17.3 C
New York

Тілеуханды жамандап ақ тер, көк тер болғандарға: Бекболат кешегі асылдардың тұяғы

Published:

Парламентте қанша депутат бар, жүз жеті депутат білемін осы. Әйтеуір қатары қалың, ол жерге анау мен мынау бармайды. Баратындар бизнесмен жолы болғыштар, баспалдаққа шығамын дегендер. Әйтеуір ол жерде осал адамға орын жоқ. Барғанымен халықтың мүддесін, елдің ащы айқайын көтеретіндердің саны аз. Соның бірі Бекболат Тілеухан еді. Қазақтың тілі мен мәдениеті жайлы Парламент мінбесінен айтып жүрген.

Әліппе деп шырылдады. Айтты. Бәріміз сол әліппеден бастап хат таныдық, қара таныдық. Бертін білім бағдарламасы біресе оңға, біресе солға қисайып, өзінің  жолынан жаңылысып қалды. Кім көтерді әліппе жайлы Бекболат Тілеухан. Ашынып айтты, ашығын айтты, шырылдап айтты, шыңғырып айтты, үстелді ұрып айтты, әйтеуір Үкіметке жеткізуге тырысты.

Егер сол жердегі 107 депутат айтса қайда қалды, мәселе қылып көтерсе қайда болды!? Көтерген жоқ, тілсіз қалды, үнсіз қалды, ләм демеді.  Вакцина туралы да шырылдаған Бекболат Тілеухан. Оны қолдан-қолға тараған видео арқылы барлығымыз көріп сүйсіндік. Ана жерде отырып алып Бекболат Тілеуханға қарсы шыққандар тіпті «көздерімен депутатты жеп жібергісі» келіп отырды.

Жарықтық Ж.Баласағұн айтыпты «Көз-жіті, құлақ-сақ, көңіл-кең болуы керек» деп,  халқым деп шырылдаған Бекболатты аяқтан шалып, терісін тірідей іріп, қудалап жатырмыз. Құдай сақтасын! Алла осы күнімізді көп қылсын, ел-жұртымызды аман қылсын. Неше күннен бері жерден алып, жерге салып жатқан шуылдақ көп тобырдың әңгімесі де, әні де, мазмұны да қызық. Шортанбай жыраудың мына бір сөзі осындайда ойға оралады «ісің түссе жаманға, қолы кетпес жағаңнан» дейді.

Әділдігін айтайық ағайын алаштың ардақты ұлы Ә.Бөкейхан «Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!» деп шырылдаған. Әй одан бері де бір ғасыр жуық уақыт өтті, санамызға саңылау түспеді, сол шеңберде жүрміз. Алаштың ардақтыларын абақтыға қамап, қатын-баласын шулатып, қаңғыртып, екі көзін түрмеде телміртіп «жау!» деп жағасынан алған кешегілер ақыр аяғында өкініп опық жеген жоқ па? Бекболат Тілеуханның бойында Алла берген ұлы өнер бар, Алла сүйген пендесінің бойына ғана өнер береді, өлең береді, ән береді.

Жайшылықта барлығымыз «ойбай орыстың пәлен деген әншісі келіп біздің азаматтықты алып концерт беріп жатыр, үкімет қайда қарап отыр?» деп айқай саламыз. Әрине салады, қазақтың екі шекті, тоғыз пернелі домбырасын жандандырып ұлы өнерді ұлықтап жүрген арда азаматты қаралап, тонналап пәле-жаланы үйіп-төгіп жатсақ. Мұндайда алаш қайраткерлерінің тәмсілі тағы да еске түседі «Бөтен кісі қазаққа ешқандай ештеңе жақсылық әкеп бермейді» дегені.

Ағайын Бекболат Тілеухан егініне түсті ме, жоқ әлде бақшаңа түсіп жемісінді ұрлады ма, байлығыңызды тартып алып тақырға отырғызып кетті ме? Менің атам айтатын жарықтық «ит көтіндей шулаған бұларға, тас ат, тас атсаң сен жағымды боласың» деп күйінгенде.  Шаһкәрім жарықтық «Жүрегім дертті, сау емес» деп күйініп өмірден өтіпті.  Абай –өзін-өзі өлеңмен жұбатқан жан деген де Шаһкәрім екен. Жарықтық Абайды да, Ақанды да, Біржанды да қазақтың кіл жақсысын ат құйрығына байлауға, өсекке танып тастауға, сабауға  неге құмармыз.

Ал жамандап-жамандап алыңыздар. Болды ғой біресе олай деп, біресе былай деп Бекболат Тілеуханды жамандап пиар жинап пүлістетіп отырсыздар. Мен үшін Бекболат Тілеухан кешегі асылдардың тұяғы. Әнші. Қазақтың тоқсан қатыны толғатып таба алмайтын мықты. Бұл менің өз ойым. Бекболат Тілеуханды өмірде көрген адамым емес, бірақ әні мен сөзін тыңдаймын. Алла жар болсын құлагер мінезді ағамызға.

Кезінде алашты құртқан жала мен пәле еді. Сол пәле кәріқыздай жабысып балағымыз емес-санамыздан кетер емес!!!

Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

Related articles

spot_img

Recent articles

spot_img