Баяғыда алты алаштың баласы бас қосқан «ұлы жиында» төр ұстаздыкі деп дәріптейтін қазақтың өзегіне құрт түскендей «ұстаздың қадірі» күн сайын пәс тартып, төмендеп бара жатыр. Отыз ұстазды, бір директор бір шыбықпен айдайды. Әрине қанша жерден «духы болса да» директордың ар жағында бүйірінен түртіп, санасын ойып, қасықтап мүжіп басшылары отыр, ауданда, облыста.
Жалпы соңғы жылдары ағартушылық саласына деген мемлекеттіміздің бағыты оң, білім ошақтары ескі системадан арылып, аз да болса да, жаңаша бағытпен жөнделіп, қалпына келіп жатыр. Назарбаевтың заманында жүз мектеп, жүз аурухана деген ұранмен біраз білім ошақтары салынып, біразы қайтадан күрделі жөндеуден өтті дейді, кейбір ақпарат көздері. Бірақ, күрделі жөндеуден өткен мектептердің сапасы жағынан сын көтермейтіндігін тәуелсіз журналистер жиі жазып, Білім Министірлігінің назарын аударамыз деп талай мәрте жарыққа шығарды.
«Тышқанның тәңірі мысық» демекші, қазіргі депутат, бұрынғы министір Асекеге, (Аймағанбетовке) жергілікті мектептердің былығы мен шыжығы кейде жетпей жататын сияқты, жеткен күннің өзінде нақты нәтиже болмай жатқандығын міне көріп отырмыз. Соңғы уақыттарда Жамбыл облысынан жекеме мыңдаған хаттар толассыз келіп жатады.
Мысалы, Меркі ауданындағы Дана Іңкәрбекова үш баланың анасы жазықсыз темір тордың ар жағында жазасын (жазасын деуден гөрі құрбандық болып) жайдан жай жүр, баласы, анасы, қысқасы екі тарап зар қағып отыр. Енді міне бүгін тағы да бір кісі хабарласты. Жас мұғалім Мадина Масақова, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылы, Е. Бекмаханов атындағы гимназиясының мұғалімі.
Өзі қызмет атқарған мектебіне «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған екен. Гимназияның директоры Азиза Тоқсабайқызы Естаева ханымның жиі-жиі ақша жинауынан шаршаған ұстаз ақыры, бар шындықты айтып, әлемжелі арқылы қоғамнан көмек сұрайды. Соқырдың тілегі екі көзі демекші, белсенді ұстаз «артық олжаға» басы кірген директорының оғаш қылығымен ісіне бірбеткейлігімен қарсы шығады. Әрине, біздің әсіреқызыл қоғам үшін-шындықты айту үлкен күнә! Мың жерден жетекшілерінен қателік кетіп жатса да, сіз шындықты айттыңыз ба, күнәһарсыз, сіз оңбағансыз, сіз жексұрынсыз. Не сұмдығы барын білмеймін.
Әділетсіздікке жаны күйген ұстаздардың арасынан шыққан белсенді мұғалімдер болса, сол кісінің «таза фактімен» дәлелдеп берген дүниесіне, директордың ықпалында отырған ұстаздар құмырсқадай жабылып, белсенді ұстазды «иттен әрі, бүргеден бері» қылып талай жөнеледі. Біздің қоғамның минус бір жері «фейк жазушылар» һәм белсенді адамның адресіне түрлі негізсіз ақпараттар жазып, айдаладағы біреулер «жақтым күйені» баттастырып үйе түседі. Бұл мыңды айдап, бірді жүгендеп отырған басшылардың қолымен жасалып отырған үлкен реформасының айғағы екендігін айтпай-ақ есті жұрт біліп отырады.
Сонымен атақты ғалым Е. Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясын жөндеуге облыстық бюджеттен 188 миллион теңге қаражат бөлінген. Құдай-ау, мұндай ақшаға одан да 1200 оқушысы бар мектеп-гимназиясын қайтадан 0-ден бастап салса, сол жайлы болатын еді. Тікеннен гүл күткендей үміттеніп отырған 1200 оқушы, баяғы басында «таз кепеші» бар мектепке жөндеу жұмысы біткен соң қайта кіреді. Бірақ «атам заманынан қалған тоқал там» сияқты мектеп өзгермеген.
Жалпы блогердің видеосын толық қарап шықтым. Мен үшін ерсі, мен үшін ұят, мен үшін бұл мектеп-гимназиясын «білім ордасы» емес, антисанитарлық жағдайы төмен, соңғы сатыдағы қараңғылықтың тұмшаланған ордасына айналғандай болып көрінді. Блогер жігіт; асықпай барлығын түсірді. Мектептің іші ырысы кеткен іңірдей болып, іріп жатыр. Құдай-ау 188 миллион теңгеге, дұрыс жұмыс жүргізбей, анандай күйге түсірген білім басшылары мен Жамбыл облысының Білім басқармасының мына істері шынымен-ақ, таза жемқорлықтың басты алгоритімі болып тұрғандығын біледі ме екен?!
Мердігер компанияның басшылары да «қу бастан қуырдақ қуырған» мықтылар екен, суы семіз, оты арық болып, дәл осылай жөндеп беріп кетсе, жөндеуден өткен мектепті қабылдаған аудандық білім бөлімінің басшысы, осы мектеп-гимназиясының директоры қалай қорықпай, қол қойып, мақұлдай салған!?
Әлде «сиынарынан сүйенгені мықты» болып тұр ма, әйтеуір тоқпақ жілікті мердігерге беріп 1200 бала білім алатын, үлкен ордалы шаңырақты тым құрмаса «сылап-сипамастан» қабылдай салғандығы заңды, заң болғанды халықты, мемлекетті екінші орынға қойып, тәуекелге барып бел буып барып отыр.
«Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, осы үлкен ірі мектепті білім беріп жатқан ұстаздар қауымы, «жөндеуден өткен мектептің сиқы осындай болса, өтпегені қандай» деп, шырылдап жүрген Мәдина Масақовамен бірге неге шырылдамайды деп таң қалып отырмын.
Электропровоттар ашық жатыр, әжетханасының ішінде суық су, тіпті теңселіп тұрған «унитазды» көріп күлкім келді. Ұлы істе ұят жоқ демекші, «ұлы ісіне» кірісіп рақаттанып отырған бала, тербетіліп тұрған «унитазда» ұйықтап қалмайды ма екен?
Мектеп парталарының тозығы жеткендігі, орындықтың атамзаманнан қалғандығын айқындап анық көрінді, қайта-қайта үңілдім, әбден сырланған, баяғы тоқсаныншы жылдары қалған естелік ретінде музейге қоятын ескі орындық. Мектеп басшысының ішкі тазалыққа мән бермейтіндігі көрініп тұр.
Құдай сақтасын! Кір-қожалақ, шаң басқан бес елі кірден мектептің іші көрінбейді. Еден жуушы апай ол шырылдап жатыр. Айтпақшы дәл мектептің іргесіне шығып бір шелек кір суды лақ еткізіп төге салған, техникалық қызметкерге блогер жігіт: -Міне біздің көзімізше лас суды төгіп жатыр дегенде.
-Біз күнде осы жерге төгеміз «ну что?»-деді.
Атақты Е. Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясының директоры ішкі тұрақтылыққа, тазалыққа тақа мән беретін адамға келмейтін сияқты. Себебі, екеудің үлесін алып, үшеуге үнем жасап отырғандығын жарты сағаттық видеодан көріп жағамды ұстадым. Ал осы мектепті түсіріп, жарыққа шығарған блогердің парақшасына жазылған пікірлерді көріп таң қалдым.
Директор Азиза Тоқсабайқызы Естаеваға, шаң жуытпай жатыр. Түйгенім, көсеуі ұзынның қолы күймес деп ұқтым. Ал, жас мұғалімге ақыл айтқыштар «болашағына балта шаппа», «ақылды бол», «қайтесіз?» «Бала ұрдыңыз» қысқасы қырық түрлі жаланы, мың түрлі пәлені жауып жабылып жатыр.
Әрине Мадина Масақоваға ақыл айтқыштар «көрмес түйені көрмес» деген 1200 балаға білім беріп отырған күрделі жөндеуден өткен мектепті көрмей, шынашақтай ұстазды көріп қалғандарыңызға жол болсын! Сонымен қатар Мадина қарындасымыз білімді адам екендігін айғақтап тұр. Өзінің құқығын қорғап, барлық жерге барып зар қаққанда, тым құрмаса біреуіңіз шығып «иә дәл осы картина бар бізде»,-деп айтпағандарыңыз қызық екен.
Байдың аузы асқа, жарлының көзі жасқа толған бұл бір керім уақыт болды. Адамның еңбекпен баюы екіталай деген қағида бар, кейді ірі сөйлеп жүрген ақжағалыларды көргенде, ар жағындағы ойдан түскен пайыздар ғой, сөйлетіп тұрған деп ойлаймын. Ақшаның арғы атасы-Әзәзіл деген. Әйтеуір бұл мектепке қаржы бөлгендердің ішінде әзәзіл отырғандығын атақты ғалым Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясына жасалған жөндеуден кейін осындай ойға келіп отырмын.
Р.S: Бұл мәселені күн тәртібімізге қойып жиі көтеретін боламыз. Өйткені, белшесінен былыққа батқан «Ескі Қазақстанның» ескі доңғалағының майы кеуіп-семіп біткен, қашанғы қарапайым халық қалжырап, зар қағып, әділдіктің атасы көмусіз қала береді.
Шындықты айту, жазу, жоғарыда отырған жақсыларға жеткізу біздің азаматтық парызымыз. Мансаптың жапырағы биікте, тамыры-бизнесте болған заман болып кетті. Енді, одан арылу үшін қоғамға саналық сілкініс керек.
Ал жалғызбасты ана Мадина «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен алған үйін төлей алмай, қолындағы анасы екеуі қиналып жатыр. Бұл не сонда шындық өрге емес-көрге сүйреп тұр ма!? Осыған түсінбей отырмын.