17.3 C
New York

Казбаттың жауынгерінің анасы үйсіз жүр!…

Published:

Жетінші сәуір күні, қазақ елі үшін нағыз қасіретті күн. Бірақ, бұл күн көлеңкелі тұста қалып тақа ешкім мән бере қоймайды. Тәжік-ауған шекарасында азаматтық борышын өтеп жүрген 17 жауынгердің мәйіті елге (1995 жылы) табытпен оралған күн. Қыршын кеткен 17 боздақтың арасында Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Ынталы ауылының тумасы не бәрі 19 жасында оққа ұшқан КАЗБАТ жауынгері Ербол Бекебаев та бар.

«Отан үшін отқа түс» деген атам заманнан бері келе жатқан қанаты сөзді айтқынымызбен қазіргі күні қал-қадірі кеткен сияқты. Құдай-ау, ата-анасы кәмелеттік жасқа толтырып, ат жалын тартып мінер дер шағында «өзінің шын ниетімен Отан алдында, азаматтық борышымды өтеймін», – деп кеткен жігіттің елге, туған жеріне, мәйіті келгенде қандай күйде болатындығын ойлаудың өзі қорқынышты. Елдің ең ұлы байлығы ұрпағы емес пе? Тәжік-ауған жерінде шейіт кеткен боздақ азамат Ербол Бекебаевтың жаны жаннаттық болсын!  Бұдан басқа не айтамыз?

Жеке телефоныма хабарласқан адам. Қал-жағдайды сұрап, күмілжіп барып; – Ербол бауырымыздың анасы пәтерсіз жүр, – деді.

– Қандай Ербол? – деп сұрадым.

– Бекебаев Ербол… Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан дегенде, сілейіп қалдым. Тоқтай тұрыңыз ол кісіге қос бөлмелі пәтер берген еді ғой кезінде дедім.

– Иә, берген, бірақ дөкіменті қолында емес, жалға тұрып жатқан үй ғой, осының бір шешімі шықпай қойды – деді.

Асай-мүсейімізді алып (ютуб арнамызға салуымыз үшін) іздеп бардым жұмыстан кейін, кешкі жеті шамасында. Шынашақтай болып қалған анамыз күліп қарсы алды. Сараң уақыт әз ананың жанарына мұң ұялатып, тағдыр шіркін аямай әжім шимайлапты. Осыдан 28 жыл бұрын кіші ұлы Ерболды нәтижесіз соғыстың құрбаны қылса, үлкен ұлы Еркін ұзақ аурудан дүние салыпты. Қос азаматынан айырылған ғазиз ананың көңілін жібітіп, көңіл айттық, білгенімізді айтып, ішімізден қан жылап, қолын ұстадық. Әңгімені Ерболдан бастадық. Ербол тірі болса қырық тоғызға келетін еді. Уақыт шіркін зыр – зыр етіп, сағат тілі алға жылжып бара жатыр, тежегіші жоқ уақытқа өкпе де жоқ, тірі адам тіршілігін жасайды.

Ал егер Ербол тірі болса… дүниеге ұрпағы келіп, бір әулеттің әуені жарасымды болып, қазақтың қатарына жан қосылмас па еді. Үнсіздікті апамыз бұзды.

– Қайдар келіп тұрады, Қуанышбек келіп тұрады, қарулас жігіттері Ерболымның ұмытпайды. Төрт қабырғаға қарап, отырамын. Ауылды сағынамын. Ауылды сағынғанда былтырлары Еркінім тірі болғанда ызғытып барып, Ынталының ауасын жұтып, Ерболымның басына соғып аятымды оқып, рухымен сырласып қайтушы едім. Енді отырмын. Қайтейін. Тағдыр. Алланың бұйрығы мен жазуы, – деп.

– Апа, соғыс деген адам таңдамайды, мынау біреудің жалғызы екен, біреудің қызығы екен, көзінің нұры екен деп қарамайтыны белгілі ғой. Сіз Ерболды осындай от пен оқтың ортасында жүргендігін білдіңіз бе?

– Шынымды айтсам, білген жоқпын. Әскерге барамын, десант боламын деп үйде (ауыл баласы) бокспен айналысты. Күні бойы шаруасын істеп тастап, сосын спортпен шұғылданатын.  Әлгі не деуші еді ішіне құм толтырған қапты соны соққылап, әйтеуір ебіл-дебілі шығып терлеп жүгіріп жүретін. Он сегізге толған соң, военкоматқа барып, денсаулығы жақсы болып шыққан соң, аттанып кете барды ғой.

– Хат келіп тұрды ма, хат жазғанда қалай жазушы еді?

– Бәрі жақсы «службам» жүріп жатыр деп қысқа жазатын. Соңғы төрт-бес айдың шамасында «бізде қағаз тапшы» деп дәптердің сыртына қысқа-нұсқа қылып жазып жүрді. Бірақ «аналық түйсігім» шығар. Ылғи бір албасты басқан адам құсап жаман түстер көретін едім. Мән бермей жүрдім. Ерболым келеді армиядан, той жасаймын, үйлендіремін құдай қуат берсе деп дайындалып жүргем еш алаңсыз. Ынталы ауылында үйіміз кішкентай болды. Бір күні таңғы шайымызды ішіп отыр едік, үйдің қасына машиналар қаптап «военный кісілер» түсіп жатты. Отағасы тірі, ол кезде.

– Апыр-ай, мыналар кімдер дегенімізше болған жоқ, үйге кірген кісілер «Сіздің ұлыңыз Ербол Бекебаев, Тәжікстан жерінде шекара күзетінде ерлікпен қаза тапты», – деді. Жүрегім тас төбемнен шықты, есеңгіреп, сел соққандай сеңделдім де қалдым. Содан алып келді ғой табытты. Ерболымның қызығына деген дүниемді қазасына бердім.

– Апа, Щучинск қаласынынан Сізге қос бөлмелі пәтер берді деп естідік, жалпы енді бұл Ерболдың өзі болмаса да, ерлігіне берілген қарашаңырағы деп айтсақ дұрыс болар еді. Ербол ел үшін опат болды. Ал бірақ «пәтер» сіздің атыңызға осы күнге дейін түспеген. Неге?

– Айналайын алдымен басынан бастайын (уһ) Ербол қайтқан соң (нағыз тоқыраудың тұсы ғой) Ұрымқайдан үй алып көшіп бардық. Нағыз «балотаның үстінде тұр) көшіп кеткен немістің үйі ғой, сатып алдық. Содан жан-жағын жөндеп, қора-қопсысын қайта салып дұрыстадық. Бірақ, қысты күні құдай салмасын таудай биік қардан далаға шығу мұң болды, көктемде езілген батпақ, іші сыз иісі аңқып сұмдық болды. Ақыры Еркінімнің денсаулығы болмаған соң, қалаға көшу керек деп шешімге келдім, ізденіп жүргенде акиматтағы бір кісінің араласуымен осы үйді берді ғой. Бірақ, атыма түсірген жоқ (бірдеңелеріңіз дұрыс емес) дейді. Осыдан біраз жыл бұрын Көкшетауға бардым «Нұр Отан» партиясында дөкей, ірі денелі бір депутат қабылдады. Жақсы, қатырамыз, дұрыстаймыз, – деді. Содан қалды ғой, сеніп қалдым, телефон нөмеріме звандаймыз деген, қолынан түк келмейтіндігі бар, несіне мені әуре қылды. Айту керек еді. Апа, апатай иә болмаса атымды айт «мынауыңыз болмайтын шаруа» деп. Міне содан бері жүрмін. Барлық әкім-қараны, жақсы-жайсаңды аралап шықтым. Өлсем де осы үйден шығайын, Еркінімнен қалған ұрпақ бар. Ерболымның есімін өшірмейтін, бәлкім мен дүние салған соң, сол ұрпағым Ербол ағама берген пәтер деп түтін шығарып, ішінде ие болып отырады ғой.

– Апа, сізді 8 наурыз, жаңа жыл я болмаса Ерболдың қайтыс болған күні жетінші сәуір, жетінші мамыр Отан қорғаушылар күні жоқ дегенде, қалыңызды біліп телефонмен биліктегілер құттықтайды ма, алысқа бармай-ақ қояйық, өзіңізді Ұрымқай ауылының әкімдігі, мүмкін жергілікті басшылар білмейтін шығар?

– Ешкім қоңырауда шалмайды, құттықтамайды. Қайтем 120 мың теңге пенсия аламын. Тек Қайдар мен Қуанышбек келіп, Ерболымның басына барып «аят оқимыз». Айтпақшы Қайдар (Ерболмен әскерде болған жігіт) Ұрымқай ауылынан көше сұрап еді, бірақ ұрымқайлық акиматтан ешқандай хабар жоқ. Сол ауылдың мектебінде Ербол Бекебаев атындағы музей бар. Енді Қайдар бас болып спорттық турнир өткізейін деп жатыр.

– Үйіңіз қыста қалай, жылы ма апа?

– Аллаға тәубе, жылы менің бұл үйім тіршіліктің жұмағы, от жақпаймын, су тасымаймын. Соған шүкір!

– Апа, сәуірдің он екісі сексен жасқа келеді екенсіз, келіп жеткен мерейлі тойыңыз құтты болсын!

– Әмин айналайын (бұны қайдан білесіз?) күліп.

– Иә, сексенге келемін.  Бұйыртса. Алладан дүниеден өткен екі ұлыма, бір қызыма дұға тілеп, қалған қыздарымның үріміне саулық тілеп отырамын.

– Апа, әңгімемізге қайта оралсақ, егер қазір Ербол тірі болып, Әскерге барамын десе, жіберер ме едіңіз?

– Әрине, туралап келген ажал Ерболды үйден де алып кететін еді. Туғанда маңдайына жазылған қысқа ғұмырдан құтылмайсың, ажалы солай, дәмі осылай бұйырып тұр.

– Апа, келіп жеткен мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рақмет айналайын он екінші сәуір күні кел. Қарсы аламын. Бұл Ерболдың шаңырағы. Ербол Бекебаевтың шаңырағы ғой, – деді анамыз. Үнсіз аттандық. Әлгінде күн шуақтанып тұр еді. Тысқа шыққанда ауа – райы құбылып теріскейден салқын жел соқты.

Р.S: Ақиқатын айтайық бізде ұлттық идеялогия ақсап тұр. Әлемжетіктен әскерге барған балалар үйіне табытпен оралып жатыр. Көшеден жауынгер іздеп Отан алдындағы борышыңызды өтетіңізші деген жалыну мен жалбарыну бар. Ербол Бекебаевтың тұсында еліміз егемендік алып, еңсесін енді түзей бастағанда ол кездің жастарының бойында Отанға деген махаббаты риязсыз сүйіспеншілігі зор болатын.  Қанаттыға қақтырмай өсірген ұлы табытпен оралған әз ананың көкірегіндегі ендігі арманы Ербол Бекебаевтың өзі болмаса да, шаңырағы болсыншы деген нәзік үмітіне жете алмай отырғандығына өкініп аттандық. Ерболмен бірге Отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза тапқан асыл азаматтардың рухтарына Фатиқа! Ал анамыздың көзінен тамған жасқа кім жауапты!

Бір ұлы мүгедек болып дүние салды. Ал сенім артқан ұлы Отан үшін отқа түсіп, оққа байланды. Ендеше Ақмола облысының (военкаматы) Қазақстан Республикасының Әскери басшылары, Сіздерге айтып отырмыз. Жауынгер ұлы қаза тапқан анамыздың материалдық жағдайын жасауға һәм пәтерін атына түсіріп беруге неге ат салыспайсыздар!? Әлде бұл жоқтаушысы жоқ, шүйкедей кісі қайда барар деген пиғыл ма!? Осыны түсінбей отырмын.

Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

Related articles

spot_img

Recent articles

spot_img