Ақмола облысы, Біржан сал ауданы, Ұйымшыл ауылынан хабарласқан ақсақалдардың өтініші бойынша, екі кештін арасында, сол ауылға жолға шықтық.
Біржан атамыздың тұлпарының тұяғы тиген қасиетті өңірде тіршілік бұйығы. Тоқырау жылдары тобарсып қалған, көкейтесті мәселелер жетіп артылады. Мысалы …90 жылдары ұлты неміс Варгентин мырза, Бурабай, Біржан сал аудандарының біраз ауылдарына инвестор ретінде келіп, біразы жекенің қолына өтіп кеткен. Банкте кепілде тұрған жерінен ақшалылар жерді сатып алған. Ауылға да, халыққа да пайдасы жоқ, жеке патшалық құрып отыр, қазір майшелпекті күнде жеп, сары майға бөгіп отыр.
Ал біз бара жатқан Ұйымшыл ауылына да Варгентин де иелік еткен екен кезінде. Ауылдың қарапайым тұрғындары, неміс ұлтына сенім артып, жарылқайды дегенге сенген. Бірақ, осы ауылда туып өскен қолы ұзындар, өздерінің жерлерін бөліп алып, шағын шаруашылық ашып, дөңгелетіп жүргізе алмаған соң, әркімге жалға бере бастаған. Өздері болса, құдайдың кең жеріне шыбық қадамай, жандарын бағып, қалада отыр. Жыл сайын күзді күні шыртылдап теңгелер, төбесінен жауады. Рақат. Мал байдыкі, жан құдайдыкі деген осы.
Аудан орталығы Степняктан ауылға баратын жолдың тозығы жеткендіктен, ағаш-ағаш, сай -саланы қуалап әрең бардық. Болашағы жоқ ауылдың картасына еніп кеткен ауылда төрт шаңырақ отыр. Жұмат Еспаев, Көшімбай Баймағанбетов, қытайдан көшіп келген Махаббат Бейісхан, тағы бір тұрғын, ол тұрғын мұндай іске араласа қоймайды екен. Тұмса табиғатқа ұйыған ауылдың көркі көз тартады. Сұлулық. Жайылған қой. Сиыр, жылқы… Ауылдың сәні болып тұр. «Тіршілік бар мұнда» дегендей.
Бірақ төрт түлік қайдан білсін, өздері жайылатын жерден иелері таяқ жеп, ай сайын айыппұл төлеп жатқандығын! Әйтеуір жайбырақат.
Ауылда мешіт салыныпты. Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен шейіттерге арналған ескерткіште қаншама боздақтардың есімі жазылыпты. Рухтарына аят оқыдық.
Бұның барлығы Ұйымшыл ауылының -80 жылдық мерейтойы қарсаныңда ашылыпты. Қайран бірлігі жарасқан ауыл-ай!..
Ауыл ақсақалдары жолдан қарсы алды. Ауылдың жерін 10 жылға жалға алған «Ұйымшыл»ЖШС-нің басшысы Ләззәт Наушарипова мен жолдасы Ермек, Қостанай жақтың азаматтары екен. Қазір, Щучинск қаласынан тұрақ тапқан. Шаруашылықтары жүріп жатыр. Жериеленушілер.
-Кезінде Амантай Амрин деген өзіміздің ауылдың азаматы, осы ауылдың жерін атына түсіріп алған болатын-ды, сосын бірер жыл егін егіп, жалға бере бастады. Осыдан алты жыл бұрын «Ұйымшыл» ЖШС-гі жерді жалға алды. Содан бірер жыл үнсіз егіп егіп, елмен ел болып отырды да, ішіне май байланған соң ба, ауылдың іргесіне дейін жерді жыртып егін екті. Айнала егін, жалпы 260 гектарға дейін, одан да көп болмаса, ендігі мәселе ауылда тұрғандықтан мал жайылымы мәселесі. Үш жылдан бері қаншама рет учаскелік инспектор келіп, «егіннің қасына мал жайдыңдар»,-деп «айыппұл салды». Не істейміз, төледік,- дейді Көшімбай ақсақал көзі жасаурап. Құдайдың кең жеріне малымызды жая алмай, қорлық көріп отырмыз. Осы ауылдың тумасы болса «өй атаңа нәлет!..» дер едік, түр-түсін, дұрыс ныспысын да білмейтін біреулер.
