Көкшетау қаласындағы «Бармашка» шағын ауданында оқу-тәрбие кешенінің салынып жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Құрылысы 2016 жылы басталып, бір жарым жылдан кейін пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, бастапқыда қарқынды басталған білім ордасының құрылысы соңында сиыр құйымшақталып кетті. Сағыздай созылған құрылыстың жақын арада аяқталар түрі жоқ. Бұл туралы EsilNews тілшісі Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасарынан сұрап білді.
Бірнеше жыл бұрын жергілікті тұрғындар Көкшетаудың шетінде жаңа мектеп салынады деген жаңалыққа қуанған болатын. Сол кездегі тұрғындардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес еді. Бүгінде тұрғындардың сол көңілі су сепкендей басылған. Енді олар мектептің аяқталуын тағатсыздана күтуде. Соңғы жылдары адам санып артып келе жатқан шағын аудан тұрғындары балаларын қалаға немесе Красноярдағы мектептерге тасымалдауға мәжбүр. Қатынап оқу оқушылар үшін қиындық туғызуда.
«Қаладағы мектепке жету үшін 30-40 минут уақыт қажет, кейде біз тіпті сабаққа үлгермей жатамыз. Таңертең мектепке баратын уақытта автобустар лық толы жүреді. Біздің аялдамаға тоқтамайды. Сол себепті, келесі автобуста күтуге тура келеді. Күн суық кезде тіптен қиын, жаурап қаламыз. Біздің өзіміздің шағын аудандағы жаңа мектепке барғымыз келеді. Бірақ ол тым ұзақ уақыт салынып жатыр», – дейді мектеп оқушысы Алданияз Балташев.
Қазына қаржысына салынып жатқан ғимарат құрылысының созбалаңға салынуы баласы бар тұрғындардың да көңіліне қаяу түсіруде
«Мектепті 6-7 жыл бойы қалай салып бітіруге болмайды?! Біз күтіп жүрміз. Менің қызым бар, 1 мектепке барады, біз оны күн сайын апарып, алып келіп отырамыз. Ол дүниеге келгенде осы мектептің құрылысы басталған еді. Осы мектепке береміз деп қуанған едік. Өкінішті әрине…», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Динара Татина.
Жергілікті тұрғындарының қала басшылығына өкпесі қара қазандай. Соңғы үш жылда олар қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып, облыс басшылығына да бірнеше рет хат жолдаған. Ондағылар мектепті жақын арада тапсырамыз деп құрғақ уәдемен шығарып салады. Алайда, аталмыш білім ордасының жақын арада құрылысы аяқталар түрі жоқ.
«Осы мәселені талай рет айтып, әкімдікке жеткіздік. Ақсақалдар да мектеп құрылысы мәселесін көтерді. Сол кезде қала басшылығы былтырғы жылдың желтоқсан айын соңғы мерзім деп белгіледі. Бірақ ол да уәдесінде тұрмады», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Роза Исмағанбетова.
Бұл мектептің құрылысы шенеуніктер үшін де нағыз бас ауруына айналды десек артық айтқанымыз емес. Мамандар түсіндіргендей, мердігер ұйымда жобаның дұрыс дамымауына байланысты мектептің іргетасын қалау кезінде проблемалар басталған. Содан кейін құрылыс материалдары мен жабдықтарының күрт қымбаттағаны тағы бар. Сондықтан мектеп құрылысы жобасына бірнеше рет түзетулер еңгізілген.
«Мердігердің іргетасты ауыстырғанына байланысты 107 миллион теңге көлемінде шығынға жол берілді. Ал бүгінде ол тапсырыс берушіге, құрылыс басқармасына талап арыз берді. Біз тапсырыс беруші болғандықтан, ол бізді осы актіге қол қою және оған 107 миллион теңге төлеу үшін мәжбүрлеу туралы сотқа берді. Яғни, бұл тұста айтарлықтай қаржылық мәселелер бар. Келесі жылы нысанды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Мердігер жұмысты аяқтауға кепілдік берді»,- деп түсіндірді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Рауан Оспанов.
Қазір кезде мектеп құрылысы жұмыстарының 90 пайызы орындалды. Дегенмен, шенеуніктер мен мердігерлер арасындағы сот әлі де жалғасуда. Соған қарамастан, әкімдіктегілер келесі оқу жылына дейін білім ордасы есігін айқара ашады деп отыр. Бұл олардың кезекті уәдесі екені белгілі, бірақ тұрғындар бұған сенбейді.