…Путиннің жетпіс жасқа толған күні Қырым түбегін құрлықпен жалғайтын көпірде орасан жарылыс болды. Түн ұйқысы бөлінген Путин жанын қоярға жер таппағаны анық. Себебі, осының алдында бұл көпірдің қауіпсіздігінің бекемдігі, тіпті ұшқан құс та, жүгірген жәндік те қадағалауда деген еді. Ал, оны ұшақпен, не болмаса, алысқа ұшатын зымырандармен жару мүлде мүмкін емес деп бөсігенін де білеміз.
Бірақ, дәл Путиннің туған күні болған көпірдегі жарылыс Ресейдің қауіпсіздік қызметтерінің де осал тұсын көрсетіп берді. Кеше Путиннің өзі бұл жарылысты Украинаның арнайы қызметі ұйымдастырды деп жария етті. Іле Украинаның бірнеше қаласын зымырандармен атқылады.
Әлемдік ақпарат құралдары, әсіресе, телеграмм каналдар Киевтегі және басқа қалалардағы бейбір нысандарға түскен көріністерді беріп жатыр. Кейбір ақпарат құралдарының айтуынша, Ресей тарапынан 84 қанатты зымыран атылып, оның қырық шақтысын Украинаның әуе қорғанысы күштері аспанда жарып жібергені белгілі болды.
Ресей өзінің әлсіз тұсын білдіргісі келмейтіні еш жасырын емес. Қайта осы арқылы «біз күштіміз, қуатымыз мол» деп жүздеген шақырымға атылатын қанатты зымырандарын қолдана бастауы бұл соғыстың жақын арада бітпейтінін де аңғарта түседі.
АҚШ президенті Байден де Украинаға қару беруге қаржыны еселей түсетінін айтты. Әсіресе, әуе күштеріне қажет әскери құралдар да беріледі деді. Тек, батыс елдері Украинаға тым алыс қашықтықтағы зымырандарын беруге асығар емес. Әзірге бар-жоғы 30-70 шақырым қашықтықтағы нысанды жоятын зымырандармен ғана қамтамасыз етіп жатыр.
Егер батыс елдері, оның ішінде АҚШ жүздеген шақырымдағы нысандарды жоятын қанатты зымырандарын Украинаға берер болса, бұл соғыс жаһандық дүрмекке айналып кетуі ғажап емес. Украина да ондай жағдайда іштен тынбайтыны анық. Мәскеуді де, басқа қалаларын да қолына әлгіндей зымырандар түссе, аянып қалмайды. Бұл дегенің, Ресейдің онсыз да тығырыққа тіреліп отырған шағында атом қаруын қолдануы да мүмкін. Мұндай пікірді әлемнің көптеген саясаткерлері айтып отыр.
Осы жуырда ғана Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Рябков ешкімге атом қаруымен қауіп төндірмейміз деп атап көрсетті. Сосын ол: «Басқа мемлекеттер Ресейге атом қаруымен қауіп төндіру туралы дәйекті ақпарат белгілі болғанда ғана біз атом қаруын қолдануға мәжбүр боламыз» деді.
Жуырда АҚШ-тың лауазымды тұлғалары Ресей атом қаруын қолданар болса, өздерінің қарап қалмайтынын, қарсы жауап болатынын ресми мәлімдеді. Қырғи-қабақ соғыс тұтанып кетердей көрінеді. Ресей де, батыс та бір-бірінің қабағын бағып, қайсысы ағат қадам жасар екен деп отыр.
Ресей Украинаның басып алған жерлерінде референдум өткізіп, өзіне қосып алды. Бірақ, мұны әлемнің бірде-бір елі мойындаған жоқ. Қазақстан да мойындамайтынын ашық жеткізді. Бұл жерде Ресейдің жымысқы ойы бар-ау деген ойға қаласың. Аталған аумақтарды өзіне қосып алғасын, ол жерге атылатын әр оқ Ресейге атылғанмен бірдей дегенді білдіреді деп көрсетпек болған еді. Украинамен келіссөздің ауылы алыстағанын түсінген Путин соғыс өрті Ресейдің жерінде өтіп жатыр дегенді желеу етіп, өз ішіндегі жұмылдыруды жандандыруды ойлаған еді.
Қазірдің өзінде жұмылдыру өз нәтижесін бермейтіні байқалып қалды. Соғысқа алынып жатқан адамдар өздерінің наразылықтарын да білдіріп жатыр. Мұндай көңіл-күйдегі қолына қару ұстаған жауынгерлер соғыстың жағдайын шешеді деу қиын. Себебі, Украина соңғы кездері тегеуірінін күшейте түскенін көреміз. Елді мекендерді де көптеп азат етіп жатқаны осыған айқын мысал.
Ресей бұл соғыста жалғыз қалып қойғанға ұқсайды. Тек, Беларусь президенті С.Лукашенко ғана қолдап отырғаны аңғарылады. Бұған Беларусь мемлекетінің сыртқы істер министрлігі Украина елшісін шақырып алып: «Украина бізге қарсы шабуыл жасау үшін дайындалып жатыр» деп наразылық нотасын табыс еткені дәлел. Артынан Лукашенко әскерилермен кездесіп, бес жүз мыңға дейін адамды жұмылдыра алатынын жария етті. Қазірдің өзінде Украинадағы соғысқа қатысушы Ресей әскерилерінің осы ел арқылы өтіп жатқанын да ешкім жоққа шығармайды.
Қазақстанды Ресеймен ымыралас мемлекет ретінде танитындар көп. Иә, біздің шекара аймағымыз сегіз мың шақырымды алып жатқасын Ресеймен достық қарым-қатынаста болғанымыз жөн. Бірақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан көрінгеннің айтағына еретін ел емес екенін бірнеше жағдайда айтты да, дәлелдеді. Алғаш рет Санкт-Петербург саммитінде әлемді аузына қаратып, «ЛНР» мен «ДНР» сияқты квазми территорияларды ешқашан мойындамайтынын атап көрсетті.
Сонымен бірге, Ресей мен Украина арасындағы соғысқа да араласпайтынын мәлім етті. Осының өзі біздің мемлекеттің Ресей тарапынан болып жатқан басқыншылық соғысты қолдамайтынын көрсетеді. Бірақ, кешегі қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің ОДКБ әскерін енгізгенін айтып, қиын сәтте қол ұшын бергенін алға тарта сөйлейтіндер жетіп жығылады. Бұл ретте Ресей тарапынан ел билігіндегі лауазымды тұлғалар қыр көрсете пікір білдіретінін де жоққа шығармаймыз.
Бірақ, ОДКБ әскері Ресейге ғана тәуелді әскери құрылым емес. Ол бірнеше мемлекеттің ортақ әскері. Сондықтан ОДКБ әскері Қазақстандағы тәуелсіздікті сақтап қалды деген сөздің жиі айтылатынын әркім әртүрлі түсінетіндіктерін көреміз. Көшеге шыққан жастар қазақтың өз тәуелсіздігіне қарсылық білдірмегені анық. Сол бейбіт ереуілді өз пайдасына шешпек болған Кәрім Мәсімов сияқты опассыздардың билікті басып алып, біздің тәуелсіздігімізге қауіп төндіргенін мойындау маңызды.
Қарабақ аумағындағы әскери қақтығысқа орай Арменияның ОДКБ-ға көңілі қалып, алдағы уақытта бұл ұйымнан шығамыз дегені де жайдан-жай емес. Ал, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы келіспеушілік те осы ұйымға кіретін мемлекеттер арасында өрбіп отыр. Мұндай мүддесі ортақ ұйым ішінде қырғи-қабақ жағдайдың орын алуы ОДКБ-ның болашағы жоқ екенін де көрсетеді.
Атап айтсақ, жуырда Қырғызстан қорғаныс министрлігі өз елінде өтуі тиіс «Мызғымас бауырластық-2022» әскери жаттығуларын өткізуден бас тартты.
Біздің еліміздің ұстанымы да – Ресей мен Украина арасындағы соғысқа араласпау. Себебі, бұл ұйым осыған мүше елдердің аумағына сырттан қарулы қауіп төнген жағдайда ғана бірлесіп қимылдау үшін құрылған. Ал, Ресей Украинаның аумағына кіретін «ЛНР», «ДНР» және басқа бірқатар облыстарды өз аумағына қосып алса да, мұның БҰҰ жарғысына қайшы келетінін басты назарда ұстаған еліміз Ресейге жақтас болудан бас тартып отыр.
Қазақстанның ОДКБ сияқты бірқатар өңірлік ұйымдардан бірден шығып кетуінің әртүрлі салдарлары болатынын ұмытпау керек. Қанша дегенмен бұл ұйымға кіретін мемлекеттер бізбен шекаралас елдер. Көршіңмен достық қатынаста болудың да маңызы зор.
Ресейдің Украинамен соғысында әлсірегенін қалайтын мемлекеттер өте көп. Екінші дүниежүзілік соғысты жеңіп, әлемге өктемдігін жүргізуді ойлаған екі ел болса, соның бірі осы Ресей де, екіншісі – АҚШ. Сонда біз қай жағында болғанымыз жөн дейтіндер де бар. Ресейден бойымызды аулақ салып, әлгіндей әскери және басқа да ұйымдардан шығып, өз алдына кете аламыз ба? Ойланатын жағдай. Біз тәуелсіздікті де ең соңына дейін тосқан елміз. Бұл жолы да сондай ұстаным болары анық.
ОДКБ ұйымы тарайтындай болса, бұл бізге де жаман болмас еді. Ресейдің әлсірей түскені біздің шынайы тәуелсіздігімізді нықтары анық. Қазірдің өзінде Тоқаевтың саясаты осындай бағытта өрбіп жатқаны байқалады. Біздің ұлттық болмыс-бітіміміздің толық қалыптаса алмай жатқаны да осыдан. Іштегі ұлтаралық татулықты сақтау, сыртқы қауіпсіздігімізді нықтау үшін бізге әлі де көп шаруа тындыруға тура келеді.