21 C
London
Сәрсенбі, Қыркүйек 27, 2023

Таулар алыстаған сайын асқақтайды

- Advertisement -spot_imgspot_img
- Advertisement -spot_imgspot_img

Қазан айының 28-де журналист, қаламгер, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бұрығы бас редакторы Жомарт Сафиұлы Әбдіхалықтың дүниеден өткеніне 18 жыл толады екен.  Осыдан тура 18 жыл бұрын автокөлік апатынан қайтыс болған ол іскер ұйымдастырушы, білікті басшы, талантты журналист еді. 

Кеңес заманында «Коммунизм нұры» атанған «Арқа ажары» газетімен шығармашылық байланысым  1988 жылы Қима аудандық «Дала таңы» газетіне қызметке келген кезден басталды. Ол кезде газетті Октябрь Әлібеков басқаратын және редакцияда Мәди Хасенов, Алдан Смайылов, Баймұрат Есмақанов, Жұматай Сабыржанов, Амангелді Жұмабеков, Жылқыбай Жағыпаров сияқты кілең сайдың тасындай бірінен бірі өтетін мықты журналистер еңбек етті. Олардың жазғандарын газеттен оқи жүріп, газетке жаңа келген мен таңдай қағып тамсанатынмын, тәнті болатынмын. Шынын айтқанда, мен үшін  «Коммунизм нұры» үлкен шығармашылық мектеп болды. Жомарт Әбдіхалық осы мықты ұжымның басшыларының бірі еді.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста «Арқа ажары» атанған газет редакциясымен мен 1999 жылдың маусым айынан бастап, яғни газетке қызметке келгеннен кейін  қоян-қолтық араласып жұмыс істей бастадым.  Бұл тұста газеттің бас редакторы Жомарт Әбдіхалық  болатын.  «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» демекші, басшы болсам деп армандамайтын адам бүгінде кемде кем. Дегенмен, олардың көбі сол басшылық менің қолымнан келе ме, жоқ па деп бастарын ауыртпайды. Әлдеріне қарамай «мен басшы болсам бүйтер едім, сөйтер едім» дейтіндер бар. Сондайлардың креслоға отырғандарын да көрдік, айтқандары бір жақта, істері екенші  жақта, ойлайтындары тек мансап болып кетті. Өзіне тапсырылған шаруаны дөңгелетіп әкетіп, жауапкершілік жүгін әрдайым сезіне, соған орай аянбай жұмыс істеуге ниет ететіндер аз. Жомарт Әбдіхалық сондай іскер басшылардың санатынан еді.

Мен газетке қызметке келген 1999 жылы еліміз үшін аса ауыр кезең болатын. Мұғалімдер, дәрігерлер, басқа да бюджеттік қызметкерлер айлап-жылдап жалақыларын ала алмай жүрді. Оны айтасыз, зейнеткерлерге зейнетақыны уақытында беру үлкен өзекті мәселе болды. 1999 жылы жазда Ақмола облысы Көкшетауға көшірілді. Ол кезде облыс әкімі Сергей Кулагин. Әкімдік алдына зейнеткерлер жиналып, үлкен шу шығарды. Зейнетақыларын жарты жылдай алмаған зейнеткерлер қатты ашулы. Облыс әкімі олардың алдына өзі шығып, бұл мәселе көп ұзамай шешілетінін айтып, әзер тыныштандырған.

Жұрт жалақыларын ала алмай қиналып жүрген  сондай аса ауыр кезеңде «Арқа ажары» газетінің қызметкерлері жалақыларын айына екі рет алатын.  Кеңес заманындағыдай «аванс» және «получка» әр он бес күн сайын беріледі.  Оған қоса, түрлі мерекелерге орай жарты, кейде бір жалақы мөлшеріндегі алатын сыйақымыз да бар. Іссапарға шықсақ, жолақысы төленеді. Өзгелермен салыстырғанда біз осылайша нағыз  жұмақта өмір сүргендей болдық. Жалақымыздың деңгейі де басқалармен салыстырғанда біршама жоғары болды.

Жұмысқа алғаш орналасқан кезімде әріптесім Амангелді Жұмабек маған «жалақымыздың мөлшерін ешкімге жария етіп айтпа» деген еді. Жөкең (Жомарт Әбдіхалық)  ұжыммен ақылдаса отырып, облыс басшыларымен келісіп айлық жалақыға ай сайын 50 пайыз көлемінде сыйақы қосып отыруға қол жеткізіпті. Осының салдарынан жалақы 50 пайызға көбейген. Оған қоса, қаламақы төленеді. Соны қосқанда біздің жалақымыз басқалармен салыстырғанда «ханға сәлем бермейтіндей» дейтін дәрежеде еді. Бұның бәрі бірінші басшының іскерлігі мен пысықтығының арқасында шешілетін мәселе екені белгілі.

Ол кезде қазіргідей тендер деген жоқ, ақшаны әкім өз қалауынша бөледі. Өнім өндірумен айналыспайтын жартылай бюджеттік мекеме қатарындағы «Арқа ажары» газетінің қаржыландыру мәселесі тікелей әкімшіліктің ыңғайына байланысты еді. Бұл арада ең басты мәселе бас редактордың облыс басшылығымен  қарым-қатынасына, сыйластығына байланысты  болатын. Бас редактор сыйлы, абыройлы, беделді болса, ақша мәселесі дұрыс шешімін табады. Ал Жөкеңде облыс басшылығы алдындағы абырой-бедел деген жетіп артылатын. Ол әкімдіктің «өз адамы» болатын. Облыс әкімі Сергей Кулагинмен  өзгелер сияқты жалпалақтап қос қолын созып емес, «сәләматсыз ба, Сергей Витальевич» деп қолының ұшын беріп амандасатын.  Облыс әкімінің мүйізі қарағайдай орынбасары Светлана Жалмағамбетоваға «Әй, Светлана» дейтін. Басқарма басшыларымен, аудан әкімдерімен құрбы-құрдастарша құшақтасып амандасатын.

Басшының ұйымдастырушылық қабылетін көрсететін тағы бір өлшем – ұжымдағы ішкі тәртіп, ауызбірлік, ұйымшылдық деңгейі. «Арқа ажары» газетінің ұжымы үлкен бір отбасы сияқты тату-тәтті тірлік кешті. Сәбең (Советбек Мағзұмов)  айтады: «Мен алғаш жұмысқа келгенімде өз үйіме келгендей әсерде болдым.  Адамдар емен-жарқын, әзілдесіп-қалжыңдасып көңілді жүреді. Ұрыс-керіс деген жоқ. Сәл бір себеп табылса-ақ қыз-келіншектер  жедел  дастархан жасап, әдемі отырыс ұйымдастыра қояды. Есік ашық тұрады, Жөкең есік жаққа жалтақ-жалтақ қарап отырады. Біреу кіріп келсе екен деп. Біреу келе қалса  «төрге шығыңыз, отырыңыз» деп мәз-мәйрем  болып қалады. Нағыз қазақы қонақжайлылық,  ашық-жарқындық  – бәрі ұжымнан анық көрініп тұратын».

Аптасына үш рет: дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері таңертең 9.15-те лездеме өтеді. Онда өткен нөмірді талқылап, келесі нөмірге қандай материалдар баратыны пысықталады. Лездеме жүйелі жоспар бойынша  жедел және айқай-шусыз, ары кетсе 5-10 минутта бітетін.  Жақсы материалдар аталып өтіліп, нашарлау дүниелер болса ол да  жасырмай айтылатын.

Жөкең  кадр мәселесіне аса қатты  қарайтын, өте талғампаз еді. Оның көңілінен шығу екінің бірінің қолынан келмейді.  Содан болар, редакцияға талантты, қабылетті  деген адамдарды жинады. Араға туыстарын, тамыр-таныстарын салып, мына адамды алыңызшы дегенге құлақ аспайтын. Мүйізі қарағайдай мықтымыз деген біраз журналистер келіп, жұмысқа кіре алмай сақтары сынып кеткенін көрдім. Ол адамның ең алдымен, іскерлігі мен қабылетіне қатты көңіл бөлетін. Қабылеті бар адамды жақсы көріп, оның мінезіндегі әртүрлі кемшіліктеріне назар аудармай, тіпті кейбір теріс әрекеттеріне де  кешіріммен қарайтын.

Сәбең айтады: «Мен Жөкеңмен бірнеше жыл көп іссапарларда бірге болдым, бір бөлмеде қонып жүрдік. Сондай кездерде оның аузынан ешқашан өз қызметкерлері туралы бір де бір жаман пікір естімеппін».

Жасыратын не бар, редакцияның кейбір қызметкерлері іссапарларға барғанда арақ ішіп алып, мінез көрсететін жайлары болған. Сондайда жергілікті әкімдіктің қызметкерлері Жөкеңе телефон соғып, сіздің қызметкеріңіз осылай жасады десе, шаң жуытпай қорғап алатын.  Ол ұжымның нағыз ағасы болды, қарамағындағы қаламгерлерді қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, қорғап жүрді.

Жомарт Сафиұлы бас редактор болып тағайындалғаннан кейін өзінің орынбасарын өзгелер сияқты өз қалауымен емес, ұжымның еркіне салып, солардың таңдауы бойынша тағайындапты.  Ұжымды жинап алып «ал орынбласарлыққа кімді ұсынасыңдар, өз араларыңнан ұсыныңдар, мен бекітемін» -дейді.  Ұжым екі адамды ұсынады: Марат Дәдікбаев пен Жылқыбай Жаыпарұлы. Жасырын дауыспен Жылқыбайдың жақтастары көбірек болып, ол орынбасар болып тағайындалады. Ұжыммен санасу, олардың пікіріне көңіл бөлу деген осы емес пе.

Облыстық газеттің бас редакторы облыстық басқарма бастығымен дәрежесі тең адам болып саналады.  Облыстық басқарманың басшылары галстуктерін қылғындыра тағып, сықырлап жүрсе, Жөкең әкіммен іссапарларда қолынан блакноты мен қаламсабын тастамай , кейде әлдекімдерді сөзге тартып, бірдеңелерді жазып алып жататын. Жиналыстарда үнемі алдыңғы қатарға отырып, слайдтан  мәліметтерді блакнотына түртіп отырады. Жөкең шенеунік емес, нағыз журналист болды және түрлі тақырыптарға үнемі қалам тартып, жолсапарларды ерінбей жазып жүрді.

Мен Жөкеңмен бірлесіп бірнеше көлемді материалдар жаздым. Сонда байқағаным, ол әрбір сөзге үлкен көңіл бөлетін, жазған дүниесінің сапалы, оқырлық болып шығуына ерекше мән беретін. Бір жолы екеуміз Қорғалжынға бардық. Қорғалжындағы әскери бағытта тәрбие беретін мектептің директоры телефон шалып, шақыртыпты. Мектепке жөндеу жүргізген мекеме жұмыс сапасын дұрыс орындамай, соған байланысты үлкен шу шығады. Осы мәселеге байланысты сын мақала жазу керек болған екен. Жөкең мектеп директорымен сөйлесіп, түрлі сауалдар қойып, мәліметтерді алып отырды. Мен блакнотыма жазып алып, содан редакцияға келгесін бір сағатта көлемді мақаланы жазып тастадым. Өзімше тамаша жаздым деп ойладым. Сөйтіп, астына бас редактор мен екеуміздің фамилямызды қойып, Жөкеңе апарып бердім.

Менің бір сағатта жазған мақаламды ол кісі бір күн бойы қарап, түзеді. Түзегенде, бастан-аяқ өзгерткен жоқ, шынын айтқанда тіпті, мағынасы мен сөйлемдеріне де тиіспеді, тек кейбір жекелеген сөздерді түзеді.  Мені шақырып алып «Сен жақсы жазасың, бірақ неге сөзді сонша  тынысын тарылтып қысып тастайсың, бауырын жазып шапқан ат сияқты еркін неге жібермейсің» деді. Содан кейін маған түзеген мақаланы берді. Мен қайталап оқып шықтым. Өзім жазған мақаланың осыншама түрленіп кеткеніне қайран қалдым.  Бірлі-жарым сөзді  түзеткенде оның мәні мен сапасының соншама өзгеріп, құлпырып кететінін көргенде, ол кісінің журналистік шеберлігін тереңірек көріп, түйсінгендей болдым.

Шығармашылықпен айналысатын адамға еркіндік, жағдай керек. Өзі қаламын қолынан тастамайтын Жөкең  қызметкерлеріне  шығармашылық еркіндік және жағдай жасады. Газетте «Бір ауыз сөз», «Ойтамызық», «Ашық пікір», «Ойкөкпар» сияқты біраз айдарлар болды. Журналистер қоғам, тіршілік туралы өз ой-толғамдарын еркін жазатын. Проблемалық материалдар, сын материалдарға да әрдайым жол ашық болатын. Соған орай, журналистер бір-бірімен жарыса ынтамен жұмыс істеді. Лездемелерде сәтті жазылған дүниелерді Жөкеңнің өзі ерекше айтып, мақтап отыратын. Бұның өзі журналистерді ынталандырып, жақсы дүниелер жазуға құлшындыратын.

«Жақсы адамның ашуы, шәйі көйлек кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше» дейді қазақ. Жөкең әлдекімге әлдебір себеппен ашулана қалса, сәлден соң ұмытып кететін. Кейде жұмыс барысында дауыс көтеріп, ұрысатын сәттері болды, бірақ бес-он минуттан кейін шақырып алып, «ренжіп қалған жоқсың ба, менің сеннен жасым үлкен және кемшілігіңді түзетіп, дұрыс болсын деймін ғой» деп жуып-шаятын.

Ол кісінің «редакция сағаты» дейтін шарасы болды. Жекелеген  қызметкерді шақырып алып, газеттің жұмысын қалай дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруге болатыны туралы ой-пікірі мен ұсыныстарын тыңдайтын. Мен де сондай талай «редакция сағаттарына» қатыстым. Кейбір ұсыныстарыма «е, жөн екен, тамаша» деп құптап отыратын. Жалпы, Жөкең өте демократ адам болды. Өзгелердің пікірімен қатты санасатын.

Қорғалжында болған сапарымызда мектеп директоры түсте ет асып, қонақасы берді.  Аудан әкімі жоқ екен, аудандық мәслихаттың хатшысы қатысты.  Дастарханға етпен қоса, арақ қойылды. Арақ болғасын тост айтылуы керек. Қонақ және жасы үлкен Жөкең алғаш болып тост айтты.  Аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Жөкең көсіліп ұзақ сөйледі. Мәслихаттың хатшысы қатты разы болып, «тамаша, осындай тост үшін тамшы қалдырмай ішемін» деді. Мен су құйылған бокалды соғыстырғаным болмаса, аузыма апарғаным жоқ. Соны көрген мәслихаттың хатшысы «ау, неге ішпейсің» деді ежірейе қарап. «Арақ ішпеуші едім» дедім мен.

-Ау, ішпегені несі, бастығың осындай тамаша тост айтып отырғанда сен неге ішпейсің? – деді ол аң-таң болып.

-Жоқ, мен мүлдем арақ ішпейтін адаммын, -дедім мен.

-Ау, Жөке,  осындай сөзіңізді аяқ асты ететін, өзіңізді сыйламайтын  мынадай жігітті қалай жұмысқа алып жүрсіз?» -деді мәслихат хатшысы таң қалғандай Жөкеңе қарап. Кеңес заманының дәстүрін бойына сіңірген мәслихат хатшысының пікірінше, басшы не айтса, бағынышты соны жасауы тиіс. Менің мына әрекетім оның шамына тиіп кетсе керек.

Жөкең қалжыңға айналдыра «бізде демократия ғой, әркім өз ұстанымымен жүреді» деді. Басқа мансапқа мастанған біреу болса, «елу грамм арақ ішкеннен өліп қалмайсың, қане іш» дер еді. Иә, ондай өз бағыныштыларын  араққа зорлаған талай әкім қараларды өмірден көрдік қой.

Жөкең маған бірде «Қалкөз, мен сені жақсы көремін, неге жақсы көретінімді білесің бе, өйткені сен жақсы жазасың» деген еді. 33 жыл журналистика саласында еңбек ете жүріп, біраз сый-сыяпат алдым, конкурстардың жүлдегері атандым, дегенмен де, менің журналистік  еңбегіме Жөкеңнің берген бір ауыз бағасы бәрінен де жоғары және қымбат болып жүрегімде сақталып қалды.

2012 жылы бір себептермен «Арқа ажарынан кетіп қалдым да, 2016 жылы шақырған соң қайта бардым.  Аудандарға іссапарларға шыққан кезімде газеттің беделінің қатты түсіп кеткенін байқадым. Мен 2005 жылға дейін Астанада «Арқа ажарының» редакциясында қызмет еттім. Сол кезде  Арқалықтың түнгі пойызымен талай рет Есілге іссапарға барған едім. Алдын ала әкімнің орынбасарына іссапарға бара жатырмын деп телефон соғып қоямын. Есілге пойыз  түнгі сағат 3-те келеді. Сонда вокзалда ішкі саясат бөлімінде қызмет ететін  мамандығы журналист Бейсенғазы деген жігіт күтіп алатын. Сөйтіп мені қонақүйге апарып орналастырады. Екі-үш күн ауданда болғанымда алақандарына салып, құрметтеп күтеді.  Әрине, бұл газеттің, бірақ ең алдымен сол газетті басқарып отырған Жөкеңнің абырой-беделі екендігі анық-ты. Өйткені ол кісі аудандарға іссапарларға өте көп барады және аудан әкімдерімен дос-жаранша еркін сөйлесіп, сыйласады. «Арқа ажарына» деген жергілікті жердегі құрметтің себебі де осында болса керек.

2016 жылы мен редакцияның көлігімен Есіл ауданына іссапарға бардым. Ішкі саясат бөлімінің басшысына кіріп, өз көлігіміз бар, маған жол көрсететін бір маманыңызды қосып беріңіз десем, бізде бос адам жоқ, баспасөз хатшысына барыңыз деп сілтеді. Баспасөз хатшысы орыстың жас жігіті «менің қолым тимейді» деп шалқақтады. Содан амал жоқ аудан әкіміне кірдім. Ол кезде ауданның әкімі Аманбек Қалжанов. Келген шаруамды айтқан соң ол дереу ішкі саясат бөлімінің басшысы мен баспасөз хатшысын шақырып алды. Содан кейін «облыстық газеттің тілшісін қалаған обьектісіне апарыңдар, тамақтандырыңдар және көлігіне бензин құйып беріңдер» деп тапсырды. Содан кейін ғана  баспасөз хатшысының мінезі күрт өзгеріп шыға келді.

«Арқа ажарында» істейтін  іссапарларға жиі шығатын Рамазан мен Аслан да үнемі осылай жергілікті жерлерде өздерінің еті тірілігінің арқасында  шенеуніктермен айқайласып жүріп, қажеттерін алатын. Бірде Жақсы ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысымен Рамазан сөзге келіп қалады. Бұрын радиода істеген, орақ тілді Рамазан аудандық шенеуніктің аузын жауып, орнына қояды. Соған ашуланған ол редакторға  (Қайырбай Төреғожа) телефон шалып, сіздің қызметкеріңіз маған осындай сөздер айтты дейді. Содан редактор Рамазанды шақырып алып «сен неге ауданның білдей қызметкеріне сондай сөз айтасың, сен кімсің сонша, өз орныңды біл» дейді зіркілдеп. «Арқа ажары» газетінің беделінің бес тиындық деңгейге дейін түсіп кетуіне басшылықтың осындай ұстанымдарының да әсері тигені анық.

Төсек тартып ұзақ уақыт жүдеп-жадап жатпай, автокөлік апатынан кенеттен қайтыс болғандықтан ба, Жөкең маған ақ «Волгасымен» жолсапарда жүргендей сезіледі. Бүгінде басшылардың бойынан көп табыла бермейтін  әділдік, шыншылдық, кішіпейілдік, еңбекқорлық, өз мамандығына деген адалдық сияқты жақсы қасиеттерді бойына молынан жинаған Жөкеңнің  бейнесі уақыт өткен сайын зорайып, даралана түсетіндей. Иә, таулар алыстаған сайын  асқақтай береді.

Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

 

 

- Advertisement -spot_imgspot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Latest news
- Advertisement -spot_img
Related news
- Advertisement -spot_img

1 COMMENT

  1. Мына мақалаңыз өте тартымды шығыпты. Мықты кісі болды ғой жарықтық. Иманды болсын!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here