17.3 C
New York

Жынды Қожа қайда?..

Published:

«Өңіне қарама, өтеріне қара» М.Қашқари

Қыналы боз ат мінген, ат жақты, беліндегі кісесі бар, үстінде шапаны, буырыл сақалды, көзі отты жынды Қожаны көзіміз көрді. Тұрақты баспанасы, үй-күйі жоқ, ел кезген біреу болатын-ды. Бала сүндеттейтін. Бәрімізді мұсылман қылған сол-жынды Қожа,-деп бастады әңгімесін алпыстан асып, жетпіске аяқ басқан қария. Үнсіз тыңдап отырмыз.
Сол елуінші жылдарының орта тұсы ғой. Соғыстан кейін ел есін жиып, етегін қымтап, тұрмыс жағдайын енді түзей бастаған мезет. Ауылға қыналы боз ат мінген жынды Қожа жылқышы Ермұқан үйіне келіп түсетін. Көп сөйлеспейтін. Жылқышының үйі асын беріп қондырып, аттандырып салатын,-деп әңгімесін жалғастырды қария.

Артынан естідік «қытайдың шпионы» болыпты сол жындыкең. Кім білсін, бірді-біріп таныған заман ба ол кезде. Тың игеру деген желеумен елдің барлығы кең далаға соқа салып айқұш-ұйқыш жыртып жатқан аласапыран уақыт. Келген келімсектердің шектен шыққаны соншалықты ата-бабамыздың қасиетті мекендері жербесіктерін тонап, істемегенді істеп жатты. Екі кештің арасында әндетіп сәлемдетіп Мұзбелдің етегіндегі қара қосымызға Жынды Қожа кірді. Қысы-жазы басынан бөркі, кісе белбеуі түспейді. Бірақ ұқыпты, таза кісі еді. Бес уақыт намазын да қаза қылмайтын. Құбылаға қарап күбірлеп тілек тілеп отыратын. Ас іштік. Қара қоста қайбір жарыған ас дейсің. Кешегі сойған қойдың сүбесі, белдемесі, сосын майлы төсі бар еді, соны жылытып ел кезген азаматтың алдына қойдық. Сорпа ішіп, артынан шай әкелдік.

– Заман не болып барады, мына дінсіздер қазақты құртып тынатын шығар. Әй құртады-ау осылар. Қазақты шоқындыруға қадам жасап жатыр. Байқайсыңдар ма, жол бойы көріп келе жатырмын. Сонау атам заманнан бері қаншама ғасыр жасаған бейіттерді тас-талқан қылып тонап, бұзып, ойларына келгенді істеп жатыр екен. Баяғы заман болса ат құйрығына байлап, арқасына дүре соғып жазасын беретін едік. Ләпбай құлдық ұрған заманда кімге барып мұңымыз бен арызымызды айтамыз. Қайта сені тыңдамай, өзіңе бәле жауып, қаралап шыға келсін!-деп тісін шықырлатып, күрсінді.

Шіркін алаштың қайраткерлерін ерте жерледі ғой бұлар. Әйтпесе пір санап жүрген Ленин көсемдерінің өзінің аузын аштырмады ғой,-деген иен далада саяси әңгіме айтып отырған адамның ащы сөзінен үрейлене бастадық. Қорқып қалған үркек халықтың ұрпағымыз ғой. Үрейлене қараймыз жаутаңдап. Шамды тез сөндіріп ұйқыға кеттік. Күбірлеп сөйледі. Шіркін Мағжан ақын ғой. Атып тынды мына иттер! Құртты ақыры!-деп төсегіне қисайып жатып, жұдырығын түйіп кіжінді.

Мағжан кім ол кезде білмейміз, сұрапыл ақын екендігін, Мағжан Жұмабаев екенін қайдан білейік. Таң бозынан ерте ояныпты. Беліндегі кісе белбеуде бізге беймәлім бір құрылғы бар. Соған өте сақ. Көзінің қарашығындай сақтайды. Ұйқысы сергек. Құс ұйқы. Тықырдан оянады. Бізбен отырып шай ішті. Кешегі әңгімені тағы жалғастырды. Жаспыз, әңгімесіне мән бермедік, жүре тыңдадық. Аттанып кетті. Астыңдағы ақбоз ат емес-артынан білсек жарау бие екен. Ол кезде қыналы боз міну ескі заманнан қалған түсінік екендігін қазір біліп жатырмыз ғой. Ертеде жаугершілік заманда атақты хандар жорыққа қыналы боз ат мінген. Құрбандыққа боз шалған. Боз жылқыдан бәле-жала аулақ жүреді деген сенім болған.

Мұзбелдің етегінен аттанған Жынды Қожаны артынан естісек, Бурабайдағы орманшының үйіне қонып, түннің бір уағында ағаштың ішінде отырып шетелге телеграмма жіберіп отырған жерінен орманшы көріп, аудандық ішкі істер бөліміне хабар беріп ұстатып жіберіпті.

Жаңсақ сөз, мүмкін рас, қолына кісен салып жатқан Жындыкең: Алтын саптыаяқтан ас ішіп, аяқ босатқан жорға мініп, елдің еркесі атанған атам мен ақырғы өлімі келімсектің қолынан бұйырып, ібір-сібірде өлген әкем түсіме кіріп еді, жарықтықтар аян берген екен, әттең-ай білмей қалдым сені!-деп орманшыға қарап торға түскен қасқырдай тісін шықырлатып, жұдырығын түйіпті.

Ел айтады. Елдің аузына кім қақпақ қойсын. Халық айтса қалт айтпайды. «Мағжан деген ақын болған. Елдің маңдайына, қазақтың бағына симай кетті жарықтық»,- деп жиі айтып отырады екен. Сықпытына қарап жынды десе деген шығар. Бәлкім алпысыншы жылдары «қазақты жеке ел қыламын» деп білек сыбанып кіріскен, кешегі атылып кеткен алаштың ардақты ұлдарын көрген азамат па екен!? Олар жете алмаған мақсатқа ақырындап жетемін, қазақты оятамын деп атқа қонып, тәуелсіздікке ұмтылған тектілердің көзін көріп, сарқытын ішіп, атын ерттеп, үзеңгілес болып, ақырын іштей үгіт жүргізді ме екен, бұл жағы енді белгісіз. Себебі, жынды, ессіз, ақылсыз, түйсіксіз болса бала сүндеттеп қызмет атқарар ма еді. Бұл енді Жынды Қожаны түсінетіндердің жеке пікірі. Мүмкін «шпион» болса болған да шығар. Бірақ қай елдің шпионы? Гәп осында!

Көкшетау төңірегін ақбоз атпен аралап, артынан ізім-қайым жоғалған Жынды Қожаны алдыңғы аға буын білуі мүмкін. Қыр-қыраттың үстінде ақбоз атын қамшылап қойып ел аралап, есімі елге белгісіз «Жынды Қожа» атанған адам туралы ел не дейді? Бұл енді оқырманның еншісінде. Өз басым осы әңгімені естіп «адам бір оқтық» я болмаса қорынып өлгенше, қу кедей болып өлген артық деп атқа қонып, ел аралап, тәуелсіздікті аңсаған белгісіз адам кім болды екен деп ойландым да қойдым. Мүмкін кешегі зұлмат заманда оғлан бастары айдауда кеткен қайраткерлердің ізбасары ма екен? Бұл енді бір құдайға аян!

Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

Related articles

spot_img

Recent articles

spot_img