spot_img
More

    Жылқышы

    – Ал бас құлақтан, тұқырт басын, жіберме, ырғып мін!-деген әмірлі дауыс жас жылқышының дебгірін қашырды. Қыл арқанға буынып тұрған кер дөнен жан-жағынан қаумалап қоршап тұрған екі аяқтыларға ала көзімен жеп-жібередей қарап амалының құрығанынан ара-тұра ышқынып шыңғырып қояды. Талай асауды үйреткен кәнігі жылқышылардың мына тірлігі сырт көзге сүйкімді. Жылқы қазақтың етене араласып кеткен малы. Жанына жақын, мінсе көлігі, жесе асы, ішсе сусыны. Кер дөненнің үстіне ырғып мінген палуан денелі жігіт тақымына түскен жылқыдан айырылуы екіталай. Талай асауды үйретіп, жуасытып алып келіп қаңтарып байлап қояды. Уытты жылқы бірер сағатта есін жиып алып ертеңіне қайта мінез танытады. Әй қанша дегенмен тарғыл бауырлы түздің тарпаңы емес шығар, сүлделеп жүріп үйретіп тынады. Кер дөнен бірер тулап, мөңкіп құла түзге тапырақтап шаба жөнелді. Басы мұндай қатты болар ма? Тізгінді тартқан сайын басын алға қарай ұмсындырып шауып келеді. Ара-тұра оқыранып жалт бұрылып үркердей үркеді. Мұндайда тақымы сірі жігіт жалп етіп құламайды, қаққан қазықтай тік отыр. Құласа біткені. Үзеңгіге аяғының ұшын ғана кіргізіп қойды «сақтықта қорлық жоқ» демекші сақтықтың әдісі. Асау үйретіп жүрген әккі жылқышылар әу баста әдіс-айланың үйретіп жастарға ақыл-кеңесін айтып отырады. Бұғанасы қатпай жатып түз адамы атанып қарына құрық іліп, алты ай қыс, алты ай жаз жылқыда жүретін әкесі бұны асау үйретудің сан айласын мықтап тұрып санасына құйды. Есті бала ғой. Әрі күнделікті өмірде көріп жүр. Мықтылардың мықтысының өзі тақымының сіңірлігіне емес айла-амалға жүгінеді. Жалп етіп үрікті кер дөнен. Құлақ түбі бусанды. Ащы тері шықты. Манағыдай емес бәсеңдеді. «Асау үйреткенде малды бастан ұрма, жасқаншақ болады»,- дейді әкесі. Басын тарта берме, кердең бас болып тікірейіп жүреді. Сауырынан көп қамшылай берме үркек болады деп тәпсірлейді.

    Тапырақтап шауып келе жатқан дөнен, сары желіске түсті. Сірә үсті қатты болар. Ішті түйетін. Мұндай малды жылқышылар көбіне міне бермейді. Ауылдағы егін қоритын қорықшы, немесе қой бағатын қойшылардың «торысы» болып тепеңдейді. Әбден әптікі басылған соң барып бригадирге табыстайды. Әлгінде ғана жанынан жан жолатпайтын кер дөнен, үстіне тас қазықтай қонжиып алған сіңір тақымдыдан, құтыла алмасын білді ме, жоқ әлде «сен айттың, мен көндім» деді ме тізгін иесінің дегеніне көніп аяңға көшті. Алдынан мамырдың сары самал желі соқты. Мамырдың аяғы. Бірақ күн әлі бұлтты. Бауыры семіз бұлттар шығыстан шығып, батысқа жөңкіліп табиғаттың көшпелі құбылысы басталған. Щорс (бұрынғы аты) совхозының маңайы адырға толы. Белесі көп, бүйірі бұлтиған қыраттар. Жер сыз. Ылғалды. Күннің беті не әрі, не бері қарамай тұр. Арқаның ақырған адуын қысы босаған оңайлықпен шыға қоймайды. Бүгін-ертең шығуы да екіталай. Әлі бір бұлқыныс бұрқасыны болады. Өйтпесе қыстың қадірі болама?

    Заман дүние-ай!..

    Кешегі қазақ ат үстінде, түйенің қамында жүріп шаруашылығын ыдыратпады. Көшпелі қазақтың көшесі болмаса да, көшелі тірлігі көпке үлгі!

    Сары жайлаудың төрінде көшіп жүріп, құс жастықты жантайып жатып бабына келген сары қымызды сапырып қымыз ішті. Жаясы жарқыраған семіз жеді. Аста-төк астың үстінде отырып талай мәслихатпен ел ішіндегі түйткілді түйіндеп шешті. Бабалардың ауызынан шыққан кесімді сөз, кесекті пікірге жұрт ұйыды. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп берді. Е жарықтық мына дала соның барлығын көріп тілсіз, үнсіз тұр. Бүгін ғой баба тәмсілі, құнды ғұрпы әдірем қалып жатқаны. Әлі-ақ, заман өзгерер…

    Бірақ уақыт атты ұлы көштің еншісінде. Дөнен жалт бұрылып үрікті. Алдынан орғып қашқан қоян екен. Апыр-ай сары адырлы, қылтанақсыз тақырдан не табамын деп жүр екен байғұс салпаңқұлақ. Қыстан сірә қыстығып шыққан, көрініп тұр құлағы қалқиып ызғытып барады. Денесі жеп-жеңіл жауынан қашуға ыңғайлы. Сірә табиғи болмысы шығар үрке жөнелуі. Ат басын кері бұрды. Қосқа қарай. Ана жылы күздің күнгірт күні еді. Сілекей ерінді сүмбіле сүмірейіп, солбырап жауып тұрған. Мал мен жанның апшысын қуырып, жауа берген жаңбырдан кейін ішін тартып, жүрегі айныған жан құсап лоқсып-лоқсып жел соғады. Әпербақан жел. Мұндайда жылқы жарықтық ығып, ауа жайылады. Әсіресе көкке тойынбаған жабағылар белі бүкшиіп, бүрсең қағады. Сары адыр мен үрпек бас шоқылардан соққан жел Арыстан-Қарабастың желінен әрмен. Ұлығанда аш бөрідей ұлиды келіп.

    Екі кештің арасы. Жылқышылар қосы түйнекке шалдығып (пышаққа ілінген) семіз жабағының етін түсіріп, алдарына ала бергені мұң еді, әупілдеп ит үрді. Сосын барып аттың дүбірі естілді. Қашанда «жау жоқ деме» деп отыратын жылқышылар елеңдей қалды. Аттан түскен аяқ дыбысы, қосқа кірген қаракөлеңкедегі сұлба (Ассалаумағаликөм қара шаңырақ!) -деп әндете кірген дауысқа барлығы елеңдей қарасты. Жастар ғой, орындарынан жапа-тармағай тұрып сәлем берді. Еңгезердей нән денелі зор кісі, дауысы да қоңыр домбыраның үніндей күмбірлеп шығады екен. Қазақы салт пен құдайы қонақты қадірлеп (қолына су құйып) төрге шығарды. Алдарына келіп пышақтың ұшы тимеген семіз еттің ішіндегі қадірлісі омыртқаны бейтаныс жолаушыға ұсынды. Бісмеллә деп қолына алды. Сірә кірпияз, сыпа біреу білем. Қалтасынан көлдей қылып орамалын шығарып ұзақ сүртініп, белбеуінен жарқ еткізіп кездігін алып, ысқылап сүртіп, үнсіз отырып омыртқаны мүжіді, бір аяқ сорпа ішіп, дәм қайырып, қалтасынан арқаның аршасын шығарып ойланып отырып тісін ұзақ шұқып болып, күмбірлеп сөз бастады.

