spot_img
More

    Ислам дініндегі медитация

    Дәстүрлі діндердің бәрінде рухани нәтижеге жетудің негізгі тәсілі ретінде – медитация, яғни ақыл-ойды шоғырлау қолданылады. Индуизм және буддизм діндерінде медитация рухани практиканың негізгі тәсілі саналса, христиан, ислам және иудаизм діндерінде ол қосалқы тәсіл ретінде ұсынылады. Дегенмен де, мына нәрсеге назар аударған жөн: медитация, яғни ақыл-ойды шоғырлаудың рухани нәтижеге жетуге өте үлкен ықпалы бар.

    Қасиетті Құранда «Сендер шектен өте алмайсыңдар, бірақ та, бір қуаттың көмегімен өтуге болады» деген аят бар. Квантты физиканың дамуымен бірге қазір біз өмір кешіп жатқан әлемнің өзіміз ойлағандай қарабайыр емес, аса күрделі екендігі, сезім мүшелері арқылы сезіне алмайтын өзге әлемдер немесе өлшемдер бар екендігі дәлелденуде. Веда ілімі біз өмір кешіп жатқан Жер планетасының 9 аралдан тұратын Джамбудвипа деп аталатын құрлық екендігін жазады. Біз өмір кешіп жатқан жер – Бхарата варша деп аталатын құрлық. Әрбір арал мұхит арқылы бөлектеніп,  таумен қоршалған. Көрші аралдар бізге көрінбейді. Оны тек рухани дамыған әулие жандар ғана көріп, сезіне алады. Мәселен, бізге іргелес жатқан аралда өмір сүретіндердің өмір сүру жасы 10000 жыл екен. Олар ешқашан қартаймайды, ауырмайды және сымбатты сұлу болып келеді. Біз үшін ол ертегі сияқты.

    Ислам дінінің түсінігі бойынша біздің әлеммен параллел өмір сүретін жын-перілер, періштелер әлемдері бар. Дегенмен, оларды біз көрмейміз, ал олар бізді көреді. Біздің жын-перілерді көре алмайтынымыз, екі арада шек, яғни шекара бар. Құранда айтылғандай ол шектен тек бір қуат арқылы ғана өтуге болады. Ол қандай қуат?

    Ол қуат – медитация арқылы адамның ақыл-ойын шоғырлауы. Ой – бұл материалық қуат. Біздің ойымыз үнемі шашыраңқы жағдайда болады. Басымызға бір ойлар келіп, бір ойлар кетіп жатады. Ал медитация арқылы біз ойымызды шоғырлап, бөтен ойлардан санамызды тазартамыз. Мысалы, шашыраңқы күн сәулесін үлкейтетін әйнек арқылы шоғырлап, бір нүктеге бағыттасақ, ол ағаш, қағаз сияқты жанатын заттарды өртеп жіберетін ыстық температурға дейін көтеріледі. Сол сияқты шашыраңқы ақыл-ойымызды шоғырлап, бір обьектіге бағыттайтын болсақ, біз әлгі обьектіге ене аламыз немесе шекарадан өте аламыз.

    Ислам дініндегі медитация тәспих тарту арқылы жасалады. Діндар тәспихты санай отырып, әр моншақты айналдырғанда Лә иләха илалла немесе басқа да Жаратқанның қасиетті есімін қайталап айтады. Ол бар назарын зікірге, яғни Алланың есіміне аударып, ақыл-ойын басқа обьектілерден аулақтатады. Осылайша, діндар ақыл-ойын бір обьектіге шоғырлауға машықтанады.

    Пірге қол тапсырып, сопылық жолға түскен шәкірт күн сайын кем дегенде 4-6 сағат тәспих тартып, зікір айтады екен. Осылайша, ол ақырындап ақыл-ойын бір нысанға, яғни зікірге аударуды меңгереді. Ақыл-ойын зікірге аударып, санасын бөтен ойлардан тазартуды үйренген адам уақыт өте келе ойын бақылап, басқаруды меңгереді. Бұл не береді? Басыңызға үнемі келіп, кетіп жататын ойлар сізді үнемі өткен шақ пен болашаққа жетелеп, қазіргі кездегі атқаруға тиісті шаруаларыңызға ден қойып, істеуге мүмкіндік бермейді. Егер зер салып қарасаңыз, адамдар бір шаруаны атқарып жатқанда үнемі басқа нәрсені ойлап тұрады. Мысалы, машина рулінде отырған жүргізуші алдына қарап, машинаны басқарумен бірге, неше түрлі жайларды ойлап отырады.

    Ақыл-ойды атқаратын жұмысқа толықтай шоғырлау жұмыс сапасын жақсартуға көмегін тигізеді. Ислам дінінің үш тірегінің бірі – тарихат, яғни діни парыздарды ынта-ықыласпен орындау болуы тектен тек емес. Намаз оқып тұрып, басқа нәрсені ойлап тұрсаңыз, ол намазыңыз апарадха, яғни діни рәсімді қорлау болып табылады. Ондай намазға сауап жазылмайтыны өз алдына, күнә арқалап, жүрегіңіз қатаяды. Яғни, кері әсерін тигізеді.

    Ақыл-ойды шоғырлауды үйренудің тағы бір пайдасы, неғұрлым ақыл-ойыңызды зікірге көп шоғырласаңыз, соғұрлым қасымыздағы параллел жатқан нәзік әлемдерге терең ене бастайсыз. Сопылық жолға түскен адамдардың жететін нәтижелері мақам, немесе аялдама деп аталатын сатылардан тұрады. Белгілі бір мақамға жеткен шәкірттің бойында тылсым қасиеттер орнығады. Ертеректе сопы әулиелер мыңдаған шақырым жерде болып жатқан оқиғаларды көзбен көргендей көріп, сезетін болған, түрлі ақылға сиымсыз істерді атқарған. Мысалы, Түркияда өмір сүрген әулие сопы Уфтада хазірет өзі тұрған шағын шаһардағы бір кедей мұсылманның тілегін орындап, оны Меккеге апарады. Қызығы сол ол Уфтада хазіреттің дұғасының көмегімен Меккеге қас қағым сәтте жетеді. Сөйтіп, қажылық парызын орындап, содан кейін дұғаның көмегімен үйіне қайтады. Шындығында Түркиядан Меккеге ол кезде керуенге ілесіп апталап жүріп баратын болған.

    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп
    Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз