Тарих деген үлкен ғылым. Тарихты жіпке тізгендей тізіп, оны рет-ретімен жөнге келтіріп, мүмкіндігінше ақиқатын жазып, сұрыптап, сараптап отыру әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың міндеті. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні қазақтың тарихына көз жүгіртсек қиялдан туған персонаждар, алып батырлар, тілінен бал тамған шешендер, көсемдер тағы тағылар көбейіп кетті. Дұрыс дейік, дегенмен сонау адамзаттың баласы бастау алған тұстан емес, күні кешегі Абылай заманындағы ұлы тұлғалардың өзіне әлі күнге нақты анықтама беріп, ара-жігін ажырата алмай келе жатырмыз. Тіпті әрі тарт, бері тартпен өмірде болған Ораз атаны біресе құл, біресе сарт деп нақты бір анықтауышын шығара алмай қойдық. Абылайдың нағашы жұрты кім оны да зерттеп жатқан тарихшылар түрлі болжам, алуан түрлі пікір айтады, бірақ дәл дөп басқан дәлелдері мардымсыз. Ал қазақ даласының қай шетіне кірсеңіз де аңыз бен ақиқат, әңгіме мен жыр, түбін тартсаңыз түгі көрінетін қазақтың даласы қалай бай болса, тарихы да тым тереңде жатқандығы барлығына аян.
Өткен бір газетімізде «Біржан сал мен Азнабай болыс» жайлы зерттеу мақаламызды бердік. Осы мақаланы зерттеп отырғанымда Қарта Қаңтарбаевтың есімі жиі кездесті. Алматыдағы Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкері болған деген тілдей ғана ақпарат көзі шықты. Өмірбаяны жайлы мүлдем айтылмаған. Атығай-Қарауыл елі ән мен жырдың, аңыз бен әңгіменің ордасы болған киелі Көкшетау төңірегінен архивке құнды деректер, маңызды мазмұнды әңгімелер өткізіп қолынан келгенше ат салысқан Қарта Қаңтарбаев атамыз жайлы үлкен-кіші сайттар, тарихты зерттеушілер, әңгіме жазғыштар қалам ұстағандар «Қарта Қартабаев жазып кетті…» деген бірауыз сөзбен ғана есімін атағанмен Қаңтарбаев жайлы мүлдем ләм деп аузын ашпайды.
Қарта Қаңтарбаев, Алматыдағы Ғылым академиясының кіші ғылыми қызметкері болған дедік. Бұл кісі Біржан сал жайлы көбірек ізденіп, кеңірек жазғанының себебі, өзі атақты Біржан салдың туып-өскен жері Үлгі ауылыныкі. Бұрын-соңды бұл кісі жайлы жазылған материалдар ақпарат көзінің жоқтығынан (мүмкін бар да шығар) амалсыз сайт материалдарын қопарып отырып туысының (жиені білем) естелік мақаласына үңілдік. Былай дейді «Ауыл молдасынан білім алған Қарта Қаңтарбаев, Шортандағы бастауыш училищені бітіріп, Еңбекшілдердің № 5 ауылына мұғалім болып бастаған»-депті ғаламтор желісінде.
Қаңтарбаев туралы материал совет үкіметінің тұсындағы қағаз басатын машинкамен басылғандықтан шрифтері де орыс тілінде. Өйткені кейбір әріптері мысалы «ұ-у, қ-к» күйінде тұр. Нақты жөндеп ешкім мән бермей жариялап жіберген. Қ. Қаңтарбаев жайлы жазған естіліктің авторы Маржан Нұрпейісова есімді апамыз. Өзінің «Бұқпа!», «Арқа ажары», «Көкшетау» газеттерін үзбей оқитындығын жеткізіпті, мақалаларым да облыстық осы газеттерде жарық көріп жатыр деп айтып өтіпті. Қ. Қаңтарбаев менің нағашым деп жазған мақаласынан ғылым академиясының ғылыми қызметкер туралы дүние іздедік. Алматыға көшіп барған Қ. Қаңтарбаевтың мұғалім болып жүріп, жоғары оқу орнына түсіп білім алып жаз бойы Көкшетау өңірінен атақты адамдар жайлы үлкендерден сұрап, хатқа түсіріп оны архивке машинкамен басып отырып өткізген. Тіпті кейбір қолжазбаларды төте жазуымен, латынша жинаған құнды дүниелерді мұрағатқа өткізуге ат салысқан.
