Баяғыда аталарымыз молда болды. Ол кісілерді тіпті Совет үкіметінің тұсында да ел «тәте, ақсақал, ата» деп қадірлейтін-ді. Елімізге екі мыңыншы жылдардан бастап мешіт-медреселер көбейген соң, ауыл имамы болып жастар келе бастады.
Дініміз нығайды деп қуандық. Құдай өзі кешірсін. Біздегі Ислам діні 70 тармаққа бөлініп кетіпті. Демек қырық рулы қазақ –жетпіске бөлінді деген сөз. Алда-жалда елімізге қауіп төнетін болса, әркім өзінің дінін қорғап, басқаға бас ауыртпайды ма деген менде үрей бар. Жарайды бұл басқа әңгіме. Әңгімеміздің негізіне көшейік.
Көшпенді халық болса да, көшелі сөзді біліп, сөз түсініп, сөз саптай білген атам қазақтың дала мектебінде қалыптасқан үлкен ұғым бар «ТӨР» деген. Төр қазақ үшін аса қадірлі. Абызы, қариясы, данасы, ел сыйлайтын ақылманы отырады. Бүгінгі төрде кімдер отыр. Жастар, имамдар.
Мені кешірер я кешірмес! Дегенменде турасын айтқан, туғанына жақпас демекші, шын сөзді айтып, шырылдағанымыз абзал шығар! Қандай ауылға барсақ та жас жігіттер қайтқан адамның жаназасын шығарып жатады. Жаназа мұсылман баласы үшін парыз. Мұсылман, мұсылманға иман шығару керек деген қасиетті құранда да нақты айтылған. Дұрыс болсын «имам» болсын, молда болсын, сопы болсын, әйтеуір Хақ Дінімізді кеңінен насихаттаса болғаны.
Ендігі мәселе төр мәселесі, өзіңнен туған балаңның сақалы шықса жат болар дейді сөз сауғыш қазақ. Жап-жас жігіттер барады да, төрге отырады. Ал оның әкесіндей адамдар һәм жетпістен асқан, сексеннен асқан қариялар одан кейін барып жайғасады. Бұл не әдепсіздік пе, мәдениетсіздік пе!? Төрге көргенсіз адам отырады дегенді ұмыттық па әлде! Әңгімемізге тұздық болсын.
Біздің ауылда Молдаш деген ақсақал болды. Сол кісінің үйіндегі Жәпен әжеміз: Бұл ауылға мен келінмін, келін мен жас жігіт төрге отырса, елден береке кетіп, өлімі көбейіп, өсімі болмайды, төрге көргенсіз, түйсіксіз адам отырады,-деп айтып отырғаның құлағымыз естіп өсті. Әжеміз сексеннен асып тоқсанға жеткенше төрге отырған емес. Білмегендіктен емес-білгендіктен.
Ауылдың имамы болса соңғы үстел демейік, әкесі, әкесінің ағасын аттап емес-жоқ дегенде өзі қатарлылармен бірге отырсын. Сонда жарасымды болар еді, өйткені әр нәрсенің орны бар.
Жалпы қазақтың мәдениетінде кіші келіп, үлкенге сәлем беруі міндет. Ал соңғы кездері байқап жүрмін, жап-жас жігітке (имам деп) жасы үлкендер келіп әндетіп сәлем беріп жатады. Қысқасы «сәлемнің өзі сауап» болып кетті ме!?
Жарықтық А. Иассауи, «Шариғаттың шарты иман» десе, екінші бір сөзінде «Бетпақ болма!» деп ескертеді. Я болмаса Құтып жарықтық «Пиғылы жатпен қатар отырма» депті. Қазақ тәлімін жинастырса ағартушылығы кенжелеу дамыса да, еуропадан асып кеткен халықпыз. Әрбір салты мен санасында үлкен ғылыми академияның білімі жатыр. Бүйте берсек, біз қазақшылығымыздан ажырап қаламыз.
Жалпы өз басым, ауылдың бас білгілері отырғанда қанша жерден айтса да, төрге озбаймын. Өйткені, төрдің киесі бар ағайын!!!