21 C
London
Сәрсенбі, Қыркүйек 27, 2023

Мемлекеттік тілді дамыту – қазақ тілді қазақтардың ісі

- Advertisement -spot_imgspot_img
- Advertisement -spot_imgspot_img

Ильф пен Петровтың «12 орындық» атты кітабында айтылған «Суға кетушілерді құтқару ісі – суға кеткендердің өз ісі» дегеніндей, бүгінде  тәуелсіз Қазақстан  республикасында заң жүзінде мемлекеттік мәртебе алған қазақ тілін дамыту ісі қазір қазақ тілді қазақтардың өздері атқаратын шаруа болып қалды. Тәуелсіздік алғанымызға қазір отыз жылдан асса да, Тіл туралы алғашқы заңды қабылдағанымызға да отыз жылдан артық уақыт өтсе де, әлі күнге дейін қазақ тілі елімізде екінші сортты тіл болып отыр.

Халық өкілдері болып саналатын Парламент қабылдайтын заңдардың 98 пайызы орыс тілінде дайындалады екен. Осыған қарап, қазақ тілінің қазіргі деңгейін бағамдауға болады. Үкіметтен бастап жергілікті әкімдіктер түгелге жуық орыс тілінде сөйлейді және іс қағаздары да сол тілде жүргізіледі. Орыс және өзге ұлттарды былай қойып, қазақтардың біразы қазақ тілін мүлдем білмейді. Орыс тілінде оқыған қазақ тілін білмейтін қазақ жастары көп. Осы жайларға қарап, тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалының қандай екенін шамалауға болады.

Обалы не, қазақ тілін дамытуға байланысты заңдар да, түрлі мемлекеттік бағдарламалар да қабылданды, оны жүзеге асыруға қыруар қаржы да бөлінді. Дегенмен де, іс жүзіне келгенде мемлекеттік тілді меңгеру  мінберлерден айтылатын ұран сөзден аспай қалып қойды. Бұның ең басты себебі: қазақ тіліне деген нақты қажеттіліктің жоқтығы. Орыс тілділердің мемлекеттік тілді үйренгілері келмеуіне Конституциямыздың 7 бабының 2 тармағынадағы, атап айтқанда  «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз қазақ тілінің болашағына балта шауып келеді. Қазақ тілін білмейтін, шындығында үйренгісі келмейтіндердің айтатын сылтауы «Конституцияда орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп жазылған» -деген уәж. Конституцияда осылай жазылған, менің қазақ тілін білуім міндет емес дейді олар.

1995 жылы қабылданған Констиуциямыз содан бері талай мәрте өзгертулерден өтті, соңғы өзгертулер өткен жылы болды. Өзгертулердің көп болғаны сонша аузы дуалы Тоқтар Әубәкіров сияқты тұлғаларымыз Констиуциямызды «черневикке» теңеп жіберді. Десе де, сонша өзгертулерге ұшыраған Конституцияда 7 баптың 2 тармағы міз бақпай әлі өзгеріссіз тұр. Оны өзгертуге еш пенденің  шамасы жетпей қойды. Жұрт айтудай-ақ айтады, бірақ жоғарыдағылар тас мүсін болып міз бақпайды.

Жә, Конституцияны өзгертпей-ақ қояйық, қолдағы заңдарымызды дұрыс сақтасақ та, босағадан телмірген қазақ тілін өз мәртебесіне лайықты деңгейге жеткізуге болар еді. Өйткені Конституцияның 7 бабының 2 тармағында орыс тілі тек мемлекеттік мекемелер мен өзін өзі басқару органдарында ғана қолданылуы тиіс, ал басқа мекемелер мен ұйымдарға бұл бап жүрмейді. Бірақ та, Конституцияны өмірі ашып көрмеген орыс тілділер ұзынқұлақтан естіген «орыс тілі мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады» дегенді алға тартып, қазақ тілін мүлдем қажет етпейді. Автобустарда бір ғана тілде: орыс тілінде хабарланады, дәмханаларда ас мәзірі түгел жалғыз орыс тілінде, жеке меншік кәсіпорындарда іс қағаздары, ауызекі сөз түгел орыс тілінде жүреді. Орысша білмейтін қазақ бірдеңе десе, «фашист, террорист, нацист» атанады. Қазақ тілінде сөйлегені үшін  қорқытып, қоқан-лоққы жасайтындар, тіпті, жұдырық ала жүгіретіндер де бар.

Әлеуметтік желіде өткен жылы бір қазақ кісіге қазақша сөйлегені үшін дүкеннің күзетшісі жұдырық жұмсап, жеңіл жарақат салғаны туралы видео таралды. Өткен жылы Мухоряпов деген аты дардай бизнесмен ресейден келген жастармен кездесуінде «орысша сұраққа қазақша жауап беру мәдениетсіздік» деп салды. Намыстанған ұлт жанашырлары оны сотқа бермек болып еді, Бас прокуратура «қылмыс құрамы жоқ» деген уәжбен істі жауып тастады. Ал күні кеше Алматыда дәмханаға барған бірнеше қазақ келіншегі ас мәзірінің қазақша жоқтығын айтқаны үшін әкімші «фашистер, нацистер» деп сөгіп, ар-намыстарына тигені туралы видео әлеуметтік желіде көпшіліктің ашу-ызасын туғызды.  Дәмхана әкімшісі «білмей қалыппын, кешіріңдер» деген сөзбен 13 млн. қазақтың ана тілін қорлағаны үшін жауапкершіліктен оп-оңай  сытылып кетті. Өкінішке орай, мұндай оқиғалар әр өңірде кездеседі.

