Ақмола облысының Бурабай ауданындағы Көрнекті, Қарашілік ауылының тұрғындары «Журавлёвка 1» ЖШС-не берген жерлерін қайтара алмай жүр, жерімізді қайтар деп талап қойғалы бір жылдан асты. Ешқандай әзірге нәтиже жоқ.
Жалпы екі ауылдың тұрғындары аталмыш агрофирмадан үлес пайларын алғанда, жарымды ала-алмайтындығын айтып, былтырдан бері БАҚ арқылы Президентке де үндеу жасаған болатын. Бірақ үндеу жоғарғы биліктің құлағына жетпеген білем. Мыңқ еткен билік тарабы жоқ. Бұған дейін аудандық әкімдікте жергілікті билік өкілдерінің қатысуымен «Журавлёвка 1» ЖШС-нің өкілдерімен талай рет кездесу болды, жерімізді қайтар деген. Бірақ осы күнге дейін сөзбұйдаға салынып келе жатыр.
– Он жылдан бері екі ауылдың жеріне иелік жасап отырған фирма, халықтың шыққан өнімнен үлес пайын 10 пайыз береміз деп айтқанымен дұрыс бермейді», – дейді ауыл тұрғындары. – Айтатындары өтірік, сөзбұйдаға салып бүгін-ертеңмен шаршатты. Енді жеке бөлініп шығайық десек, жерімізді тағы да қайтармай отырғандығы жанымызға батады деп отыр жер даулаушылар жыларман болып.
«Журавлёвка 1» фирмасының басшылары Бурабай ауданындағы екі ауылдың жерін ұстап тұрғанымен, өздері талап қойып, қараша халыққа талабын орындатып, Бұланды ауданына қарасты Капитоновка ауылында жиын өткізді.
Ара қашықтығы 150 шақырым жерге Қарашілік пен Көрнекті ауылының тұрғындары қалталарынан ақша шығарып, автобус жалдап жиналысқа барды. Бұл енді таза басынғандық халықты.
Жерін алып, егінін егіп, одан зор пайда көріп, халықты ұмытқан фирма, заң бойынша екі ауылдың тұрғындарымен сонау жерге көлік айдатпай, ауылдың біреуінде неге өткізбегендігіне таң қалғаннан басқа шарамыз болмады. Әлде қатты аязда келе алмайды деген сенімде болды ма?
Өзін Арман Ғалымович Құдайбергенов деп таныстарған адам «Журавлёвка 1» ЖШС-нің бас директоры «журналистер келіп отыр» деген соң, фирманың 100 мың гектар жері бар, ірі бай холдинг деп әңгімесін әріден бастады. Мақтаныш сезіммен айтты. Капитоновка ауылының инфрақұрылымын дамытқандығын алға тартты. Тіпті жерімізді қайтар деп отырған Көрнекті, Қарашілік ауылдарына биылдан бастап көңіл бөліп жатқандығы жайлы да айтып өтті.
Он жылдан бері иелік жасап жерлерін алып, қожайын болып отырған «Журавлёвка 1» ЖШС-ті биыл аялдама орнатып, сосын қысқа бір көшенін жолын түзеп беріпті. Оның өзі жергілікті халық жерімізді қайтар деп шулаған соң барып амалсыздап барып жасаған екен.
Кешкі 18:00-де басталған жиналыс бір жарым сағатқа созылды. Өздеріне келгенде «өгіз қара күші бар» агрофирманың қызметкерлері «Біз фирмадан бөлінбейміз деп 10 адамға қол қойғызып алыпты» олардың өзі алданып қалғандарын айтып, қол қойған қағаздарын қайтарып алды.
Соның өзінде Арман Құдайбергенов «Жерлеріңізді дәл қазір қайтармаймын, жаңа жылға дейін уақыт беріңіздер, ойланып көріңіздер»,-деген сөзінен жаңылмады. Қарашілік пен Көрнекті ауылының тұрғындары оңды-солды жүретін уақытымыз жоқ, 150 шақырым жерден автобус жалдап келіп отырмыз, жерімізді қайтарыңыз, өтірік айтатын, халыққа қараспайтын сіздерден шаршадық десе де, айтқан сөзін Арман Құдайбергенов он қайталап, міз бақпады. Барлық пай берушілермен кездесуім керек дейді. Ал пай алушылардың 90 пайызы фирмадан жерін ала алмай отырса да фирма басшысы заңға қарсы шығып, пысқырмады да.
«Капитоновка ауылының тұрғынымын 30 жыл осы жерде қызмет істедім, есепші, әкім болдым», – деген бір апаймыз «Қазақтар адаспаңыздар осы фирмадан шықпаңыздар», – деп мақтап ала жөнелді.
Көрініп тұр фирманың дайындап алып келген адамы екендігі. Он жылдан бері Қарашілік, Көрнекті ауылдарының жерін алып, егінін егіп, шылқып отырған «Журавлёвка 1» ЖШС-гі әу баста жерді аларда халыққа уәдені үйіп-төгіп беріп, қайтарып бер дегенде сылтауын ұзартып бермей отыр.
Әлде Жаңа Қазақстанның жаңаша портіреті бізде әлі қалыптаспаған ба, бұл жағын түсінбедік. Жиналыс аяқталмай жатып орыннан тұрып кете барған Арман Құдайбергенов «жол жүремін асығыспын шаруаларым бар», –деп халықпен қоштасып шығып кетті.
Енді жаңа жылға дейін екі ауылдың жерін қайтарады ма, қайтармайды ма, әлде сот арқылы алынады ма, білмедік. Бар үміт қазақ тілінде ләмді білмейтін ірі фирманың уәде бергіш иесі Арман Құдайбергеновте.
Жалпы көпшіліктің айтуына қарағанда бұл фирманың ар жағында ықтырма болып экс-Президенттін қызы Дариға Назарбаева тұр дейді.
Әйтеуір кім болса да құдайдың кенже баласындай болып «Журавлёвка 1» ЖШС-нің директоры шіренгенде беті бүлк етпейтіндігі, уәде бере салуды ар санамайтындығы көрініп тұр. Бірақ халықтың талабы қашанда орындалуы керек.
Ал, орындалмаған жағдайда, әйтеуір шешінген судан тайынбас деп, Ақорданың өзіне барамыз дейді екі ауылдың тұрғындары. Алайда, Ақордаға жолданған халықтың үндеуі жолда қалып қойды ма, олар үнсіз отыр.
P.S Ал, бірақ «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, халықтың өз жерін, өзіне бергісі келмей түлкі бұлаңға салып отырған «Журавлёвка 1» ЖШС-тігі егістік жерлерін толыққанды сатылымға шығармақшы екен деген ел аузында сөз жүр. Демек «күштінің арты, диірмен тасы» деген осы шығар! Жерінен айырылған халық ертең жерді кімнен сұрамақшы!?