Амантай Амрин пысық жігіт екен. Қудың жілігі сияқты елден бұрын қимылдаған азамат, тіпті білім ордасы мектепті де атына рәсімдеп алыпты. Қаншаға рәсімдеп алғандығы белгісіз. Сосын қытайдан көшіп келген Махаббат Бейісхан есімді азаматпен танысып «ауылдағы үйімді ал, егер алсаң үйіммен қосып 100 гектар жайылымдық жер беремін, мал өсіріп жалғанды жалпағынан басып, өңірге белгілі кәсіпкер қыламын»,- деп алдап-сулап көшіріп алып келіп, өзінің ауылдағы үйін саған сатамын деп келісіп, заңды құжатсыз әкеліп кіргізген. Қу бастан қуырдақ қуырғыш, Амантай мырза, есегі судан өткен соң, ойынан айныпты-мыс. Қандасқа 200 мың теңгеге ауыл мектебін сатып болған соң, (басында солай естігенбіз) өзінің үйінен боқтап, сабап қуып шыққан. Тіпті жәбірленушінің айтуына қарағанда А. Амрин, қандасымызға:-Бұл ауылда тұрмақ түгілі, аттап баспайтын қыламын. Менде таныс-тамыр көп!-деп қол жұмсап сес көрсеткен.
-Мал ұстаймын деп келгем, мал ұстайтын жайылымдық жер жоқ. Айнала егін. Былтыр Ләззәт Наушарипованың күйеуі Ермек келіп, жылқыларын егінге түсті деп боқтады. Сотқа бердім. Біржан сал ауданының судьясы маған айыппұл салып, қалталыны ақтап шықты. Барлығы орыс тілінде. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан кәсіпкердің балағаты да орыс тілінде. Орыс тілін түсінбеймін. Әділдік іздеп қайда барамын!? Атамекенге келіп, ата сақалым аузыма біткенде, қалталы жайынауыздардан боқтық естіп, таяқ жеп жүрмін. Мына ауыл тамаша ауыл, жайылымдық жері болса, қытайдан 20 қазақ отбасын көшіріп алып келер едім, мал ұстауға қолайлы жер, бірақ мынандай жағдайға кім келеді?-дейді Махаббат арыз-шағымын айтып жылап тұрып.
-Мектепті бұзып жатыр екенсіз, ғой? деп сұрадық Махаббаттан.
-И…ә, өйткені иесі менмін. 300 мың теңгеге сатып алғам, Амантай сатты, сосын үй қылайын деп бұзып жөндегелі жатырмын. Бала -шағам бар. Ауылда үйім жоқ. Амантай үйінен қуып шыққан жоқ па..! Амантайдың үйі бұйырмаса да, өзі тарыдай болып кіріп, таудай талап алып шыққан мектебі бұйырды. Қайтейін енді? -дейді Махаббат ағамыз. Мектеп іші тас-талқан. Кептердің ордасына айналыпты. Бір ұстаздың «еңбек кітапшасы» жатыр екен жерде бүктетіліп, қазіргі иесі Махаббат ағамызға табыстадық. Қабырғада ұлы Абайдың ғақлия сөзі ілініп тұр. Оператор жігіт, видеокамерамен ішіне әрең кіріп шықты. Қираған мектеп «кезінде осы жерден Амантайдың өзі білім алып еді»,-дегендей қоңырқай тартып тұр. Шіркін-ай, адамда түйсік болса, тарыдай болып кірген жеріне, таудай қиянат жасайтындығына түсінбейтіндігі-ай! Қар жауды, із басылды деген осы шығар!
Расында да ауылдың іргесіне дейін «Ұйымшыл»ЖШС-гі егістік даласын жыртып, егіндерін егеміз деп қамданып жатыр екен. Айнала қоршалған егін. Тіпті сендерде мал жаятын жайылым жоқ, барлығын арендаға 10 жылға мен алғанмын. Жайылымдық жердің де иесі менмін! -деген шаруақожалықтарының иелерінің мына қасақана тірлігіне қарап, қарнымыз ашты. Қазақтың жауы қазақ па еді!? Әлде капиталистік шеңберге түскен қазақта адамгершілік, ар -ұят деген қасиетті ұғым батыстық түйсікпен 180 градусқа өзгеріп, көлеңкеде қалып бара жатыр ма?..
– Жұмысшылары ылғи бір қалада қаңғып жүрген тұрағы жоқтар. Соларды алып келіп фазендада жылқы баққызып, егін еккізіп құлдық форматта, адам құқығын таптап жұмыс істетеді,-дейді ұйымшылдықтар.
«Ұйымшыл» ЖШС-нің мал қорасын алыстан көрдік. Қасына бара алмадық. Өйткені, жекеменшік нысан. Иелері жоқ. Заң бойынша рұқсатсыз қасына баруға болмайды. Кім біледі. Бір ауылды инвестор болып емес, сүліктей сорған пысықай өзімізге пәле салып жүрсе деп жүрексіндік. Оператор жігітке алыстан түсіріп ал, заң бойынша қасына жолауға болмайды дедім. Бірақ, ақы-пұлсыз ХХІ ғасырда құлдық қамыт киген кімдер екен деген санамда сан сұрақ тұрды.
Ауылда қаншама үй бос тұр қаңырап. Жалпы ауылдың тарихы 1931 жылдан басталады. Осы жылы ауыл орталыққа жиналып колхоздана бастаған. Сонау қиын жылдары айрандай ұйыған Ұйымшыл ауылының ұйқы-тұйқысын шығарған А. Амрин және осы азаматтан жерді алып отырған инвестор Л.Наушарипова ханым. Біреуі жерді жалға алушы, екіншісі алақанды алақанға соқпай қаражат табушы. Амантай Амрин бұған дейін жерін, орыс азаматына жалға берген екен, шаруашылықты игере алмай, Амриннің өзіне ол азамат, қайтарып беріпті.
Ауыл имамы Жұмат Еспаев ақсақал:-Жалпы «Ұйымшыл» ЖШС-гі «тасаттық береді» бір жылы құрбандықты өзі шалды. Тек мына жайылым қиын болып тұр, осы жерде тудық, осы жерде өстік, еңбек еттік, ер жеттік. Не болса да, көретінімізді осы жерде көреміз. Мешітке жиналатын төрт жамағатпыз. Жұма сайын жиналамыз. Рамазан айында. Азан шақырып отырамын. Мына көркем мешітті ауылдың жиені, атасының атынан салып берген еді,-дейді жанары жасаурап. «Жиен ел болмас» дейтін қазақтың сөзі есіме түсіп мырс етіп, күлкім келді. Жиен «нағашымның ауылы» деп мешіт салып, ауыл гүлденсе екен деп талпынады. Ал ауылдан шыққан Амантай сияқтылар, ауылдың ырыздығына ауыз салады. Кереғар физикалық құбылыс.
Ұйымшыл ауылы Біржан сал ауданына қарасты Үлгі ауылына (Казгородок) қарайды екен. Әкімі Рысжан. Тегін сұрап едік (фамилиясын) Әбжанова білем,-деді ауыл тұрғындары.
Қоңырау шалдық. Байланыс өте нашар. 2022 жылы қазан айында әкім сайлауы бойынша сайланған әкім, ә дегеннен ештеңеден хабарсыз болып шықты.
-Жиі барамын, ал бара алмай қалсам, Айгүл айтып отырады. Барлық мәселені. Мектепті маған дейін сатып жіберген. Ал енді Амантай Амрин, Махаббатты ұрғаның естіген жоқпын.
-Айгүл кім? деп сұрадық.
-Айгүл,- деді әкім. Айгүл… Фамилиясы бар шығар? деп сұрап едім.
-Айгүл!..
Ал жайылымдық жер мәселесін аудан әкімі Дастанбек Есжанов біледі. Алдағы уақытта шешеміз. Шешуге тырысамыз,-деп байланыс бірнеше мәрте үзіліп әрең сөйлестік.
