20.4 C
London
Сәрсенбі, Қыркүйек 27, 2023

Өзіне қол салушылар қатары неге көбейіп барады?

- Advertisement -spot_imgspot_img
- Advertisement -spot_imgspot_img

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша жыл сайын әлем елдерінде миллионға жуық адам өмірден өз еркімен кетіп жатады екен. Солардың 8 мыңдайы қазақстандық. Статистикалық мәліметтер бойынша  әрбір 100 мың адамға шаққанда өзін өзі өлтірушілердің саны жағынан Қазақстан әлемде үшінші орында тұр.

Әрбір 12-ші жас өзіне қол салады

Суицид деп аталатын бұл құбылыс бүгінде барша әлем елдері үшін үлкен бас ауруға айналып отыр. Өзіне өзі қол жұмсайтындардың арасында, әсіресе жастар қатары жыл санап көбейіп бара жатқаны байқалуда.  15-19 жас аралығындағы әрбір 12-ші қазақастандық жасөспірім өзін өзі өлтіруге әрекеттенеді екен. Осы мәліметтерден байқалғандай, біздің елімізде бұл өте өзекті мәселенің біріне айналғаны анық көрінеді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын бір жас таныс жігіт қайтыс болды. Сап-сау жігіттің кенет қайтыс болуы таңғалдырып, осының себебін бір таныс кісіден сұрағанымда «ешкімге айтпай-ақ қой, өзіне қол салыпты дейді» -деді ол біреу естіп қоймасын дегендей сыбырлай сөйлеп. Одан әрі мен ештеңені қазбалап сұрамадым. Жерлеу рәсімі кезінде әлгінің туыстарының жүздері пәс жүрді. Бұл тек бауырларынан айрылудан туған қайғы ғана емес, оның астарында басқа да сыр жатқан сияқтанды. Намаз шығарады деген молда келмей, біраз әуреге салды. Содан амалсыз бір намаз білетін жігіттің туысы намаз шығарды. Өзіне қол салған азаматтың намазы шығаруға молданың келмеуі, жерлеуге жиналған жұрттың арасындағы  пыс-пыс әңгіме – осының бәрі еңсені езгендей бір ауыр сезімге бөледі.

Күн сайын дерлік бір туысымыз, не танысымыз дүниеден өтіп жатады. Адам қазасы қашанда айналасындағыларға ауыр қайғы әкелетіні белгілі. Дегенмен, аурудан, кәріліктен, болмаса бақытсыз жағдайдан қайтыс болған адамның туыстары үшін бұл қанша қасірет болса да, емші уақыт бәрін де жазады. Бірақ та, өзіне өзі қол салған адамның жақындары мен туыстары оның өлімі үшін өле өлгенше өздерін кінәлідей сезініп, қуыстанып өтпек. Ең ауыры да осы.

Осыдан екі-үш жыл бұрын Көкшетауда жоғары оқу орнында оқып жүрген жас қыз сегізінші қабаттан секіріп, әбүйір болғанда аман қалды. Аурухананың жан сақтау бөлімінде жатқан оған келген анасы не себепті осындай қадамға барғанын сұрағанда қыз жөндемі жауап бере алмапты. Бар себеп – ұнататын жігітімен тіл табыса алмай қалуы болған  көрінеді.

Соңғы үш жылдың көлемінде Ақмола облысында жиырмаға дейінгі жас қыз-жігіттердің арасында 49 өзіне қол салу оқиғасы орын алған. Егер болған жайды таразылап қарасаң, өмірден кетуге себеп болатындай оншалықты шешілмейтін қиын мәселенің жоқтығын байқайсың. «Мен оны сүйемін, ал ол мені түсінбейді», немесе «емтиханды дұрыс тапсыра алмадым, енді үйдегілерге не деймін» -деген сияқты жайлар дүниеден өз еркімен кетуге себеп болып жататыны байқалады. Осыдан бірер жыл бұрын қаладағы белді оқу орнының екі студенті араға апта салмай жатып өздерін өздері өлтірді. Бұл сол тұста біраз шу туғызған. Оқу орнының қызметкерлері айтқанындай, екеуі де дұрыс отбасынан шыққан және сабақтарын жақсы оқиды, жолдастарымен қатынасы да жақсы. Біреуі өзі ұнатқан қыздың махаббатына дұрыс жауап бермеуінің салдарынан өмірден кетсе, екіншісі алдында ғана автокөлік апатынан алған жарақатын уайымдап, соның салдарынан осындай қадамға барыпты.

