Бүгінгі күні бес бірдей ауылдың жері, елдің бас ауруына айналып отыр. Анау-мынауға шағылатын оңай жаңғақ емес сияқты, мына Самат Сапарбекұлы Ескендіров деген дөйіміз, Ақмола облысына қарасты, Бурабай ауданының бес бірдей ауылдың егістік жерлерін, Банкке кепілге қойып, екі жылдан бері үзік-үзік қылып, халықты сеңделтіп қойды, өзі жүр, аспандағы жұлдызға қолды созып, жағасы жайлау болып.
Күні кеше ғана Веденов ауылдық округіне қарасты, Қарабұлақ ауылының тұрғындары хабарласты: -Инвестор келіп тұр, жер кепілде, заңмен қалай аламыз?-дейді. Былтырғы жылы «оллә-біллә!» деп ант-су ішіп, жерлеріңізді қайтарып беремін деген Самат Ескендіровтың уәдесі, тағы да орта жолда қалды, айтты, бітті, зытты.
Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі, Қазақстан Республикасының эск-сенаторы «Есіл» ЖШС-нің бас директоры, Самат Ескендіров болса, алдағы ұлы науқанда, еліміздегі белді бір партияның атынан, Қазақстан Республикасының Парламентіне кандитат ретінде тіркелмекші екен, Солтүстік Қазақстан облысының мүддесін қорғау үшін дейді-міс бізге жеткен ақпарат.
Айналайын Сәке! Биліктің тізгінін ұстап, майлы жілігін мүжіген азаматсыз ғой. Көрдіңіз оны, алатыңызды алдыңыз, салатыңызды салдыңыз. Сіз егер халықшыл болсаңыз, елшіл, ағайыншыл болсаңыз: Абылай-хан, Мәдениет, Қарабұлақ, Баянбай, Ақылбай осы бес ауылдың жерін айдаладағы ресейлік банкке кепілге қоярма едіңіз!? Қазақ айтады «ерлер үшін ең берік ант-қол алысу» дейді. Сізді өткен жылы, Абылай-хан ауылының өзіңіз банкке қойып, қиратып құр сүлдесін қалдырған, кеңсенің алдына Қарабұлақ, Баянбай, Абылай-хан ауылының тұрғындарымен кездескен кезде «жерлеріңізді жаңа жылға дейін қайтарып беремін…»,-деп қол алысып уәде бергеніңіз есіңізде болар!? Бірақ «уәдеңіз сол жерде қалды» менікі өтірік десеңіз, менің жеке байланыс телефоныма шығыңыз, видеосын Сізге жіберейін, тіпті бұл жайлы фейсбук парақшама да т.б ақпарат құралдарына да жібергенбіз, жарыққа шығып, ел жағасын ұстап, Сіздің мекенжайыңызға қаншама пікірлер айтты. Оны да көрдіңіз… Көресіз ғой әрине…
Қарабұлақ ауылына мүлдем ат ізін салмай, қандай ауылды құртыпсыз. Қасқатаудың баурайындағы ауылдың бес мың гектар жерін, сау-тамтық қалдырмай, қаншама адамның Сізден алатын пай үлесін де жоқ қылғандығыңыз жайлы қарабұлақтықтар ашынып айтып отыр, жалғыз Қарабұлақ қана емес-Крупское ауылының жері, кімнің иелігінде кеткендігін де білмейсіз ғой!
Аудан мен ауылды байланыстырып тұрған жолы масқара!.. Орыстар айтады ғой «дойная корова» деп, Сіздің ойыңызша қазақтың ұйып отырған ауылдары тек көктемде егін егіп, күзде өнім алып, сосын қалтаңызды толтыратын «сауын сиыр» іспеттес болып тұр ғой шамасы.
Қаншама жылдан бері ауылшаруашылығына мемлекеттен миллиардтаған субсидия алып, оны желге ұшырып, ауылды қанаған үстіне қанап, тонаған үстіне тонап барлығын Банкке қойып, сайран салып жүрсіз. Ақылбай ауылының халқы да шулап жатыр. Баяғы Сіз Банкке қойған жері жайлы ізденіп.
Мәдениет ауылы шулап жатыр. Жерімізді қайтарсын-шы! деп. Баянбай ауылының кеңсесіне дейін Банкке кепілге қойып Сіз жүрсіз!… Халықты кеңдірмен байлап, жыңғылмен айдап.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, билікте жүрген азаматтардан «Самат Ескендіров, Парламеттен дәмелі» деген сөздің шеті қылтия бастады. Осыны естідім де, күле алмадым. Ұйықтай алмадым. Күлкім кем болды. Ұйқым шала болды. Ықтималдың есігі екеу демекші, ескі Қазақстанның ескі жүйесін қайта жаңғыртпақшысыз ба?
Ауылдарды аңыратып, құр жаның қалдырып қаңыратып қойған Сіз Парламентке бармақшысыз ба, қай бетіңізбен бармақшысыз!? Құдай-ау, егер Сіз Парламентке өтіп кетсеңіз, болашақтан күдерімді үзіп, қолымды бір сілтегелі отырмын. Өйткені, әділдік жоқ жұртта береке-бірлік болмайтындығы аян ғой.
Биылғы Жаңа жылға қарсы басқа ауылдарды білмедім. Көпбалалы үйлерге жаңа жылдық кәмпит таратыпсыз. Пайды қатырып беремін деп, Абылай-хан ауылына бес қап бидай, бір қап «отход» беріп «отход» бонус депсіз. Айналайын экс-сенатор Самат Ескендіров, бес ауылдың жанайқайына құлақ салып, жерлерін қайтарып беріп, жоғалған жерлерді орнынан салып, атамнан әрмен кетсеңізде өзіңіз білесіз!. Ұят бар ма Сізде!? Сіз Парламентке емес-мемлекеттен алған миллиард субсидияны қайтарып, бес ауылдың тұрғындарын зар қақтырмай, жерді беріңіз, сол Сізге Парламент!..
Бұл мәселені түбегейлі түбіне жетпей қоймаймыз, халықтың пайымы өзгерді. Ауылды қаңыратып тонағандар жауап беруі керек, талап осы. Қашанға талтаңдай береді!? Ауылдағы халықтың байлығы жер. Жері Банкте тұрса, ол елдің ертеңгі қожайыны кім!?Бұл сұрақ, қазіргі таңда барлығын толғандырады!..
Ал Парламеттен үміткер Сәке, ол жаққа бару Сізге арман болар!..
Осы жолы-жолыңыз болмайды-ау, халық мына жақта Сізді іздеп жатыр… Ал сіздің «халықтың қалаулысы» боламын дегеніңіз қызық болды…