spot_img
More

    Ресейдің іргесі сөгіле бастады

    Қалмақ автономиялық республикасы өзінің тәуелсіздігі туралы декларацияны жариялады. Бір қарағанда бұның еш тарихи мәні жоқ, қатардағы оқиғалардың бірі сияқты. Алып Ресейдің темір құрсауынан қанша жыл қан төгіс соғыс жүргізіп, мыңдаған жауангерлерін құрбан еткен Чешенстан жете алмаған тәуелсіздікке  қалмақтар декларация жариялау арқылы жетпек пе деген сұрақ туады. Жә, тәуелсіздік жөніндегі декларациясын жариялады, бірақ осыдан кейін қалмақтар тәуелсіз ел болып кете ме? Жоқ, әрине. Дегенмен де, бұл оқиғаны дәл қазіргі жағдайда тарихи үлкен маңызы бар жағдай деп айтуға болады.

    1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР  жоғарғы кеңесі республиканың тәуелсіздігі туралы декларация қабылдаған еді. Осы оқиғадан кейін қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып кеткен жоқ, десе де бұл тәуелсіздікке қарай жасалған ең маңызды қадам болды. Бұл тұста бірқатар одақтас республшикалар да осындый декларация қабылдап, тәуелсіздік алуға талпыныс жасаған болатын. КСРО-ның темір құрсауынан құтылып шығу мүмкін емес сияқты көрінгенмен, Горбачев бастаған жариялылық пен қайта құру партияның халық алдындағы беделін түсіріп, бұрын айтылмай келген біраз шындықтың беті ашылып, соған орай халықтың көзі ашыла бастады. Содан кейін бір жылдай уақыттан соң КСРО қирап, одақтас республикалардың бәрі өз тәуелсіздіктерін алды.

    Әлемдегі ең қуатты держава деп танылған КСРО-ның құлауына ықпал еткен ең негізгі себеп: ұлыорыстық шовинизм дерті еді. Кеңестік советтік республикалар одағы деген дардай аты болмаса, бұл ресей империясының ұлттық саясатын сақтаған орыстың мемлекеті болып қалды.  Елдің басшылығы тек орыс ұлтының қолында болды, ара-тұра украин, белорусь сияқты славян ұлтының өкілдері аздап билікке тартылатын. КСРО құрылған алғашқы жылдарда комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары болған Тұрар Рысқұловтан басқа бір де бір қазақ Мәскеуде одақтық басшылықта қызмет атқармады. Елдегі бірден бір мемлекеттік тіл – орыс тілі болды, одақтық деңгейдегі барлық іс қағаздары, ресми жиналыстар орыс тілінде жүргізілді. Ал Хрушевтың тұсында «орыс тілін неғұрлым тез меңгерсек, коммунизмге соғұрлым тез жетеміз» деген ұран көтеріліп, барлық республикаларда ұлттық мектептер жабылып, орыс мектептеріне айналдырыла бастады. Қазақстанда бұл өзгеріс тіпті, қарқынды жүрді. Міне, осы жайлардың бәрі ұлтаралық қатынасқа үлкен көлеңкесін түсіріп, көп ұлтты мемлекетті іштей ірітуде еді. Мың жыл өмір сүреді деп санаған қуатты КСРО державасы оп-оңай қирап қалды. Оның құлауына ұлтаралық қатынастағы шиеленіс үлкен әсерін тигізді.

    Қазіргі Ресейдегі жағдай 1990-шы жылдардың басындағы КСРО-ның жайына қатты ұқсайды. Көп ұлтты Ресей федерациясы ұлттық қатынастарды демократиялық талапқа сай ретке келтіре алмады. Кеңес заманынан қалған ұлыорыстық шовинизм дерті жойылмақ түгілі, қайта өршіп кетті. Жер асты байлығын өздері пайдаланса әлемдегі ең бай елге айналуға тиісті Якутия, Бурятия сияқты автономиялық республикалар қайыршылық жағдайда өмір сүреді. Олардың бар байлығын Кремль сорып, тартып алып жатыр. Мәселен, Ресей Батыс елдеріне газ сатудан күн сайын 1 млрд доллар ақша табады екен. Сол қыруар қаржы орталықтың өңешіне құйылып, шикізат өндіретін аймақтар кедейшіліктің құрдымына құлауда.  Бұның бәрі ұлттық аймақтардың ішінде орталыққа деген өкпе-реніштен басталған наразылықтың өсіп, өрши түсуіне әсерін тигізетіні анық.

    Биылғы жылдың 24 ақпанында Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысты бастауы аймақтардың онсыз да орталықпен арадағы шиеленісіп кеткен қатынасына үлкен сызат түсірді. Кремль күшке салып, аз ұлттардың өкілдерін соғысқа айдап, ұлтаралық наразылықты одан әрі өршітіп жіберді. Қыркүйек айындағы Путиннің ішнәра әскерге шақыру туралы жарлығы отқа май құйғандай болып, Дағыстанда көтеріліс басталып кете жаздады.

    Әлеуметтік желілерде Башқұртстан мен Татарстан елінің ұлтжанды азаматтары АҚШ президенті Байденге хат жазып, өз елдерінің тәуелсіздік алуына қолдау білдіруді сұрағандығы туралы ақпарат таралды. Оның қаншалықты шындыққа жанасатынын кім білсін? Дегенмен, мына жай анық: соғыс әкелген қиындықтар ұлттық аймақтардың орталыққа деген наразылығын одан әрі өршітіп, сәл-пәл себеп табылса ол үлкен өртке айналу қаупін күшейте түсуде.

    Қазір Ресей күн санап әлсіреп, әлемдік санкциядан экономикасы құлдырап, халықтың тұрмыс жағдайы нашарлауда. Ресейдің Украинадан соғыста жеңілетіндігі бүгінде анық байқалып отыр. Ресей үшін осы бір аса ауыр кезеңді пайдаланып, біраз ұлттық аймақтар өз тәуелсіздігін алуға ұмтылатын қолайлы сәт келгендей. Қалмақ автономды республикасының өз тәуелсіздігі туралы декларация жариялауы осы наразылықтың  ашық бір көрінісі болса керек. Қалмақтардың бастамасы қолдау тауып, башқұрттар, татарлар, дағыстандықтар, якуттар мен буряттар да осындай декларация қабылдап жатса, Ресейдің іргесі шайқала бастары даусыз. Путиннің аймақтарда өз қарулы күштерін құруға рұқсат ету жөніндегі жарлығы ұлттық аймақтардың тәуелсіздігін алуға қолайлы жағдай туғызатыны сөзсіз. КСРО-ның іргесін шайқалтқан Горбачевтың қателіктерін Путин айна-қатесіз қайталауда. Бұның өзі Ресейдің көп ұзамай КСРО-ның кебін киіп, құлауына әкеп соғады деуге негіз бар.

    Қалкөз ЖҮСІП.

     

     

    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    1 Пікір

    1. Бұл басы, ресейдің қырыққа бөлінетін күні алыс емес. Ресейдің түбіне осы Украйнамен соғыс жетеді.

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз