Ес білгелі «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Абылай ханның ақ жолы» деген сөз тіркестерін естіп жүрміз. Бұл жерде дауыс үндестігі де сай келіп, құлаққа да, санаға да жағымды әсер береді. Ал, «қара жол» деген тіркес, атом ғасырындағы, интернеттің қысқа қайырымдарына үйренген санаға тосын, тылсым, үрейлі әсер етеді екен.
Жүздеген жылдар бойы ата-бабаның аққан қаны мен төккен терісінің өтеуімен келген, әріп танымайтын халықтың ауыз-екі шығармашылығымен санаға сіңген, оның бер жағында том-том кітап жазған ұлы ғұламалармен түйінделген бұл ұғымды Мұрат қажы Ыдырысовтың өзгертуіне не себеп болды екен? Атақ-мансап үшін болмаса неге Мұрат қажы журналисттің сауалына әлі жауап қатпай отыр?
Телефон шұқылаған мына заманда ерінбей, жалықпай ғұламалардың кітабын ақтарып, зерттеп, «Абылай ханның ақ жолы» екенін дәлелдеп шыққан журналистті тілдеп балағаттауы Мұрат қажының бұған дейінгі де істеген әрекеттерінің дұрыс еместігін дәлелдей түсті. Мұндай істері журналисті ғана емес, ата-бабамыздың қанымен жазылған заңдылықты, мақалада келтірілген ұлы жазушылар мен ғұламалардың ой-пікірін, халық санасына сіңген ел дәстүрін қорлағанмен тең. Мен халықтың атынан Мұрат қажының өз кемшілігін түзеуге міндетті екенін айтқым келеді.
Бұдан басқа, білдей бір басылымның дүрдей басшысы Қайыргелді Әкімбеков Мұрат қажының теріс әрекеттерін қолдап, қарт адамға мүлдем жараспайтын дөрекі сөздермен журналистерді тілдегенін көрдік. Шындықты шыңғыртып, бетке айтар талай журналистің панасы болған басылымның басшылығына лайықсыз қылық танытып отыр.
«Балық басынан шіриді» деген аталы сөз бар. Тәжірибелі, белді, білімді, қажырлы, жігерлі жастарды қолдаудың орнына қанатын сындырғаны көңілге қаяу ұялатты. Шырылдап, ата-бабадан қалған тарихтың бұрмаланбауына жол бермеуге тырысып жүрген тілшілерге тиіскенше, бір дастархан басында отырып, сырласқан замандастарының бетіне өтірік күлгенше, шындықтың өткір қылышын серік еткен жас журналистерді өзіне үлгі етіп, Мұрат қажының жіберген қателігін бетке айтуы керек еді.
Дұрыс болмады. Мұндай әрекеттерімізбен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрайын деп отырған «Жаңа Қазақстанымызға» қалайша қадам басар екенбіз? Егер осындай шыншыл, талапшыл, қайсар жастарымыз көп болса, халық әрдайым оларды қолдайды. Біз жастарға сенеміз!
Ақылбай Манап, социолог.
Ескерту: EsilNews инернет газеті мақаланы оқырмандарына қаз-қалпында ұсынады. Мақаланы EsilNews инернет газетінің esilnews@mail.ru электрондық поштасына осы мақаланың авторы Ақылбай Манап есімді оқырман жолдап отыр.
***
Еске сала кетейік, бұдан бұрын ««Абылай ханның ақ жолын» неге «қара жол» деп тарихты бұрмалаймыз» тақырыбымен мақала жариялаған болатынбыз.