spot_imgspot_img

Ескі әңгіме немесе Ерейментау елі

Date:

Баяғыда ол кезде Ленин шалдың дәурені ұрып тұрған уақыт. Заң қатал. Қазіргі тілмен айтқанда ұлы іске бару үшін «партиядан лұқсат сұрайсыз» өмірдей жас жігіт, жоғары оқу орнын бітіріп, малшылар ауылына зып етіп жолдамамен келмейді ме, келеді. Бір жыл тап-тұйнақтай қылып жұмыс істейді. Өзі партияшыл, орысшыл, қит етсе «Ленин көсем бүй!..»-деген деп, көсемнің тезистерін алға тартып, білекті сыбанып бұлбұлдай сайрай жөнеледі.

Ауданнан келген «райком», парткомдар:-Мына баланың болашағы зор дүр, өсетін бала деп «ауыл мектебінің» басшысына сұқ саусақпен көрсетіп ылғи қадағалап тапсырады.

Ойбай-ау, ел дүрлікті қағынды келгір, әлгі оқу бітіріп келген «түбітмұрт» төбеттік жасап, кеше кешке он алты жастағы қыздың аяғын көшеде, көлеңкелі тұста аңдаусыздан басып кетіпті. Кім кінәлі? Оқу ісінің меңгерушісі, балалардың тәрбиесіне дұрыс қарамаған.

Бітті. Партия жиынға салады. Қорғап сөйлейді біреулер, «албырттық шығар, мастық шығар, жастығы болар»,- деп, оқу бітіріп келген төбет баланы қорғайды. Ақыры біреулерден қоңырау түсті ме, түбіт мұрт, төбет бала ауылдан «іс бітті, қу зытты» деп ізім жоғалады, судан құп-құрғақ шығады. Оқу ісінің меңгерушісі бес жыл бойы, тақымы қажалып, қойшылар тыпырлатып, әбден қамшыжегі қылған қасқа атты сабап, мектеп оқушыларының тәрбиесін немқұрайлы қарағандығы үшін иен далада қой бағады! Жазасын мұғалімге һәм тәрбие ісінің орынбасарына береді.

Ит-ай..! Ит бала-ай!..

Қой бағып жүрген оқу ісінің тәрбие жөніндегі орынбасары, қайдан білсін, алдынан тура отыз жылдан соң, сол көшеде жас қыздың аяғын басып кеткен, кәззәп тентек өзіне бастық, одан кейін үлкен шенді қызметке барып, сайтан қораптан күнде көретіндігін. Іш қазандай қайнайды, күрессерге дәрмен жоқ!-деп бүгінде тарамыс саусағын байғұс эксұстаз күнде шайнайды.

Жай әңгіме болсын дегенім ғой. Есіме түсіп кетті. Әлгінде ойланып келе жатып. Бір ақсақалдың ақ дастарханында отырып, осы әңгімені естіп едім. Әңгіменің ауаның Ерейментау жаққа бұрайық. Қыстың қытымыр сары аязы сақылдап, ақ бораны үдеп тұрғанда Керекуге бардым. Жолсерік өзім сияқты мылжыңдау жігіт екен, күлдіргі әңгімесі көп, соның вагонына отырып алып, танысып, қызылкүрең қою шайды ұрттап, әңгіме соғайық. Кенет Ерейментауға пойыз тоқтады. Баяғыда жас кезімізде, студенттік шағымызда осы ауданнан оқыған жігіт пойыздан түсіп бара жатыр, рақаттанып темекі шегіп тұрсам.

