spot_imgspot_img

Тілі өлген елдің рухы да өледі…

Date:

Жақында ютуб каналында қызылжарлық бір орыстың жігіті қазақты да, тілімізді де қаралап сөйлегенін көріп, қатты ашындым. Оған сұрақ қойған блогер Қазақстанның солтүстігі кімнің жері десе, Ресейдікі дейді. Блогер де орыс тілді ұлт па деп қалдым. Одан әрі жаңағы орыс жігіті қазақ тілінің мүсәпір халін баяндады. Мектепте оқыған кезде де бірауыз сөз білмесем де, төрт деген баға алдым деп бір қойды.

…Осы көріністі көріп, қаным басыма тепті. Жаңағы шовинистің жанында болсам, басын жұлып алар едім. Мұндайлар соңғы кезде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Көбі осы шовинстік әрекеттері үшін кешірім сұрап құтылып жатқанын да білеміз. Мастықтарын алға тарта сөйлейтіндері де жетерлік. Бірақ, жаңағы оқиғадағы орыс жігіті сап-сау, осы елдің суын ішіп, ауасын жұтып отырып, неге бұлай қаракет жасайды екен, түсініп болмайды.

Әрине, біздің қауіпсіздік органдары ондайларды құрықтап, кейбірін темір торға тоғытып жатқаны да анық жай. Өкінішке орай, бұл оқиғалар оларға сабақ болар сыңайы жоқ. Тіпті, он бір жыл оқып, бірауыз қазақ сөзін үйренбеген адамға орта білім аттестатына жақсы баға қою нағыз қылмыс деп ойлаймын. Бұл жерде мектептегі ұстаздарды қаралау жөн де емес шығар. Бірақ, бұл мемлекеттік деңгейде шешімін таппаған мәселе ғой. Министрлік те бұған назар аудармайды. Жергілікті білім сапасын тексеретін департаменттер де көрсе де, көрмеген болады.

Мемлекеттің негізгі тілін білуі бойынша баға әділ қойылар болса,  ешкім қазақ тіліне салғырт қарамас еді. Ең болмағанда мектеп бітірерде нан сұрап жейтін дәрежеге жетер еді ғой. Бұлай кете берсек, қазақтың тілі ешқашан мемлекеттік дәрежеге толыққанды жетпейді. Көзбояу қалыппен өрге де баса алмаймыз, биікке де шыға алмаймыз.

Демек, қазақ тілінің сұрауы жоқ. Осыдан кейін өзге этнос өкілдері қазақты, оның тарихын, салт дәстүрін қайдан сыйласын. Жаңағыдай шовинистердің көптеп қылаң беріп отырғаны да осыдан. Әрбірдесін бұл біздің осалдығымыз, биліктің немқұрайлылығы. Керісінше «Қазақша сөйле» деген адамға сойыл ала жүгіреміз. Қазақ пен басқалардың арасына от қойып жатқандай сезінеміз. Шындығында, ол осы елдің заңдары белден басылмасын деп жан ұшырып жүрген пенде екенін ешкім ескергісі келмейді.

Алаштың ұлылары қазақша сөйлеп, қазақы рух болғанда ғана қасиетті жерімізді қорғай аламыз дейді. Қазақшаға мақұрым азаматтар қазақтың жері үшін жанын пида етеді дегенге өз басым сенбеймін. «Ит тойған жеріне…» деген сөз бар. Біздің елде өмір сүріп жатса да, қазақтың тіліне жаны ашымаған адамнан не қайыр күтеміз.

Оны айтамыз, осының кесір кесапаты сырты қазақ, іші басқа болып жүрген өз қандастармызға тиіп жатыр. Басқаға қарап, соның тілін аспанға көтерген елде өзіңнің өгейліктің күйін кешетінің еш жасырын емес. Өзіңді-өзің өзектен тепті деген осы. Ана тілін білмейтін, оған жанашырлықпен қарамайтын ұрпақ өсіп келеді. Ертеңіміз не болар екен деп қамығатынымыз да осыдан болса керек. Себебі, өзін қазақтың бір зиялысымын дейтіндер де балаларын, немерелерін орыс мектептеріне сүйрелеп жүргені ұлтсызданудың бір көрінісі болса керек. Кешегі кеңес заманында биліктегі және зиялы көштегі қазақтың жайсаңдары өз балаларын орысша оқытуғы тырысты. Бірақ, тәуелсіздік алғасын көсем болып көш бастап, шешен болып сөз бастаған осындай талай ағаларымыздың өзін де, өзгені де алдаған кейіптерін талай көрдік.

