Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Бурабай ауданының Щучинск қаласында тұрғындармен есептік кездесуін өткізді. Жоғарғы техникалық колледжінде ұйымдастырылған кездесуге аудан активі, ауыл әкімдері, бизнес өкілдері, шаруашылық басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, білім саласының мамандары, қала тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы өзінің баяндамасында биылғы жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгері басушылық барын атап өтті. Әсіресе, жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындарының құрылуы қуантып отыр. Сондай зауыттың бірі Бурабай ауданында да іске қосылып, ел игілігі үшін жұмыс істеуде.
Ақмола облысы еліміз бойынша аграрлы өңір саналады. Еліміз бойынша ең сапалы астық біздің облыста өндіріледі. Биылғы жылы да өңірде егін бітік шықты. Соның ішінде Бурабай ауданы ауылшаруашылық саласы бойынша облыста алдыңғы легтен көрінді. Бүгінгі таңда өңірде ауылшаруашылығы жерлері төңіргінде үлкен мәселе туындап отыр. Көптеген шаруа қожалықтарының жерлері ұтымды пайдаланылмай отыр. Көп жерлер бос жатыр, арам-шөп басып кеткен болса, ал мал ұстап отырған қырдағы ағайын төрт түлігін өріске жаятын жер таппай отырған жайы бар. Бұл жөнінде облыс әкімінің ауылшаруашылығы саласы бойынша кеңесшісі Ғалымжан Әбдіхалықов баяндап берді.
Осы ретте, аймақ басшысы Бурабай ауданында әлі күнге шейін шешімін таппаған біраз ауылшаруашылығы жерлері барын атап өтті. Бұл мәселені сағыздай созбай, жедел шешу керегтігін алға тартты.
Сонымен қатар, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру, тұрғындарға үй салу үшін берілетін жер телімдеріне қатысты мәселе де айтылды. Ермек Маржықпаев бұл мәселелердің бәрін бақылауда екенін және оны шешу үшін жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
«Щучинск қаласындағы Мәдениет үйінің құрылысы жайлы айтар болсақ, бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Алдағы уақытта құрылыс жұмысын толыққанды қолға алып, жұмысты ұзаққа создырмай бастауымыз керек. Сонымен қатар, қалалық саябақ ішінде салынып жатқан Спорт кешені бірер жылдың көлемінде ел игілігіне толыққанды беріледі. Бұл аудан үшін салауатты өмір салтын насихаттайтын, спортпен айналысып «шымыр боламын» деп талпынған жастар үшін ең ірі спорт кешені болмақ. Жалпы айтқанда аудан бойынша экономикалық алгоритмнің жанданысы артып, жарқын болашаққа деген сенімі нығайып, кезең-кезеңімен кешенді дамуға мол мүмкіндіктер ашылып жатыр», – деді облыс басшысы.
Тоқсан жолдың торабында тұрған Щучинск қаласының ішкі жолдарын жөндеуді кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Биылғы жылдың өзінде қаланың ауқымды, негізгі деген көшелерге асфальт төселіп, халықтың игілігіне жаратылды.
«Бірақ жұмыс тым баяу, бәсеңділік басым, жергілікті қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар әрбір көше жөндеу жұмыстарының сапасын билікпен бірігіп бақылауға алулары керек. «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында Бурабай ауданына қарасты, бірқатар ауылдардың жолы жөнделіп, ішкі көшелері түзетілді. Бірақ қаражат толық бөлінгенімен жолдар уақытылы жөнделмей отыр. Жалғыз менің ғана емес, халықтың талабы, аттан бұрын, арбаны алға тартып кейде әсіре мақтанып қоямыз. Жоспар сосын орындалмай жатады, қолдарыңыздан келмесе «жұмыс істеп жатырмыз» деп жар салмаңыздар»,-деді облыс басшысы.
Әрбір ауылдың ішкі көшесін жөндеуге қаражат қарастырылған. Жауапты басшылар тек жұмыс істеу керек. Биыл облыс бойынша он алты мектеп ашылды. Соның бірі – Қосшы қаласында ашылды. Ең ауқымды бюджет облыс бойынша білім саласына бөлінеді.
«Алдағы жылы Ремзауыт ықшамауданында 1200 балаға арналған мектеп саламыз. Сонымен қатар Мәдениет ауылының орта мектебін жөндейміз», -деді Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы Жангелді Төлегенов.
Сонымен бірге, есептік кездесуде алдағы уақытта мектеп-интернаттардың санын көбейту, шағын ауылдарда білім сапасын арттыру, оның ішінде шағын ауылдардағы балаларды мектеп-интернаттарында оқыту мәселесі айтылды.
Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов облыс әкімінің сауалына өңірде жөнделмеген білім ошақтары бар екендігін айтты.
«Жалпы білім саласына үнемі көңіл бөліп отыруымыз», – деді өңір басшысы.
Облыс басшысы, әр сала бойынша жеке-жеке тоқталып өзінің пікірімен бөлісті.
«Бастысы халықтың жағдайын дұрыстап барлығымыз бір адамдай ат салысып, жұмыс істесек, елдің көңілі көтеріңкі болса, халық алаңсыз болады», – деп түйіндеді өзінің ойын облыс басшысы.
Жиын барысында облыс әкіміне сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.