Бұл туралы тұрғындар редакциямызға хабарласып, жанайғайын жеткізді. Жамбыл көшесі 11 мекенжайы бойынша орналасқан аталмыш тұрғын үй осыдан бір жыл бұрын пайдалануға берілді. Бір жыл өтсе де, тұрғындар арман болған пәтерлеріне қона алмай туған-туыстарын жағалап жүр. Тіпті, қоныстанғандарының өзі үлкен проблемаға тап болуда.
«Лифтіміз жиі-жиі істен шығады. Сол себепті, жоғары қабаттарға жаяу көтеріліп, түсуге туралы келеді. Отбасында науқастары барларға тіптен қиын. Осыны көріп, көшіп келуге жүрексініп отырмыз. Әлі күнге шейін баспана жалдап тұруға мәжбүрміз», – дейді есімін атауды жөн көрмеген тұрғын.
Тұрғындардың айтуынша, былтыр қыста боранды аталмыш тұрғын үйдің шатыры мен қабырға жабындыларын жел ұшырыпты. Соны салдарынан жоғары қабаттағы пәтерлерге төбесінен су сорғалап аққан. Бұған қоса, судың қысымы жоғары қабаттарға жетпей, ондағы тұрғындар суды бөтелкемен тасып ішті. Сол кезде, әкімдік мердігерге, мердігер болса, су айдайтын насос қажет екенін айтып ақталды.
Кейін әкімдік тұрғындардың шуынан қорықты ма, әлде өз кінәләрін түсінді ме насос орнатып, мәселені шешіп беретіні жөнінде тұрғындарға уәде берген еді. Уәде орындалды. Бірақ та, мұнымен проблема шешілмеді. Биылғы күзде аталмыш тұрғын үйдің жертөлесі суға толды. Оны тұрғындар өздері ақша жинап сорғызды. Енді міне, аяз басталғалы тұрғындар жаурап отыр. «Қыс басталғалы пәтеріміз бір жылынбай қойды» дейді пәтер иелері.
«Есік, терезеден жел деген гулеп тұр. Терезе мұз болып қатты. Өзіміз жөндейік десек, жұмыс ақысы өте қымбат. Ипотека, несиеміз бар, төлей алмаймыз. Электр жылытқыштан да қайыр жоқ. Үнемі күйіп кетеді. Газ деген мүлдем жоқ. Қайда барарымызды, кімге айтарымызды білмейміз. Бұрынғы әкімнен қайыр болмады, енді жаңа әкім жанайғаймызға құлақ түрсе екен», – дейді Лаура есімді тұрғын.
Осы ретте, EsilNews интернет газетінің редакциясы қала әкімдігіне тұрғындардың жанайғайына қатысты ресми сауал жолдайды. Әкімдіктің ресми жауабын сайтымызда жариялайтын боламыз.