Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің бірқатар кәсіпорнына барып, энергетикалық және әлеуметтік нысандардың жұмысымен таныс ты.
Алдымен Мемлекет басшысы азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар дайындайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып, офицерлермен және курсанттармен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды.
«Бұл – ең алдымен, құтқарушы мамандарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді», – деді Мемлекет басшысы.
Жақында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құтқарушылар мен дәрігерлер жіберілді.
«Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады.
– Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет ететінін, озық әлемдік тәжірибені қабылдап, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды екенін айтты. Президенттің пікірінше, құтқарушыларды сапалы дайындауға ерекше назар аудару керек.
Мемлекет басшысы бұл мәселеде командирлер мен ұстаздар басты рөл атқаратынын атап өтіп, өзінің тапсырмасымен Үкімет академияның материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салып жатқанына және жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Мемлекет тарапынан құтқарушылардың еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында академия түлектері халқымыздың амандығы үшін қызмет ете беретініне сенім білдіріп, оларға табыс тіледі.
Айта кететін жайт, Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі.
Бұл академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады. 2021 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредитациядан өткен. Үкіметаралық келісімдер аясында академияда Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының білім алуына квота бөлінген.
Мемлекет басшысы академияның төтенше жағдайларға арналған техникаларымен, оқу-жаттығу жабдықтарымен танысты. Оқу орнының мамандары курсанттарды практикалық тұрғыдан машықтандыру үшін арнайы құрылғылар ойлап тапқан. Сол арқылы нысандардың өртке қарсы қауіпсіздік жағдайын және өрттен кейінгі ахуалын 3D моделімен айқындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қажет екенін ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына сапары барысында Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Президентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді.
Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді.
Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынған. Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Еуропадан, Оңтүстік Кореядан роботтандырылған дәнекерлеу, фрезерлеу орталықтары және станоктар сатып алынған. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы басқа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 миллиард теңгеге 6500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баяндама жасады.
Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 миллиард теңге инвестиция құйылған.Президент машина жасау кәсіпорындарының басшыларымен де өндірісті өркендету жөнінде пікір алмасып, Үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіліп жатқанын, олардың еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екенін атап өтті.
Бұдан әрі, Мемлекет басшысы Көкшетау қаласында былтыр мамыр айында ашылған «Viamedis Kokshetau» клиникалық оңалту орталығына барды. Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған.
Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау мекемесінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді.
Президентке емхана басшылығы орталықтың науқастарға сапалы әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи медициналық аппараттармен және құралдармен жабдықталғаны жөнінде мәлімет берді.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды. Өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 миллиард теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыстағы 38 елді мекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысына Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдік инвестормен бірлесіп, Көкшетауда 630 орындық көпсалалы заманауи аурухана салу жобасын жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды.
Президентке осы медициналық орталық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағынауданының құрылысы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағынауданның аумағы – 1120 гектар. Бұл жерде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ-мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.
Фото: t.me/aqorda_resmi