-17.8 C
Kokshetau
Понедельник, 9 декабря, 2024

Ертеңім менің не болар екен?..

spot_img

…90-жылдардың ортасы я аяғы. Әйтеуір ағұст айы. Оң жақ қабағым істі де кетті. Ара шақты я сона шақты. Әйтеуір бір жәндік оңдырмай шаққан. Бәлніске апарып «лөктірге» көрсету керек деді ауылдың жалғыз түйір лөктірі. Ертеңіне әкем қалаға әкелді. Үкі көз, орыстың келіншегі олай қарады, былай қарады таңдай қақты. Сосын бірдеңе деді. Таза қазақ ауылынан шыққан оның былдыр, быдығын қайдан түсінейін? Әкем марқұмның өзі «да… хорошо»-мен құтылды. Ақылы дәріні жазып берген екен.

-Түкте болмайды,-деді әкем. Жүр анау құрдасқа кіріп шығайық, амандасайын дүрдей қызметкер ғой, осында нәшәндік деп форма киетіндердің бөліміне келдік. Екінші қабат. Пәленше кабинет,-деп жауап берді форма киіп сазарып отырған алакөз жігіт. Көтерілдік. Біреуге телефонмен ұрсып жатыр. Әкем кірді: «Әй Бәленшенің баласы, пішту..!»-деді. Анау мұртының астынан сараң жымиды. Кабинеті көк түтін. Темекінің түтіні… Саған келдім деп бастады әкем, қалтасынан махоркасын алып шығып, газетке орап жатып. Анау тыжырынды «тасташы андағын… өткенде Ырысбек жездем кеп, осы кабинетті сасытып кетті, мә мынаны тарт»,-деп бір қорап «Медеу» темекісін ұсынды. Иә, анау кімге бар Айшаға… Ол біледі. Содан аласың премя цехтан шығарып береді, сайлау болғалы жатыр, со-ған дайындық Президент сайлауы,-деді езуіне темекі қыстырып жатып, қабағын түйіп.

-Едом көшесі қайсы еді?-деді әкем.
-Базар көшесі, тек төмен жүре бересін…Да? Да!? Көп телефонның біреуі безгегі ұстаған адамдай безектей жөнелді. Қатар-қатар телефон. Быр-быр. Дір-дір. Дамыл жоқ. Бардық. Әйелі ұзын бойлы екен. Әкем келген «шаруасын айтты». Жақсы,-деді. Ертең я болмаса сәрсенбінің сәтіне кел,-деді.

Одан бері де қаншама уақыт өтіпті. Ат жалын тартып, отызды артқа тастап, қырыққа қадам бастық. Сол бір тоқсаныншы жылдары мектепте керзі етік киіп, үстімізге түскенді іліп томырық мінезді ауыр жылдардың ащысымен тұшысын қатар көріп «есек дәмемен» әлі келе жатырмыз.

Кеше телефоным таң атпай шырылдайды. Көкірегіне өксік тығылған байғұс ана. Амандасты да… Жылап жіберді.

-Не болды? дедім.

-Құлағалы тұрған жаман үйде тұрам, ай сайын пәтерақыма елу мың теңге төлеймін. Бүгін-ертең қар ериді қайда барамын?-дейді.

-Енді? дедім.

-Үй кезегіне тұрайын десем «Отбасы Банкінде» 50 пайыз ақшаң болуы керек деп кері қайтарды. Мен қалай енді үй алам? дейді. Дымым ішімде. Көкірегіме ащы өксік келді. Айналайын сенің қатарында мына мен де… дегім келді де. Үндемедім.

Отыз екі жылдан бері бітпей келе жатқан не қылған әуре-сарсаң!? Үйсіз қазақ. Баспанасыз қазақ. Қаңғырған қазақ. Құлдыраған қазақ, жылаған қазақ, арба сүйреген қазақ, дорба сүйреткен қазақ! Бұ қазаққа бақыт таңы қашан атады? Арқаны кеңге салып, рақаттанып жер байлығын қашан көреді!?
*
Опасызда отан жоқ деуші еді аталарымыз. Өз елім-өлең төсегім деп бейшара қазақ отыз жыл бойы, үрімімен елді тонаған басшының өтірігіне тойды. Оның торайы да, торғайы да, есегі де, кещесі де семірді. Ақындар пайғамбарға теңеп ғазал жазды. Суретшілер Ұлы Абылайды босағаға қойып суретін салды. Аңғал халық бас изеп, тығырықтан тіреу болып алып шығады деп имандай сенді. Айбынды дедік-айлакер боп шықты. Көшбасшы дедік-көрсоқыр боп шықты. Ер дедік-ез боп шықты. Ақыры тоқалы жайлы топырлатып эссе жазып, махаббат жайлы былдыр-былдыр кітап жазды. Оны талқылап тағы жыртылды қазақ.

Көнектен шошынған бие құсап, көптен бөлінген үй құсап со-нау тоқсан бірінші жылы Мәскеуден тәуелсіздігін ойланып барып алған Қазақия елі ЖЕКЕ ЕЛ БОЛДЫ деп сүйіншіледі. Әй сол кезде біздің ауылдың айтқыш ақсақалы айтыпты ғой «Мынау етегімізді түріп, емшегімізді бүріп, дамбалымызды әлі -ақ теріс кигізеді!» деп. Әулие екен! Айтқаны дөп келді. Қазақстан жеке ел болып шыққанда 40 миллион қой, 10 млн ірі қара, миллиард пұт астығы болған. Жер асты байлығы мен үстіндегі байлықты есептеңіз? Қайда соның бәрі. Ананың қолында. Мынаның қарамағында. Тіпті өлген өлігіне сүйем жерді сатып алатындай күйде отыр. Он соток жер сұрағанмын бая-ғы-да… әлі менің кезегім келмепті. Ал бірақ ақшасы барлар «борбайлары салбырап» жүріп жерден-жер алып зәулім мектеп, пәтер салып жатыр. Бизнестерін қыздырып жатыр. Қайдан келді? Кім берді? Бұның есебін ешкім білмейді. Жер сұрасыңыз иықтарын қиқаңдатып «жоқ!..» дейді.

Басы жұмыр пенденің барар жері белгілі демекші, не ішіп, не қоярын білмегендердің балалары кісі өлтіріп әне сотталып жатыр. Жемқорлық фактісінен аяқ алып жүре алмайсың. Әне ұсталды. Міне ұсталды. Ұсталып жатыр. Қамалып жатыр… Бірақ баяғы ескі әңгіме -сабан сөз.

Жаңа Қазақстаннан барша қазақ үміт күтті. Тақым қысты. Жылы киім- тәнді жібітер, жылы сөз-жанды жібітер деуші еді. Жаңа Қазақстанның форматы өзгеріп, баяғы ескі әннің күні бітіп, жаңаша «келбетті ел» болады деген ұранға айрандай ұйыдық. Бірақ, соңғы уақытта қарап отырсақ баяғы сыңарезу қоғамның салқын сәлемі баяғы күйде қалып тұр.
Сырласайық,
Сырласайық, сыбайлас!
Сыйлы көңіл,
Сыршыл көңіл мұңаймас!
Ескі жолдамыз. Қоңыр үйде қараша халық. Көңілі де қоңыр. Өмірі де қоңыр. Баяғы мемлекет қаржысын миллиардтап жегендердің тұмсығы майлы, үні ірі, көңілі баяғы атам заманындай. Оларға бәрі-бір. Олардың бұл өмір сүретін, жайлы уақытша мекені сияқты. Құдай бетін аулақ қылсын! Бұрқ ете түскен шаң болса, алдымен тырапайлап қашатын солар. Олардың шетелде үйлері, тіпті көліктері, көрлеріне дейін дайын тұр. Сорлайтын. Жылайтын. Амалдайтын тағы қараша халық һәм Сіз және Біз…

Әңгіменің тұздығы жаңағы көз жасын көл қылған айналайын қазақтың келіншегінен шықты. Жылағым келіп, ерінімді тістеп егіліп отырмын. Кімге барайын!? Жамбас пұлымды төлеп жан бағып отырған мына менің шәу-шәу еткен үнімді кім тыңдайды!? Билігін бе?
Биікте отырғандар ма!?

Тыңдағысы жоқ. Е, көп үргеннің бірі. Көп қыртқан қыртыңбайдың далбасы жазғаны дейді де, миығынан күлер! Еңбегі ештің, күні кеш дегеннің керімі. Кешке қарай поштамды ашқым келмейді. Жекеме мыңдаған хат келеді. Жылаған қазақ. Зар қаққан қазақ. Белсенді қазақ. Ел үшін егілген қазақ! Қазақ байғұс теңіздің үстінде жыртық қайықта теңіздің ащы суын қасықтап шөл басып отырғандай күй кешіп отыр.

Ау ағалар! Барсыздар ма? Бар болсаңыздар айтайын. Анау Парламент мінбесінде айқайлап қойып, жұдырық түйіп қойып «елдің мәселесін айтып жатырмын» деп сес көрсету түк емес. Мен сенбеймін. Мен түгілі ауылда шаруа баққан қазақтың өзі сенбейтін болды «Бәлдә-бәлду» деп. Шын айтам. Қазақ елі мықты болсын десеңіздер алдымен «қазақтың адресіне» түрлі сөз айтып елдің ішін арандатып жатқан «құтырған к…н» туғандарды жөнге сал!

Қазба байлығы бола тұра шетелге мигрант боп кеткен қазақтың ұлы мен қыздарын елге жина!

Баспанасыз қазақты жылатпай әр қазақ баспаналы болсын! деп ұран таста!
Тілді түзе… Мемлекеттік тілі-АНА ТІЛІ ҺӘМ ҚАЗАҚ ТІЛІ де!

Ауылды көтер! 10 млн гектар жер қайтарылды деп АМАНАТ партиясының дақпырт әңгімесін тірілтіп құжатпен дәлелдеп бер. Қай облыста қай жерде жер қайтарылды!? Құр сөз. Құр қиял.

Көшеге шығып «гей болыңдар!» деп ұрандатып жатқан бетпақ, арсыз, ұятсыз бетімен кеткендерді жауапқа тарт, қылмыстық іс қозға! Солардан тиын-тебен алып «рұқсат бергенді» қосып абақтыда мөлитіп қой!

Елдегі қымбатшылықтан ығыр болған халықты бір мезгіл ойлау керек. Алып-сатардың күні туды. Дүкен ұстап тұрғандарға тауар тасушыларды тексертіп моратория дегенді алып таста! Қараша халықтың арқасында әб-ден ойларына келгенді істеді. Бәрі қымбат. Дәрі қымбат. Нан қымбат. Енді электр жарығын қосып қымбаттатып жатыр.

Ал енді мені бір таң қалдыратыны. Сен баспанасыз жүрсіз бе, күйсіз жүрсіз бе оған ешкім көңіл бөлмейді. Балаң он сегізге толса… Отан қорға дейді. Ау алдымен ол балаң кімді қорғайды? Ауырса дәрісі ақылы. Тісі ауырса «тіс дәрігері» тіс жұлғанына пәленбай теңге алады. Оқуға барса-ақылы. Ел мен жерді анау мен мынау билеп отыр. Қазіргі қазағымның күйі арбасы сынса отын боп қалды, өгізі өлсе еті боп қалды.
Ынтымақсыз елді ұрысы билейді.
Ынтымақты елді дұрысы билейді,-
деген аталарымыз. Я болмаса «жері азған елде тоқшылық болмайды, ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген де бар. Қарға тамырлы қазақтың бас бірлігінің арқасында осынау Ұлы Далада ақылды хандары, көмейінен көсем сөз төгілген билері, ақылды ақсақалдары құрама жиып ел етті, құрақ жиып шөп етті. Енді не болдық? Шаршаған. Құлдыраған. Сіңірі созылған. Кредиттен құтыла алмай амалдаған, жылаған қазақ болдық. Арыстандай қазақта, отыз жыл бұрын Алатаудай үміті бар еді. Ол үміті күлге айналып шындығы шыңырауда, дауыс тереңнен өксіп шығып жатыр.

Мен көп қазақтың бірімін. Қайда барам? Шетелге барайын десем-Отаным қымбат!
«Қаңғып келген сорлы қазақ» десе Отаным болып тұрып күйіп кеткенмен бірдеймін ғой. Өйткені, Сіздерді білмеймін ақжағалы төрдегі ағалар халқым -қазынам, қазаным ғой. Ал қазақ неге сорлап жүр? Көретін көзді-көртопырақ, түйсігі мүлдем төмендеп кеткен бе!?

Билік уақытша. Тақ уақытша. Бәрі уақытша. Қанша мықты болсаң да, әлі ертең -ақ заман райы өзгеруі мүмкін. Сол кезде қатпар-қатпар тарихтың арасынан қалтылдап бастарыңыз шығып жатса «ұрпақтарыңыз» ұялып төмен қарауы мүмкін. Бірақ ондай ниетте емеспін. Ұрпағым ұялмасыншы десеңіздер мінбеде міңгірлемей аз қазақтың мұң-мұқтажын айт! Сонда ғана ел түзелер.

Аз қазағым! Бар бақытым! Мен жаздым. Өз сөзім-өзіме, егер ұнамаса айналып өтіңіз… Өкпе жоқ. Ұлы Абайдың өзі «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деп қамыққан. Абай емеспін-Абайдай әулие болу қайда?.. Өзім ойға батып жүргенде қоңырау шалған келіншектің мұңы мен мұқтажы ебепке-себеп болды. Кең көсілген үйім болса, төрімді оған беріп, босағада жатар едім. Бір қазаққа септігім тисе де олжа ғой. Жамбас пұлымды төлеп. Жарты үйіме кітап жинап отырған маған ондай құдірет қайдан болсын!? Қысқа қайырсам 1001 түнді оқысаңыз сондағы жарлының қиялы істеттес.

Ертеңім не болар екен деп, маңдайымнан ащы терім саулап ойланам да қоям!..

spot_img
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Ақмола облысы Бурабай ауданының Абылай хан ауылында дүниеге келген. Абылай хан атындағы орта мектепті аяқтап, он тоғыз жасынан бастап баспасөз саласында қызмет атқарып келеді. Өзекті мақалалары әр түрлі деңгейдегі басылым беттерінде Бурабайдың Жеңісі деген атпен жиі жарық көреді.
Сондай-ақ, оқыңыз...
- Advertisement -spot_img
Өзге де мақалалар
spot_img

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here