    Жас кезінен дала қосында ғұмыры өтіпті. Қара құрық сүйреп жүріп, керзі етік тоздырып өр жайлауда сәруәр самалға көкірек керіпті. Түз адамы атаныпты-мыс. Қиямет соғысқа барып оң бүйірінен немістің қаңғыған оғы қадалып, әупірімдеп елге келіп тағы да баяғы кәсіптің қайтадан тізгінін ұстапты. Қамбар бабасының төлінің басын көбейтіп мына Қызылжар жағында бір совхоздың дүрдей, еңбегі елге сіңген жылқышысы атаныпты-мыс. Еңбегін ескеріп дүмді басшылар, жыл сайын мақтау қағазымен марапаттап, кеудесіне орден тағып, астына жеңіл көлік сыйлапты. Айта берсе әңгімесі ұзақ, үлкен бір хикаят. Сөлді, тұщымды тұстары да бар. Қазақ баласы тәу етіп, бүгінде заманның солқылымен естен шығып қалған Асан бабамыздай жерұйық іздеп жүрген жоқпын,-деп жолаушы кісі ерні сылп еткізді. Жылқы баласы да адам сияқты. Әсіресе қазақ халқы сияқты. Бір арыса арса-арса болып қабырғасы ырсиып, көзі жәудіреп, тілсіз қалады. Тақымыңды, астауыңды толтырған жарықтықтың арғы тегі Қамбар бабасынан басталады ғой, и…ә жігіттер деп бейтаныс жолаушы бір ыңыранды. Бір ай болды, жолаушылап жылқышылардың қара қосын жағалап жүргеніме, жылдан-жылға жылқы жарықтықта азып барады. Қан алмастыру керек. Ат қадірін білмейтін қарыны қампиған басшылар орыстың мәстегін әкеліп үйірге салып, жылқыны бұзды. Қазір жүр жылқының ішінде сирағы сорайған, шөлке киген шүйкебас құсап шыр бітпейтін көтерем, белі сидиған тайлар, құнандар. Не ат болып жарытпайды, немесе астауыңды толтырмайды. Қолды бір сілтедім. Атасына нәлет ел іші ғой, құдаңдауа қазақ, тілі мен дінін ұмытып бара жатса да жылқысын ұмытқан жоқ шығар. Жоқ деген үйдің өзі қысқа қотыр тай сояды. Үйір ұстап жүре алатын жылқысы бар шығар. Баяғы жаугершілік заманда қалмақтың мың қолының һәм нояндарының «а құдайлап!» шыбын жанды шүберекке түйіп «қубаспен» қас жаудың құтын қашырған Қабанбай батырдың төліндей болмаса да, өзіндей болар бір дөңкиген дөнені шығар деп ел ішін аралап жүрген жайым бар жігіттер деп күмбір етті бейтаныс жолаушы.

    Қара қостың ішіндегі сығырайып жанған пілтелі шамның жарығын ұлғайтып бейтаныс жолаушыға анықтап қарады жылқышылар. Зор денелі екен. Бетінің аздап бұжыры бар. Сірә шешектен қалған дақ болса керек. Отырғанда оң жақ қабырғасына қарай қисайып отырады, әлгі пәшістердің қаңғыған оғының зардабы болар. Жасы жетпіске жуықтап қалған мосқал адам екендігі жүзінен көрініп тұр. Ұлан-ғайыр даланың ұлы болғандығы сөз саптасынан аңғарылады. Басбілгілерің кім?-деді жолаушы жан-жағына самарқау қарап.

    Жылқышылар үндемей Дәукеге қарады.

    Менің әкем, ол кісі қазір жұмыс барысымен жолаушылап кеткен, ертеңдері келіп қалар.

    Ім-һім… демек менің мәселемді, сенің әкең шешеді екен ғой. Жақсы, ендеше мен шығып құйын желімді отқа жіберейін, босатып деп сыртқа шықты. Қыркүйектің сүмбілесі әлі бүркіп тұр. Астына мінгені жатаған торы. Белі бүкіш, басы бір шөкім сірә араптың ақал текесі шатыс бірдеңе. Бір жігіт таңдай қағып мырс етті. Бұл қазақ қотыр тайын тұлпар дейді-аудың кері. Шынашақтай мынаған «құйын жел» деп дәріптеуін қарашы?! Бейтаныс жолаушы жігіттің айтқан сөзін, құлағының сыртымен тыңдап. Атының кекілінен сипап: бар жануарым отта деп бос қоя берді. Жылқышылар әулеті аң-таң. Оу мына кісінің есі кем бе, бір шаригі түсіп қалған ба, бөтен мал жерсінбей, қайдасың Қызылжарым деп бір-ақ тартса қайтеді деп үнсіз бір-біріне қарады. Жылы су әзірлеңдер, намазым қаза болды деп шіренді бейтаныс жолаушы. Шәукімдегі суды шалпылдатып бүкшиіп қара көлеңке жерде ұзақ отырды.

    Ұзағынан «құлқуалланы» қайталап, қаза болған намазын ұзағынан оқып күректей алақанын жайды. Жылқышылар да қол жайысты…

    – О құдіреті күшті, әмірі мықты Аллаһ-тағалам. Елімді, қазағымды аман қыл, жүзі суық кәпірдің ықпалына түсірме, мал-басыма, елім деген азаматтарыма таупық бер деп күбірледі. Бет сипады.

    Бес уақыт намазымды үзбей келе жатырмын. Кешегі жер үстіндегі қияметтің таңы сығырайған соғыста жасырын жүріп оқыдым. Бір атаның жалғызымын. Һақ қолдаған шығар, от пен оқтың арасынан оң жақ қабырғамды ғана ойып аман келдім. Аяқ-қолым бүтін. Имандылық қана адамды тәубәсіне келтіреді. Адами жол- һақтың жолы! Сүйікті құлына Алла өзі жар болады деп күбір ете түсті жолаушы, жастар естісін дегендей.

    Кешегіндей емес, арқаның таңы арайланып атты. Түксиген күннің райы да сәл жібігендей, будақ-будақ бұлттар да көшуден жалыққан ба, жоқ әлде дала қосындағы суішкілікке зар болып жүретін малшы атауына ықылысы ауды ма? Әйтеуір мизам шуақ жылылық леп бар. Шыр етіп шегіртке оянды. Шақ-шақ еткен суыр үні, інінің аузында тұрып алып қолын қусырып, құзіретке мінәжат қылып табынғандай шақылдайды. Таң алакөбеден оянған, жылқышылар аттарды әкеліп ерттеп жатыр. Қазір үйір-үйірмен ауа жайылған жылқыны жинайды. Күнұзақ ат шабыс, сабылыс. Иен даланың қай жерінде аяқты мал жүргені бір Аллаға аян. Жүрдек мама биелер оттап отырып біраз жерге шығып кетеді.

    – Қара ана қызықты?!-деді ат ерттеп жатқан Дәукеге қасындағы жылқышы. Кешегі жолаушының жатаған торысы аяңдап келіп, қарақостың көлеңке тұсында мүлгіп тұр. Намазшамға ұйыған пірәдарға ұқсап…

    – Егесін күтіп тұр, …есті жануар-ай!

    – Апырым-ай ә?!

    Қара қостың қара шайын ішіп, кешегі түннен қалған етті жеп жылқышылар атқа қонды. Құдайы қонаққа ел жақты сілтеп, бағыт беріп, шығарып салмақ болып ілесті. Жолаушы мінген жатаған торы мұнша аяңшыл болар ма, аяңдағанда Дәуке мінген қарагер ілесе алмай келе жатыр. Бір тұтам кекілі желп-желп етеді. Белі бүкірейгеніне қарағанда, сірә жел-құйынның нақ өзі шығар. Жылқышының дәу денесін көтеріп келе жатқан асықтай ғана атқа Дәуке сүйсіне қарады. Бір көрген біліс. Інілік наз қылып, қолқа салып айырбастап алайық деуге аузы және бармады. Жақсы ат -азаматтың көркі.

    – Ал бала кеттік, «желқұйынның» қолтығы сөгілді. Бас қамшыны,- деді жолаушы. Мынадай атты бірінші көруі. Құдай-ай тоба, иесі тақымын қағып қалғанда күзенше құлағын жымитып ырғыды, сары желісінде дау жоқ. Өкпесі жоқ шыбын сияқты ұшады.

    – Апыр-ай, ағасы-ау, бала кезімнен қара қоста жылқы күзетіп, сан асауды үйретіп жүріп, мынадай құйынды бірінші көруім,-деді Дәуке тізгінді тартып.

