Жаутаң – жаутаң қарады. Кішкентай Дияр. Шық деп жатыр пәтерден, ертең босатуымыз керек, – дейді анасы. Шұнақ Құдай – ай!.. Біз қашан үй аламыз, отырамыз ба осылай, көшіп-қонып деп ызаланып қыстығып жылап жіберді. Әкесі балдағына сүйеніп күрсінді.
– Қайда барамыз, қайда Зәуреш, Еһ! – деп күбжіктеп өзін кінәлі сезінгендей дәрменсіз күй кешіп түсі бозарды, сол жақ кеудесін ұстап ерінін тістеді. Қаншама жылдан бері аядай қалада пәтер жалдап келе жатқан Аян мен Зәурештің басынан не өтпеді. Мынау отыз алтыншы пәтері, бұдан да шық босат деп жатыр. Жер кепеде, еврейдің құлағалы тұрған үйінде, маскүнем Славканың қабырғалас барақ үйінде айта берсең, тізе берсе отыз алтыншы үйге тұмсық тірепті. Желтоқсанның оныншы жұлдызы. Далада арқаның аязы ысқырып, әлгінде жапалақтап қар жауған, қаланың іші бозарып тұр, аспан бұлтты. Үшінші қабаттағы қос бөлмелі жамбас пұлын төлеп тұрып жатқан пәтеріне Аян ызалана қарады. Ит өмір-ай! Ит тіршілік. Әжесі марқұм «арту-арту құм келсе, атан тартар бүгіліп», – деп термелеп отыратын-ды. Отыз жылдан бері жеткен жетістік, өткізген істің барлығының нәтижесін көріп тұрған халық жоқ. Аяңдап міне қырыққа қадам басыпты. Үйленіп сүйретпесін сүйретіп жүріп, теміржолда жол тазалаушы боламын деп, беліне зақым келтіріп алды. Екі рет ота жасатып ауруханаға таңылып ұзағынан жатты. Ақыры үшінші топтың мүгедегісін деп көмек ретінде отыз бес мың теңге төлеп, зейнетке шығарды. Алаулап, жалаулап, рақаттанып асаудың құлағында ойнайтын жасында мүгедек болып қалғандығына налиды. Талай рет өзіне қол салып кетпекші болды. Бірақ, кішкентай Диярды, Зәурешті қайда тастайды? Құрысын жаман ойдан аулақ. Көппен көрген ұлы той деп, қараниетінен арылып миындағы харам ойдың тұтқыны болмай, алға жігерленіп көз тіккен болады.
– Қожайын неге шық деп жатыр, бағасын көтер дейді ме?-деп жылап болып, көзін сүртіп отырған Зәурештен жасқана сұрады.
– Бұл пәтер қарттар үйінде жатқан бір орыс кемпірінің үйі екен. Ол кемпірдің баласы Ресейдің Орынбор қаласында тұрса керек. Мобилизация басталғанда тарихи отаным деп елге келіп, тұрақты тіркеу алып, Қазақстанның азаматы болайын десе, шешеңіз қарттар үйінде жатыр, сізді тіркеуге қоя алмаймыз депті. Он бес жылдан бері іздемеген шешесін тауып алып, аяғын сүйіп, сыйлығын апарып қысқасы осы пәтерде өздері тұрмақшы. Әлгінде екі-үш күннің ішінде босатып беріңіздер, – деп ескертті. Енді босату керек «жарлық қатты, жан тәтті» деп телефонынан пәтер іздеп отырған Зәуреш үнсіз күрсінді. Үшінші сыныпта оқитын Дияр. Тағы да көшеміз бе, мектепті тағы да ауыстырады ма деп үрейленіп ата-анасына әлсін-әлсін жаутаңдап қарайды. Осы қалада он екі мектеп болса, сол мектептің барлығында Диярдың сыныптастары бар.
Бала қиялы өзіміздің пәтер болса деп алысқа кетті. Әкем қамықпаса, шешем тарықпаса. Бірақ ол пәтерді алу үшін миллион-миллион ақша керек шығар. Мысалы он миллион, я болмаса тоғыз миллион. Бұл бірнеше қап ақша болуы мүмкін. Айтпақшы үй тапсырмасына Махамбеттің өлеңдерін жаттап кел деп еді апай:
Ақсүйектің баласын қара ұлына теңгеріп,
Қоңыраулы найза өңгеріп,
Жесірлерге жер бердім,
Жетімдерге жем бердім,
Сол ерліктен не көрдім?!
– деп күбірлеген Диярдың көзінде жас, дауысында діріл бар екендігі көрініп тұр. Балдағына сүйеніп тұрған Аян. Ұлына емірене қарады.
– Кімнің өлеңі ұлым?
–Махамбет…
Махамбет… Махамбет деп күбірледі Аян.
