-8.7 C
Kokshetau
Сәрсенбі, Наурыз 22, 2023

Туған елдің тарихы

Журналистік зерттеуТуған елдің тарихы

Көптен бері жазып жүрген дүниемді өткенде сұрыптап отырып, қайта теріп шықтым. «Бұрынғыны айтпай, бүгінгі сөз ойға оралмайды» демекші, өткен күндерді күңгүрт тұстарын, сол кезеңде өмір сүрген адамдар жайлы өзімше жазып жатырмын. Архивтік деректер емес-ел аузынан, халықтың көкірегінен, аға буыннан естігенімді теріп отырмын. Келешек ұрпақ оқыр я болмаса абыз Абай айтпақшы «өз сөзім өзімдікі».

БЕЛГІСІЗ БЕЙІТТЕР
Бар болса жарыққа шықсын,
Шын болса аныққа шықсын!
Мәшһүр Жүсіп

Астана-Көкшетау бағытындағы тас жолдың бойында тұрған Кенесары ауылы бар. Уақыт талабымен бұл ауылдың атауы бірнеше рет өзгерген. Алдында «Хан ауылы» русь империясының тұсында «Ханский» атанып, бертін келе Александровка деп тағы да өзгерді. Одан кейін Жамантұз ауылы болды. Еліміз жеке ел болып еңсесін жазып, елдігін таразы басына салып, жоқты түгендеп, кем-кетікті бүтіндеп жатқан тұста Кенесары ауылы болып атауы, қазақтың соңғы ханы ат жалында жүріп, тәуелсіздік жолында күресіп шейіт кеткен оғлан бабамыздың есімі берілді. Құдіретті ұлы қолбасшы Кенесары ханның жаны жәннаттық болсын!
Рух өлмейді. Иллаһи Алла!

Ел ішіне коммунистердің көсемі Лениннің саясаты билік жүргізбей тұрып Кенесары ауылының маңайын төре тұқымдары һәм Абылайдың ұрпағы жайлап отырған, бұл тарихи таза шындық. Бурабай төңірегінің барлығы шағын ауылдардан құралған ғой Атығай-Қарауылдың елі, бұдан тарайтын қаншама рулар, қаншама ел бар.

Ел дегеннен шығады. Қырық сегіз жыл хандық құрып, үш жүздің басын біріктіріп, бейбіт заманды құру жолында, егемендігіміз үшін аянбай саясатын жүргізген хан Абылайдың қасиетті мекені, һәм тұрағы болған Көкшетаудың айналасы аңыз бен шежіре, әңгіме мен жыр. Атақты Бұхар жырау: «Найзасының ұшы алтын» деп айрықша баға берген Абылай өзінің заманында жан-жақтан қазақтың жеріне келіп көз алартқан жаулармен күресіп жүріп, көркем, көрікті, келбетті жерді сақтап, бүгінгі ұрпағына табыс етті.

Зеренді ауданына қарасты Қазақстан ауылының маңайында, Қарақалпақ тауының етегінде Уәлиханның қорымы жатыр, бұл да өткен тарихтың айқын айғағы. Қазіргі күні киелі жерлер картасына кірген бұл жерге келіп кешегі тарихты танып, біліп, ханның зиратына аят оқып, ат шалдырушылар көп. Ал Уәлиханның тарихын белгілі жазушы ағамыз (иманы шат болсын!) Естай Мырзахметов толықтырып жазып, бүгінгі сіз бен бізге жеткізіп, бүге-шүгесіне дейін таныстырып табыстады.

«Балықты көлі» дейді. Осыдан он шақты жыл бұрын жоқ іздеп жүріп қамыс басы үлпілдеп, сыңсып тұрған Балықты көліне бардық. Алыстан қарағанда күн нұрына бөленіп, айдыны айбаттанып көрініп тұрған көл, бірақ уақыт шеңберімен бұл көлдің де айналасын қамыс басып, суалып келеді екен, қасына жақындап, ат тізгінін тартқанда байқадық.

– Балықты көлі,- деді қасымдағы үзеңгілес жігіт.

– Хан көлі,- дедім мен.

– Қайдан білейін мен ес білгелі бұны Балықты деп атайды,- деп атының ауыздығын салып, шап айылын тартып жатып күлді.

