spot_imgspot_img

Заман ағаның жанәлемі

Date:

Заман Төлеуов ағаның әңгімелерін оқып отырған адамның жанәлемі, басқа бір планетаға бас сұғып, өзгеше әлемнен ізгілік іздеп табатындай әсерде болады. Кез-келген қаламгердің мақсаты мына етек-жеңі кең дүниеге, жақсылықтың ұрығын себу. Заман ағаның өмір сүрген дәуірі, екі дәуір. Кешегі, қазақтың басына қалың бұлт үйіріп, тіл мен дінді, қазақы иісті жоқ қылуға барынша күш салып, дойыр қамшы, қабағы қатаң ұрдажық әпербақан посткеңестік тар кеңістік.

ХХ ғасырдың басынан бастап, қарабақайына дейінгі аралықта қазақ халқы не көрмеді? Барлығын басынан кешіп, ауыр кезеңді артқа қалдырып әупірімдеп, аһілеп жағаға жеткен кемедей, жағалаудан үміт күтті. Ол нәзік үміт ЕГЕМЕНДІК ЕДІ. СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ. ҚАЗАҚТЫҢ БАҚЫТҚА ҰМТЫЛҒАН ҮМІТКЕ ТОЛЫ ШАҒЫ ЕДІ.

Ел еңсесін тіктеп, жағасын дұрыстап, өткендерін түгендеп, тарихты қопарып, алаштың абадан мінезді, рухы мықты қайраткерлерінің сандығын қопарып жатқан шақ. Бірақ, қайдан білсін? Тәуелсіздіктің сан түрлі бұрмалаңы, сан түрлі қиындығы бар екендігін. Елді жуанқұйрық, жемқор, сараң байлар басқарып, тұтас елдің саясатын солар жүргізіп, жорға мінезді «елім» дейтұғын азаматтар қатардан қалып, көлеңкеде әһілеп, өмір сүретіндігін. Елім деген азаматтардың қатары сиреп, баяғы Рим империясын басқарған көрсоқырлар қоғамы қолға алған соң, сөз қадірі кетті.

Сөйлем құрайтындар кітап шығарғыш болды, төрде отырып «төрелік» айтады деп үміт күткен қарияның қадірі кем, айтатыны түріктің телесериялы, ресейдің «Дом 2» болды. Қайран елім-ай!

*
Қазақ прозасының дамуы ХХ ғасырдың басында оқырманына жол тартты. М. Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы», С. Көбеевтің «Қалыңмал», С. Торайғыровтың «Қамар сұлу», М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», ол заманда әйел теңсіздігі жайлы күңірене жазса, қазіргі таңда әйелдердің әлеуметтік, қоғамдағы рөлінің артықшылығы психологиялық обьективтік үлкен тақырыпқа айналды.

Заман Төлеуовтың қолымдағы кітабы жоқ. Бірақ Заман ағаның интернет желісіне жүктелген әңгімелерін, соңғы кездері арнайы уақыт бөліп оқып жатырмын. Жазушыны заман қалыптастырады. Күнделікті өмірдегі көрген-білгендерін, жадына тоқығандарын хат бетіне түсіріп, таспалап қоғамға ой салу, қолына қалам алған әрбір жазушының басты міндеті.

Заман Төлеуовтың мен оқыған шығармасындағы «Шаштараз бен Диірменшінің» әңгімесі. Атам қазақта «шашың өссе елің кәпір, тырнағын өссе, өзің кәпірсің» деген сөз бар. Расында, шашы өсіп жүрген адамның жүдеп, көзі шүңірейіп жүргенін көресіз. Шашыңыз өсіп кетсе, адамның кейпі өзгереді.

*
Бұрын ауылда жүргенімізде жарықтық әкемнің інісі, жұмыстан келіп, ас ішіп болған соң, шашымыздың өсіп жүргенін көрсе «бері кел»,-деп шақырып алып, қайыс белбеуге ұстарасын жанып алып, басымызды кірсабынмен сабындап, көбіктендіріп, шашымызды тақырлап алып тастайтын. Аман болса, басымызды деп үндемей, ағаның ызбарынан, ызғарынан қорқып, басымызды сипап кете баратын едік. Қазір шаш алғызатын шаштараз іздейміз. Үлкен қалаларды білмедім. Бірақ, шашты сәнді қылып алатын небір майталман шаштараздар бар.

Қазақтың қолынан барлығы келеді. Көшпелі болып мал соңынан жүре береді деп кемсіту кешегі орыс империясының шығарған тұрпайылау сөзінен қазақ арылатын уақыт келді. Еңбекқорлықты ескіше орыстан іздемей, өзінің батылдығымен, мықтылығымен барып мемлекет құрған, түбі бір түркінің баласы түріктен үйрену керек сияқты.

Заман ағаның «Шаштараз» әңгімесінде түрік азаматының басынан өткен хиқметтерін әдемілеп, рең кіргізіп сюжеттеп жазып шыққан. Иә, түрік елі бай мемлекет деп, дәріптейтіндер де бар. Бірақ, кедейшілік, жоқшылық барлық елде бар ғой. Дамып кетті деп, теледидардан көретін Американың жағдайы да біз бен сіз ойлағандай емес шығар!?

*
Диірменші Ахмед бейдің біздің елге келіп диірмен ашу. Сан адамға алданып қалуы «қап әттеген-ай!» деп сан соғуы. Мына бұлғақ заманда кімге сенесіз, әйтеуір бірді-бірге соққан аяр заман болып кетті. Басқа елден келген түрік ағайынды қойып «оңай олжа» табуы үшін, қарыны бір бөле қазақ, бір-біріне деген сенімі жоғалған. Сенім деген ұлы құдірет күш еді. Бізді жарты құдай, жарты пенде басқарған соң, ұлы құдіреттін құрамы өзгеріп, қоғамды сенімсіздік биледі.

Жазушы Заман аға, сол сенімсіздікті әшкерлеп, өзінің көрген танымын, жантүйсігімен терең сезініп, психологиялық баға беріп, тетігі бір, циклді әңгіме жазып шыққан. Оқырманына ой салып, көңіл таразына салып өлшейтін жазушының дүниеден ерте өткендігі әрине өкінішті.

Заман Төлеуовтың әңгімелері заманнан -заман ауысып, ұлы көші шұбатылған жаңаша келбеттегі дәуір келсе де романтикалық құндылығымен, шырқау шегіне жетіп, оқырманын ынтықтырып, уақыт көшімен алға жылжи беретіндігіне нық сеніміз бар. Иманды бол, ардақты Заман аға Самалбекұлы!..

БУРАБАЙДЫҢ ЖЕҢІСІ
АбылайОрдасы
09.08.2023 ж.
Бурабай………