spot_img
More

    Тәуелсіздік деген тәтті ұғым

    Осы күнге дейін тәуелсіздігімізді алған күн деп он алтыншы желтоқсан күні тойлап келдік. Он алтыншы желтоқсан күні ән айтылады, би билейді. Одан бұрын Жаңа жыл келе жатыр деп көшені әлем-жәлемдеп тағы тастаймыз. Есті қазақтың барлығы еңсесі езіліп тәуелсіздік мерекесі екінші деңгейде қалды-ау деп талай жазды. Мінбелерден айтылды. Айтылғаны не керек бас шұлғып, қабылданды бірақ нәтиже шықпады. Өрлігін сұрасаң жылқыдағы асау тайдай, зорлығын сұрасаң бекіре мен жайындай болған қазақ, қыналы бозға мінгендей ғана күрсініп жүрген-ді.

    Биыл Жаңа Қазақстан бірауыздан 25 қазан күні тәуелсіздік мерекесі деп шешім қабылданып, қайтадан ресми мереке ретінде республикалық көлемде атап өтілуі керек деді. Иә жақсы шешім, дұрыс байлам. Ендігі қазақтың мақсаты не? Ошақтың үш бұтындай жіліктеліп бөлінбей, бір жағадан бас шығару қажет. Қазір жүгені күмістің бәрі ақылды. Ақылдары бастарына симай жатқандар саясатқа араласып әжік-күжік әңгіме қылады. Қазаққа не керек, бірлік керек. Бірлік болса, тірлік бар, тіршілік бар.

    Жалғанда ойлап тұрсаң бірлік керек,
    Бірлікті ойлау үшін тірлік керек.
    Ағайынға ала көз бола қалсаң,
    Аузыңдағы несібеңді біреу жемек,-
    деген дүр бабаларымыздың өсиеті бар. Ал енді ағайын. Бағыт өзгерді деп осы күні кейбір алдыңғы толқын, ағалар отыз жылғы еңбекті жоққа шығарып тұмсығын көкке тіреп мінез-қылықтарын өзгертіп баяғы түсінікті жоққа шығарып жатыр. Шындығы керек «шын сөздің қасқа маңдайлығын айтайық» өткен күнді оң қолмен жазылған тарихты, сол қолмен жуып-шайып өшіре алмаймыз. Бұдан да қиын уақытта атам қазақ жортуылдап жүріп, жаумен алысып, дұшпанымен қағысып, бірлігін сақтап небір хандардың жарлығын жерге тастамаған. Тарихты қопара берсек Дешті Қыпшақтың даласының тарихы біреулер ойлағандай емес, әріде тым тереңде жатыр. Оған тағы да бір айналып соғармыз. Тәуелсіздік деген сөздің тәттілігі былай, қасиетін айтсаңшы.

    Қасиет деген ұғым ҰЛЫ ҰҒЫМ!
    Бұл ұғымды ұға алмай жүрген қаншама адам бар. Әсіресе кейбіреулер қазақ ел бола алмайды, болмаған да, болып та көрмеген дегенде, ішіме өрт түсіп ойланамын. Қанша жерде асау бол, мықты бол, жүйрік бол, белді бол, ірі бол, бәрібір басыңда ноқта болса, шылбырға бағынасың. Сөз түсінетін атам қазақта мынандай сөз бар екен: «Балдақ» деген сөзді бастасаң, сылтып басқанға тиеді деген. Осы алдыңғы буын ағалардың басында билігі болмағанда, шындығы керек, көрмегені көр азап қана болды. Жарлық біреу, ол жарлықтың өзі құдыретті құдайдың жарлығынан кем емес, орында дейді, орындау керек. Қазақ біткеннің барлығы қой сонында жүрді. Мал бақты. Мәскеуді етпен асырады, тың игеру деп қаншама жерімізді жыртқызып егін екті. Құдайдың кең жерін қызғанып отырған жоқпын. Бәрімізге де жер жетеді. Тың игеру тұсында қазақтың даласындағы қаншама қорымдар, тарихи зираттар, ұлы тұлғалардың жатқан жері соқаның ұшына ілегіп, жыртылып жер мен жексен болды. Апыр-ай! Заманы сондай, адамы қанағатсыз болды. Біраз тарихымыздан ажырап, ақиқаты керек керең заманның мылқау өлеңі көптеп жазылды. Тарихта солай. Еліміз егемендігін жариялаған тұста «е бізде де осындай, сайдың тасындай, бастаса қолдың көсемі, сөздің шешені болған би-бағландарымыз, оғландарымыз болған» деп тарихтың терең құдығына үңіле бастадық. Жетпіс жыл сананы улаған жүйеден, жеке бөлініп шыққан соң, биіктік пен тереңдікті түсініп, тарихшылар, жазушылар, зерттеушілер ел ішінен шеттетіліп қалған тарихи тұлғаларымыз жайлы топтап, томдап жарыққа шығарды. Осы кез ғой тәуелсіздікті алған тұс «өтірікпен жұбатқандарды, шындықпен жылатқан тұс», осы мезетте отаншылдықтың рухы аспанымызға көтеріліп өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған уақыт.

    Уақыт емші. Уақыттан асқан билік жоқ, уақыттан асқан данагөй жоқ. Қазір ойлаймын, ойлаудың өзі қорқынышты. Жарға біткен жантақтай болып тұрған ТӘУЕЛСІЗДІК деген қасиетті ұғымға жету жолында қайран бабаларымыз қаншама тер төкті. Жорық жолында шейіт кетті, қаза тапты, аналарымыз жылап, аталарымыз күңіреніп күрсінді. Егер тәуелсіздігімізді алмасақ бодандық бұғауында отырған халықтар сияқты таза мәңгүрттеніп, тіпті рухсызданып, жұмыр жер бетінен, картадан жойылып кетер ме едік. Көсем сөзді шиырып, иіріп айта білген Әбіш Кекілбаев «Азаттыққа үйрену-ең алдымен ынтымаққа үйрену», «Тәуба ететініміз: төріміз шырақсыз, еліміз тұяқсыз емес» деп, тәубелепті.

    25 қазан күні бұйыртса алаштың баласы, қазақтың кең даласы дүниеден өткен ұлы рухты бабаларының арманын асқақтатып, айрықша реңде, ерекше сезімде, тойламақшы. Әрине, тойлау керек. Өсіп келе жатқан жас буынға егемендік туралы, дербестік туралы, тілі бұлбұл, аяғы дүлдүл, баһадүр бабаларымыз жайлы айтып ұғындыру керек. Бір дем әрі, бір дем бері жүрген сонау кезеңде болған тарихты оқытып, егемендікті көзінің қарашығындай сақта деп екеуін салыстыру қажет. Жүздеген жыл бойы қашан ел боламыз деп Жаратқанға жалбарынған арда қазақтың ұрпағына тәуелсіздік таңы атқан осыдан отыз бір жыл бұрын. Атты, арайлап атты. Бодандықтың ноқтасын басына киіп, иіліп, бүгіліп тұрған кезеңнен құтылдық әйтпесе тектілігі төрден табылған қазақтың баласына патша мінезді болса да төрден орын бұйырды ма ол кезде? Баласы шетелде оқыды ма, ғылым мен ілімді меңгерді ме? Сұрақ көп. Жауап аз.

    Осы күні ҚАЗАҚ деген ұлтты жұмыр жер, әлем таныды. Таныттық. Танылдық. Елге лайық еріміз бар. Ендігі керегі бізге бірлік. Өйткені татулықта береке бар.
    25 қазан күні тойланатын мереке барлық қазақстандықтардың мерекесі.
    «Күмбір-күмбір кісінетіп күреңді мінер ме екенбіз, күрек тісін ақситып, сұлу да сүйер ме екенбіз; күдеріден бау тағып, кіреуке киер ме екенбіз, жағасы алтын, жеңі жез, шығыршығы торғай көз сауыт киер ме екенбіз; қоңыраулы найза қолға алып, жалаулы найза жанға алып, жау қашырар ма екенбіз; тобылғы сапты қамшы алып, тұмар мойын ат мініп, қоныс қарар ма екенбіз; ел жазылып жайлауда жақсылар кеңес құрғанда, мұртымыз көкке шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз» деп азаттықты аңсаған Ақтамберді жыраудың арманы ұрпағына жеткен күн, айрықша дәуір, ерекше заманы келді ағайын!

    Келе жатқан республика күні құтты болсын! Бодандықтың бұғауы қатты, тәуелсіздіктің дәмі татты. Тәтті дәмнен енді елімді айыра көрме деп тілейік, көптің тілегі қашанда қабыл болады.

    Мерекелеріңізбен!

    Бурабайдың Жеңісі
    Бурабайдың Жеңісі
    Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз