«Күзде дәстүр бойынша жаңа өнеркәсіптік сүт фермаларын іске қосамыз. 4 жылдың ішінде облыста 22 өнеркәсіптік сүт фермасы пайдалануға берілді. Бұл елде салынған фермалардың жартысы.
Бүгін Мағжан Жұмабаев ауданында 23-ші сүт фермасын іске қостық. Жастар ауылында жас шаруа Арман Уатаев 1,5 жылда 600 басқа арналған сүт фермасын салып алды. Бұл кешенде жылына 3,5 мың тонна сүт өндірілмек. Жоба мемлекеттің қолдауымен жүзеге асты. Бұл ауданда салынған бесінші ферма. Сол ауданда алтыншы кешенді «Земля Возвышенки» серіктестігі салады» – деп жазды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әкімнің мәліметінше, жаңа ферма Жастар ауылының негізгі кәсіпорнына айналмақ. Мұнда жыл бойына 30 ауыл тұрғыны еңбек ететін болады. Жазда ауыл тұрғындары мал азығын жинауға тартылады.
«Осындай бір кешен бүкіл ауылдың өсу нүктесіне айналады. Биыл облыста сегіз ауылдың маңына шоғырланған 8 жаңа өнеркәсіптік сүт фермасын іске қосамыз. Биыл барлығы 17 кешен салып жатырмыз.
Сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы өз жемісін беруде. Қазір облыс республикадағы сүт өнімдерінің жалпы көлемінің 25 % өндіреді. Жыл сайын СҚО-ның үлесі ұлғая бермек. Бір жыл ішінде дайын сүт өнімдерінің көлемі 130 мың тоннадан 170 мың тоннаға дейін өсті. Облыста барлығы сүт өнімдерінің 150 түрі шығарылады», – деп қосты аймақ басшысы.