас редакторлары осы қарапайым шындықты ұмытқандай.
Олар өз сөздерінде демократиялық құндылықтарды қолдайтынын айтып, сөз бостандығын, пікір алуандығын, білім сапасын насихаттап жүргенімен, істе мүлде басқа жолға түсіп алған.
Бұл – шын мәнінде екіжүзділіктің анық көрінісі.
Газетке жазылу – парыз ба, мәжбүрлік пе?
Білім саласындағылар жақсы біледі.
Жыл сайын мұғалімдерге газет-журналдарға мәжбүрлі түрде жазылу процесі басталады.
Редакция өкілдері оқу орындарына барып, түрлі жолмен ықпал етуді қолға алады.
Бірі – «бұл рухани қолдау» десе, екіншісі – «жазылмаған ұстаз – жаңалықтан шет қалған, сауатсыз» деген ар-намысқа тиетін пікірлер айтады.
Кейін жылдары газет беттерінде
«Газетке жазылмаған мұғалім – өз кәсібін құрметтемейді»,
«Жаңа заманның оқырманы – саналы ұстаз ғана бола алады» деген сарындағы айыптау мен манипуляцияға толы ойлар айтылып жүр.
Ойланып көрейікші.
Демократияны қолдайтын журналист, неге ұстаздың таңдау еркіндігін шектейді?
Баспасөз бостандығы деген – тек журналистке ғана емес, оқырманға да берілген құқық емес пе?
Заңды аяққа таптау – бұл да ұят
«Педагог мәртебесі туралы» заң – еліміздегі ең маңызды құжаттардың бірі. Ол мұғалімнің кәсіби еркіндігі мен ар-намысына қол сұқпауды міндеттейді.
Алайда жоғарыда айтылған әрекеттер – осы заңға қайшы.
Мұғалімді мәжбүрлеп жаздырып, таңдау құқығын таптау – заңды белден басу ғана емес, ұяттың жоғалғанын көрсетеді.
Бүгін бір редактор саналы ұстазды сауатсыз деп келекелейді, ертең басқасы газетке жазылмаған мектеп директорын «жүйеге қарсы» деп көрсетеді.
Бұл не деген сорақылық?
Ұстаз бен журналист – халықтың қос қанаты
Ұстаз – ұрпақ тәрбиесінің тірегі. Журналист – қоғамның көзі мен құлағы. Екеуі де – халықтың рухани тірегіне айналған тұлғалар. Бұл қос кәсіп иесі бір-бірін қолдауы керек, бір-бірін тәрбиелеуі емес.
Газетке жазылу – саналы ерік пен қажеттілікке негізделуі тиіс, есеп пен мәжбүрлеуге емес. Ақпарат құралдары шын оқырманға сүйеніп дамуы керек. «Жазыл, әйтпесе сен кәсіби емессің» деген көзқарас – отарлық сана мен манипуляциядан туған жат қылық.
Ұят өлшемі – ар алдында есеп беру
Баспасөз – қоғам айнасы.
Бірақ бұл айна шындықты бұрмалап көрсетсе, одан кім ұтады?
Бірі – тираж қуып, арды ұмытып, заңды аяққа таптайды.
Бірі – амалсыздан жазылады, әйтпесе беделі мен жұмысы бұлыңғыр болады.
Егер ұят пен ұждан – шын мәнінде тұрақты категория болса, онда мұғалімнің де, журналистің де бір ғана жолы бар – әділет пен адамгершілікке сүйену.
Сонда ғана біз шын ұстаз бен шын журналистің ынтымағына жол ашамыз.
Сонда ғана қоғамда ар, заң және ұят өз орнын табады.
Мұғалімді ақпарат тұтынушысы емес, мәжбүрлі демеуші ретінде қарау – білім саласына жасалған қиянат. Редакция өзіне сенімді болса – өзі келетін оқырманын күтсін. Газет бизнесі деген – сенім мен құндылыққа негізделген нарық, қысым мен есеп емес.
Сапалы мазмұн – мәжбүрлеуді қажет етпейді.
Нағыз оқырман – еркіндіктен туады.
Ұстаз – газетке емес, газет ұстазға қызмет етуі тиіс.
Өмір Шыныбекұлы, «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
Дереккөз: democrat.kz
Айта кетсек, бұдан бұрын «Газеттің болашағы бар ма?» тақырыбында мақала жариялаған едік.