Ескі танысты көріп, екеуміз таңғы төртте бір арқа-жарқа болдық.
-Үйге жүр, қонақ бол, бір тоқтының басын мүжі, кеше соғым сойдым,-деп ағынан жарылды. Рақметімді айттым. Керекуге бара жатырмын келер жолы болар деймін, дәм бұйыртса. Сонымен ескідосты қимай қоштастым. Тоғыз жолдың торабында тұрып. Таза қазақы аудан ғой, -деді жолсерік. Ішіне кірсеңіз «орысшаны емге таппайсыз», бар шығар, бірақ бірен-саран.
* * *
Ерейментау ауданы, Ақмола өңірі бойынша таза қазақы иістің бұрқырап тұрған аудан екендігі рас. Жаңаға ескі досым, домбыраны безектетіп шертіп «Желсіз түнде, жарық айға» басқандағы талантын көрсеңіз, осы ауданнан шыққан ақындарды, жазушылардың туындыларын жатқа айтқандығын тыңдап отырып «таңдай қағып» аузына телміретін едік. Жаспыз ғой… кейде темекіні жатақанадағы бөлмемізде бұрқыратып отырып М. Шахановтың махаббат туралы өлеңдерін жатқа соғады жігіттер. Ерементаулық жігіт, «Сайлау аға Байбосын біздің елдің мақтанышы ғой»,- деп, өлеңдерін оқиды, әндерін орындайды. Әйтеуір ауылға бармай қалған күндері жатақананың іші ырду-дырду театрға бергісіз болатын-ды.

* * *

Сөйткен ғажап аудан бұл. Енді кешеден бері өсектордан көзім шалынып қалды. Қазақы қалыптасқан ауданды, қазақы иісті қарашаңырақтан шыққан азамат басқаруы керек. Жалпы қазақтың кез-келген аудан, кент, қаласын, қазақы мінезді азаматтар басқарса, бар тізгінді қолына берсе, біз еуропаны артқа тастап, олардың желкесінен қарап, мұртымызды сылап, баяғыда-а ғажапстанда өмір сүретін едік.

Отыз жыл бойы мұрнымызды шұқып,аспанға қарап, айрықша сипатта өмір сүрдік. Жалтақтықтан, жарбағайлықтан, жармақтықтан, жарампазандықтан, мақтаудан, мақтаншылықтан нөмері бірінші орынға шықтық. Жекеменшік. Тендер. Нұсқау. Айналып келгенде бұқара мен биліктің арасы аспан мен жердей, есік пен төрдей болды. Халықтың жанайқайы, қолына тізгінін алған азаматтардың дәрменсіздігі, жаутаңкөзділігі сүйкімсіз образға айналдырды.

Құдай оңдап енді, Президент қолға билікті алып Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз деп жаңа форматтағы саяси қадам бастап жатыр. Бастауын бастады-ау! Отыз жылдан бері «түйнек болып келе жатқан» проблема шаш етектен. Оны сылып тастау үшін, алып тастау үшін, қаншама күш, қайрат, жігер, ептілік керек. Баяғыдай емес, байқайсыздар ма, судың сұрауы бар демекші, ептеп болса да, ауылдық жерлерге спорт алаңдары, мәдениет ошақтары, әкімдерге кеңсе, конторлары салынып жатыр.

* * *

Ерейментау ауданын басқарып отырған Абай Әлжанов деген азамат, бұл ауданды біраз көтеріп тастапты. Бұны кешегі постқа жазған пікірлерді оқып, іштей таразыладық. Ерейменнің жері, Ерейментау елі, әу бастан қазақы орта ғой. Әбекең, осы ауданның тумасы, осы ауылдың баласы екен.

Айтпақшы, біреулер ойлап қалмасын тапсырмамен жазып жатыр екен деп. Абай Әлжановты танымаймын, рулас, ауылдас, табақтас емеспіз, көрген адамым емес,азаматтығын ел айтады. Ел айтқан соң, қазақтың азаматы, бір ауданды басқарып, көтерсе көпшілік болып қолдайтын шығар деген ниет менікі.

Әлде Абай Еламанұлы, аңдаусызда біреудің аяғын басып кетті ме екен? Мені осы сұрақ күні бойы мазалап, өзім жазамын деп жүрген әңгіме есіме түскендігін қарашы ә?..