Саңырау дүние! Сен саңырау болғалы тасжүректер, мейірімсіздер, есуастар, тобырлардың дәурені жүріп тұр. Айқай салғым келді. Ұлы Мұқаң һәм Мұқағали дүниеден өткелі не өзгерді деп сұрақ қойғым келді. Жыр өзгерді, сыр өзгерді, ән өзгерді. Бірақ адами формула сол қалпында. Ақынның жаны бала кезінен жаралы. «Қарғаның валетіндей мынау біреу, едірейіп қасына қайдан келген?» Осыны оқығанда жүрегім дір ете түсті. Санасын түк басқан, миы мырың, ойы онға бөлінген дүние мейірімге шөлдеп, таңдайы кеуіп тұр. Мұқағали ақынның жеңгесі жар жылуын іздеп, ыстық құшақты аңсады. Ал ұлы ақын мейірімді, ыстық ықыласты, махаббатты аңсады. Мейірімсіз дүниеден жиіркенді. Соғыстан қайтпаған аға. Жесір жеңге. Сұмдық картина.
Ештеңе өзгерген жоқ, өзгерісте болмайды. Өзгереді ме? Өзгермейді –ау!
-Мұқағали кім?-деп сұрадым баяғыда, жиырмасыншы жылдың аяғында желтоқсан мезгілінде бір студенттен.
-Ақын,-деп жауап берді.
-Қандай ақын?-деп бастырмалатып тағы сұрадым.
-Ішкіш ақын екен, апайымыз айтты дегенде, селк ете түстім. Әрі қарай сұрауға батылым бармады, әрі қарай сұраудың өзі қорқынышты. Өсіп келе жатқан ұрпаққа біздің ұлыларымызды даттап қаралап, бейшара қылып жазып жүргендердің кесірі, солардың кесапаты. Арман ұзақ, ғұмыр қысқа. Ендеше есті ағайын уәж айтайын. Уәж емес -Дат айтайын. Тыңдайтын есті болса, есерге, есалаңға айтатын Датым да, Уәжім де жоқ. Тыңдалмаған сөз жетім. Ауаға қалықтатып сөзімді жетім қылғым келмейді.
Мұқанов Сәбит сатқын екен,
Қонаев татар екен,
Назарбаев қалмақ екен,
Ж. Шаяхметов, Үкілі Ыбырайды атқан екен,
Мағжан эротикалық сарында өлең жазған екен,
Мұхтар Әуезов, орыстан қатын алған екен,
Димаш Құдайбергеновтың руы қырғыз екен!
Екен…екен. Екенмен егізімізді жамандап, естімізді қаралап, өзіміздің ұлы рухымызды пәсейтіп, маңдайларына қарғыс таңбасын басып әлек-шәлекпіз. Мұқағали ішкіш болды ма? Гәп осында. Ұлы Абайдың өзіне тіл тигізіп, талай қыздың пәктігін ұрлаған дегенде, мыңқ етпеген меңіреу қоғам әбден милары уланып қалғандай.
Биік талғампаздық, биік парасаттылық қайда?
Алаш қайраткерлерінің ғұмырдерегін оқып отырып, жаным ышқынып жылағым келді. Елім деген ерлерді ат көтіне байлаған Сталин емес-өзімізден шыққандар, екі қазақтың ортасындағы диалогі өсегі, сөзі, қырт әңгімесі. Державаны басқарған Сталинге де, Берияға да, қу жақ Голошокинге де бәрі-бір еді. Түгел қазақ суға кетсе де.
Әлеуметтік делқұлдыққа, рухани нақұрыстыққа, саяси қояншықтыққа бойүйретіп алған қоғамның арпалысатыны, тек өзімізден шыққан тектілерді жамандап, жазу, қаралау, өле-өлгенше қарғыс таңбасын басу. Тау суындай тұнық та мөлдір ар, кезінде бәрінен қымбат еді. Арым жанымның садақасы деген бір ғана ауыз сөз, түйінді еді, түймедей еді, кімді болсын ойландыратын еді. Бүгін бәрі басқа. Әркім өз пікірін оқиды. Әркімнің өзінікі жөн.
Мұқағали Мақатев кешегі Махаңдардың сарқыты болды, өзі де дәл осылай жазды. Мұқағали күн еді. Көлеңкелер шығып кезінде даттай бастады, қаралай бастады. Ақынның еркелігін көтермеді, көтергісі келмеді. Бертін жазғыштар «дүние шолақ, жан қонақ» дегенді ұмытты да, есімдерін шығару үшін, музаның пешпеті мың түймелі періште ақыны жайлы том-том кітап емес, топ-топ өсек шығарды. Елге тарады. Өзі жас ,құлағы кәрі дүниенің құлағы ештеңе естімейді. Кітап оқымайтын жастар «Мұқағали ішкіш болған»,-дейді. Оларға ұстаздары айтқан. Ұстаздың өзі кітап оқымайды. Қазақтан шыққан кіл жақсының барлығының нәсілі басқа я болмаса ішкіш, жүргіш деген өсекке шырматылған. Абыл ақын былай депті:
Арғымақ атта сын болмас,
Қиған қамыс құлақсыз.
Айдын көлде сын болмас,
Жағасы болса құрақсыз.
Жеті суда сын болмас,
Аяғы болса бұлақсыз.
Азаматта сын болмас,
Арты болса тұяқсыз -,депті. Қазақты қазақ жамандап, қазақты қазақ сабап, қазақты қазақ боқтап, басқаның алдында азаматын «құрбан қылған» қайран кем дүние-ай! Ұлы Мұқағалидің ертең туған күні. Ақындар өлеңдерін оқып, жазғыштар пост жазып, газеттер мақала жариялап қарбалас. Қайғы теңіз, көз жасымыз сел болып, Мұқағали Мақатаевтың кезінде адресіне айтылған «жала мен күйеден» қалай ажыратып аламыз деп есті қазақ ойланды ма екен?
Мұқағали ішкіш болған жоқ. Мұқағалидің жүрегі от, сезімі жанартау ұлы шыңдарды бағындырған толағай ақын болды. Ханы қайран, қарашасы тас болған қоғамға өткенді жамандап, аруаққа тіл тигізіп қажеті жоқ. Бақыты зордың бақталасы да мол екендігін ұмытпайық!
Мұқағали ақынның рухы шат болсын!