spot_img
More

    Сал Біржан мен Азнабай болыс

    Жасым бар жиырмада жасырмаймын,
    Басымнан дұшпан сөзін асырмаймын.
    Басымнан дұшпан сөзім асып түссе,
    Сен түгілі патшаға да бас ұрмаймын!

    Біржан Сал.

    Атақты Біржан сал жайлы жазбас бұрын біраз ойланып іздендім. Уақыт көшімен алға жылжыған сайын тарихи тұлғалар жайлы әңгіме де, түрлі болымсыз негізсіз сөз де алуан-алуан болып түрленіп айтылып жатады. Күні кеше ғана Ұлы Абайдың өзіне қаншама атақ пен жамандық жапсырдық. Қоғам екіге бөлінді.

    Бәлкім жаңа зерттеушілер «неғұрлым» жаңаша сипаттағы ел естімеген бір дүние жазсақ атымыз озып, тонымыз жаңарады дейтін шығар. Жарайды. Бұл солардың еншісінде. Атақты Біржан сал туралы кино да шықты. Бірақ кино өнім жүз пайыз жалпы көрерменнің көңілін ұтты деп өз басым сенбеймін. Себебі, кинода (мен кинозерттеуші емеспін) қателік молынан кеткен.

    Мысалы мына бір тұсын алайық: Әпіш, Біржанның әйелі науқастанып ауырып жатыр. Біржан атқа мінеді де Ләйлісін іздеп кетеді. Ал керек болса! Халқының ерке ұлы. Бір ғасырда бір туатын ұлы талант иесі. Дүние мүлік жинамаған, ел ішіне асқақ биік талғамды әнімен, өлеңімен танымал Біржан; соншалықты қатыгездікке барып, Құдай қосқан қосағының ауру екендігіне қарамайтын мейірімсіз, жүрегі ет емес-темір деп ойларсың. Бірақ киноның әу бастағы сценарийі дұрыс жазылмағаннан кеткен өрескелдік деп қоя салар едік, болары болды, бояуы сіңді деп. Бірақ бүгінгі қоғам, әсіресе өсіп келе жатқан жастар кітап оқымайтындығын, тарихқа аса қызықпайтындығы еске түскенде аза бойы, қаза болып денең түршігіп кинодағы Біржан образын көріп ертең болашағымыз қандай пікірде болады екен деп еріксіз ойға батасың.

    Біржан сал әлі де біржақты зерттеліп, біржақты қаралып келе жатыр. Есімі қазақ даласын шарлап кеткен атақты Біржанның тұсында әніне арқау болған сол замандағы өмір сүрген бай-бағландарды енді тарихтың түкпір бөлмесінен ақтап алып, жарыққа шығаратын уақыт келіп жетті білем. 70 жыл бойы советтік кезеңде өмір сүргенде бай-бағландарды қанаушы, капиталистік тұрғыда езіп-жаншушы, елді сүліктей сорушы деп тарихи образын бергенде шиден тысқары қылып кемсітіп, тіпті жеккөрінішті тұлға ретінде күні бүгінге дейін айтып келді.

    Орыс халқына ең алғашқы қалыптасқан мәдениет әкеліп, еуропалық тұрғыда өмір сүруді үйреткен В. Новаковскийдің «Рассказы О Петре Великом» деген пышақ қырындай ғана кітабы бар. Ең алғашқы Ресей елі патшасының балалық шағынан бастап жеткен жетістігін толыққанды жазып шыққан. Қалай өмір сүргеніне дейінгі аралықта толық мазмұнды баяндалып сүйкімді персонажға айналдырған.

    Көпшілігі біле бермес жарықтық орыс әдебиетінің классигі Л. Толстой І Петр жайлы роман жазып болып, соңында өрттеп жібергенін бүгінгі әдебиет зерттеушілері сан түрлі қылып жазып, Лев абызға өкпелерін де бекершілікке барған деп жарыса жазу үстінде. Ақылды жан бәлкім Ресей елінің патшасының бойындағы кемшілікті келесі ұрпақ оқымасын деп өзі материал жинап, аяғында кітап жазудан бас тартқан. Бұл жағы бізге жұмбақ. Тіпті жаңағы кітаптағы І Петр заманында өмір сүрген Ресей елінің ақындарының бірі:

    Он так Россию полюбил,
    Что и во сне, мол, ей служил,-
    деп өлеңдеріне қосып дәріптегендігін автор кеңінен ашып патшасына шаң жуытпай ақтайды, биіктетіп мақтайды, лирикалық образын аша түседі.

    Ал біз ше? Жоқ керісінше ұлы Абылайдың өзінен одан арғы оның тегінен бертінгі жақсы мен жайсаңдардан мін іздеп, кір іздеп, түрлі бағасын беріп, келемеждеп, төменгі сатыға түсіруді мансұқ етіп алғанбыз. Иә, ендігі мақсат тарихи тұлғаларды ақтап жазатын уақыт келіп жетті. Төбемізде баяғыдай сөзімізді аңдып, ісімізді жоққа шығарып, тарихи тұлғаларды «халық жауы» қылатын совет үкіметінің сөз полициясы жоқ. 1843-1906 жылдары өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлы:
    Еділді алса – елді алар,
    Енді алмаған не қалар?
    Жайықты алса – жанды алар,
    Жанды алған соң не қалар?
    Ойылды алса – ойды алар,
    Ойлашы сонда не қалар?-
    дейтін кезеңі. Ақыны зарлап, күйікке малынып, жүрегінің басына қорқыныш ұялап санасына тек қана шертолғау, іштегі мұң сыртқа зар болып төгілген уақыттың қандай екенін білеміз. 1891 жылы Патша үкіметі «дала ережесі» дегенді қабылдап, «Қазақтың жер-суы мемлекеттік меншік» деп жариялады. Сол кезден бастап, тіпті оның алдында аға сұлтандық жойылып, Абылай хан дүние салғаннан кейін орыс билеушілері патша жарлығымен ел ішіне дендеп кіре бастағанын Кенесары Қасымұлының көтерілісі жайлы тарихта қазақтың қасіретке ұшырауы туралы молынан мағлұматтар бар. Дала мектебінің тәлімін алған ақындардың гөй-гөйі осы тұс, іштегі шерді тек өлеңмен өрбітіп, аһ ұрып дәрменсіз күй кешкендігін жыраулардың жырынан-ақ аңғарып байқаймыз.

    Жалпы Біржан сал туралы айтатын болсақ, Біржанды Жанбота болыс сабатып, Азнабай болыс «таяқ жеуіне» себепкер болған деген ел ішінде әңгіме бар. Жанботаға келер жолы соғармыз, ол кісі жайлы да ойымызды ортаға салармыз. Азнабай болыс жас кезінен еңбекқор, өз ісіне адал, малтапқыш, кедей-кепшікке қайырымды болғандығын ел айтады. Жалпы Азнабай болыстың тұрған жері, мәңгілік мекені һәм зираты қазіргі Веденов ауылының қасында бес шақырымдай жерде жатқандығын жуырда оқыдым.

    Мақсұт Қасымовтың «Өскен өрендер» кітабында ел аузынан теріп жазып кеткен әңгімелерінің ішінде Азнабай болыс туралы мол мазмұнды мәлімет бар. Оқып отырсам Веденов ауылының байырғы атауы біз айтып жүргендей Ақтөбе я болмаса «тың және тыңайған жерді игеруге келгендердің» септігімен ашылған ел емес екен. Байырғы атауы Шатқарағай. Осы жерде Азнабай болыс өмір сүріп, осы елді -мекенде дүниеден өткен деп кітапта мазмұнды фактымен толықтыра түседі.

    Жарайды бұл кітап жайлы да алдағы уақытта Алла тағала денсаулық беріп, уақыт болып жатса айналып соғармыз. Сонымен Біржан салды сабаған Сайлыбай деген поштабай.

    «Жанбота осы ма еді өлген жерің,
    Көкшетау боқтығына көмген жерің.
    Кісісің бір болыстың біреу сабап,
    Бар ма еді статьяда көрген жерің»,-
    деп әкіреңдеген есер поштабайдан таяқ жеген аяулы ақынның ашуы, ащы мұңы жыр болып төгіліп ғасырдан-ғасырға ұласып келе жатыр.

    Иә бұл да тағдыр шығар. Осы тұста ғой. «Атығай-Қарауылдың ішінде ән айтып абырой таппайсың» деген ел аузында сөз қалған. Себебі «арқа өңірі» әу бастан өнердің ордасы, әншісінің тұнық дауысы, құлақтан кіріп бойды алатын үні. Әншілік өнердің биік белесіне көтерілген Үкілі Ыбырай, Біржан, Ақан, Балуан Шолақтың сөзіне үні қабысқан, ән өнерінің шыңына шыққан дүлдүлдер елі болғандықтан «Атығай-Қарауыл ішінде ән айтып абырой таппайсың» дейтіні содан шығар. Көркем де көз тартатын сұлулығымен жеріне қалай ғашық болсаң, әніне де солай ынтығасың.

    Жалпы поштабайды жұмсаған Азнабай болыс жайлы Қ. Шәменұлының естелігіне қарап отырсақ: «1865 жылдың жазы. Омбының генерал-губернаторы Перовский келеді деп Көкшетау уезінің болыстары әбігерленеді. Болыстардың бас қосқан үлкен жиналысы өткізілмек. Бұл жиынға Жанбота бастаған топпен Біржан сал да келеді. Біржан тамылжытып ән салып, күмбірлетіп домбыра тартып, жиналған жұртты аузына қаратып алады. Осындай думан үстінде Қоңырқұлжаны Азнабайы «Ән айту тоқтатылсын, генерал-губернатордың келетін уақыты болып қалды»,-деп халықты бір жерге жинай бастайды. Азнабай, Сайлыбай дейтін пошбайын жіберіп ән тоқтатсын деп бұйырады», Қ. Оспанов «Шежірелер жиынтығы», 55 бет. Иә, сол жолы поштабайдың қамшысы Біржанға тигендігін жаңағы сөз басындағы өлеңнен-ақ аңғарып біліп отырмыз.

    Ал ендігі зерттеушілер оның ішінде жарықтық Есағаң, Естай Мырзахметов өзінің кітабында «Біржан сал өмірінің кейбір деректері» -деген зерттеуінде есерсоқ, дойыр мінезді, тентек қызыл телпек киген Сайлыбайдан таяқ жейтіндей Біржан сал, көптің бірі емес-елдің еркесі, халқының еркесі, ел әніне сусындаған зор тұлға, байтақ мінезді ақын, қанша жерден құда болса да Жанбота, құдасы Азнабай болыстың поштабайына Біржанды сабатып қоймайды. Расында Біржан салдың Жанбота жайлы «Сегіз болыстан шені артық»,-деген сөзі бар. Демек Жанбота да осал адам болмаған. Бұл туралы Есағаң молынан ашып өзінің кітабында жазып кеткен. Ал енді Азнабай болыс жас кезінен мал тапқыш, жинақы, зор мінезді кісі болыпты дедік. Жарықтық болашақты болжады ма, әлде сол кездің кісілерінің сүйегі асыл, тұспалы тура келетін жан болды ма екен, бұл тек құдайға ғана аян.

    Ақ қашып, қызылдар билік басына келетін уақытты Азнабай болыс алдын-ала болжап, руластарына «Осы біз көшіп-қонып мал соңында қашанға жүре береміз, мына қарашекпенділер күн өткен сайын іріленіп өсіп келе жатыр, шаһар салып, көшпенділікті тастап, бала оқытатын мектеп ашсақ»,-дейді.

    Әрине, болыстың көзінше айтуға жүрексінген руластары «бас изесіп» мақұлдағанмен былай шыға: – Біздің болыс жасы келген соң алжиын деген екен деп күңкілдепті. Иә, Азнабай жас кезінде орысқа жалданып жүріп бір көпестің бір қапшық ақшасын тауып алып сонымен байыған деген ел ішінде аңызға бергісіз әңгіме бар. Қалай байыса да әйтеуір, құдайдың бергені шығар, «адал еңбегімен» байығандығын ел айтады. Ел айтса қателеспейді. Баймын деп тасымаған, кеуде кермеген. Тіпті Азнабай Рахымжан деген баласын орыстың бір байына жалшылыққа апара жатқан жерінен Қанай батырдың шөбересі Аманжол батыр көріп, кері қайтарғандығын сол Есағаң анықтап жазып кеткен. Сән-салтанатымен қасына нөкер ертіп жүрмеген, көбіне өгіз мінген екен.

    Бұған себеп «біреудің үйіне түссем қасымдағы кісілерге қояр асы болмай қысылып қалмасын»-деген ел аузында қалған тәмсіл әңгіме бар. Сөйткен Азнабай Біржанды сабатты деп күні бүгінге дейін әлі айтылып жүр. Кім білсін мына ұзын-ырғағы бітпейтін күнделікті тіршіліктен алатын сыбағамызды алып жатамыз. Тіпті ол заманды былай қойып «ортада мұрын болмаса, екі көз бір-біріне жау болатындай» бүгінгінің кеңшілік мезгілінде де елге танымал көзі тірі тұлғалар жайлы да өсек-аяңға толы әңгіме естіп күйінеміз.

    «Дәл осы күнде қазақтың ішінде кімді жақсы көріп, кімді қадірлейін деп ойладым»-деп ұлы Абай айтпақшы, Біржанды есер поштабайы сабап, тарихта «Жанбота», «Адасқақ» әні қалды. Сабаған Азнабай емес-есер жағымпаз, жәдігөй, бейшара надан Сайлыбай. Ал артынан Азнабай болыс Жанботаны шақырып алып Біржан салға ат шапан айып төлеген. Сонымен іс біткен. Бірақ, ән халық арасында тарап кетті. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды деген жоқ па? Оның үстіне ән мектебі жоқ құймалақтың құлағына сіңіп, көкірегінде жатталып, елден елге тарап кете барған.

    – Менде де бар бір жаман,
    Не қылайын қазақтың,
    Жүйрігі мен жорғасын,-
    деген М. Әуезовтың «Айман-Шолпан» пъесасында кездесетін нұсқа бар. Иә, болымсыз нашар, өркөкірек, надан поштабайдың қамшысы тарихта қалып, елі қадірлеген сал Біржанды Азнабай мен Жанбота ойламады дейсің бе? Ойлады. Бірақ біздің халық түймедей нәрсені түйедей қылып зорайтып жіберетін мінезінің кесірінен әлі күнге бай-бағландар өзінің нақты бағасын ала алмай жүр.

    Күні бүгінге дейін тіпті Біржан сал кедей таптан шыққан деп айтамыз. Бұл Совет үкіметінің ойдан шығарған жалған образы екендігін біреу білер, біреу білмес. Осы тақырыпқа бармас бұрын барлық кітаптарды. Барлық сайт желілерін қарап шықтым. «Біржан сал тақыр кедейдің баласы. Әкесі Тұрлыбай кедей болған»,-дейді. Тағы да жаңсақтық.

    «Біржан Сал» романын жазған Ғалихан Ахметовтың кітабын оқып шықтым, тартымды кітап, «Атығай-Қарауыл» елінің арғы-бергі тарихы. Ішінде Шөже ақынның суырып салмалығы, көзі көрмесе де түйсігінің зор екендігі, түк көрінбейтін боранда Қожағұл елінің тауып баруы, Бала Біржанның Шөже ақынның әніне, жырына ынтығуы, кірпияз тазалығы жайлы өте тартымды қылып суреттеген. Руының қырғыз екендігі де эпизодта кездеседі. Осы кітапта Біржанның атасынан бастап, әкесі, тіпті қасында жүрген досына дейін «Көбейгір кемпірдің» емшілік қасиеті жайлы кеңінен зерттеп жазғандығын оқып отырып, біз неге әлі күнге дейін Біржанды біржақты қылып бағасын беріп, қадірін төмендетеміз деген ойға келдім.

    Біржан сал жарықтық:
    Оу дүние, өтеріңді біліп едім,
    Білдірмей серілікпен жүріп едім,-
    дейді. Ақынның өмірінің соңы қыл-арқанға таңылып өтті деп зерттеушілер кезектесіп жарысып жазып жатыр. Иә, қыл арқанға таңылған ақынның өмірінің соңындағы күйігін білеміз. Тіпті ақынның балаларына шығарған мына әні есті адамның өзін ойландырып мұңға батырады.

    Теміртас, Асыл, Ақық балдан тәтті,
    Кем қылмай өсіріп ем салтанатты.
    Әкең ем аяйтұғын жаным ашып,
    Шешсеңші, білегіме арқаң батты! –
    дейді. Атығай-Қарауыл еліне ғана емес-байтақ қазақ даласына аты мәшһүр Біржан қалайша «байлаулы күйінде» өмірден өтті? Былай айтудың өзі аруақ алдында да, тарих алдында үлкен күнә болар! Өзі «Үш жүздің ортасында Біржан едім!» деп зор сеніммен айтқан елдің еркесі Біржанды уақыттың еркіндігімен қыл арқаннан босатып, әжік-күжік әңгімеден арылып, ел көретіндей кино түсіріп, тартымды әңгіме жазатын уақыт келген сияқты. Ал, Біржан өмір сүрген кезеңдегі елінің елеулісі болған жандарды да сыңаржақ байламмен матап қоймай, адами қасиетін ашып, ақтағанымыз абзал болар.

    Р.S: Азнабай мен Жанбота болыс болғандығын ел айтады. Жарайды, екеуі де елдің қадірлісі мен жайсаңы. Алып кел, шауып кел, ұрып кел, жығып келге аттандап шабатын Сайлыбайдың есімі Біржанды сабаған күннен бастап тарихқа еніп кетті. Әйтпесе Сайлыбай сияқтылар әлі де бар ғой. Ел аузында көп поштабайдың есімі аталмаса да Сайлыбайдың есімі Біржан салдың әнімен тарихта мәңгілік қалды. Бұл да бәлкім толғақты түйіні бар тағдыр шығар!

    Бурабайдың Жеңісі
    Бурабайдың Жеңісі
    Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз