Ұлылар, ұлыларға жөн сілтеп тұратындай. Былтырғы Ұлы хан Абылайдың 300 жылдық тойы дайындығымен жүріп Ақмола облыстық Ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Хойшиннің кабинетінде, үстел үстінде жатқан газеттегі орасан үлкен жейде ұстап тұрған адамның суреті көзіме оттай басылды. Мараттан сұрасам ол, күш атасы Қажымұқанның көйлегі Көкшетауда тұратын Рахат Көбелеков деген ағайда сақтаулы деді. Мекен жайын сұрап беруді өтіндім, ана мынамен жүріп уақыт өте берді. Бірақ, іздеген табады. Рахат ағаны таптым. Сәл сырқаттанып қалған екен. Бірақ мені жайдары қарсы алды. Бұл 2015 жылы еді. Төмендегі мақалам газеттерге, интернетке шықты. Көйлек жайын сұраған ешкім болмады. Музейдегілер, спорт жанкүйерлері, ел азамттары жамырай сұрайтын шығар деп, үміттенгем. Бірақ, үміт ақталмады. Енді өзім Астанадағы Ұлттық музейге хат жаздым. Жауап болмады. Бір жиында кезігіп қалған ұлттық музейдің бастығы Д.Мыңбайға тікелей айттым. Ол музейге алу жағын қарастыратынын айтты. Уақыт өте берді. Анда санда есіме түскенде көйлек қайда екен, тағдыры не болды де,п, ойымнан кетпей жүр. Рахат ағамызда өмірден өтіп кетіпті деп, естідім. Жейде Темірлан ауылындағы Қажымұқан музейінде дегенді естідім. Интернетте сол музейдегі жейденің фотасы көрдім. Бірақ музейде тұрған жейде мен көрген жейде емес. Жейденің жағасы бар екен. Бұл жейде қажы атамыз Абайдың 100 жылдық тойына барғанда Семейліктер тігіп берген жейде сияқты.Қараңыздар біздің суреттегі жейде тік жағалы. Және столға сыймағандықтан жиыстырып жайғамыз. Ал менің тауып жариялаған жоғарғы суреттегі жейде музейдің басқа жерінде тұрса білмедім. Шында жоғарыдағы жейде музейге қойылса , орнын тапқан сияқты Шынына келсек , жейде жайлы нақты дерек жоқ. Бірақ, әлемге әйгілі адамның, соның ішінде әлемде некен саяқ алып көйлек ауылдық музейде емес, мемлекеттік ұлттық музейде тұруы керек деп, ойлаймын. Сонымен, көйлек жайлы мақала сіздердің алдарыңызда.
Көйлектің иесі кім және құнды затқа қалай қолы жеткен.
Рахат ағамыздың тегін тектесек кіші жүздің адайы екен. Әкесі Шымкент жаққа қызметпен келіп орнығып қалған. Өзі университет бітіріп жолдамамен Көкшеге келіп тұрақтап қалады. Әкесі Барыс Москвадағы Бүкіл одақтың зоотехникалық институтын бітіріпті. Студент кезінде ҚазССр нің мәдениетімен өнерінің он күндігі Москвада болады. Қазақтың не бір жақсы жайсаңдарының қатарында Қажымұқанда барады. Өнер иелеріне Москвада оқып жүрген студенттермен бірге Барыста сәлем беруге келеді. Осы кезден бастап Барыспен, балуан атаның таныстығы басталып, аға бауырлыққа ұласады. Барыс тауысып Гурьев, Оңтүстік Қазақстан облыстарында Қаракөл елтірісін дайындайтын совхаздарда директор және аудандық , облыстық дәрежеде лауазымды қызметтер атқарады. Барыс Гурьев облысынан Сыр бойына көшіп келеді. Көшу себебі баласы тоқтамай, шетіней берген. Рахат ағаның анасы өте ырымшыл болыпты. Есімі Ақбөпе екен. Ақбөпе анамыз жұбайы Барысты сыр бойына яғни,киелі Түркістан, Арыстанбаб маңына қоныстануға көндіреді. Ол кез дінсіздік жайлаған заманТүркістанмен, Арыстанбаб кімге керек қылсын. Киемен, қәдірді білетіндер болмаса.Қасына бармақ түгілі, қашып жүретін қилы заман. Бірақ, дінге ықласы зор, ырымшыл Ақбөпе анамыз Арыстанбабтың басына барып зиярат жасайды. Аяны түстер көп көреді. Ол кезде Арыстанбаб кесенесінің терезелері бітелген, аңғал саңғал, адам көргісіз қалде болғаны анық. Содан 1945 жылдың наурызында Рахат ағамыз дүниеге келеді. Бала дүниеге келседе, шілдехана жасай алмай алдыңғы балаларының жолына түсеме деп, аузы күйген ата ана, қиналады. Ақбөпе бала қырқынан шықпай шілдехана жасамауды Барыстан өтінеді. Бірақ жұбайы көнбейді.
Ойлана келе, шілдехана жасауға дайындалады. Шілдехана кешінде баланың ыстығы көтеріліп , шырқырап жылайды. Ауылдағы фельдшер орыс келіншек келіп көреді. Орыс көңілге қараушы ма еді. Орыс десе, орғып тұрған Совет кезі емеспе. Жоғары температураны көрген орыс келіншек, балаң өледі, дайындала бер десе керек. Осы кезде шілдеханаға шақырылған Қажымұқанда тарантасымен жетіп келеді. Жайды елден естіген Қажымұқан адымдай басып құндақтаулы балаға жетеді. Фельдшер ойбай, жолама деп, бақырады. Қажекең:- « Әй доктор, ничего, ничего, абажий, я знаю» деп, баланы бесіктен шештіріп, көтеріп алады. Көтеріп тұрып, «Бисмиаллаһ» деп, біршама сөйлесе керек. Діннен алыстаған қазақтар күш атасының не айтқанын,қайдан білсін. Көргендердің айтысы: – «Аман болып, мендей балуан бол. Бұл менің балам. Аты Рахат болсын» – дегені, ғана естерінде қалады. Баланың аузына түкіріп, көйлегін шешіп баланы орап Ақбөпеге қызуы басылғанша шешпе деп, ұстатады. Аңтарылған елге қарап , Барыс тойыңды бастай бер. Балаң ештеңетпейді, сауығады. Доктор сен, «За здоровье» деп, бір екі стаканды қағып жіберіп үйіңе қайт деп – балуан, таудай болып, шекпенін желбегей жамылып, малдас құрып, өз жанынан шығарған өлеңін оқыпты . Шілдехана тойланады. Бала тыныш ұйықтайды. Тапжылмай той тарағанша, тіпті ертесіне дейін ұйықтайды.Содан бала сауығып, жейдеге оранып өсе береді. Осылай Рахат ағамыз Қажымұқанның көйлегіне ие болып қалыпты.
«Міне 70 жылға таяу жастанып, жамылып жатып жүрмін. Көйлекті көргенде көңілім марқайып, қолпитып киіп алғанда өзімді теңдесіз алып адамдай сезінемін», дейді Рахат аға рахаттанып.
Көйлек қолмен жөрмеп бөз матадан тіккен. Машинамен тіккендей, тігісі білінбейді. Қызықтап жай ғана өлшедік. Көйлегінің жағасы айналасы 58 см, екі иығының арасы 76 см, белінің жалпы ұзындығы 2 м екен. Украйнаның бір ауылынан И. Поддубныймен Қажымұқан тоғыз жасында күшімен көзге түскен поляк Диновецкий деген баланы, тәрбиелеп шәкір етеді. Сол Диновецкий Қажымұқанның аруағын силап әдейі Польшадан келіп, ойын көрсетеді. Көйлекті көреді. Көйлекті бетіне басып ұзақ жылапты. Қандай асыл ағалар едіңдер, заман алмағайып болып тозымыз шықтығой деп, ап ұрыпты. Көйлекке қолқа салған бірақ Рахаттың әкесі бере алмайтынын айтқан. Одан кейінде көйлекке құда түскендер көп екен.
Қажымұқан әулие , ақын адам болған.
Рахат ағамыз Қажыекең жайлы өз ата, анасы және Қажымұқанның нағашысы не жиенінен / қайсы екенін, дәл басып айталмады /естігендерінен біраз сыр шертті.
Бала аман қалған соң балуанмен Барыстың үй іші, бұрынғыдан ары етене жақындасып, келіп қонып жүреді. Қажымұқан тышқаннан қорқатыны сондай, тышқан десе болды, алып дене дірілдей бастайды екен. Қонғанда қораның ортасына тышқан жоламау үшін биікке нар жасатып ұйықтаған. Бірде Ақбөпе таңғы шай қамдап жүргенде балуан шақырып, түнде түс көрдіңбе деп сұрайды. Ұялып айтқыс келмеген Ақбөпеге шыныңды айт. Бұл сенің тағдырыңа байланысты дейді. Түнде түсімде 7 жұлдыз көрдім, үшеуі жарқырап тұрды дейді. Сонда Қажыекең дәл айттың: – Жеті балаң болады. Үшеуі қыз дейді. Айтқаны айнымай келеді. Анам Қажы атам, Қажекең әулие ғой деп, аузынан тастамайтын. Бұдан басқада талай айтқандары дөп келгенін, анамнан естігем деп, Рахат ағамыз есіне түскенін әңгімеледі. Милиция, полиция дегенде тыжырына қалатын дейді. Бірде Қажекең Барыстың үйінде отырғанда ауылдық милиция келеді. Милицияны көргенде, кесесін қоя салып,теріс қарап отырып алады. Себебін сұрағанда Қажекең. Бұлардың тұяғы кімге батпады дейсің. Өмірімде талай алыптың алдында тізе бүкпеген едім. Осы құртақандай немелердің алдында тізе бүктім ғой депті. Қашан, қалай деп, сұрағнада. Біреуін айтайын деп, айтқаны. Атбасар қаласында жәрменке болып қазақтармен, казактар төбелесіп қалады. Ойын көрсетіп жүрген Қажымұқан шуды естиді. Жүгіріп келсе атты, қылышты казактар, қазақтарды тықсырып, бірнешеуін сұлатып салғанын көреді. Өзі Қажымұқан болса, қазағын біреу сабап жатса ойланып тұрсынба. Ентелеп жүрген казак орыстың бірнешеуін, ұстай сала, ұршықша иіріп лақтырып, лақтырып жібереді. Казактар Қажымұқанға лап қояды. Қарусыз Қажекең сасып қалады. Қарманып жүріп, жүк артқан арбаны көреді. Жүгіріп келіп арбаның жетек ағашын жұлқып тартып қалғанда ат етпетінен түсіп шыңғырып жібереді. Оған қарап тұруға уақыт қайда. Қайта тартқанда доңғалаққа бекткен белдік жұлынып кетеді. Қайта тартқанда ұзын сом жетек бақан қолын тиеді. Рельс айналдырып екі жағына алты кісі отырғызып ойнақ салған Қажекеңе құр бақан қаңбақ құрлы болсын ба. Бақанды Қажекең оңды солды сілтеп, казак орыстарды аттарымен қосып жусатып салады. Ашуланғаны сол ат үстіндегі казак біткенді қуалап, сабайды. Жандармерия / полиция/ келеді, мылтық атады. Жандармдар қарудың күшімен Қажымұқанды тоқтатып, біраз қинаса керек. Ол патша кезі. Совет кезінде милитцияның құқайын бұрынғыданда артық көрдім депті. Қажымұқан елімдеп, еңіреген, ер азамттармен, езілген қазағына ара түсем деп, қуғындалып жапа шекені көп айтыла бермейді. Негізі патшалық Ресей Қажымұқанды құрметтеді. Сәбеттік Ресей 100 000 сом ақша жинап соғысқа самолет жасатып берседе, еңбегін елемей, кей кезде «клоун» сайқымазақ атап кекеткен дейді. Қажекеңнің орден, медальдары өте көп болса керек. Сәбеттіктер патшаның, капиталистердің ордендерін тақтың, ескінің қалдығы, контрсың деп, жауапқа тартады. Ашуланған балуан атамыз, осыған тіреліп тұрса деп, орден медальдарын балғамен шағып, өзенге лақтырып жібергенін Темірланда тұратын жұрттан естігенін, Рахат ағамыз айтып қалды. Қажымұқан өмірінің соңында қиналған сыңайлы. Үкімет адамдары балуаннан сырт айналады. Қайтыс болғанда жаназасына қара халық ғана жиналған. Үкімет адамдары қорқып бармағанда Рахаттың әкесі Барыс зиратына барып , құран оқып қайтқан дейді. Барыс Қажымұқанға арнайы үйде тұрғызып берген екен.
Сөз соңы : – Көйлек бірде бір рет жуылмапты. Иіскеп көрдік. Алып күштің, тердің исі сезілгендей. Өте ескірген ұстаса жыртылғалы, үлбіреп тұр. Рахаттың ата, анасы ертеректе қайтыс болып, көйлектің күтімі Рахат ағамыздың зайыбы Алтынай апайға көшеді.
Алтынай апайдыда тыңдадық. Ол кісі: – Қажымұқанның жейдесі дегенді білдік. Қажымұқанның кім екенін білеміз. Рахатты аман сақтап қалғанын естіп білдік. Бірақ аса мән бермедік.Советтік тәрбиенің кесірі. Көйлек сандық түбінде жатты. Рахат анда санда жамылып, киіп жатады. Бұл жейдені киіп, тілек тілеп қызметі жоғарлаған адамда болды. Реті келсе мұражайға тапсырармыз. Бірде Темірландағы мұражайға Рахат бермек болды. Бірақ, бір үлкен кісі, көйлекті берсеңдер, ел тәберек етіп, жыртып талап кетеді. Сондықтан, мемлекеттік денгейдегі үлкен мұражайға беріңдер деп, кеңес айтты. Керек болса береміз ғой – дейді .
Бұл көйлек екеміз жетпіс жыл бірге жасастық Жас ұлғайды. Керек жер болса тапсырамыз. Ел көріп игілігіне жаратсын. Сақтауда қиындап барады деп, Рахат ағамыз сөзін аяқтады. Расында қазақтың бір туар ұлы, күш атасы, ұлт қаһарманы Қажымұқанның көйлегі сынды құнды жәдігер, ел жұрт көретін ұлттық мұражайда тұрса, ел игілігіне жарайтыны даусыз.
Суретте: Көйлек иесі (сол жақта) Рахат Барысұлы Көбелеков.