Соңғы күндерде әлеуметтік желілерде Алматы және Астана қалаларында концертін өткізген ресейлік әнші Филип Киркоровтың оспадарлығы туралы әңгіме көп айтылуда. Сақалы қап-қара, шашын аққа бояп тікірейтіп қойған әншінің бетбейнесі де, үстіндегі әлем-жәлем киімдері де өзін сыйлайтын ақыл-есі дұрыстау адамдарға ерсі көрінері анық. Онысы аздай, ресейлік әнші Алматыда көрермендерінің алдына бұтына тылтитып денесіне дене болып жабысқан әйелдердің тар калготкиін киіп шыққаны, жәй шықпай бөксесін бұраңдатқаны тіпті, ерсі болды.
Ата-бабадан мыңдаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрді, оны айтасыз ана тілін ұмыта бастаған бүгінгі қазақ қоғамында Батыстық мәдениетке жөн-жосықсыз еліктеу жыл өткен сайын өршіп барады. Әнебір жылдары шаштарын бояп, беттерін жылтыратып макияж жасап сахнаға шығатын 91 тобының әншілерінің сырт бейнелеріне наразылық білдіргендер ол әншілердің өңірлердегі концертіне байкот жариялағандары болған. Сол тұста жасөспірім әншілердің өз жыныстарына тән емес сыртқы бейнелеріне қатысты әңгімеге қарсы шығып, оларды қызғыштай қорғағандар да болды. Бұның өзі Батыстық мәдениетке санасы уланған әншілер ғана емес, көрермен көпшіліктің арасында да сондай ерсі көріністерге көздері үйреніп, оны мәдениеттің көрінісіндей көріп қабылдайтындардың бар екендігін анық көрсетті.
Содан кейінгі жылдарда «жаман әдет жұққыш келеді» демекші, әншілеріміз де, көрермендер де батыстық анайы мәдениетке көздері үйреніп, көңілмен қабылдағанын айғақтайтын жайлар әредік орын алып қалып жүрді. Өткен жылы бір жас әншісымақтар еліміздің көк туын қорлап, ол аз десеңіз сахнада ауыздарына келген анайы сөздерді айтып, батыстық жабайы мәдениеттің біздің елімізге тереңдеп енгенін анық көрсетті. Шектен шыққан жас жігіттердің қылығы жұртшылықтың қатты ашу-ызасын туғызып, әлеуметтік желілерде оларға қарсы пікірлер қарша борады. Бірақ та, сондай анайылық жасаған әншілер «мас болып білмей қалыппыз, кешіріңдер» деп өтірік кешірім сұраумен құтылды.
Таяуда жұрттың алдында ән салып тұрған белгілі әнші Лұқпан Жолдасовтың қасына келіп жамбасын сипаған жігіттің әрекеті жұртшылықты біраз ренжіткен. Ал күні кеше белгілі әнші Алтынай Жорабаеваны туған күнімен жартылай жалаңаш бірнеше негр еркектердің құттықтауы түсініксіз ойларға жетеледі. Жартылай жалаңаш негр жігіттер әншінің суретін қолдарына ұстап туған күнімен құттықтап тұр.
Шынын айтқанда мәдениет саласындағы осындай түсініксіз жайлар көбейіп барады. Белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлиев әнші қыз-келіншектердің 90 пайызы жезөкше деп салды бір сұхбатында. Мынау рас болса, онда мәдениет саласы мәдениетсіздікке әбден былыққан екен деген ойға қаласың. Бұл саланың кері кетер жөні де бар. Бүгінде жемқорлық жасады деген айыппен абақтыға қамалған біраз жыл еліміздің мәдениетін басқарған экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлы сияқты адамдар басшылық жасаған сала қалай өрге бассын.
Жоғарыда айтылған Киркоровтың концертінің билеттері 60 мың теңгеден сатылыпты деседі. Сонша ақшаны беріп, концертке барғандардың басым көпшілігі өз қандастарымыз екені белгілі. Яғни, батыстың ғана емес, орыстың мәдениетіне де құдайдай табынатындар баршылық. Өкініштісі сол, олар өз кумирлерінің әйелдердің калготкасын киіп, бөксесін бұлтыңдатқанын ерсі көрмейді, тіпті оны продюсердің тапқырлығы санап, тәнті болып қол соғады. Осындай көрермендері болғандықтан да, Киркоров сияқтылар ойларына келгенді жасайды. Біздің еліміздегі 91 тобы секілді батысқа еліктегіш жастар да соларға еліктеп, арсыздықтарға бой алдырады. Бұндай анайылықтар көрермен көпшілікті бұзып, жастарды азғындыққа итермелейтіні анық.
1986 жылы Қазақстанға келіп концерт қойған Алла Пугачева микрофонның қосылып тұрғанын білмей өнеріне қошемет көрсетіп қол соққан көрермендерге ызасы келіп «мына баран қазақтар әбден шаршатты» дейді. Соны естіген көрермен қазақтар қатты ыза болады. Осы жайды естіген сол тұстағы республикамыздың мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков Алла Пугачеваны қара тізімге қосып, елімізге концерттік сапармен келуіне мүлдем тиым салып тастайды. Киелі сахнаға әйелдердің калготкиін киіп шығып сахнаны да, көрерменді де қорлаған Филип Киркоровты қара тізімге енгізіп, елімізге келуіне тыйым салуға бүгінгі министр Дәурен Абаевтың батылы бара ма екен?! Ол күмәнді. Бір-екі жыл бұрын ресейлік басылымға берген сұхбатында ана тіліміздің жайын ойлап шырылдап жүрген белсенділерді «үңгірдегі ұлтшылдарға» теңеген Абаевтан ондай азаматтық шыға қояды деуге еш негіз жоқ.
Ұзын сөздің қысқасы: еліміздің мәдениет саласына түбегейлі реформа, сол өзгерісті жүзеге асыратын Өзбекәлі Жәнібеков сияқты елжанды, ұлтжанды ұлы тұлға керек. Олай болмаған жағдайда, мәдениет саласынан басталған мәдениетсіздіктер әуелі жастарды, содан кейін жалпы қазақ халқын құртып, азғындықтың құрдымына құлатары даусыз.
Қалкөз ЖҮСІП.
Осыны шақырып жүргендердің өзі сондай гей ғой