– Алл-о? Да… Алло. Пәтеріңізді жалға бересіз бе? Жоқ, жоқ бізге бір күнге емес ұзақ мерзімге керек. Алдына-ала дейсіз бе, ол жағынан енді иә ақша жоқ, олай төлей алмаймыз. Айдың аяғында міндетті түрде кешіктірмей. Жақсы, қымбатырақ екен. Түсіресіз бе? Жақсы… сау болыңыз!
Екі сағаттан бері пәтер береміз деген жарнамадағы телефондарға звондап ақыры түк таппады. Жер үйдің өзінің бағасын шарықтатып көтеріп жіберіпті. Ресейден келгендердің барлығы жылы пәтерлерді жалдап алған. Ертең енді газеттен қарамасақ, – деді Зәуреш.
Ота жасатқан белі түні бойы сырқырады. Болмайды. Жұмысқа шығамын. Бүйткен тірлігінің аузын ұрайын. Жан –жарасы жанына батқан адам алдынан не шықса да қарамайды. Құрысын үкіметтен мүгедектігі үшін берілетін аз ғана ақшасына отырса үшеуі аштан өлетін түрі бар. Бүгін далаға шығып таза ауа да жұтқан жоқ. Әлгінде ішкен шайы жүрегіне батпай, орнынан тұрып киініп тысқа беттеді. Дияр үнсіз сабағын оқып, жаңағы өлеңді күбірлеп отыр. Зәуреш телефонда пәтер іздеп отыр. Таяғына әрең сүйеніп үшінші қабаттан тоқтап-тоқтап, демін алып әрең түсті. Аяз әлгіндей емес басылыпты. Аспан бұлтты. Жұлдыздар сирек. Аяңдап жарығы мол орталыққа қарай бет алды. Гүрілдетіп біреу орталықта отын кесіп жатыр ма деп, дыр-дыр еткен дыбысқа қарай ақырын жүріп жетті. Шытынаған мұздарды әкеліп Мұз қала салып жатыр жас жігіттер. Әр түрлі кейіпкерлер. Аяз ата, қасында Ақшақардың мүсінін орнатып қойыпты, мына жағына доңыз, маймылдың мүсіндері.
Биік шыршаны орнатып қойыпты. Көк мұздан қала соғып жатқан жігіттер ешкімге қарайтын емес. Қатты әбігер. Орта бойлы. Қараторы жігіт сірә бастықтары болуы керек. Жігіттерге бұйрық берген сайын, дігірлейді. Бүгін сағат он бірге дейін біразын бітірейік, Фархат Муратовичке айттым. Алаңдамаңыз деп. Келер жылы да күн бар ғой, жігіттер так что биыл ойдағындай жасап берсек келер жылы Фархат Муратович тендерде тағы да көмектеседі, – деп.
Таяққа сүйеніп тұрған Аянға, қараторы жігіт алара бір қарап темекісін тұтатып жатып міңгірледі. Өз ойымен өзі арпалысып, тұратын пәтер іздеп тұрған Аян. Оны қайтсын!
Екі кештің арасында есі ауысқан біреу ме, мына суықта таяққа сүйеніп қасына келіп тұрған я болмаса Фархат Муратовичтің жіберген көзі мен құлағы болмасын, қу бастан қуырдақ қуырғыш әкім қаншама жылдан бері осы ауданды басқарып, тиының теңге, теңгесін доллар қылып жамыратып жатса да үстінен қаншама шағым-арыз түссе де мыңқ етіп орнынан қозғалмай отыр, бақа батпағына, балық көліне демекші, Фархат Муратовичтің демек шатыры мықты болып тұр. Темекісін шегіп болып таяққа сүйеніп тұрған Аянды мүсіркеді ме, әлде әкімнің бірдеңе жақыны деді ме, қасына келген шолақ бастық. Күректей қолын созып Нұржан деп танысты. Осы қаланың тұрғынымын. Фархат Муратович келгелі біздің қаланың Мұзқаласы законный болды, көрмеймісің тіпті шыршаның биіктігін, барлығымыз үш машина болып орманды аралап әрең таптық. Атқарып жатқан істің барлығы Фархат Муратовичтің атақ-дәрежесіне, мансап биігіне сөз келмесін деген ой ғой біздікі. Иә, өзіңіз кім боласыз? – деп сұрақ қойды.
Мықтыларым сөз айтса, бас изеймін шыбындап деген Абайдың сөзі есіне түсіп кеткен Аян, алдында қу түлкідей бұлаңдап тұрған Нұржанға күлімсірей қарады да.
– Пенсионермін, – деді.
– Органда істеген шығарсыз. Бәсе Сізді бір жерде көрдім. Иә… көрдім. Сөзді көбейтпей Аян, қысқа ғана «…-иә» дей салды.
– Шіркін біздің әкімнің жүрегі кең, алақаны берекелі, басқан ізінен күміс төгілген жомарт азамат қой, биылғы жылы қаланың балалары Жаңа жылды айрықша тойласын деп жүз он миллион қаражат бөлгізді. Иә, қазақ айтады ғой «алса құсым, алмаса желпуішім» деп, Фархат Муратовичтің осы жерде отырғанын құдайдан тілеп отырамын, – дейді Нұржан.
– Қанша бөлгізді дейсің? – деп сұрады Аян.
– Жүз он миллион. Енді ол ақшаның барлығы былай нетіп, әлгі орын-орынымен жолымен, ізімен, жылдағы ескі соқпағымен кетеді ғой. Жұмысшы бар, техника бар тағы-тағылар. Бірақ әрине Фархат Муратовичтің жылда көңілінен шығып келеміз. Өй есалаң, ана жеріне қарасайшы, туһ осы сені ме, әй Қуаныш, баршы анаған, анау тағы бүлдіріп жатыр! – деп доңыздың мүсінінің тұмсығын қызыл сырмен бояп жатқан жігітке зекіріп, суықтан әбден еріні бозарып кеткен жігітті жұмсады. Нағыз көк жалқаулар, қазақтар жалқау ғой иә жалқау, өзіміздің қазақ болған соң, көп ұрыса алмайсың. Орыстар істесе баяғыда ың-шыңсыз бітіріп тастайтын еді. Келмейді олар. Күні бес мың теңгеден дегем, қиын жұмыс «хотя бы сегіз мың»,-дейді. Аулақ дедім мына жігіттерге күніне үш мың теңге төлеймін, ауылдан келеді «обед менен» ештеңесі жоқ нормальний істеп жатыр иә?-деп сұрады.
Аян жиіркене қарады да. Қайран жүз он миллион далаға кеткен. «Жел безекке жебе дарыса, балық өрге жүзе алмас» демекші, отыз жылдан бері жын-жыбырдың мейрамын барлығымыз тойлап келе жатырмыз. Шығыс халқының Әз Наурызы жетім қыздың сыңсуы сияқты апыл-ғұпылмен өте шығады. Әжесі марқұмның сөзі есіне түсті, жарықтық «балықшы суда жүрсе де, сусап жүреді» – дегенді жиі айтатын. Отыз жылдан бері қазақы дәстүрін жолға қоя алмай, тіліне мәртебе бере алмай етегі тезекке толып жүрген қазақ. Жыласа кімнің аузы қисаймайды демекші, шын жылап, аузы қисайып, қиналып, аһілеп-уһілеп жүрген қаймана қазақ. Қайда барсаңызда жоқшылықтың зардабын тартып, әділдікке қолы жете алмай, санасы күйреп, миы мырың болып жүрген қазақ.
Аз ғана қазақтың мүддесінен, басқа ұлттан қарағанда соңғы сатыда. Тәуелсіздік келді. Жеке ел болдық деп атасы марқұм елең-алаң мезгілде көрші-қолаңды шақырып бір бозқасқаны сойып құрбандық берген. Сол кездегі атасының замандастары қандай еді шіркін. Анау шежірені білетін Сәду. Батаны төгілдіріп елді аузына қарататын Баймырзатегі Молдахмет ата, қажыны баласы Қазкеш. Барлығы ақиқатты бетке айтатын, көңілі дариядай төгілген, көпті көрген бір-бір бәйтерек еді. Қазіргінің қарияларының айтатын бәлдуі үй арасындағы өсектен әрі аспайды. Таяғына сүйеніп ойға беріліп ұзақ тұрып қалды ма, денесін жаурап үйіне қарай бет алды. Аяз қайта көтеріліпті. Бетті шымшитын емес-аяз үдеп барады. Үйдегі сүреңсіз көрініс көз алдына келіп, жалдамалы отыз алтыншы пәтеріне кіргісі келмей далада ұзақ тұрды. Темекі шеккісі келді. Темекіні былтыр ота жасатып төсекте жатқанда біржолата тастаған. Ашуыңды басатын жүйкеңді орнына келтіретіндей аз да болса да көмегі бар еді. Бүгін темекі шегетін күн… Қоқыс төгуге бесінші қабаттағы көршісі шықты. Темекі сұрады. Бір тал ұсынды да, оттығын барма деместен тұтатып берді. Одыраң-одыраң еткен бойы екі метр, кім білсін, бұл да қазақты қорқытуға келгенде алдына жан салмайтын дөйдің біреуі дейді жұрт. Орыс тілді жігіт. Алғаш танысқанда кәріс шығар шығар деп ойлаған. Жоқ ханзу болып шықты. Орыс әйелі бар. Бірде ащы судан молынан ұрттап алса керек…
Жалғасы бар…