21 C
London
Сәрсенбі, Қыркүйек 27, 2023

«Абылай ханның ақ жолын» неге «қара жол» деп тарихты бұрмалаймыз

- Advertisement -spot_imgspot_img
- Advertisement -spot_imgspot_img

Бұл сұрақ «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы басталады дегеннен бері мені ғана емес, көпшілікті мазалағаны белгілі. Экспедицияның басы қасында жүрген әріптес журналистердің біріне ой салып, «Ұйымдастырушылар неге «ақ жолды» «қара жол» деп ауыстырды? Қара сөзінің оң мағынасымен қатар, теріс мағынасы да баршылық қой. Күмәнді сөздермен ауыстырып, хан әруағын мазалағанша сол қалпында қалдыру керек. Журналист ретінде соны оларға айтып, ескерткен дұрыс»,- деген сауал тасталды. Басын ала қашқан әріптес ләм-мим деп тіл қатпастан қолын бір сілтеп, кете барды.

Айтып айтпай не керек, экспедиция өтті, нәтижесінде үлкен кітап жарыққа шықты. Ал, жабулы қазан, жабулы күйінде қалды.

Күндердің бір күнінде «Кешірілмеген күнә» атты бір қызық әңгімені оқыдым. Оны Қызылорда облысына қарасты Шиелі ауданы, Алғабас елді мекенінің тұрғыны Дүйсенбек Төлешұлы «Есабыз әулие» атты кітапта баяндапты. Әңгіменің желісі бойынша, оқиға өткен ғасырдың 60-шы жылдары орын алған. 17-ғасырдың басында Сыр бойында қыпшақ елінен шыққан Есабыз деген киелі кісі өмір сүрген екен. Оның кесенесін жаңғырту ісі 1963 жылы қолға алынса керек. Аруақ сыйлаған бұл игi iс ол уақытта дiнге жол берушілік деп қабылданып, аупартком сол жұмысқа мұрындық болған бiраз азаматты қуғынға ұшыратты. Партиядан шығарды, жұмыстан қуды, түрмеге де жапты. «Хатшы әулие кесенесін аяғымен теуіпті, кеңсесінде ақсақалдарды сақалынан алыпты»,- дегендей әңгімелер халық арасында тарай бастаған. Бiрақ, артық кеттің деп ешкiм хатшының бетіне келе алмады. Айтқаны болып, айдағаны жүріп тұрды. Партияның дiнге қарсы саясаты осылай істетті десек те, бәрі адамның өзіне байланысты ғой. Кейбір азаматтар партия десе, туған әкесiн де тыңдамайтын кезендер өтті емес пе.

Есабыз кесенесін жаңғыртушыларды қудалап болғаннан кейін көп ұзамай аузын айға білеп шауып жүрген, дені сап-сау басшы кенет сал ауруға ұшырап, аяқ-қолы жансыз қалды. Осындай жайсыз хабарды естіген соң «Төңкеріс» ұжымшары басқармасының төрағасы Әнуар Сапақұлы мен осы әңгімені жазып қалдырған Дүйсенбек Төлешұлы екеуі көңілін сұрауға барған. Дүйсенбек Төлешұлы ол кезде «Гигант» ужымшарында мал фермасының меңгерушісі болыпты. Екеуінің  де оған туыстығы бар.

Барса, ол төсекте сұлық, көңілсіз жатыр екен. Аман-саулықтан соң оларға:

-Ойламаған жерден осындай күйге түстім. Есабыз түсіме кiрдi, ұзын бойлы, оң көзiнiң қысасы бар сары кiсi екен. Колында аса таяғы бар, маған төніп келіп: «Менде нең бар едi деп, өкпе-бауырымды суырып алғандай болды. Сол сол-ақ екен, мен ес-түсiмдi бiлмей, құлап түстім. Шошып оянсам түсім екен, бірақ сол түннен осындай кеселге ұшырадым,-деп мұңайған екен.

Сонда Әнуар айтыпты:

– Сен елдiң басшысысың. Туыс болсаң да саған батылымыз жетiп айта алмадық. Есабыздың кесенесін жаңғыртушыларды үлкен-кішi демей қатты жәбiрледiң. Сен енді Есабыздың өзінен бастап кешірім сұра, жазаланғандардың жазасын қайтып ал, партияға кiргiз, қызметтерiне қой, түрмеден шығар.

– Ол айтқандарыңды iстеу мүмкін емес, ендi кеш, қудалауын мен бастап қудалағанмен, жазаны қайтару менiң қолымнан шығып кетті, -депті хатшы.

Осы әңгімеден соң екі-үш күннен кейін Әнуар мен Дүйсенбек келiсiп, оны көндіріп, түн ортасында ешкімге көрінбей, Есабыз әулиенің басына алып келген. Олар туысқанын арқалап, қорым жанындағы каналдан кешіп өтіпті. Кесененің ішіне кірсе, маса калың екен, сонда да шыдап бағып, құран бағыштапты.

Бұрын дінге қарсы қаһарлы күрескер, бүгін шарасыз басшының алдында онын күнәсін кешуін сұрап Есабыз әулиеге жалбарынып, бар ықыласымен, дауыстап, мазарды күмбірлете Дүйсенбек құран оқыған. О, жалған дүние- ай, десеңшi!

Бұдан кейін туысқаны кемсеңдеп:

– Есабыз ата, тағдыр мені аяған жоқ, кішкентайымнан жетім қалдым, балалар үйінде өстім, құдай жоқ деген уағызды санамызға сіңірді. Еңбегім бағаланып аудан басшысына дейін көтерілдім. Ісіміздің дұрыстығына сенімді едік, қатты қателесіппін. Атажан, сiзге тілім тиді, кесенеңізді жөндеушілерді куғынға салдым, кешіріңіз, кеше гөр, Есабыз ата! – деді.

Осы сөзді әрең айтты да еңкілдеп ағыл-тегіл жылап қоя берген. Жылап көп отырыпты… Маса жаудай талап өлтіріп баратса да, шыдаған. Біраздан соң кесенеден сыртқа шығып,  інісін қайтадан арқалап алып, каналдан тағы да кешіп өткен. Түн ортасы ауа үйiне әкеліп салды.

Ертеңіне Әнуар екеуі халін білуге үйіне тағы барса, ол күндегіден де төмендеу көрініп, оларға былай  айтқан:

-Таң алдында Есабыз тағы да түсіме кірді. Сені кешпеймін, өнегең жаман! – деп айтты, «мен енді бұл дүниелік емеспін» деп енкiлдеп жылап қоя берді. Содан қанша дәрігерге, емшілерге каралғанмен ем қонбай, көп ұзамай қайтыс болыпты.

Иә, аруаққа тиісу жақсылыққа апармайды деген осы. Бұл әңгімені оқығаннан кейін сол «Абылай ханның қара жолы» атты жоба есіме түсіп, қолға қалам алып, мақала жазуға тура келді.

Ең бірінші, «қара» сөзінің астарын түсіну, тарихта қолданулы аясын білу үшін өңірдің белгілі филологтары мен тарихшыларына хабарласуға тура келді. Бәрінің берген жауабы бір болды: «Қара жол деп қазақ әбден даңғылданған ат тұяғымен айдалған айдау жолды айтады», «Ол сөзді үнемі қолданған қазақ. Мәселен: мың қаралы жылқы, қас қарайғанша, ірі қара және т.б.», «Қара жол мында сын есім. Тас жол деп те айтамыз. Қасым ханның – қасқа жолы, Есімнің – ескі жолы болды,ол рас. Абылай салған – сара жол ! Ол оның – «Қара жолы» шаруаның,практиканың жолы. Қарапайым ғана жол» деген жауаптар алдым.

Көрдіңіздер ме, сан ғасырлар бойы «ақ» деп келген жол, кейін сара, дара, даңғыл деп те аталған. Енді, оны сауда, жәрмеңке, көші-қон, мал айдау мақсатында пайдаланылған ескі жолдардың қатарына қосып, халық арасында солай делінген деп, «қараға» өзгертіп отыр, қайран ғалымдарым!

Абылайдың қазақ мемлекетін нығайту мақсатында пайдаланған жолы анадайдан қарайып жатса, оның рухын көтеріп, маңызын арттырып, қасиетін жеткізуді екі ойлы сөздермен емес, нақты, күмән келтірмейтін, дауға да салынбайтын сөзбен қалдыра алмағандарыңа болайын. Қазақ халқының мақтанышы, аса көрнекті мемлекет қайраткері, әйгілі қолбасшы, ірі тарихи тұлға елінің мемлекеттілігін қалпына келтіруге, тәуелсіз ел етуге күш салған жолын қарапайым шаруаның, сауда саттықтың жолына, киеліге теңеп, «қара» дегендеріңізді аруақ кешірер ме? Ай, қайдам…

Сонда да, сіздердің ой-мақсаттарыңызды түсіну үшін экспедиция нәтижесінде шыққан «Абылай ханнның қара жолы» кітабын қолға алдым. Парақтап отырып қарасам, әлгі сауал тастап, бірдей жауап қатқан филолог-тарихшыларым осы кітаптің бетінде жүр… Еее, бұл сәтті, не деп сипаттасам екен деп, «Өнері бірдің өзегі бір» деп пе, әлде «Ауылы бірдің аузы бір» деген дұрыс па, мүмкін, «Тілегі бірдің тілі де бір» деген дұрыс шығар, иә?

Десе де, қалың кітапты түгел қарап шықтым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан атақты ғалымдар, академиктер мен докторлар, тарихшылар мен профессорлар «Абылайдың жолы ақ» деп аталғанын растап жазыпты. Мәселен, профессор Мұсатай Есмағанбет Абылай жолына кеңінен тоқталып, өз еңбегін былай деп қалдырған: «…Қазақ хандығындағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдарының заңды жалғасы, XVIII ғ. 2-ші жартысы Қазақ елінің ішкі және сыртқы жағдайлары «Тәуке хан жарғысын» жаңғыртып, «Абылайдың ақ жолы» атанған мемлекеттің жаңа заң-жобасының өмірге келуіне себеп болды. Абылайдың ақ жолы хандық биліктің өкілеттілігін күшейту, соғыс жағдайындағы ел басқару мен елшілік істеріне өзгерістер жасады…, – деген деректерді 2011 жылғы «Айбын» Энциклопедиясының 880 бетінде келтірілген мәліметтермен «Абылайдың ақ жолы» атауымен заң-жобасы да ресми түрде бекітілгенін дәлелдеп берді.

Және де ол, Абылайдың тарихи рөлін, саяси дәрежесін баяндаумен қатар, ел мәселесін шешу мақсатта жүріп өткен жолына да кеңінен тоқталыпты: «Абылай жолы, яғни, Хан жолы, Талас және Шу бойын мекен еткен қазақтардың Бетпақдала арқылы жаз жайлауға көшетін жолы болған. Бірі – Сырдарияның төмен жағалауларынан басталса, екінші жол Талас өңірінен бастау алады. В.В.Бартольд «Бұл жолдармен ертеде және орта ғасырда Талас пен Шу аймағын Ертіс өңірімен, Батыс Сібір өлкелерімен жалғастырып жатқан сауда керуендері жүрген» деп жазды. Екінші жол бойымен тарихи XVIII ғ. Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының басын қосу мақсатында әскер жолдарын бастап, хан Абылай жүрген кезден ел арасында «Хан жолы» немесе «Абылай жолы» деп аталған. Абылай жолының жүру бағыты төмендегідей: Арқа өңірі – Мамай көлі Итемген көлі – Моншақты таулары – Ертіс өзені – Ақмола Бурабайдағы Майбалық көлі – Нұра өзені – Құланөтпес — Алқалық таулар – Ескеней таулары – Сары су өзені – Манақ өзені – Ақтас Егінбұлақ құдығы – Төлеген құдығы – Дубашы сор – Бұлан таулары – Қатын су құдығы Бөртке тіккен құдығы – Ажар құдығы – Тасжарған құдығы – Байғара таулары – Бетпақдала Құрманның таулары – Шу өзені – Талас өзені – Алатау Хантау (Мұндағы Хантау атауын 1753 ж. Хан Абылайдың ат басын тіреуімен байланыстырады). Бұл бағыт кейін Шу бойындағы қазақтардың Арқаға қарай бойлық (меридиана) бойлап жайлауға шығатын, қысқа қарай қайта айналып құмға, Жетісуға қарай ойысатын көш жолына айналды. Бұл жол ХХ ғ. бас кезіне дейін маңызы артып, кең қолданыста болған. Бұл жолдардың оңтүстік өлкедегі жұрттарды Ертiс бойымен, Батыс Сібір аймағымен байланыстыруда маңызы өте зор».  («Абылай ханның қара жолы» кітабы, 2020 жыл, 195 бет, «Абылайдың қара жолы» туралы деректер», Мұсатай Есмағанбет). Міне, бүгінгі экспедиция да XVIII ғ. 2-ші жартысында бекітілген «Абылайдың ақ жолы» заң-жобасының аясында енгізілген жолдардың негізінде ұйымдастырылып отыр. Енше неге ол «Абылай ханның қара жолы» болып өзгереді?

Экспедиция барысында халық тарапынан да «Неге Абылай ханның қара жолы деп алдыңыздар? Неге қара деп айтасыздар, неге қара ол?»,-деген сауалдар қойылған екен. Жобаны қолға алып, оны ұйымдастырған Мұрат қажы Ыдырысов бұл сұрақтарға былай деп жауап қайырыпты: «Қазақта «қара шаңырақ» деген бар. Қара шаңыраққа сіздер қарсы бола аласыздар ма? Қара шаңырақ қасиетті. Қара шаңырақ киелі. Қара шаңырақ кең, ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан. Қара жол дегеніңіз қасиетті, ұлы, кең, даңғыл деген сөз. Сондықтан, Абылайдың қара жолы қасиетті».

Мұрат қажы ағамыз бұл сөздерді бекер айтпағаны көрінеді. Әбден оны зерттеген. Олай дейтінім, жергілікті «Бұқпа» газетінде жариялаған мақаласын көзім шалып қалды. Үзінді келтіре кетейін: «…Шың империясы мен Қазақ хандығының арасында сауда қатынасы орнағанда Арқадан сол шығыс бағытқа қарай керуен жолы ашылады. Ашылды дегеніміз де бекер болар, шын мәнінде бұл ежелгі Ұлы Жібек жолының сорабын қайта жаңғырту болар бәлкім. Қазақ даласын көлденең кесе керуен бұйда созған бұл жолды «Абылайдың қара жолы» деп атаған…» («Бұқпа!», №33, 16 тамыз, 2018 ж. «Абылайдың қара жолын білесіз бе?». Мұрат қажы Ыдырысұлы).

Ал, әдебиеттанушы Дәулет Әмірұлы «Сәуледе» бастау алған сәулелі тарих жолы» атты еңбегінде: «Қазақтың қара орман жұрты қара жолмен үміттерін жалғаған. Қазақтың қасиетті қара шалы мен қап-қара кимешекті кемпірі қара жолға қарай-қарай көз талдырып қара баласының қадамынан құт көрген, құтқарушы жаратқаннан медет тiлеген…»,-деген. («Абылай ханның қара жолы» кітабы, 2020 жыл, 201 бет)

Марқұм Қазақстанның еңбегі сіңірен қайраткері, профессор, тарих ғылымдарының докторы, академик Қадіржан Әбуов ағамыздың да еңбегі бұл кітапқа енген екен: « …XIX ғасырдың екінші жартысынан бұл керуен жолы бұрынғыдан да жандана түскен. Онымен Қояндыда, Ақмолада, Атбасарда, Қызылжарда, сол сияқты Әулие-Атада (қазіргі Жамбыл), Пішпекте (қазір Бішкек) ұйымдастырыла бастаған далалық жәрмеңкелерге кіре тартатын сансыз керуендер де жүре бастаған. Көші-қон кезінде, аса күрделі жәрмеңкелер ұйымдастырылғанда, әсіресе, бұл жолмен мыңдаған қой, ірі қара, жылқы айдаған малшылар да жүрген…». («Абылай ханның қара жолы» кітабы, 2020 жыл, 173 бет, «Абылай ханның қасиетті дара жолы және оның труистік мүмкіншіліктері», Қадіржан Әбуов).

Міне, тарихта «Абылайдың ақ туы», «Абылайдың ақ үйі», бытыраңқы елді ұлы мақсат жолында біріктіре алған жолы да «Абылай ханның ақ жолы» деп аталғанын бұл ғалымдар жоққа шығармай отыр. Десе де, олар халық арасында «Өй!» деп айтты, «Бүй!» деп айтты деп, қырық сылтаумен  қасиеттін өйтіп-бүйтіп келтіріп, «қара» деп өзгерте салып отыр. Сонда, ертеңгі ұрпақ үшін қалдырар бірегей мәліметіміз қайда қалды? Аруақты құрметтеу салтымыздың да аяқ асты болғаны ма?

Бұл кітапқа еңбегі енбей қалған маманның да пікірін білгім келді. Іздестіріп, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Есмағұлов ағамызды сөзге тарттым. Ол да қара сөзінің жағымды және жағымсыз мәндерін әбден келтіріп берді. Тіпті, ақ қағазға түсірілген біраз мысалдарын да қолыма ұстатты. «Жарайды»,-дедім, «Аға, маман ретінде сіздердікі дұрыс, бірақ, неге екі ойлы, күмән келтіретін сөзбен Ханның әруағын мазалаймыз? «Абылай ханның ақ жолы» деп сол қалпында қалдыруға болмады ма? Әлде, бұл қазіргі ғалымдардың өз атын шығарып, тарихта қалудың бірден бір жолын тапқаны ма деп едім, тың тақырыбымыз бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кемеңгер тұлға екеніне қарай ауысты…

Өзге мәлімет ала алмасымды түсініп, басқа да дереккөздерге жүгінуге тура келді. Қолыма 1993 жылы «Жазушы» баспасынан Сәрсенбі Дәуіттің құрастыруымен басылып шыққан «Абылай хан» тарихи жырларының бірінші томы тиді. Ашып едім, көзіме оттай басылғаны: «Қазақта үш жол болған. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, АБЫЛАЙ  ХАННЫҢ АҚ ЖОЛЫ». Дәл осы қағидамен кітаптың ең алғашқы беті басталады.

Мұндай мәліметтер басылым беттерінде өте көп екен. Бірақ, «Абылайдың қара жолы» деген тіркестерді еш жерден көре алмадым. Мүмкін әдеби туындылардың тың беттерінде омоним-синоним сөздерімен келтірілген шығар, алайда, ресми түрде болсын, халық арасында болсын «Абылайдың ақ жолы» деп аталғаны тарихшылардың өзі дәлелдеп отыр.

«Біздің заманымыз – өткен дәуiрдiң перзентi, келер заманның атасы» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов тарихи оқиғалардан сабақ алуды өсиет етті. Абылай хан бұл даңғыл жолда  Орта жүз деңгейінде мемлекет биледі, үш жүз көлемінде қарулы қол жасақтады, дипломаттық шара-рәсімдер жүргізді, соғыс жариялады, елі мен жерiн қорғауды ұйымдастырды. Тіпті, Абылай хан басқарған сол Орта жүздің Арғын руынан шыққан ұрпақтар кезінде өз туында «АҚ ЖОЛ!» деп жазып ұрандағанын барлығы біледі. Бұл да бекер емес!

Шоқан Уәлихановтың өзі «Абылай» атты атақты еңбегінде Абылай ханның ақылман, парасатты, тапқыр, ұтқыр-ұшқыр, кисапсыз ерліктер жасаған теңдессіз тұлға, «ұлы атқаруы үшін Алланың өзі жіберген елшісі, аруақ иесі», «ғаламат қазақ» екендігін айтқан. Сонымен қатар, қазақ аңыз-әңгімелерінде де Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет тұлға екені суреттеледі.  Сондықтан, Абылай ханның ұлағатты өмір тарихын ұлтқа, ұрпаққа кеңінен өнеге ету барысында оның әруағын ардақтау – міндет!

Ал, егер атеистік көзқараспен аруақтар жоқ, ол кезіндегі тәңіризімнен қалған қалдық дер болсаңыз онда, абайтанушы, профессор Досым Қайырбекұлының «Әдебиет порталында» жазған еңбегін оқып шығыңыз. Ол сонау Қытай данышпаны Конфуцийдің, Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниетанымдық шығармаларында аруақтар туралы мәліметтер келтіргенін баяндаған. Мақаладан үзінді келтірейін: «… Аруақтармен дұрыс байланыс жасай білсек, олардың бізге деген көмегі мол. Бірақ жасай білмей, керісінше, аруақты ұмытып, не болмаса оған қарсы әрекет ететін болсақ, онда олар реніш білдіріп, көмегінен айырады. Өзінің қарсыласы болса, оған үлкен кедергі жасап, өмірін зардапқа айналдырады. Тіпті кейде өлтіріп тастауы да мүмкін. Бұған спириттер өмірден көптеген мысалдар келтіре алады.»,-деген.

Бір мысалдың өзін мен жоғарыда келтіре кеттім. Ол аз болса Созақ топырағында жерленген Қарабура әулие жайында тағы жазайын. Бір ұры жылқы ұрлап, қашып бара жатқан жерінде ұсталыпты. Иесі жылғысын танып, өзіне қайтарайын десе, әлгі ұры ұрлығын мойындамайтын көрінеді. Сонда халық ұрыға: «Егер сөзім рас, жылқы өзімдікі десең, онда Қарабура әулиенің кесенесі маңында өсіп тұрған ағаштың бір бұтағын кесіп ал!»- депті. Бірақ, ұры кесене маңындағы аталмыш ағаштың қасиетті екенін білмепті. Барып, бұтағын жұлып алады да атты жетектеп кете барады. 500 шақырым жүрер жүрместен әлгі ұры тіл қатпастан о дүниеге аттанған.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды»,- деп сан ғасырлар бойы аруақты ардақтап келген ата-бабамыз бекер айтпаған. Абылай ханның жолында елдің рухы жатыр. Оны құрметтеу ел тарихына деген құрмет. Астыртын, баламалы сөздермен тарих қойнауына сіңген атауларды атақ, дәреже үшін өзгерте берсек киелі жерлердің қасиеті өшіп, аруақтардың тынышы кетеді. Ал, разы болмаған аруақтың наласы қандай болатынын енді білерсіздер. Біліп қана қоймай, сезініп те жатқан боларсыздар, экспедицияға атсалысқан абзал жандар?!.

 

- Advertisement -spot_imgspot_img
Айгүл Бекетқызы
Айгүл Бекетқызы
Айгүл Бекетқызы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Журналист» мамандығын меңгерген. Журналистика саласындағы еңбек өтілі – 10 жыл. Қызылорда қалалық «Сета» радиосында журналист, облыстық «Форум» жастар, ақпараттық-қоғамдық, саяси-танымдық газетінің тілшісі, Бурабай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы, «Қазақстан» РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалынының редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің тілшісі болды. Түрлі алғыс хаттар мен дипломдардың иегері. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан «Алғыс хат» алды.
Latest news
- Advertisement -spot_img
Related news
- Advertisement -spot_img

5 COMMENTS

  1. Осы «қара жол» үшін бюджеттен қанша қаржы жұмсалды екен? Мұрат Қажы деген әлгі ұлы әкімнің орынбасары ма?

    • Я, баласы орынбасары болды әкімнің сол экспедиция уақытында да, ым-жымын біле бер енді!

  2. Ақшаң болса қалтаңда не істемейсін. Айыртау ауданында жатқан Ағынтай мен Қарасай батыр бейіттері де қолдан жасалған. Тарихшылардың зерттеуі емес, біреудің қиял әңгімесі негізінде қойылған. Бұл жерде мүлдем басқа адам жерленген. Мұны кез келген тарихшыдан сұрасаң айтып береді.

  3. Осы тақырыпты мен қозғаймын ба деп жүрген. Айгүл жазыпты ғой. Жалпы алдағы уақытта есте болсын. Абылайдың қара жолы жайлы кеткен қателіктер бар. Оқып шығайын мынаны.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here