Қылмыс 29 қазанда «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұланды аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен Журавлев ауылдық округінің аумағында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде 67 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруындағы “ИЖ-Юпитер 5” мотоциклі тоқтатылды. Құжаттар мен көлік құралын тексеру кезінде полицейлер мотоцикл арбасынан екі сұңқылдақ – аққудың ұшасы және 12 калибрлі “ТОЗ 34” тегіс ұңғылы аңшылық мылтығын тапты.
Айта кету керек, қару ІІО-да тіркелген, сонымен қатар ауыл тұрғынының тиісті аңшы куәлігі бар.
Ақмолалықтың айтуынша, Қызыл кітапқа енгізілген аққуларды атуға тыйым салынғанын ол білген, алайда құстарды көргеннен кейін оларды атып өлтірген.
Бұл факт ҚР ҚК-нің 337-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді (Заңсыз аң аулау). Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер аймақта суда жүзетін құстарды аулауға тыйым салынғанын ескертеді. Сұңқылдақ аққу (кликун) – аққу саны азайып бара жатқан түр ретінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.