Хан көлі. Әу бастағы тарихи танымы, атауы солай. Бәлкім Ұлы Абылайдың жайлауы болды ма екен? Өйткені қыр-қыраты аз жалпағынан жатқан жазық дала. Я болмаса бертінгі тарихшылар жазып жатқандай Кенесары бабамыз осы көлді жайлапты деген әңгіме де бар. Бұл сөздің жаны бар. Астары терең. Революция басталмай тұрып жаңағы «Хан көлін» жаз болса жайлап, қыс болса қазіргі Кенесары ауылының маңайын қыстаулап отырған Кенесарының ұрпағы болыпты.

Ел айтады, ел айтса қалт айтпайтын болар. Жаз болса жарықтық төре тұқымы ат шана жегіп, жасауылдарын ертіп ел аралайды екен. Бәлкім рас, бәлкім жаңсақтық. Екіұшты әңгіме. Төрелер келе жатқанда ел ешқашан жолын кеспеген. Жолын кесіп өткенді дүрелеген дейді алдыңғы буын ағалар. Бәлкім уақыт шеңберімен, қамшысының ұшынан қан тамған кешегі идеялогияның шығарған сыпсың әңгімесі ме, әйтеуір «дүрелеу» дегенге өз басым тақа сеніп, илана қоймаймын. Өзі хан тұқымы болса, ақсүйек текті болса қарапайым халыққа қамшы үйіруі екіталай ғой. Біздің көп тарихымыз әлі де асты-үсті қаралып, бір жақты сыңар бағытпен келе жатқандығы жасырын емес.

Бертін ел ішіне дүрбелең басталып ақ қашып, қызыл қуып, ат шабыс болған кезеңде Кенесарының ұрпағы (жаңағы Кенесары ауылында тұрған төрелер) Тәшкент жаққа қоныс аударған екен. Балапанның басы. Тұрымтайдың тұсы, қыспақ, бүйірден теуіп, қабырғадан ұрып жатқан ауыр кезең. Төре тұқымы, тектілер, қажы-молдаларды қудалап, «дінсіздік жайлаған» қоғам құрып, «Қызыл отаулар» оттаған әңгімелер айтып, қоғамды жүйесіздік жайлаған кезеңде шыбын жан үшін, ұрпағы үшін кім шетелге кетпеді! Тәшкентке бой тасалап кетіпті деген ел ішіндегі әңгіменің шындығына өткенде көз жеткізгендей болдық.

Көкшетау Кенесары ханның тойын тойлағанда Тәшкенттен сексеннен асқан кейуана келіп, өзін «төремін» деп таныстырып, қасиетті Көкшетаудың топырағын сүйіп, көзіне жас алып, үлкен мінбеде көкшетаулық ағайынға алғысын білдіріп, бабасының тойын тойлап, еске алып жатқандығына риза болып, ақ батасын беріпті.

Редакцияның телефоны шылдыр ете түсті. Ағұст айы. Осыдан бір жарым жыл бұрын. Тұтқаны көтерсек. Ар жағынан, қысқа амандықтан кейін: – Кенесары ауылының маңайында Бектас деген әулие адамның ескі бейіті табылыпты. Кезінде ауырған сырқатты емдеп, есалаңды жөнге салып, ел ішінде бақсылықпен айналасып әулие болған, аруақ қонған адам екен, барып жазсаңыздар,-деді.

– Бейітті қайдан табамыз,- деп едім.

Кенесары ауылының тұрғыны Талап ағай біледі, тлипонының нөмері мынадай, жазып алыңыз деп ар жағынан нөмерін айтты. Қара қарғаның миы тесіліп қайнайтындай күн аптап ыстық. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ. Өтелбай ағаға «барайық аға, көрейік» дедім. Бейіттің басында жазу бар болса мен айыра алмаймын. Я шағатайша, я арабша жазу болуы мүмкін.

Жеңіл көлікке жол алыс па, ызғытып отырып жеттік. Талап ағамыз ұзын бойлы, ат жақты қараторы кісі екен. Көлікке жайғасқан соң Бектас әулие жайлы мән-жайды сұрадық.

– Әкем ішкі істер саласында қызмет істеген, ескілерді көрген, естілерді тыңдаған адам еді. Содан биыл қорымды тауып алдым,- деді. Ақселеу басы тербетіліп жусанның иісі аңқыған кең даланы қызықтап келе жатып ойыма оралды. Осы Кенесары ауылының айналасы барлығы әу бастан тарихи жер болған. Әрбір атаудың астарында аңыз жатыр. Біз көбіне жауыр болған тақырыпты жазып, бір шеңбердің ішінде ескі тулақты ақжем қылып қайта илей береміз, илей береміз. Мүмкін әрбір қыраттың үстіндегі ескі бейіттерді біз білмейтін, тарихи тұлғалардың есімдері жазылған шығар деп ойландым.

