Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы арқылы Оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстанға қоныс аударғандар тобына менде қосылдым. Өйткені, ауа-райы,яғни, бірқалыпты салқын ауа менің денсаулығыма өте жағатын. Мен Алматы облысының тумасымын, мамандығым журналист.
Астана, Бурабайға барып жүргенімде қан қысымым көтерілмей, денсаулығым тәп-тәуір түзеліп ширап қалатын едім. Оның үстіне өзім тұратын ауданнан жұмыс болмағасын менде көшіп бардым. Не болса да теріскейге барып, аз қазақтың қатарында болып, саны көбейіп, үмбетімізді өрбітіп тұрақтап қалайын деп.
Мамандығым сай жұмыс бірден табылды. Ғабит Мүсірепов ауданының «Есіл өңірі» газетіне тілші болып қабылдандым. Денсаулығым жап-жақсы болып, күз түскенде мазалайтын демікпеде тынышталып қалған едім. Кенже қызымды аудандағы жалғыз ғана қазақ мектебіне бердім. Өзім араласатын дос-жаран тауып, тәп-тәуір қызмет істеп жүргенмін. Менде шікірейген бөтен мінез жоқ, ұлтына қарамаймын бауырыма тартып, барлығымен тонның ішкі бауындай араласып кететін кең мінезімді берген алдымен Аллаға рақмет, тәлім тәрбие берген ата-анама мың алғыс.
Қызметтес әріптесім ана тілін толық білмейтін Гүлзада есімді әйелмен жұмыс барысында сөзге келісіп қалдым. Мақтанып-ақ айтайын, маған дейінгі шығарған газеттері қырық қатемен шығатын, журналистиканың ешбір талап-ережесіне сай келмейтіндігін тіпті оқырмандар да қоңырау шалып айтып жатты. Алғаш рет барғанымда ана газеттерді көріп рас айтамын шошыдым. Бара салып өзімнің тәжірибелік біліктілігімді көрсетіп, газетті жаңа қырынан танытуға тырысып, газетке рең кіргізіп, айрықша стильде шығаруға күш-жігерімді аямадым.
«Есіл өңірі» газеті басқада бас басылымдар сынды жеке меншікке өткен. Газетті Сәуле Бергенқызы сатып алған екен. Зейнет жасына жеткен Шолпан Салыққызы ат арылтып Астанадан келіп жұмыс істеп жүрді. Өйткені, кадр жоқ, тапшы. Шындығы керек басында Сәуле Бергенқызы менің келгеніме айрықша қуанды.
Өйткені, жаңа жыл,яғни 2022 жылдан бастап маған 2 000 000 теңгеге сатпақ болды. Ол кісі де өзінің денсаулығымен алысып жүрген жан. Газеттің сапасы, мән-мазмұнын біліп-ұғып отырған ол кісіні көрмедім. Өйткені, ол кісі орыс білімді, таза орысша. Мамандығы журналист. Менің байқағаным ол кісіні газеттің қаржы мәселесі көбірек қызықтыратын, қалайда ақша санап, қалтамды қалыңдатсам деген мақсатты бағыт қылып алған.
Мен тұп-тура екі ай істедім. Гүлзада жасы кіші екендігін еш мойындамай менімен ашық ерегіске көшті. «Қаңғып келгендер бәле болды, жан-жақтан көшіп келіп білгішсінеді. Біздер мында жүріп үй ала алмаймыз, бұларға бірден үй береді» деп намысыма тиетін ауыр сөздер айтты. Денсаулығым үшін барып едім «нағыз ауру» болып қалдым. Жүрегім тарсылдап, қан қысымым көтеріліп, демікпем ұстап кешке дейін жедел жәрдем шақырумен болдым. Қайынатама ас беретін болып, елге баруға екі күнге сұранып кеттім. Келгенімде бас редактор-директор беті шіміркпестен «Мен сені жіберген жоқпын» деп жүйкеме тиді. Сосын мен қолымды бір сілтеп, арыз жазып жұмыстан кетуге бел буып, бір күннің ішінде жиналып, поездға билет алып елге кеттім.
Аудан әкімі Ағзам Тастеміровке , әкім орынбасарына, көмекшісіне кіріп редакциядағы жағдайды айтып едім, олар өзіме шапшыды.
Кетіп бара жатып, аудан әкіміне кіріп: «Мен сынды тәжірибелі, сіздердің ауданда тапшы маманның қадіріне жетпедіңіздер, Сіздер Мемлекет басшысының «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасына қарсы жұмыс істеп жатырсыздар, мен алған ақшамды қайтармаймын. Сотқа берсеңіздер мен аудандағы бар былықты жариялаймын» деп айтып кеттім.
Бас редактор кетіп бара жатқанымда: «Гүлмира өтінемін шулатып жүрмеші тек»,- деді. Үндемей кеттім, себебі сонау жақтан қуанып келіп, қуарып қайттым.
Иә, мен мемлекеттен 912 000 мың теңге алдым. Бірақ, мен не үшін ол қаражатты қайтаруым қажет?! Қай уақытта олар өз тараптарынан маған қолдау бермеді, жұмыс жасауыма жағдай жасамады! Керісінше мен екі есе шығынға ұшырадым, материалдық-моральдық тұрғыдан да. Ары-бері көшу маған оңайға түскен жоқ қой, ал менің материалдық өтемақымды, жүйкеме тиген ауыр сөздердің өтемін кім төлейді!?
Менің өз тілінің қадірін білмейтін, ұлттық құндылықтың не екендігін түсінгісі келмейтіндер үшін жүрегімді қарс айырып қанша ма мақала жаздым. Ақыр соңы ауру болып, жүрегіме ота жасатып тындым.
Ішкі саясат бөліміндегі әйелге газеттің ішкі кухнясы түгел баяндалатын. Заң бойынша газет толығымен басылып шықпай ешкімге көрсетілмейтін. Тіпті, ішкі саясат бөлімі де көруі тиіс емес. Газетте цензура жоқ! Сол талапты ішкі саясаттағы әйел мойындағысы келмейтін (себебі ол бастық қой!). Тіпті, бір күні шимай-шатпақпен жазылған өлеңді газетке жарияла деп маған зіркілдеді. Мен «Әдебиет-журналистика талаптарына сай келмейді» деп, әдемілеп өңдеп едім, аттандап газетке салдырмай қойды.
Тіпті, мені жазған шимайды түзеткенім үшін сотқа бермек болды күлкімді келтіріп. Сөз қадірін мүлдем білмейтін оған күлуден басқа амалым болмады. Себебі, ішкі саясатты мемлекеттік тілді білмейтін адам басқарып отыр. Газетке деген құрметі жоқ адамды төртінші биліктің өкілін қол баласындай қылып отырса опақ, тұрса сопақ қылу бұлардың әу бастағы қалыптасқан қағидасы болса керек.
Гүлзадаға менің қоятын талаптарым ұнамайтын. Мен ол қызға «үйренсеңші ,өміріңе қажет қой» дегенімде, былқ етпей «үйренгім келмейді» деп жауап бергенінде рас айтамын мен шошыдым. Қазақ газеті мынандайлардың қолында өсіп-өне қоймас деген ой түйдім.
Еңбек бағдарламасымен 140 отбасы туған жеріне қайта оралған екен. Олар мемлекет тарапынан төленетін материалдық көмекті қайтаруға міндетті. Қарыз өтелмесе, әкімдік ақшаны сот арқылы өндіріп алады. Ол заң-талаптар маған белгілі. Белшеден қарызға батып, ерсілі-қарсылы көшуге не себеп? Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы неге нәтижесіз?
Міне, осы өзекті сұраққа жауап білгіңіз келе ма? Мен айтайын жауапты. Солтүстіктегілерді қазақтандырамыз деу жәй далбаса әңгіме! Мемлекет басшысының заңын орындап отырғандар болса, мен кәсіби журналист ол жақтан көшіп кетпес едім! Менің жан-айқайымды сол кезде сол өңірдің журналистерінің бәрі көріп-біліп отырды . Олар куә де бола алады.
Бұл тақырыпты жылы жауып қою ойымда болмады. Жазып, шулатқым келді. Бірақ, рас айтамын шамам болмады. Өйткені, аурумен алысып кеттім. Қаңтарда жүрегіме ота жасатып, жұмысқа жақында ғана шықтым. Соттан қағаз келіп есеп шоттарым бұғатталмағанда мен бәлкім жазбас та едім. Демек, әкім мырза сөзінде тұрмаған болып тұр ғой. Миллиондап ақшаны сіздер маған төлеңдер, мен сіздерге емес. Енді сотқа мен беремін!
Ал, халқым ойлана беріңіздер! Қызылжардағы ағайындар қалай қазақ болады?! Өз аяғымен руханиятты көтеремін деп барған маманды қадірлемей-бағаламай, ауру, өлімші етіп қайтарса?! Ал солтүстіктегі кешегі сепаратистер неге мінез көрсетіп үйдің ішінен үй тігіп, бой көрсетіп көстеңдеп жатыр, себебі бұл жақта ұлттық мүдде соңғы орынға қойылған.
Бөтегелері жарылып кетсе де айтайын, ұлттық намыс, ұлттық құндылық мүлдем жоқ! Облыс, аудан әкімдерінің барлығы дерлік жиналысты орыс тілінде өткізеді. Мекеме басшыларының барлығы қазақ, бірақ орысша сөйлейді. Ұрғаны бар ма мемлекеттік тілді! Ұлттық намыстары орыстың тілінің жетегінде кеткен Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданындағы ахуал міне, осындай, халқым! Қысқасы теріскейге бағдарламамен барып, теріс қарап қайттым.
Солтүстікке барып қасығыңызды қаймаққа малып рақаттанып өмір сүреміз деу құр бос сөз, осыны кешегі сайланған депуттаттар біледі ме екен!? Әй білмейді-ау!!!
Гүлмира Саяқызы.