Арманымыз тәрк, адамы-ғаріп болған заман болды. Басқа ұлттың баласының көңілі тоқ, көкірегі биік, басы жоғары. Тек сорлап жүрген, сор бағып жүрген біз ғана сияқтымыз. Кезінде дүр баһадүр бабаларымыз жолбарыстың жонын шымшылап ойнаған жүрек жұтқан қайсар еді. Соңғы уақытта өсектордың ішіне қарап отырсам, қазақтың «мен мықтымын» деген жігітінің мысын басатындар көбейді. Қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе де жоқ еді. Енді ұяламыз. Ұялғанда шөлдегі шұнақ құсап, су іздеп, тал қарманамыз.
Аға буынның барлығы өтірікші ме, өтірік езбе, қырт, мылжың, надан ба!? Құдай-ау, аға сыйлаған жағасына жармаспаған іргелі елдің баласы едік. Енді назасына қалғандай болып отырмыз. Бәтуәлі бір сөз айтса «аға буынның өзі» замандасын жамандап жағасын жыртады, атасынан бастап боқтайды. Үлкенді ізетке, кішіні күзетке қойған қазақтың қайсарлығы, мықтылығы, тектілігі қай сайда, қай маңайда қалды екен.
Жыраулар айтыпты. Шіркін–ай, ол кездің жырауының сөзі мірдің оғындай, сексеуілдің шоғындай ғой «ер құны кетпес сұраусыз» деген. Күні кеше Украина мен РФ-ның арасында соғыста тұтқынға түскен қазақтың жігітінің басынан тепті, арқасынан автоматпен ұрды. Жазықсыз елді еңіретіп жатқан ресейдің бұл қылығын өз басым әрине құптамаймын! Кім арамды ант ұрсын! Бауырлас екі халықтың бір-біріне оқ атып, қатыны бай-байға басып, баласы жылап, азаматы қырылып жатқанда, біздің қазақ не қылып жүр? Ажалы ма… бейнеті ме? Бұл бір Құдайға аян!
Ал келіп тағы да бейшара тұтқын жігітті сан-саққа жүгіртіп жатырмыз. Есіңді жи қазақ! Ол сенің қандасыңды, бауырыңды басқа теуіп жатыр. Мүмкін Сарыадырдың, мүмкін Омбының, мүмкін Челябінің қазағы. Кезінде шежіредей тілі сайраған, сөйлесе жұртын байлаған дүр бабам қазақтың байырғы жері. Ресейге өтіп кеткен. Заман кінәлі! Уақыт кінәлі! Мүсәпір болып жатқан тұтқын жігітті өз басым, басында «ит төлеуі бір күшік» деп мән бермегем. Сөйтсем олай емес!..
Украинаға барып біздің кеңқолтық қазағым киіз үйін тігіп, көңілі жаралыға, жүрегі қаралыға көмектесіп жатыр. Алапат соғыста мейірім сыйлайық, демеу болайық дейді. Ал осы жолы украиндық жауынгерлерге өз басым қатты өкпелеп қалдым. Әлем көрсін, көрсінші осыны міне қазақ, екінші сорт ұлт, жоқ екінші емес мүлдем соңғы сатыда, бейшара, мәңгүрт, ез, құл дегендей «қазақсың ба?»-деп сұрап алып теуіп жатыр, ол видеоны әлемге таратып жіберді.
Ал мықты болсаңдар «даулап алыңдар азаматыңды» дегендей қазақ екендігін көрсетті. Мүмкін қазақ емес–бурят шығар! Жарайды қазақ болсын дейік. Неге есімін дұрыс сұрамай тек «қазақ»,- деп, әлемге пірімжария болды.
Атып тастаса, көрсетпесе, көрмесек, көңіліміз баяғыдай болмас па еді! «Адамзат қайда жүрмес айдаса тұз» демекші, соры қайнаған бұл пақырдың ажалына асыққаны, өлімге қимай отырмын, тірі болсын, бейнеті болар.
Біз мәзбіз. Сатқын. Орысқұл. Бейшара. Сорлы. Ит. Әйтеуір бақ-бақ болып шулап жатырмыз. Ресейдің саясаты һәм арнайы тапсырылған саяси ойыны болуы мүмкін. Міне қазақтар сендердің дәреже, дәргейлеріңіз осындай. Басқа тебеді, к…ке тебеді. Тіпті иықтас болмасаңдар да, сөзбен демеу беріп жатқан украиндықтар «сендерді сыйлай ма» деп құйтырқы қарекеті ме екен деп ойланып отырмын өз басым.
Біз жүрміз. Екі қазақтың басы бір дастарханда табылса, үшіншісі сыртынан ымдап жамандап. Біздің қазір тілімізден бұрын, жағымыз сөйлейді. Біздің үніміз тек өсек, ғайбат айтқанда ірі шығады. Ақылға салсақ. Икемге келмейтіндей күйге түстік.
Күйге түсірген кім?
Осы сұрақтың жауабы да жоқ. Қоғамды реттеуші адам. Біздің санамызды ақша жаулады. Байқасаң ажар басқа, ақыл басқа болып кетті. Таң бозынан төсегімізден тұрысымен қамданып ақша іздейміз, ассақ дейміз, байысақ дейміз…әйтеуір «деймізбен жүрміз!..». Бәрімізге тақ керек.
Әгәрәки астыңызға тақ тисе не істер едіңіз?
Сіздің де мінезіңіз өзгеріп сала бермесіне кім кепіл!?
Жала жапқанда, сыртынан қаралағанда, адамның жүрегіне дақ салғанда, біздің қоғам ешқашан ойланбайды. Ойланғысы да келмейді. Былтыр ғой деймін. Кабинетіме бір қария кірді. Пәленше деген сайтта, пәленше деген кісіні жамандаған материалды маған тауып берші,-дейді.
Үлкен дардай қызмет істеген кісі.
-Оны қайтесіз ақсақал?-деп сұрадым.
-Тауып бер,сосын сен сол туралы жамандап, қаралап жаз менің атымнан деп тұр. Төбе шашым тік тұрды. Біреудің айыбын ашпа деген. Менің биім-өзімнің ақ жүрегім деп, жиі айтқандықтан шығар. Ақсақалға қараған түрімнің реңі келмеді ме. Таңырқай қарады.
-Не болды?-деп сұрады.
-Ақсақал бұл істің ақ-қарасын ешкім білмейді. Кімдікі қате, кімді дұрыс. Сіз болмасқа бұртыңдап неге келіп отырсыз?-деп сұрадым.
-Жұрттың бәрі жарысып жатыр ол кісі туралы,-деп ыржиып күлді.
Қаным басыма шапты. Егер өзім қатарлы біреу болса, шынымды айтайын «ит терісін» басына қаптап берер едім. Жасы үлкен. Тәтті сөзі-балдай, насихаты шамдай болатын қарияның кескінінің сиқы мынау. Ұят! Мен ұялдым. Ол кісінің немересіндеймін. Менің әкем жасына жетпей дүние салды. Байлық қумады. Ұрлық қылмады. Бәлкім сосын да дүниеден ерте кетті.
Жаңағы атақ қуып, біреуді жамандап жүрген аға буынның өкшесін басып тірі жүргенде де саясатта шаруасы болған жоқ. Біреуді жамандау, ғайбаттау табиғатына жат еді. Қатардағы ағайынның арасында жүріп тұзы таусылды.
Көрші елдің салдақы саясаткерлері қазақты неге көп жамандайды, жамандайтыны қазақтың осал жерін біліп алған. Екі күннің бірінде екі қазақ, бір-бірін тірідей жерлеп жатады, жұлқылап жатады, жұлмалап жатады. Осылардың барлығы көрші елге жетпейді деймісіз, жетеді, «зеңбірегі көп елді, зерделі ел жеңеді» деген. Біз неге санамыздағы көп дүниені таразының басына салып, ой елегінен өткізбейміз, күнделікті сұрыптап, сараптап отырмаймыз? Қысқасы менің түйгенім осы.
Қазақтың жақсы біреуі ақыл айтып шықса, атымызға теріс мініп жамандап шыға келеміз. Анау жаман, мынау надан, мынау жағымпаз, мынау бейшара, анау сорлы, мына біреу жалтақ. Оу ағайын қазақта жақсыдан өзі кім қалды? Тірісінің барлығын жамандап болдық. Енді біреудің жақсысын қарызға алып, соған тәу етіп ПІР жасап аламыз ба не істейміз? Ісі игі ізгілерден сұрап отырмын..