 

Қатерлі құбылыстың астарында не бар?

Бүгінгі күні Ақмола облысының білім беру жүйесінде 523 психолог маман жұмыс жасайды. Кеңес заманында тек жоғарғы оқу орындарында ғана болатын психология пәні қазір мектептердің бәрінде оқытылады. Бірақ та, соның оншалықты оң ықпалы тиіп отырмағаны жыл сайын балалар арасында суицид атты дерттің белең алып бара жатқанынан анық байқалуда. Дамыған шет елдерде әрбір өзін сыйлайтын адамның жеке адвокаты, дәрігері және психоаналитигі болады екен. Бірақ соған қарамастан, біз бүгінде қай жағынан да үлгі тұтатын Батыс елдерінде де өзін өзі өлтіру оқиғалары азаймай отыр. Яғни, мұның астарында бар мәселені психолог маманның көмегімен шешуге болады деген ұстанымның дұрыс еместігі жатқандай.

Біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, өзін өзі өлтіруге талпынатын жастардың бұндай қадамға баруының себебі – анау айтқандай жүйкеге қатты салмақ түсіретін жайлар еместігін көреміз. «Неге онда бар, менде жоқ, неге мен де ол сияқты шалқып жүрмеймін» деген оймен, өмірдегі игіліктердің бәрі, оның ішінде махаббат та, күреспен, көп күш салумен келетінін қаперге алмай жататын секілді. Осындай ойсыз, албырт сезімнің жетегінде кеткен жас болашағын ойламай, қатерлі қадамға барады.

Бұның астарында қазіргі отбасындағы және мектептегі тәлім-тәрбиенің жетімсіздігі  байқалады.  Байлық пен мансап оншалықты әспеттелмейтін кеңес заманында өзін өзі өлтіру жайлары өте сирек болатын. Қазір ақша билеген заманда адамдардың, оның ішінде жастардың, көзқарастары мүлдем өзгерді.  Қоғам бай-кедей болып екіге жарылып, байлық өмірдің басты мақсатына айналды. Малынып киініп, қымбат автокөлік міну,  сәулетті котеджде тұрып, қымбат телефон ұстау – осының бәрі санасы әлі толыспаған жастар үшін өмірдің басты қызығы мен қуанышы сияқты сезілетін сыңайлы.

Бай-бақуатты болғанның еш жамандығы жоқ, бірақ та, байлық өздігінен оңай келмейді, ол үшін көп еңбектену, тер төгу қажет. Сондай-ақ, өмірдегі алдыңа қойған қандай мақсатқа да оңай,  жедел жетемін деу ақылсыздық.  Осы тұрғыдан алғанда, барша игілікті қазір, оңай жолмен жан қинамай татып қаламыз деген ұстанымды санасына сіңірген бүгінгі жастардың өмір алдарына тартқан сәл-пәл қиындыққа шыдамай морт сынып, өмірден өз еріктерімен кетіп жатуы табиғи құбылыс. Бұл мәселені ешқандай психолог маман шешіп бере алмайды.

Суицидтің алдын алуға бола ма?

Сонда не істеу керек? Ең бастысы, мектепте ата-бабадан мұра болып келе жатқан ұлттық тәрбиені, яғни ұлттық педагогиканы оқытуға мән берген жөн. Балаларға жыныс жақындығы жайлы үйреткенше, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирендіретін ұлттық тәлім-тәрбиені санасына сіңірген абзал. «Қызға қырық үйден тиым» деген жалғыз ұстаным – ертедегі қазақ қоғамында бүгінде белең алып кеткен жезөкшелік дегеннің мүлдем жолын кескені белгілі. «Байлық – мұрат емес, кедейлік – ұят емес» дейді қазақ,  «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді ұлы Абай. Ұлтымыздың осындай ұлағатын жас ұрпақтың санасына сіңірсек, өмірдің бар игілігін қазір, жан қинамай көремін деп жанталасқан жастарымыз ақылға келіп, игілікке ерінбей еңбектенудің арқасында ғана жетуге болатынын түйсініп, өмір алға тартқан қиындықтарды жеңуге талпынатын болады. Сонда суицид деген белең алып бара жатқан қауіпті құбылыстың жолы кесіліп, жастарымыздың  еліміздің толыққанды азаматы болып қалыптасуына жағдай жасалады.

 

Қалкөз  ЖҮСІП.

 

 

 

 

 

 

 

 

- Advertisement -spot_imgspot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Latest news
- Advertisement -spot_img
Related news
- Advertisement -spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here