    – Ә, бала-а «ер – қанаты ат» деген атам қазақ. Ат болатын жылқы ерінді келеді. Ат таңдаудың да түрлі жолы бар. Кейбір жылқы қара жүкке мықты, белді болады. Ондай атпен асауларды тақымдап, қандай қияңқы мал болса да итше сүйреп, күншілік жерден әкелуге болады. Және бір ғажабы белді малды сойғанда кәнігі қасапшылар, омыртқаның буынын таба алмай, кішкентай шаппамен шауып жататыны сондықтан. Ал енді «қазанат» деген жылқы бар. Сыртқы порымына қарасаң, қабырғасы ырсиып, мүлгіп тұрады. Майды өн бойына жинамай, ішке жинайды. Сойғанда ақтарылып түседі. Оны тек мал танитын, көнекөз қарттар сыртынан айырып, «қазанат» екен жарықтық деп жатады.

    – Арқаның ән дүлділі, серісі Ақан серіні естуің бар ма? Ой жарықтық, әкем сақалын салалап отырып, сері жайлы хиқаятты молынан айтатын. Көзі көрген ғой. Келбетті, келісті, өріктің гүліндей жігіт еді жарықтық. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері, өзі атбегі, тізе берсең, Алтай, Алатау, Қаратау, Көкшетауға мойнымызға бұршақ салып қайта тусын деп тілесек те, Ақандай сері, айтулы азамат туар ма екен? Әй тумайды-ау… ту-май-ды деп отыратын. Сол Ақан аузымен құс тістеген құс қанатты құлагерді нағашысының ауылына барып жатып, шаранасынан шыққан киелі құлагер бірден аяқтанып кеткенін көріп, жиендік назымен қалау қылып сұрап алған ғой. Құлагер арқылы Ақанның зары бүгінгі заманға жетті. Қаскөй, қаскүнем Батыраштың айбалтасында жазықсыз жануардың кісінеген үні мен қаны қалды. Гөй-гөйлеп Қорамсаның баласы да өтті өмірден. Иә, бала, менің қадымша оқыған ғана сауатым бар. Көк шыбықты сылқылдатып отыратын көккөз татар молдасынан дәріс алғам. Сол ескіше оқумен жер басып жүріп жатырмын.

    Дарқан даланың сырға толған сандығының ішіндегі дүниесін, көкірек көзіне жинап алған мына мейманның іші мен сырты бірдей аңыз, ертегі, неткен бай адам. Жас жылқышы қарияға сүйсіне қарады. Атқа отырысы нық. Оң жақ қабырғасына оқ тиген дейтіндей емес. Аяғына киген ою-өрнекті сатпамасы да өзіне жарасып тұр. Мейлінше шебер ісмердің қолынан шыққан. Басына кигені құндыз бөрік. Құтты баяғының бай-патшалары сияқты. Жатаған торының жүген, әбзелі де жылтыр күміспен күмістеліп, құранды ермен жарасып тұр. Мүмкін дала серісінің соңғы тұяғы осы кісі шығар, кім білсін? Әңгімесі де, басқаға қарағанда оғаш, тартымды. Ауылды көрсетіп, қош айтысып, балаң жігіт қарагерге қамшы басты. Беталысы Бурабай жақ. Кешегі жауған жаңбыр терісінен соқты. Демек жылқы ықтап жүріп осы бағытқа кетуі мүмкін. Көгілдір түстес, аспанмен астасып жатқан қарт Көкшетау көрінді. Ұшар басын бұл шалыпты. Беу Көкшетау. Ақынның жырына арқау болған қасиетті Көкшетау. Баяғыда жуандардың ықпалынан ығып, көпестің қызын алып қашып, Нығметжан байдан бәстесіп ұтып алған ақбоз атымен Балуан Шолақ пен Ақылбай орманшы екеуі шығыпты-мыс дейді шалдар, сақалдарын салалап отырып мәнді мәжілістерінде. Кенесарының үңгірі бар. Кенесары кім?! Әркім әртүрлі айтады. Біреу басқыншы, енді біреуі ұлт азаттық қозғалысының қолбасшысы дейді. Не болса да көкірегіне заманның сыры мен жырын түйіп, естігенін түйдек-түйдегімен айтып отырған жаңағы кісіден сұрап қалмапты. Қап, әттеген-ай!