Ата заңымыздың 7 бабының 1 тармағындағы  «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген аққа қара жаққандай жазылған сөз, Тіл туралы заңдағы мемлекеттік тілге қатысты баптар – елімізде мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілінің барлық салада міндетті түрде қолданылуы тиіс екендігін көрсетеді. Бірақ та, сондай заңдарды қабылдаған мемлекеттік органдардың салдыр-салақтығынан заңдарымыз жүзеге аспай келеді. Осыдан келіп, тіліміз аяқ асты болып, қазақ тілінде сөйлейтін қазақтар қазақша сөйлегендері үшін ғана жазықты болып, сөз естіп, қорлық көріп жатады. Шындығында, егер мемлекеттік құзырлы органдар өз міндеттерін дұрыс орындап, тілге қатысты заңдардың дұрыс орындалуын қадағалап, соны талап етіп отырса «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болар еді. Жоқ, олай болмай тұр. Өйткені, әлгі билікте отырғандардың көбі қазақ тілін мүлдем білмейтін және сорақысы сол, білгілері келмейтіндер. Олар қасақана аяқтан шалып, барлық жерде тек қана орыс тілінің қолданылуына мүдделі.

Ютуб каналында бір орта жастағы қазақтың «меннен қазақша сөйлеуді талап етуге қандай құқыларың бар, қай тілде сөйлегім келсе, сол тілде сөйлемін, қытайша ма, суахили тілінде ме, оны өзім білемін, басты ауыртпай аулақ жүріңдер» деп кіжінген видеосы таралды. Әлгі қазақтың қазақ тіліне ата жаудай сонша кіжініп, жеккөрінішпен шүйліккені қайран қалдырады.  Бұның астарындағы жалғыз себеп: орысша оқыған қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйрену сияқты басы артық шаруадан бастарын арашалау жатқаны дау туғызбас шындық. Міне, осыдан келіп, орыс тілділер мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен қазақтарды жалпақ тілмен айтқанда иттің етінен жеккөреді. Ал мемлекеттік органдар тілге қатысты «сен тимесең, мен тимен» қағидатын ұстанып отыр. Тіл туралы заңды аяқ асты етіп жатқан жеке меншік және қызмет көрсету саласының мекемелері мен ұйымдарынан заңды қадағалайтын прокуратура «неге бұлай жасайсыңдар» деп бір ауыз сөз айтып, талап қоймайды. Ішкі саясат басқармаларының құрамында мемлекеттік тілді дамытуға арналған арнайы бөлім бар, олар да үнсіз.

Бар билікті қолына жинақтаған Елбасы Н.Назарбаевтың өзі 2011 жылы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 90 пайызы мемлекеттік тілді білетін болады деген еді. Бірақ та, оның басқа да бағдарламалары сияқты бұл тапсырмасы да аяқ асты болып тапталып, орындалмай қалды. Ол кісінің айтқан «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» дегенін де ешкім құлағына қыстырмады. Елбасыны тыңдамаса, онда бұл биліктің қарапайым халықтың талабына құлақ аспайтыны айдан анық. Осыны ұққан қарапайым халық – қазақ тілді қазақтар ана тілдерінің жайын өздері ойлап, өздері әрекет етуге көше бастады.

Ата заңнан бастап Тіл туралы заңда мемлекеттік мәртебесі айқындалған қазақ тілінде қызмет көсретуді  талап еткен белсенділердің қозғалысы бірнеше жыл бұрын пайда болды. Сол тұста бұл жұртшылық арасында біраз шу туғызған еді. Қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін жазықты болып, орыс тілділерден сөз естіп, тіпті таяқ жегендер де болды. Ол аз десеңіз, бұл мәселеге ресей  ақпарат құралдары араласып, «қазақтар орыстарды қуғындап жатыр» деп аттандады. Осыдан сескенген билік заңда белгіленген мемлекеттік тілге қатысты талап қойған белсенділерді қуғындай бастады.

Бұл алдымен, ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Дәурен Абаевтың бір ресейлік журналистке берген сұхбатында мемелкеттік тілді талап еткен белсенділерді «үңгірдегі ұлтшылдарға» теңеуінен басталып, сондай белсенділердің бірі  Ахметовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, содан ол шетел асып кетуге мәжбүр болды.

Осындай қиындықтарға қарамастан, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен белсенділер әр өңірден бой көрсетіп, бұл бағытта жұмыстар жалғасып жатыр. Қазақ тілі десе кірпікшешенше жирылатындардың бірқатары белсенділердің қысымымен әлеуемттік желілерде кешірім сұрап, райларынан қайтуға мәжбүр болды. Әрине, үш ғасырдай отарлық езгіде болған қазақ тілі бірер жылда мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріле алмас, дегенмен де, қазақ тілді қазақтар жұмыла күш салса, ақырындап  тіліміз өз мәртебесіне лайықты тұғырға қонары анық. Яғни, қазақ тілін дамыту –  биліктің емес, қазақ тілді қазақтардың ісі болып отыр. Осы орайда, эстондар мен латыш, литвандардың тәжірибесін пайдаланып, ұрыс-керіссіз, эмоцияға берілмей заң негізінде әрекет жасасақ, тіліміз жылдар өте келе мемлекеттік дәрежесіне лайықты деңгейге көтеріледі деген үміт бар.

Қалкөз ЖҮСІП.

 

 

 

- Advertisement -spot_imgspot_img
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.
Latest news
- Advertisement -spot_img
Related news
- Advertisement -spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here