Керек десеңіз, осы арада қазақтың атақты жазушысы Мұқтар Мағауиннің мына сөздері еске оралады. Онда: «Мың жыл, бес-алты жүз жыл болмаса да, жүз, жүз елу жыл тұруға тиісті қандықол, жыртқыш, қуатты империя … іштегі бар кеселі сыртқа тебіндеп, шылпара ыдырады. Әуелде Балтық бойы, содан соң Украина, ең ақырында өзбек, қырғызға дейін өзінің ұлттық, дербес мемлекетін жариялады. Ақыры кешегі империя егесі, халықтар түрмесі Россия да өзін тәуелсіз деп таныды. Сірә, бауыр балағына жармасып, айрылмай қойған Қазақстан. Бұл кезде басқаның бәрі кетіп қалған. Яғни, Ресей бізден бөлініп шықты.

Енді амал жоқ, артқы түйенің жүгі бірден жеңілейіп, егемен ел болып шыға келдік! Міне, алақай! Аруақ! Ақсарбас! Қазақ ордасы құлағаннан соң жүз қырық төрт жыл дегенде ұлысымыздың туы қайта көтеріліпті. Адасып емес, таңдап тауып, бақ қонған деген осы емес пе!

…Тәуелсіздік түсіне де кірмеген, ұлттық санасы мүлде жоқ немесе бұлдыр, үйіндегі баласымен жат тілде сөйлесетін, жоғарыдан түскен партиялық нұсқаумен ғана күн кешкен, көбіне-көп қандастарын кеміту, халқын сатумен мансапқа жеткен, жетекші тәртіптің жандайшабы болған, ішіп-жемнен басқаны ойламаған партиялық номенклатура адамзат тарихындағы ешбір төңкерісте, жаулау соғыстарында болып көрмеген ұтысқа шығып, бар билікті, бар байлықты басып қалды. Міне, кеселдің үлкені қайдан өрбіді десеңіз!» делінеді.

Дөп басып айтқан сөз. Бүгін осының бар ауыртпашылығын тартумен келеміз. Өткен отыз жыл бойы осы партиялық номенклатураның өкілдері мен ұрпақтары билік құрды. Әлі сол үрдіс жалғасумен келеді. Тәуелсіздік алған тұста кім билікте болды, бәрі бір күннің ішінде халықтың байлығын еншілеп шыға келді. Қара халық қара су ішіп қала берді.

Жаңа Қазақстан деп жанталасып жатқандарды да көреміз. Жаңа жүйе ешқашан ескіні ысырып тастамай, жасалынбайды. Бірде қазақ қазақпен қазақша сөйлесін, енді бірде басқа этностарға соның тілінде жауап беріңдер деген Назарбаевтың да екіұшты ойлары тіліміздің шұбарлануына әкеліп соқты. Шұбар тіл, айыр тіл екеуі қосақталып кете берсе, елдіктен айрыламыз, рухымыз да жаншылады. Сондықтан өлмектің күнімен емес, еңсе биіктер қайратпен күй кешу үшін ана тілімізді төбемізге көтеру керек. Осы елде өмір сүріп жатқан қазақты та, басқа этнос өкілдерін де мемлекеттің тілінде сөйлейтін дәрежеге жеткізудің қамын жасау қажет.

Жуырда Президент Тоқаевтың тіл туралы пікірі еліміздің бірқатар ақпарат арналарында басылды. Соның бірінде былай делінеді: «Әлем халықтарының жақсы қасиеттерін бойға сіңіріп, озық үрдістерін үйрену үшін тіл білу қажет. Бабаларымыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп айтқан. Шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады».

Иә, біздің жастарымыз небір халықтардың тілін біліп, шетелде білім алып жүр. Оларға сонша елдің есігінің айқара ашылғанын да білеміз. Ал, басқа тілді жете біліп, өз ана тілінен жұрдай жастар да бар. Олар қазақтың қамын ойлар ұлан бола ала ма?! Орыс тілімен ауызданып, енді шетелдің тілдерін саналарына сіңірген адамның бар көкірек көзі де басқа болып кететінін біздің бабаларымыз да айтқан. Президенттің бұл сөздерін тірілту үшін білім министрлігі ай қарап қалмауы керек. Кез келген орта мектеп бітіретін, ертеңгі күні шетелге білім алуға кететін жастар қазақ тілін жетік білулері қатты қаперде болғаны жөн.

Қазір шетелден білім алып келіп жатқан жастардың дені сол білім алған елдерінің дәстүрлерін тықпалайды. Біздің сан ғасырлық ұлттық салт дәстүрлеріміз айдалада қалады. Осыдан кейін ұлттық мемлекет құрудың ауылы алыстамағанда қайтеді.

