Қазақтың әдебиеті ауыр қайғыға ұшырады. Сен кете бардың. Жылатып кеттің. Ажалына асықтың. Әлде мына өмірдегі аярлықты, сайқалдықты солай жеңемін деп ойладың ба екен? Жоқ олай жеңе алмайсың, олай күйрете алмайсың, олай… иә, сөзімнен жаңылып қалдым. Сенің шығармаларыңды оқыған сайын тұла бойым түршігіп кетеді, басқа әлемге суық әлемге кіріп сол шеңберден шыға алмай мең-зең күй кешемін. Мына санасын кір басқан Әлем сенің ажалына кінәлі сияқты. Аспан да, күн де, тіпті көктемде гүлдеген гүл де, сайраған бұлбұл да барлығы сайқалдардың бір қабат тонын жамылып алғандай масайрап тұр. Құдай кешірсін Мені!
«Депрессияны» оқыдым. Оқыдым да ойланып қалдым. Мына жүрегі тас, құлағы саңырау, аяғын тек жамандыққа қарай басатын қоғамға сілкініс керек. Миларын тазалап, жүрек түбіне үңілсе деп айтқым келді. Біздің қоғам ақ пен қараны, бар мен жоқты айыра алмай қалды. Түнгі көбелек болып жүрген нәзік жандылардың ары таза деп айта аласың ба? Жоқ. Алла тағала ғаламды жаратты, оның ішінде түйсік беріп адамды жаратты. Малы қорада, құлағы далада жүрген қазаққа нәпсі арынан да, ұятынан да қымбат болып кетті. Сен періште болып шырылдадың. Естімеді ешкім!
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» дегенді мәтел қылып, тәмсіл қылып шығарған біздің халық. Ақыл –қуатымыз семіп барады, өліп барады. Қазіргі біздің қоғамның қотыры бетіне шыққан, жарасы сасып жатыр. Жауып әлекпіз, жабылып әлекпіз. Бірақ ол сыртқы шығып кетті. Депрессияға барлығымыз ұшырағанбыз. Мағынасыз тірліктің есегіне айналдық. Жақсыға күйе жағамыз. Ал наданға, ессізге, тән саудалап, ақылынан алжасқанды арқасынан қағамыз. Біздің қоғамның бүгінгі функционалдық рөлінің сиқы осындай. Кейбір адамдар (аппақпыз дейді) олар саршұнақ аулап, ін күзетіп жүргендей, көздерінде рухани жантебіренісі жоқ, сезімдерін өлтіріп тастаған. Махаббат мейірім, жаншуағы дегенді кәдімгі жыртық шұлық құсатып лақтырып тастап кете береді. Мейірім өлмейді деуші еді. Өлген мейірім жетісі, қырқы, тіпті дәуірлетіп еске алып пәленбай жылдығын да ас беріп, атап өткенбіз.
Мейірім бізде отыз жетінші жылы өлген. Сол жылдары қазақтың игі жақсыларын сапқа тізіп тас зынданға салып, ататының атып тастады, қаншамасы Ібірге айдалды, Сібірде көз жұмды. Қазір отырып алып барлығын Сталинге жабамыз. Өзің ойлашы… сол жылы біздің ауылдан Әпей деген басқарма болыпты. Сол кісі Сталинге диверсия жасамақшы болды деп соттатып жіберіпті. Айдалада жүрген Әпей басқарма, аты-жөні алыста, айналасы қоршау күзеті бар Сталинге қайтып қастандық жасамақшы!?
Сәкен кетті атылып,
Мағжан кетті атылып,
Ахмет атамыз кетті атылып.
Осыларды сатып атқызуға себеп болған қаншама арсыздар одан кейін де жер басып жүрді, пенделердің қатарында, құрметсіз болса да, құрметке бөленді. Ал атылып кеткен боздақтардың жетпіс жылға жуық есімдерін атауға қорықтық, үркіп қарадық. Асылдарын жоғалтқан елді «есекше арбаға жегіп ал, тірідей жерле» үнсіз отыра береді. Аягүл білесің бе? Сен кеткен соң, біздің қоғам дүр сілкінді. Рухына тағзым етті.
Бірақ кеш. Өлгендер сөйлемейді. Өлгендер үндемейді. Айлығы қанағатына, байлығы шүкірлігіне жетпейтіндер, рухани азықты қайтсын? Сені жоқтаған әдеби орта ғана гөй-гөйледі, аһ ұрды. Ағаларымыз бен апаларымыз. Әйтпесе құлқының қу ақша тескендер мыңқ деген жоқ. Оларға әдебиет керегі жоқ, оларға қазақтың байлығы ғана керек. Сатсақ. Байысақ. Шетелде демалып рақаттанып жатсақ дейді. Дейдімен… таңы атады. Дейдімен күні батады.
Аягүл сені ешкім жерлеген жоқ. Сені жерледік дегендердің өздері жерленіп қалған. Сені өлді деп қуанғандар бар екен! Міне ұлттың сатқындары! Арман мақсат, лауазым мансап қуғандар Аягүл өлді деп ойламаңыздар! Жоқ, Аягүлдің рухы да өжет, сендерді жерлеп кетті. Жер қылып кетті. Зымыраған уақыт өтер. Алжыған ғасыр артта қалар. Тай жарысынан озып келіп, Құлагердің бәйгесін алдық деп отырғандардың атар таңы қалай болады? Ол құдыретті Құдайға мәлім.
Аягүл Мантай сен дүниеден өткелі екі жыл, төрт күн өтіпті. «Патшалар өлер, басқалар өлер. Сұлулық өлмес, мейірім өлмес, әдеп өлмес» деген екен жарықтық Ғабит Мүсірепов.
Сөз! Қайран сөз!
Мұз жүректі ерітеді,
Тас бауырды жібітеді.
Мен осылай замандас құрбымды еске алып, шығармасын оқып егіліп отырмын! Рухына Фатиқа!
Жеңіс Оспанов