Ғасырлардан келе жатқан қазақтың тарихын, күні бүгінге дейін түзей алмай келеміз. «Еділді алса, елді алар» деген қасиетінен айналайын аруақты бабалардың өсиетіне құлақ аспай, ақырындап қырықпышақ болып қырылып жатырмыз. Өсекторға кіретін болсақ барлығы кісінеп отыр «түсі игісін» иттен әрі қылып жамандайды, жазады, боқтайды, қыза келе дымын қалдырмайды.
Пәлеге сабыр, қазаға тәубе дейтін қазақтың ықылымнан келе жатқан ұлы ұғымы тасада қалды. Өйткені, билік пен бұқараның арасында ортақ диалог, нақты формат жоқ, елі үміт артқанның қолына билік тисе, өзінің қаны бір қазаққа жаны ашымайды. Қайта, күші қапы, білімі таяз, ісі жаңылыс болып, басқаша мінезі шығып 180 градусқа өзгере салады. Осыны біліп ұғып алған басқалар, аз қазақтың адресіне не айтпайды? Тіпті билік басындағы басшыларың да, басқасын да мойындамай үй ішінен үй тігу мақсатында қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Ері аттан, арғымағы тағадан мұқалып жатқан қазаққа арам табаққа емес, адал қазанға үңілу керек сияқты. Қаншама күннен бері ел ішін дүрбелеңге салған Петропавлдағы сепаратистер жайлы көрініс үндемей жатқан қазақтың жас-кәрісін түгел оятты. Бұлар шаруасын заңды түрде істеп бастағандығын, осы қаладан шығатын «Информ вест» газетінің №12 санына кәдімгідей хабарландыру беру арқылы, алғашқы жұмыстарын бастаған екен. Бұл басылым жарнамалық басылым сияқты, жалпы ХХІ ғасырда газет дегеннің күні бәсеңдеп, екпіні азайып тұрғанда ресми тілде шығатын басылымдардың айы оңынан туып тұрды, қазақтың өзі орыс тілді басылымдарға жазылады, ал мемлекеттік тілде шығатын басылымдардың басына күн өтіп, маужырап тұрғандығы жасырын емес. Себебі ұлы халықтың ұлы тілі бар, сол жасасын деген пиаршыл, сорлылар бізде көп. Шындығына келгенде жарнамалық газетті ешкім қазір қарай қоймайды.
Сонымен аузымен авария жасағандар Президенттен көмек сұрады. Бұлардың инстапарақшасына кіріп түгел қопарып шықтық, көксегендері баяғы сүйегіне шөп шығып кеткен совет үкіметі қайтып келсе деген арамза ой, шолақ мақсат. Өзі жас, құлағы кәрі деген тәмсілдің аясында түлкі бұлаңға салып, құйрығымен ізін жасырып, тағы да қырық сылтау арқылы құтылып кетпекші.
Бір топ болып дөңгелек үстел басында еркін жайғасып алып, егемендігімізді алсақ деген хаттама толтырып жатқан арам пиғыл істерін елдің барлығы көрді. Ішінде бірер қаракөздеріміз де бар. «Қаракөз» дегеннен гөрі, мәңгүрттеніп, солардың діні мен тілін насихаттап жүрген, намыстан жұрдай біреулер ғой деп ойлап отырмын.
Ағайын жат та болса көзге тәуір,
Өкпем жоқ, кеудемдегі бәрі- бауыр.
Жауымның дәлдеп салған найзасынан,
Досымның саусағымен шерткені ауыр, демекші, өзі аз қазақтың баласы сан тарапқа бөлініп кетті. Біреулері дін дейді, екіншісі билік дейді, үшіншісі тәңіршілмін дейді, төртінші… айналып келгенде нақты қазақтың бас бірлігі қарынның қамы, жеке бастың құлдығына бас ұрып бая-шая.
Әу бастан тілегіміз оң, сапарымыз сәтті қазақ едік. Табиғатпен үндескен «шөпте болса, көп болсын» деген ізгі ниет әдірәм қалып, қырықпышақ болып қырылып жатырмыз. Ағайын, көбімізді сөгіп, көбігімізді төгіп жатқан қазаққа енді «құр байбалам», бос сөзбен басты ауыртқанша бірлігін танытатын кезең келіп жетті «жуастың бір аты жаман» деген тәмсілді ұмытпай, азамат, қазақ, адам екендігімізді дәлелдеп, жағы мен тіліне сүйенгендерге ерігіскенде Петропавл атауын өзгертіп Қызылжар қылуымыз керек. Драманы бастаған өздері, ал қойылымды әрі қарай бейбіт түрде, заң баптарымен нақты іспен жалғастырып, кең байтақ даланың иесі де, егесі де қазақ екендігін көрсетіп Қызылжар деген атаумен өзгертіп тастасақ деймін. Бұл ұсынысты Парламентте отырған депутаттар, мемлекет басшысы да, басқалардың табиғатына қарамай, құптап жіберсе екен деген хұсни тілегіміз бар.
Түбі тесік қазандарын толтырамыз деп бүтін мемлекеттіміздің ішкі тұрақтылығына іріткі салушыларға қарсы заңды күшейітпей, қазақты бұлар майлық пен сулық қылып масқарасын шығара беретіндігін ақжағалы азаматтардың есіне салғым келеді. Ортаға ой салып, айту бізден, еститін құлақ болса, егемендігімізді сақтап қалу, әрбіреуіміздің қасиетті борышымыз. Егемендіктен айырылсақ, елдігін барымташы мен қарымташының қолында кетері сөзсіз.