Ұйымшылдық азаматтар:-Былтыр интернет тартамыз деп кабель, бағаналар тартып еді, ауылға жетпей қалды әне тұр. Ақшасы қайда кеткендігін кім білсін?.. Расында да, ауылға бөлінген ақшаның қай жаққа ұшып кеткендігін, Біржан сал ауданының ақжағалы мырзалары білмесе. Елдегі малына жайылым таба алмай отырған, қариялар қайдан білсін!?
Төрт үйге интернет тартылмайтын шығар, қалды ғой солай. Қалды!-дейді біз келді деп естіп, Щучинск қаласынан да біраз азаматтар келіпті. Осы ауылдың тумалары екен. Оларда шағымдарын айтып жатыр. Қимаймыз ауылды. Егер, шаруашылығы оңынан жүрсе, тас қаланы тастап атасына нәлет елге келетін едік,-дейді.
Іңір түссе аттандық. Жыларман болып, қамығып күрсіндік. Қайран қазақтың құты дарыған, даласы-ай! Қара қазанына дейін құт еді. Қасиеті кетті . Құты қашты.
Африканың бір құрлығында сілекейі шұбатылған варандар өмір сүреді. Көзіне түскен жан демейді,жануар демейді сілекейі шұбатылып асай береді.
Жей береді. Асқазаны мұншалықты зор болар ма еді. Варан атаулысында сезім, түйсік жоқ. Қазіргі адамдарда да қатыгездігі басым болып, мейірім шуақтан қалып, тек өзімшілдікке қарай қадам басып бара жатыр. Бай, байдың асқазаны толған май. Сүттен бай, қарақшыдан бай пайда болады деген осы.
«Ұйымшыл» ЖШС-нің басшылары түйені түгімен жұтқаны былай тұрсын, қарапайым бұйығы тірлік кешкен ауылды қанаған үстіне, қанап отыр. Төрт үйдің малынан жерін қызғанып, тақым батырып, жұдырық түйіп отырған бұл инвестор жайлы жоғарыда отырған ақжағалылар естіп назарына алса дейміз.
Неге екенін кім білсін жолда келе жатып, есіме сол варандар түсті. Тілі сумаңдап, қорегін алыстан арбап жеп, не жесе де тоймайтын бір мақұлық екендігі, жиіркеніп кеттім. Қоғамды бүлдіріп тұрған қомағай ашкөзділік, елді ел қылып сақтайтын, адами қасиеті барлар әділеттілікке қол жеткізе алмай аһ ұрып отыр. Варандық ниеттен арылып адам болайық, ел болайық ағайын..!
Ұйымшыл ауылының мәселесін назардан тыс қалдырмаймыз.
Жериеленуші мен құлиеленушілерді Қазақстан Республикасының заң тармақтарымен қолға алып, ақиқатқа қолы жете алмай отырған ағайынға жәрдемдесуге тырысамыз.
Алдағы уақытта апта сайын Ұйымшыл жайлы жазып, ақиқатқа қолымыз жеткенше дабыл қағамыз. Бұл біз білетін ақиқаттың басы ғана. Ал ар жағында қаншама жұмбақ жатыр. Оны білуге талпынып, қытайдан келген ағайынның мәселесін, ауылдағы малына жайылымдық жер таба алмай отырған ұйымшылдықтардың мәселесін, жеткізетін жеріне жеткізіп береміз. Барлығы заң жолымен…
Жаңа Қазақстанның бағыты қанап, тонау емес. Адалдықты приціп қылу екендігін дәлелдеуге тырысамыз. Атам қазақта «терлетпей келген дәулет теріңе сыймайды» дегенді осындайларға айтқан шығар.
Амантай МРО-да права істеді. Талай жігітті қаматты. Талайын сорлатты. Авторға рақмет. Ұлы Щучинскте ГАИ-де. Қызы облсудта істейді. Сосын щығар ауылдағы оралманды ұрып жүргені.
автор айда. Информация керек болса. Саған қалай шығуға болады. Айтатыным бар менің де
Ризамын бауырым.