Нұрлан ағамның әу бастан тектінің ұрпағы екендігін ел біледі. Әкесі Нұрсейіт қажы Қасенов, ақкөйлек, аңқылдаған, мінезі тік, айтқанынан қайтпайтын өр мінезді кісі еді. Әкесіне тартқан барлық болмысы, тікмінезділігі, кісіге деген ілтипат жанашырлығы.
Нұрсейіт атамыз арнайы қоңырау шалып, редакцияның жағдайын біліп, саңқылдап сөйлеп:-Әй болмай жатса айтшы, атасына танытып, көзіне көрсетіп берейін құдайдың таңы атсын таңертен!-дейтін.
-Ата, пейіліңізге, ниетіңізге мың алғыс, Алла берекеңізді арттыра берсін деп мәз болатын едік. Нұрсейіт атамыз кешегі қазақ даласында еркіндікті аңсап, орыс патшалығын жақтырмай, одан кейін совет үкіметі келгенде «жетпегені осы еді» деген соңғы болыс Сүлейменнің ұрпағы еді.
Нұрсейіт қажы атамыз дарқан еді жарықтық. Бірде жеке телефоныма звандады. Қаламызда ресми атаудағы көшелерді ауыстырайын деп жатырсыңдар ма?-деп сұрады.
-Иә, ата талпынып жатырмыз, бұйыртса дедік.
-Дұрыс бастама ақылды азаматсыңдар ғой, ақылға жүгініп ойластырып істеуге тырысыңдар, жұдырықтың заманы, қамшының уақыты өткен, әйтеуір кеңесіп абайлаңдар, арандап қалмаңдар, енді тақа болмай жатса, айтарсыңдар қартайдық шама жоқ, шапқа-шапқа келсе көрейік, қарсы шыққандарды, ақырып, бақырғандардың мысы мен пысын білемін,-деп ризашылық пейілмен ақ батасын берді.
Рухынан айналайын қажы атам-ау, әрине үй сыртында төбең болса, ерттеулі атпен тең, ел ішінде қария болса, жазулы хатпен тең демекші, болмай жатса, сізді алдырамыз, бірақ құдайдан, ел өзіміздікі, жер өзіміздікі, ақырын амалдап бірдеңе қылармыз деп, атамызға алғымызды жаудыртық.
Мінезі тік Нұрсейіт қажы біреулер құсап жалпақтауды, жалтақтауды білмейтін. Осы күніме тәубе, жетімдікті көріп, тауқыметті тарттым. Тапшылық, жоқшылықты көрдік қой иттің итақайы келіп, шаңырағымызда дікілдеп, бала кезімізде жүрегімізді алып тастады. Әкей соғыста хабарсыз кетіп, шер көңіл болдық. Совет үкіметінің заңына амалсыз бағындық, әйтпесе ішегіміз үзілгенше бала деген жоқ, шаға деген жоқ жұмсады ғой. Соғыс жылы көрмегеніміз жоқ, көрешекті көріп жетілдік. Сосын барып қазіргі күнге тәубе деймін,-деп үйіне сәлем бере барғанда жиі айтатын.
Нұрсейіт қажы Қасенов атамыз Щучинск қаласында дүниеден өтті. Қолы да, ары да таза жан еді. Біреудің арына дақ түсіріп, тақым батырған жоқ, ауылшаруашылық саласында жүріп қанша елдің екпіндеп көтерілуіне ат салысты. Еңбек емші деген. Еңбегін сауған соңғы болыстың тұяғы ақыры, бала-шағасының қолынан Раббысына аттанды. Жаны жаннаттық болсын! Рухына Фатиқа!
Қазір кейде бір көңіл күйіміз түскенде. Нұрсейіт атамызды еске аламыз. Шіркін-ай, атамыз тірі болғанда деп, осындай алып барып әділдігін айтқызып ананы тәубесіне түсіртіп алатын едік деп. Кейде жұмыс күні аяқталар тұста, атамызға қоңырау шалып.
-Ата қалыңыз қалай?-деп сұраймыз.
-Шүкір, үйдемін… келіңдер, Сара апаларын ет асып жатыр еді,-дейді. Ызғытып барамыз. Әңгімені айтып, баяғы қырқыншы, отызыншы жылдары бала кезінде көргендерін еске алады, шежірелеп, Бурабайдың тарихын айтады. Басшы болған едім, партияның адамдары келіп, иен далада жайлауда киіз үй тігіп, көйітіп, көк мойынды босатып, арқамызды кеңге жайып рақаттанып жатушы едік деп, біреулер құсап ауа жайылған әңгіме айтпайтын-ды.
Айтатыны тарих, шежіре, аталарынан естігенін жіпке тізіп, сен жазасың ғой, осыны есіне сақта, қарттық саған да келеді, ертең, сол кезде Нұрсейіт Қасенов айтып еді деп, айтып отырасың,-деп ас ішіп отырғанда тек пайымды дүниелерді ғана тізбектейтін.
Өмір керуен. Аяқ астынан Нұрсейіт қажы атамыз дүние салды. Екі кештің арасы жігіттер звандады. Естідің бе, Нұрсейіт атамыз дүние салыпты,-дегенде ойланып қалдым. Марқұм бір жыл бұрын тың еді. Көлікпен жүретін ызғытып, ата байқаңыз, ақырын жүріңіз десек, е мен жаңа көлік айдап жүрмін бе, заманымнан ерте туып қалдым, әйтпесе тікұшақ мінетін едім,-деп рақаттана күлетін.
-Үйге кел, Болат Рақышевта келеді,-деді редакторымды айтып, бірде түс кезінде.
-Тыныштық па ата? -деп сұрадым.
-Келсейші Сара апаң қазан көтеріп жатыр, балалар сере қазысы бар соғым алып келген, дастархан жайып қойғыздым деген соң, кешке бардық.Алдымызға астау толы ет келді. Бірдеңе ішуші ме едіңдер?-дейді атамыз.
-Жоқ ата дедік.
-Ішемін десеңдер апаларыңды дүкенге жібере қояйын, шапшаң барып келеді,-дейді. Ол кісіде екі айту жоқ. Айтты ма орындайды.
-Рақмет ата…
Семіз етті турадық. Ас іштік, астау босаттық.
-Ал балалар өмірде мен көрмеген қиыншық кемде-кем шығар. Жетімдікті көрдім, зарығып жарын күткен анамды көрдім, байдың тұяғы деп қудаландым, тағдырдан біраз таяқ жедім, бірақ жасымадым. Көптен кемпірімнен тығылып қағаз жазып жүрмін, қартайғанда қолыма қалам алдым. Мен кәсіби жазушы емеспін. Бірақ, көргенімді, білгенімді қағаз бетіне түсіріп кетейін деген үміт қой, балалар бар, немерелер бар, оқиды ғой ертең,-деп келесі бөлмеге өзі бастап кіріңіздер,-деді.
Үлкен үстелдің үстіне атамыздың өзі оқитын кітаптары, ақ қағаздар, тіпті түрлі-түсті қаламдар жатыр. Кәдігімгі жазушыға тән характерлік сипатқа кіріпті атамыз.
-Ата анау-мынау жазушыда жоқ, кабинет жасап алыпсыз ғой дедік.
-Е, менде не қылған жазушылық, осы жазғанымды тасқа түсіріп, қаттап реттеп беріңдер, толмағаның өзім жазып беріп отырамын, баспаға әзірлеп көмектесіп жіберіңдер өтініш балалар,-деді. Әрине ақсақал алаңдамыз деп, жазғандарын жинап алып кеттік. Редакцияда бастық. Суреттерге үңілдік. Ол кезде басқа ұлттың өкілдерінің билігі жүріп, биіктен көрініп тұрған сәті. Нұрсейіт атамыз қашан көрсеңізде ортада тұрады. Бертін сұрадық.
-Ата, ол заманда ұлы халықтың заманы ғой, қиын болған шығар десек.
-Білмеймін талайын жеке шыққанда «танауын көтеріп жүрсе» ұшықтап алатын едім, сосын тыныш болатын бәрі. Біреулерге тізелері батқан шығар, бірақ мен онша бағына қоймадым. Қызмет, даңқ, атақ қолдың кірі, шайылып кететін, атасына нәлет аз күнгі сейілге бола құлдық қамыт киіп,-деп тоқетерін айтатын.
Нұрсейіт қажы Қасенов артына өлмес із, өшпес сәуле қалдырды.
«Ұрпаққа аманат» деген кітап жазды, осы кітапты қолымен жазып, редакцияға тапсырып, өзі қадағалап отыратын. Тың еді, мықты еді. Ешкімнен тайсалмайтын. Әкім тұрсын, министір тұрсын, елдің жағдайын айтатын. Жұма сайын мешіттен қалмайтын. Біреулер құсап сен неге намаз оқымайсың?-деп дігірлемейтін. Ақ таяғын ұстап, ақ шапанын киіп жүретін я болмаса галстук тағып үстінен әдемі пиджагін киіп ауданда мерекелер өтсе батасын беріп, жақсылық тілейтін.
Еліміз егемендігін алғанда заты орыстанып, атауы ресмиленіп кеткен қаланың мектептерін аралап қазақшалау керек мектептерді, жетті жетпіс жыл бұлардың ығында болдық деп аудан, облысқа барып бастама көтерген Нұрсейіт атамыз екендігін бертін естіп жатырмыз.
Жаңа-жаңа еліміз тәуелсіздік алып жатқан тұста, жиындарға қатысып, мінбелерде осы мәселі көтеріп, ақжағалылардың құлағына құйып ірілік танытқан алғашқылардың бірі Нұрсейіт дейді ел бүгінде. Ақыры таза ресми тілде оқытатын мектептерді қазақша сыныптар қосылғанда атамыз. Міне сәні енді келді. Бұл мектептердің барлығын қазақшалау керек,-депті.
Біреулер құсап жалған атаққа, мадаққа қызықпайтын. Атасының көрі қоқи! Өз жиғаным, өзіме жетеді, балалардың ырыздық, несібелері өзінде дейтін.
Бурабай ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Сол жерде құтты болсын айттық.
-Сендер өзі одыраңдап орыс болып барасыңдар әй!-деді.
-Неге ата?-деп күлдік.
-Қай атаңнан көріп едіңдер, көшеде тұрып әндетіп құтты болсын айтқанды, айтқыларын келсе, үйге келіп айтыңдар. Апаларына звандадым қазан көтеріп жатыр, о несі -ай!-деп атамыз қабағын түйді.
-Ата жұмысбастымыз ғой десек.
-Жұмыс өмірі бітпейді. Ішім пысып отырғанда келіп сөйлесіп, шер тарқатайық. Мен сендерге мыжыған бос әңгіме айтпаймын. Көргенімді айтамын. Әлде бірдеңе сұраймын ба сендерден?-деп тағы да қабағын түйді.
Өзі апамыздан ұялатын едік. Сара апамыз, қай күні барсақ та қазан көтеріп күтіп отыратын.
Атамыздың тағы кезекті сұрағы.
-Ішуші ме едіңдер, апаларын барып келсін дүкенге,-дейді.
-Жоқ ата рақмет…
-Біздің үйде ондай ащы сусын тұрмайды. Ұстамаймыз. Егер ішемін десеңдер барып келсін, сараң деп сыртымнан айтып елге жайып жүрмеңіздер әйтеуір. Сол ит ішкірді ішіп мүйіз шыққандарды көрген жоқпыз,-дейтін.
Өзінің сүйікті мақалы бар да «бұрынғының кісісі, бүгінгінің кішісі» замандарын басқа сендердің. Біздің кезімізде осы ит ішкірді бәрі ішетін. Аузынан сасық иіс шықпаған адамды, ол үкімет жоғары қызметке қоймайтын, ол бір үйірінен адасқан үйректей.
Жұпарды жасыра алмайсың демекші, талай жігіт осы қу арақты ішемін деп арандап қалды ғой, менікі жай қалжың ғой, қайбір сендерге емешегім үзіліп айтып отыр дейсіңдер, ақ дастарханымды арам сумен арамдамаймын. Қымыз ішіндер одан да, атамыздың асы,-дейтін Нұрсейіт қажы.
Дүниеден Нұрсейіт қажы да өте шықты. Рамазан айында мешітте ақ шапан киіп алып жамағатпен намазға жығылып алдыңғы қатарда отыратын. Міне биылғы Рамазан айының екінші жылы Нұрсейіт қажы Қасенов жамағаттың қатарында жоқ. Раббысына бет бұрды. Иманды болсын марқұм.
Елі үшін еңбек еткен Нұрсейіт қажы Қасеновтің еңбегі осы ауданға бір адамдай сіңген адам. Аты уақыт көшімен өшіп қалмаса екен деп отырмын. Шындықты айтып шырылдаған адамды ұрпағы, елі ұмытпайды. Нұрсейіт атамыз жайлы,жазарымыз алда Алла бұйыртса.
«Жақсы ағаның қадірің қарасқанда білерсің» демекші, кешегі дүниеден өткен Сүлеймендей соңғы болыстың ұрпағы Нұрсейіт атамыздың ұлы Нұрлан ағам, ағамыздың да мінезі әкесіне тартқан абзал жан. Жиі хабарласып тұрады. Бүгін біраз сырластық. Ақыл-кеңесін айтты. Алла Нұрлан ағама ғұмыр берсін! Ұлы жол табалдырығынан басталады демекші, жақсы әкенің тәлімін алған азаматтың абыройы арта берсін!