    Ақпанның аяғы, бұрқасын боран борай түсті. Жапалақтап қар жауып, бүгін-ертең келеді, құт болып есіктен енеді деп тұрған әз наурызды ызғарымен қарсы алып, пәрмен бермей қыс тағы да бір жұлқынып қалмақ. Жұлыны үзілердей соққан табиғаттың долы мінезі күллі атырапты ақ кебінге мықтап орады. Сай-сала, қыр-қырат мүлгіп, мүләйім күй кешіп тұр. Бөрі боран ұлиды-ай келіп, ау-ууу-өһ!

    Ішін тартып солқ-солқ еткен боранның беталысынан жұрт шошына бастады. Үт шығып жатқан шығар. Мұндайда түз тағысы құтырынып, ылығып жататын кезеңі, малға сақ болыңдар деп кетті бригадир.

    Қой қоздап, қорада шу. Шопандар жағы ұйқыдан қалған, жақ жүндері үрпиіп, азан-қазан әлемнің ішінде милары мырың болып әбден жүдеген. Ұзының қысқарып, қысқаның өлі ішектей семіп қататын уақыты. Солқ етіп еңкілдеген боран бір апта соқты. Далада түк көрінбейтін әлеміш дүние! Ауу-у десең де, дауысың талып барып жоғалады. Абайсызда жолаушылап кетіп, бағытынан айрылсаң біттім дей бер, аллаһу әкбар!

    Даланың қыр-сырын білетін, Күшікбай жылқышы ғана мыңқ демейді. Кеше Мезгіл болысындағы (Мезгілсор) балдызына барып қайтты. Қос атты парлап жегіп, шолақ мылтықты шанаға салып алып. Үйреншікті жағдай. Табиғаттың мінезіне көндігіп алған қарт жылқышының өмірден жинағаны өзіне жетерлік. Оңайлықпен қыстың боранымен, күздің ызғарлы жаңбырынан ыға қоймайды. Далаға шыққан адамды бет қаратпайтын адуын аяз тұрды.

    Үсік шалған дүние! Дір-дір еткен шоқ қайыңдар. Ызыңдаған сай-саланың гуілі. Бір үйір жылқы жоқ деді жылқышылар. Боранды күнді пайдаланып сойыл сүйреткендер ізім қылмасын деп үрке сөйледі біреулер.

    …жүрген шығар ауа жайылып…

    жүрген болар, түз малы ғой, деді екінші біреулер.

    – Әй даурықпаңдар, ит май жемей жатқан уақытта баяғы барымта-сырымтаның күні өткен, қандыбалақ қарақшы атаулысы, жуан қарын байлардың алып келімен, шауып келі қалған. Заман басқа, заң бар деп дүңк етті аға жылқышының біреуі.

    Жоқ мал табылды. Аюдай ақырған ақшулан қыс кетіп, көктем келді. Күн жылынып, қоғалы қамыстардың басы үлпілдеп дүние жаңарды. Шіркін көктем. Көктем келген сайын дүр дүниенің дүбірі көбейіп, бастау бұлақтың сыңғыр үні жүрекке жылы тиіп «беу дүние» құлпыра түседі. Көркемтай дүниенің осынау бір кезеңінде көкірек ашып, таудан соққан самалға құшағыңды аш, құшырлана емініп, тұнық ауаға сұқтана қара. Шіркін арқаның ауасының өзі дертке дауа, жанға шипа ғой. Адам жаны түсіне білсе, ұғына білсе, табиғаттың өзі шипагер. Тек аяласа,-деп Дәулетбек жылқышы жұпары аңқыған далаға көкірегін керіп рақаттана қарады.

    РS: Наурызбай батыр ауылында кәсіппен айналысып, бабамыздың салт-санасын жадынан шығармай жүрген кең жүректі кәсіпкер азамат Дәулетбек Күшікбайұлы Есімов жайлы ел оқысын деген оймен өзімізше толғанып жаздық. Қашан барсақ та наурызбайлықтар Дәуке ағаның азаматтығын айтып отырады. Демек еліне қадірлі азаматтың шашбауын көтеру бүгінгі заманның заңдылығы.

    Бурабайдың Жеңісі
    Бурабайдың Жеңісі
    Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз