-8.7 C
Kokshetau
Сәрсенбі, Наурыз 22, 2023

Татарстанда президенттік лауазым сақталып қала ма?

Дүбірлі дүниеТатарстанда президенттік лауазым сақталып қала ма?

Ельциннің кезіндегі демократиялық жылымық ақырындап жоғалып, қатаң орталықтанған  путиндік тоталитарлық басқару жүйесі күшіне енуде. Әзірге Татарстан өз президенті бар жалғыз автономиялық республика. 2022 жылдың 12 шілдесінде РФ президенті Путиннің Татарстандағы президенттік  лауазымды жойып, республика басшысы қызметіне көшіру туралы жарлығы жарияланды. Ертеректе Мемлекеттік  дума  бұл жөнінде арнайы заң қабылдаған болатын. Осы заңға сай, Ресей федерациясында бір ғана президент болуы тиіс.

Дегенмен, Татарстан думаның заңына да, президенттің жарлығына да құлақ асар емес. Республика парламенті  федералдық  өкілетті орган мен президенттің бұл әрекеттері аймақтық заңға қайшы келеді деп санайды. Татарстан президенті Рустам Миннихановтың өкілеттігі 2025 жылға дейін. Республика парламенті президент лауазымы сол кезге дейін, яғни 2025 жылға дейін сақталады деп шешім қабылдады.

Президенттің жарлығына да, федералдық өкілетті органның қабылдаған заңына да бағынбай, өз дегенімен жүріп келе жатқан Татарстан мен федералдық биліктің арасындағы текетірес немен аяқталары белгісіз. Татарстан 1994 жылы республиканың сол тұстағы президенті Минтемир Шамиевтің кезінде РФ президенті Борис Елцинмен арадағы қол қойылған келісімге сай ерекше мәртебесі бар аймақ саналады. Бұл келісімнің мерзімі 2017 жылы біткен еді. Путин үкіметі келісімді одан әрі жалғастырмады. Керісінше, автономиялық республиканың билігін шектейтін заң қабылдап, президент лауазымын алып тасатауға бет бұрды. Міне, сол кезден басталған текетірес әлі күнге дейін жалғасып келеді. Республика президенті де, парламенті де федералдық биліктің пәрменіне көнбей отыр.

Путин билігі әзірге Татарстанға мәжбүрлеу шарасын жасауға дәрменсіз. Татарстан республикасы елдегі санаулы донар аймақтардың санатында. Бұрын 18 аймақ донар болып саналса, қазір олардың саны 13-ке дейін кеміген. Татарстанда газ-мұнай өндірісі мен машина жасау, ауыр өнеркәәсіп қарқынды дамыған. Республика жинаған салықтың 4/3 бөлігін орталыққа беріп, 4/1 бөлігін өзінде қалдырады. Сөйтіп, орталыққа республикадан жыл сайын 1 трлн. рубльдей салық түсіп отырады. Осыншама қаржы түсіріп отырған аймақпен кикілжіңге келуге орталық қаймығады.

Ресейдің Украинаға басқыншылық шабуылы басталғаннан  кейінгі кезде Татарстанда тәуелсіздікке ұмтылу тенденциясы айқын көрініс беруде. Биыл жазда Қалмақ республикасы тәуелсіздік туралы декларация қабылдаған еді. Әрине, осыдан кейін Қалмақия тәуелсіз ел болып кеткен жоқ, дегенмен, өзінің тәуелсіздікке деген ұмтылысын барша әлемге жария етті. Татарстан бұндай қадамға бармағанымен, елдегі қазіргі жағдай халықтың  федералдық биліктен әбден мезі боландығын, тәуелсіз ел болуды қолдайтынын анық байқатуда.  Әлеуметтік желілерде Татарстан мен Башқұрстан елінің өкілдері АҚШ президенті Байденге хат жазып, тәуелсіздіктерін алуға көмектесуді сұрапты деген хабар таралды.

Тапқан табысының 4/3 бөлігін күшпен алып отырған орталықтың әмірінен құтылар болса, Татарстанның жедел дамып, әлемдегі  бақуатты елдердің қатарына қосылары даусыз. Өйткені, бұл аймақ қазіргі даму көрсеткіштері бойынша ресейдегі ең үздік ондықтың санатында.

Орталықтың қысымына қарамастан, президент лауазымын Миннихановтың президенттік мерзімі біткенше, яғни 2025 жылға дейін сақтауға бел байлап отырған Татарстан Миннихановтың мерзімі біткесін де орталықтың айтқаныне оңай көнеді деуге негіз жоқ. Егер Ресей Украинадан жеңіліп, елде билік өзгеріп жатса, татар бауырлардың тәуелсіздікке ұмтылары анық.  Ресейдің соғыстағы жеңілісі елдегі орталықтан теперіш көрген автономиялық республикалардың тәуелсіздікке деген ұмтылысын күшейте түсетін сияқты. Табиғи байлығы мол, жер аумағы үлкен Якутия, Бурятия, Тува сияқты автономиялық республикалардың халқы кедейшілік шегінде өмір кешуде. Бар байлығын сорып алып, халықты қайыршылықта ұстап отырған ресейдің соғыста жеңіліп, әлсіреуі автономиялық аймақтардың орталық ықпалынан шығуға ұмтылысын күшейтері сөзсіз. Бұның өзі қазір әлемдегі отаршылдық жүйені сақтап отырған жалғыз империя Ресейдің ыдырауына әкеліп соғатыны анық.

Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

Сондай-ақ, оқыңыз...

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Ұқсас мақалалар

Тегтер бойынша оқыңыз:

Көп оқылған мақалалар