Жеттік. Жұмақай қыры. Атам заманнан қалған ескі қорым. Ұлы уақыттың сан тепкісіне шыдап, қираңдыға айналмай бүгінгі күнге, қазіргі шадыман уақытқа жеткен, осыдан екі жүз, мүмкін одан да әрі кезеңдегі бейіт. Сары кірпіштен иі қанып, иіленіп құйылған зираттың бір жақ қабырғасы опырылып құлапты. Жел мүжіген, жаңбыр шайған, кіндіктен жоғары келетін жалғыз белгі тас қана қалса керек. Әңгімеге Талап ағамыз араласты: – Араб тілін біледі деп бір жігітке оқытып едім «Бисмәллә рахмани-рахим» деген жазуды ғана оқыды. Әр жағын айырып оқи алмады,-деді.

Күн төбемізден ауғанша, көлеңке ұзарғанша отырдық. Өтелбай аға тастағы жазуға үңілді. Сары сырмен төте жазуды айбақтап бояпты. Мынаны неге бояғасыз?-деп сұрадық.

– Қайдан білейін осылай оқылуы жеңіл бола ма деп бояп едім,-дейді Тәкең күлімдеп.

Жазуды оқығанша ойыма сан түрлі сұрақ тұрды. Осы біз тағы да жаңсақтыққа барып, қате қадам жасап отырған жоқпыз ба екен? Бүгінгі атқарып жатқан жұмыстың барлығы ертеңгі-тарих. Тарихты танимыз, ескіні іздейміз деп келешек ұрпақ жүз, екі жүз жылдан соң біз сияқты көңіл дүрбісін өткенге салады. Қазір кириллицамен жазып жүрген біздің жазғанымызды олар ұмытып қалуы мүмкін. Қазақ даласында араб, шағатай жазуы, бертін ұлы ұстаз Ахмет атамыздың әліпбиімен ретке келтірген, одан кейін латын жазуы қысқасы бір ғасырда сан рет өзгерді, сан мәрте құбылды. Міне нәтижесі. Өткенді тани алмай әуре-сарсаңға салынып отырмыз. Бар үміт Өтелбай ағада… Терең ойға беріліп кетсем керек. Тастағы жазуды қолымен сызып оқып отырған Өтелбай ағамның сөзі бұзды.

– Руы атығай,-деді. Көкшетау төңірегі Атығай-қарауыл елі.

Терең құдықтан қасықтап су тартқандай назарымызды аудардық. Шындығы керек соңғы отыз жылда тарих деген ұлы белдеуге әркім атын байлап, арғы аталарын би, шешен, көреген қылып шығарып жатыр. Белгітас қойып жатыр. Әйтеуір тарихты жазып, жаңғыртып жатырмыз, шежіре теріп жатырмызбен біраз дүниеден қателік кеткендігі жасырын емес! Тарихтың беті ақ парақ сиясы тамып кетсе, ақ парақтың беті бүлінеді. Оны ешкім өшіре алмауы мүмкін. Бүгін Пәленше деген батырдың, түгенше деген ақ жалау ұстаған бидің зираты табылыпты деп естисің. Артынан ұрпағы жылқы сойып «құран қатым» шығартып, елді жиыпты дегенді тағы естисің. Көпшілікке керегі ет жеп, қымыз ішсе болғаны. Ал тарих ше? Әр тасада қалып жатқан панасыз торғай сияқты. Ойыма оралды. Баяғыда өзін шын коммунистпін деген үлкен дөй ағамыз Тәуелсіздік алып, жеке ел болған тұста, мен төремін, кешегі Абылайдың ұрпағымын деп ертұрманын ауыстырып, басқаша пікірде болған.

Совет үкіметінің тұсында жаңа жылдық кешті тойлап әлгі бертін «төре болған» ағамыз басқаратын мекеменің қыз-жігіттері жаңа жылдық кеште «Хан мен Ханша» деген ойын ойнайды. Ішіндегі бірер аспанкөзді ащы суға тойып алғандар қатарына алмайды. Жаңа жыл өтіп, жаңа аптаның жұмыс күні басталғанда, жаңағы ойынға қатыспаған екеуі барып басшыларына шағым түсіреді: – Пәленше деген «Хан мен Ханша» деген ойын ойнатты, қандары тамып тұрған «ұлтшыл» демей ме? Бар бәле содан басталады. Жұмыстың аяғында барлығын жинап алып әлгі ағамыз: – Хандық дәуірді аңсап жүрсің бе, коммунистік партия сендерді ақ нанға тойдыртып, бүйірлеріңді шығарып, бар жақсылықты жасап берді. Сендер сияқты көк ми бейшара, сорлыларға партия қатарында орын жоқ, қоғамға зияндарың тиеді, елді бұзасыңдар «әйдә-давай!» өтініш жазыңдар да жұмыстан кетіндер,- деп қуып шығыпты.