Қазіргі күні Біржан сал, Ақан сері, Қалия Жұбандықов, Тезекбай ақындар туралы мол мағлұматтың көпшілігін қағаз бетіне түсіріп, уақыт көшімен бізге жеткізіп, оның халық арасына көптеп жазылып жатқандығына Қарта атамыз біраз еңбек сіңірген. Коммунист болған (ол кезде коммунист болу міндет). Сөйте тұра ала жаздай демалыс алып елге келіп, елдің басбілгі қарияларымен кездесіп сөйлесіп, дидарласып, сұхбаттасып, әңгімесін жүйелеп, қағаз бетіне түсіру әрине біле-білгенге үлкен еңбек!
Жаңағы сайттағы М. Нұрпейісова апамыз тағы да былай дейді «Махмет нағашым Алматыда қызмет атқарып жүргенде 1933 жылы Қартаны жанұясымен он алты жасар қарындасы Бәтжанды Алматыға көшіріп әкелген, себебі ол жылдары елде тұрмыс ауыр болған. Махмет «біздер бір жерде болайық, үлкен екі ағаларымыз ауылда тұрып шаруашылықпен айналыссын»,-деген. Осы жылда Қ. Қаңтарбаев білімін жетілдіру үшін жоғары оқу орнына түсіп, талпына бастайды.
Ал енді қолымызға түскен мақаланың ішіне үңіліп отырып ғылымға оның ішінде ел ішінен там-тұмдап дүние жинауы ғылым академиясында қызмет атқарған жылдары кіл жақсының есімдерін тарихта қалдыру сүбелі еңбек, үлкен жұмыстың нәтижесі. Дүниенің әрі-сәрі болып тұрған тұсында тіпті айқайшыл, ұраншыл, сыңарезу кезеңде Қ. Қаңтарбаевтың жоқшылыққа, таршылық уақытқа қарамай ел ақтап жүріп, елдің аузынан оның ішіндегі көпті көрген, көненің көкірегін тыңдаған, үлкеннің әлдиімен, сары тісті, ақ сақалды қариялардың тізесінде отырып, нәзира сөзін тыңдап жүрек түкпіріне сақтай білген көрегендігі, білімге құштарлығы болашақты ойлауы арқылы-тарихқа қосқан үлесі атан түйеге жүк боларлықтай.
Иә, жазу-сызуы кештеу дамыған қазақ даласында ол кезде, шындығы керек, ауыз әдебиеті қарқынды жүріп тұрды. Қазір ғой кейбір аға буынның өткен тарихты дұрыс білмей иығын қиқаңдатып қашқақтайтындығы. Әрине совет үкіметінің тұсында дүниеге келіп білім алып, жұмыс істеген аға буынға өкпе жоқ. Таңның атысы, күннің батысы жұмыс, шаруашылық үлкендермен шүйіркелесіп өткенді біліп қалайық дейтіндей уақыттары да болмады. Оның үстіне идеялогияның дүмпуі қатты болды «қазақта тарих болмаған, олар көшіп-қонып сахарада, жайлауда жүрген» деген сол кездің идеялогиясымен уланғандар әлі де ара-тұра жариялап қалады.
Мысалы тарихтан түсінігі аз, кейбіреулер И. Калашниковтың «Жестокий век» кітабына сан түрлі өткір пікірлер айтып, сын жазып кейбір дереккөздерін жоққа шығарып гөй-гөйлеуі, өздерінің тарихының түбіне шам жарығы түсіп, шындығы ашылып қала ма деп қорқатын сияқты. Жалпы жарты әлемді бағындырған Шыңғыс хан заманынан келе жатқан тағы бір тарихи тұлға Майқы би жайлы кейбір жастар, жастарды былай қойып, аға буынның көпшілігі біле бермейді. «Түпкі сөздің түбі бір, түп атасы Майқы» деген жоқ па кешегі көкірегінен сөз, тілінен бал тамған бабаларымыз. Бұл тақырыпқа да айналып бір соғармыз.
Сонымен Қарта Қаңтарбаевтың жазған естелігінен дегенді осы күні естиміз. Бірақ ол кісі жайлы мәлімет көзі аз. Жалпы атақты Біржан сал жайлы қағаз бетіне түсіріп өмірбаянын жазып, өлең жырларын ретке келтіріп, баспаға әзірлеп құрастырған 1967 жылы Қарта Қаңтарбаев Алматыдағы «Жазушы» баспасынан «Біржан сал Қожағұлұлы» деген кітабы шығады. Бұл кітапқа барлығымызға есімі мәлім академик Е. Ысмайылов алғысөзін жазып қолдау көрсеткен.
Арғын-Қарауыл елінің он тоғыз, жиырмасыншы ғасырдағы өмір сүрген танымдық ірі тұлғалар жайлы зерттеу жұмысымен айналысып, оны мұрағатқа өткізіп, ат салысқан Қарта Қаңтарбаев жайлы осы біз неге көбірек айтпаймыз?