Президенттің жоғарыдағы пікір сөзінде одан әрі былай деп ой қозғалады: «Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Жалпы, біз тіліміз дамымай жатыр деген ойдан арылуымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қазақша сөйлейтін жастар көбейіп келе жатыр. Жалпы, тілдік орта түбегейлі өзгерді. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес. Мұның бәрі қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан, алаңдауға еш негіз жоқ.

Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты. Мемлекет қазақ тілін қолдау үшін тиісті шаралар қолданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз».

Президенттің сөзінде ағат ештеңе жоқ. Орынды ой қозғап отыр. Дегенмен, менің ойымша «тіліміз дамымай жатыр» десек, ол бүйректен сирақ шығару емес. Тәуелсіздік алғалы бері тіліміз дамымады емес, дамыды. Бірақ, шым-шымдап, өрісі кеңіп кете алмай, кібіртіктеп, еңсесін тіктей алмай, қиналыңқырап алға жылжыды. Егер отыз жылда басқаш ұстаным, басқаша саясат болса, дәл осы күні тілдің тағдырын айтып отырмас та едік-ау.

Осының бәрі тілдік ортаның қандай жағдайда екенін анық аңғартты. Қазір мемлекеттік мекемеге бас сұқсаң да, орысша шүлдірлеп алдыңнан шығатындар аз емес. Дүкенге барсаң да, осы көрініс. Сонда тілдік орта жақсы ма, жаман ба, оны осы тілде сөйлейтіндер ғана бастан өткереді. Себебі, кез келген жиналыс орыс тілінде көбірек өтетінін ешкім жоққа шығармас деймін. Тіпті, кілең қазақ отырып, бір орыс ағайын болса, оның құқығы бұзылады дей ме, соның тілінде сөйлеп кетеміз.

Меніңше, Президенттің де осы пікір сөздерін біреулер жазып береді ғой. Мынадай мақалды қолданыпты: «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін». Бұл орынды қолданған мақал емес пе деп қаламын. Өз тілің деп отырғаны – қазақтың тілі болса, бірліктің ұйытқысы болуы үшін қазағың да, өзге этносың да қазақ тілінде сөйлеуі керек.

Ал, «…өзге тіл тірлік үшін» деген мәтіннің түбіріне үңілсең, біздің өзгелермен қарым-қатынасымыз, олармен тірлігімізді жарастыру үшін өзге тіл керек деген ұғым қалыптасады. Осыны Президенттің жанындағы ақылшы, кеңесші-сымақтар біле ме екен.

Ресейдегі соғысқа жұмылдыру талабы туындаған соң қаншама орыс ағайындар Қазақстанды келіп жағалады. Иә, біз қонақжай елміз, талай ұлт пен ұлысты қанатымыздың астына алғамыз. Оған тарих куә. Бірақ, шетелдің кейбір сарапшыларының пікіріне көз қиығын салсаң, сол келіп жатқандар кезінде Ресейде орыстар ғана тұруы керек деп ұлтшылдық үнін көтергендер емесіне кім кепіл дейді. Сол тақырбастар азиялық, кавказдық ұлттар өкілдеріне қырғидай тиген еді ғой. Егер шынымен солар бізге келген болса ше? Ойланатын жай көп.

Осындағы орыстардың бір өкілдері жаңағы әскерден қашып, Қазақстанға келіп жатқандарға: «Қазақстанға келдің екен, қазақ тілін үйрен!» деп жатты.  Бір түрлі қуанып қалдық. Бірақ, бізде олардың қазақша сөйлеуіне орта жоқ қой. Ешкім қазақша сөйлеңдер деп талап та етіп жатқан жоқ. Керісінше, ол қашып-пысқандардың кейбірі ЦОН-дарда қызметті орысша көрсетіңдер деп талап еткен оқиғаларына куә болдық.

Рухымызды өлтіріп алмайық десек, тілімізді өлтірмейік. Тіл біздің ең қасиет тұтар құндылығымыз. Осы қасиетті тіл мен жер үшін ғасырлар бойы біздің бабаларымыз аттың жалын тартып, қолынан найзасын тастамай, күресіп өтті. Қазақ бар да, тілі өлмес, бәлкім. Бірақ, қазақтың да өз ішінде қазақ тілді, орыс тілді болып, екі жарылып отырғаны, әрине, жақсылық емес. Сондықтан ел билеген патша да, қарапайым шаруа да,  ана тілі үшін жан ауыртса, қамығып, қайғырса ғана елдің де, тілдің де болашағы жарқын болады.