Еліміз тәуелсіздік алғанда «мен төренің ұрпағымын, хан тұқымымын» деп, тіпті архив құжаттарын тауып әкеліп, баяғыда пәленше атамның есімі атаусыз қалып еді деп ас бергенде, тоқпағы мықты болып тұрған көкеміздің кесірінен жұмыстан қуылып, қара жұмысқа жегілген жаңағы жігіттер не күлерін, не жыларын білмепті. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген мәтелдің мәні осындайда айқайлап тұрады, ә?

– 1878 жыл деген цифр анық,- деді жазуды оқып отырған Өтелбай аға. Үңіле түстік. Бірақ Тәке, өтірік айтпайын, мынаны сары сырмен аямай бояған екенсің. Оның үстіне қаншама уақыт өткен. Мына бейіттегі жазуда Бектас емес-әйел адамның есімі жазылған,-деді. Мүмкін Бектас деген кісі осы көп қорымның біреуінде жатқан болар. Баяғы лабораториялық арам пиғылмен Хрущев «Тың игеруді» бастағанда қазақтың кең даласындағы біраз зираттар соқаның тілінің ұшына ілігіп ізім болды ғой. Сонымен өмірде Бектас деген әулие болды ма? Мәселе осында… Бәлкім біз естімеген адам шығар. Ел аузында есімі аталса болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Үнсіз ойланып Өтелбай ағаның аузына телміреміз. Сонда әйел адамның бейіті болып шықты ма?-дедік екеуміз де.

– Иә… мүмкін мына төмпешіктерде жатқан болар. Басында белгітас жоқ. Белгітас жоқ дегенде есіме түсті. Қ. Исабаевтың «Шоң би» жайлы кітабында Бірәлі төре жайлы жазады. Ал енді біздің тарих жасаушылар, жазушылар Бірәлі емес-Пірәлі деп. Бірәлі ме, Пірәлі ме ол жағын анықтай алмадық. Бірақ нақты төре екендігінде дау жоқ. Дұрысы Пірәлі шығар деймін. Өйткені қазақта «пір» сөзі ерекше болған «пір тұту» дейміз ғой «Әлі» де бәрімізге таныс сөз.

Бурабайдың солтүстігіне қарай Қызылағаш дейтін жер бар. Қаржау. Бертін «төре қорасы» дейтін үлкендер. Пірәлі осы төре қорасынан үш-төрт шақырым жерде қырдың үстінде жерленген. Ертедегі түсінік бойынша шаманизм дәуірінен қалған дегеніміз абзал шығар. Ақсүйектер құдайға бір табан жақын деген ұғыммен қырдың үстіне жерленген. Пірәлінің басында да белгітас болыпты-мыс. Тың игеруге келгендер соқаның ұшына іліктіріп үй, кеңсе саламыз деген желеумен тасына тағылық жасап тонаған дейді. Бұл тақырыпқа алдағы уақытта тағы да бір соғармыз.

Жазиралы алқапты артқа тастап қалаға бет алдық. «Көшпенділер ғылымы көп зорлық көрген» деген Олжас Сүлейменов сөзі ойыма оралды. Қалаға қарай бет алған көліктің ішінде үнсіз ойланып келе жатырмын. Біз бәлкім өткен тарихымызды зерттей алмай, келешек ұрпақтың еншісіне мақсатсыз жорамал ғана тастап жүрміз бе екен осы. Өйткені, соңғы отыз жылда тарихи тұлғаларымызды әрі-сәрі қылып зерттеп жүрміз. Самалы ескен кең далаға көз тастап, белгісіз бейіттерге іштей Фатиқа оқыдым. Бектас әулие жайлы сонымен кім не біледі? Мені осы сұрақ мазалайды.

Жеңіс Оспанов.

Сондай-ақ, оқыңыз...

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Ұқсас мақалалар

Тегтер бойынша оқыңыз:

Көп оқылған мақалалар