-8.7 C
Kokshetau
Сәрсенбі, Наурыз 22, 2023

Өлімнен ұят күшті

Айтайын дегенімӨлімнен ұят күшті

Құдай өзі кешірсін! Кешіруші Ұлық Аллаға ғана бас иемін. Қазіргі қоғамда кемпірі қайсы, келіншегі қайсы, жігіті қайсы, қызы қайсы айыра алмай қалдық.  Қорқыт бабамның мына бір ұлы сөзі бар екен «қыз анадан үйренбей, өнеге алмас, ұл атадан үйренбей, сапар шекпес» деген. Заман ағымына байланысты адамның психологиялық ойлау қабілеті де мың сан түрлі бояуға еніп, өзгеріп бара жатыр.

Өткенде дүкендегі сатушы адамға «апай анау тұрған сағызды беріңізші» деп едім, қара пәлеге қалдым. Қайдағы апай мен, апай емеспін, әлі алпыстамын!-деп біраз ашу шақырды, жүйке жұқартты. Ренжімеңіз апай, жүзіңізді әжім басып, маңдайыңыз қырыстанып самай шашыңыз ағарыпты «қарындас» десем маған ұят, апай десем сізге ұят! Мен-ақ ұятсыз болайын деп шығып кеттім. Кетіп бара жатып ойландым.

Қазір әйелдердің басына қарасаңыз құдай-ау, өзі кешірсін, алуан түрлі бас бар, алуан түрлі шаш бар. Мысалы: тақырбас, сарыбас, қарабас, сырғалы бас, әйтеуір бұтына лыпа киіп жетпістен асса да ақылы кірмей, жалпақ тілмен айтқанда, жабағысы түспей жүрген, пақырларды көргенде ажырата алмай дал боласыз. Кімге ренжисіз? Мемлекеттік идеялогияға ма, әлде тәрбиемізге ме?

Бұрынғы аналарымыз басынан ақ орамалын тастаған жоқ, әрине келін болып түскен күннен бастап  ақ жаулық жамылған сол аналардың барлығы иманды, ибалы болды.  Сүйінбай ақын:

Ер жігіт ел –жұртының панасындай,

Жақсы әйел әммә жұрттың анасындай.

Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,

Көреді бәрін де өз баласындай,

-деп баға берген.  Кейде осы дін саласында жүрген жігіттер «хиджаб» дегенді айтқанда өз басым қарсы шығатынмын. Әрине бесіктен белі шықпай жатып, жап-жас бүлдіршінді орамалмен тұмшалап жас өміріне балта шабуға болмас, ол бала, бала болған соң ақыл-есі кіргенше құрбысымен ойнап өсуі керек. Сосын әрі қарай өзі біледі. Ал енді отыздағы отыздан асқан келіншектерге ешқандай айтар сөзім жоқ. Бірақ адам жүре келе, есейе келе, баласы, баласының баласы өскен соң, жетілген соң,ақыл суаты жүрекке үңіліп бойына имандылықтың бір жібін ұстап ойланғаны абзал ма деймін.   Атақты Біржан атамыз:

Дегенде біз қартайдық, біз қартайдық,

Белгісі қартайғанның серттен тайдық.

Қанекей, соныменен шыққан мүйіз,

Қасына сұлулардың көп жантайдық,

-деп жырласа, Майлықожа «Көңіл мейман дүние» деген баға берген екен. Саналы ұрпақтың өсуі, жетілуі, әдепті болып қалыптасуы мың жерден әкесі тәрбие беріп, ұстазы баланың бойына тәлім ұрығын сепкенменен бәрі-бір бір ананың тәрбиесіндей болмайды. Жалпы менің ойымша кез-келген баланың психологиялық қалыптасуы ол анадан басталады. Тоғыз ай құрсақта жатып, сосын жарық дүниеге келген бала, алдымен анасының омырауында жатып мамасын емеді, ақ сүтінен нәр алады. Сосын ер адам «түздің адамы» жұмысы бар, шаруасы бар т.т. Ал тәрбие беретін «тәйт!» дейтін ананың  тәрбиесін көріп өседі, қандай бала болса да.  Ал енді бүгінгі күні шетелге тұрмысқа шығып жатқан қыздардың күн өткен сайын, саны артып келе жатқандығы тал бесіктен емес-тәрбиенің кемшілігі, аналардың немқұрайлығынан…

1917 жылы Лениннің бастамасымен «әйелдер теңдігі» жарияланды. Сол күннен бастап- КСРО-ның заңымен барлық әйелдер еркек пен құқығы тең болды.  «Қанша жерден духың мықты болсаң да, әйел-әйелдігін істейді»,- деп Бико досым айтатын. Расында «Біз көктен жаралған көктің ұлы-түркі жұрты боламыз!» деп ірі-ірі сөйлеп, іріленіп кеудемізді қаққанымызбен, қазір бөрік кигеннің сөзі далада қалса, қай жерде болсын әйелдің сөзі өтімді.  Сосын барып алпысқа келсе де, ақыл кірмей, алпыстан асса да ақылы жетілмей, жетпіске келсе жалаңбас, жалаңбұт жүргендердің өздеріне де тәрбие керек.

Осы күні кейбір әлемжеліге қарап отырсақ «ТикТок» деген қарабасқырда қара албастылардың талай отыр тіпті лақап есімдері де сұмдық «ҚараҚатын», «Қолтықшаш». Әрине бұл барып тұрған бөспелік «хит болу» «хит емес-таза сайтан болу». Қазір құдайға аян «әгәрәки қазақтың классиктері кім деп сұрасаңыз?» «ТикТокты» тамашалап жүргендер М. Әуезов, М. Мағауин, М. Мақатаевтарды танымайды, өйткені олар кітап бетін парақтамайды.

Шәңгерейдің асыл-дүр сөзі бар «қыз сипаты: мойыл көз, тоқ жүз» дейді.  Жан –сәуле, жүрек-айна. Әркім өз жүрегіне үңілсе, әйкәпір атанбаса екен дейсің.Жетпіске келсе де басына жаулық тартпай, не жас емес-не кәрі емес болып «ТикТокқа» түсіп әндетіп, маңырап отырған алдыңғы буынды көргенде «заман түрленді, жақсылар кірленді, ызасы у жерік! деген жарықтық Мәшһүр атамыздың сөзі еске түседі.  Адамдық борышты ұмытып жасы келсе де, ақылы оңынан келмей жүрген ананың қызы жар болып жарытпайды, жар болатын қыз үйінің берекесін, шаңырағының шаттығын ойлайды. Иә, бұл өзімнің жеке пікірім.  Ал Шаһкәрім атам, жарықтық жаны пейіште шалқысын!..

Саңырау мен наданға, ем бола ма құр ойбай,

ел құлағын, көзін аш,оқу оқыт, ғылым жай,

-дейді жарықтық. Не болмаса тағы Шаһкәрім атамыз:

Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,

Нәпсі ұнаса болғаны-бәрі бітпек.

Тәуекел деп ат қойып ықтималға,

Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.

Айтыңдаршы ағайын, арда жұртым осы біз пайдасыз дүниемен һәм құмарсыз дүниеге құмартып, өмірімізді қараң қылып қараңғылыққа батып бара жатқан жоқпыз ба? Мына жоғарыда отырған ақжағалы шенділер «ТикТок» т,б қара басқыр дүниеге шығып аузына келгенді оттап отырғандарға шектеулі заң шығару керек, ал оларды біздің отандық телеөнімдер экранға алып шығып қолтығынан көтеріп, дәріптеп, құрметтеп жатыр, құрметке лайықсызды құрметтейді!

Жүрегіңді нұрмен жу деген аталы сөз бар. Иә бастысы иман байлығы ғой.  Тілі дүр атам қазақтың «ұрпағын өлімге қимайтын елдің өзі де өлмейді» деген ғажап сөзі бар екендігін естеріңізге салайын. Ұят-өлімнен күшті деген осындайда еске түседі я болмаса «атағың бар болғаннан  гөрі, ұятың бар болғаны дұрысырақ» Ойлансақ екен ағайын!!!Егер сөзім ұнамаса, айналып өтіңіз. Мен данышпан емеспін, құдайдың құлымын, қазақтың бір ұлымын!

Сондай-ақ, оқыңыз...

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Ұқсас мақалалар

Тегтер бойынша оқыңыз:

Көп оқылған мақалалар