14 C
Kokshetau
Сенбі, Шілде 27, 2024

Еркектің құқығын кім қорғайды?

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

Бишембаевтың соты бітті, енді бізден бір ауыз сөз!

Елдің ішінде сел басталғанда Бишембаевтың соты да басталды. Қарашада қар түскенде болған уақиға. Әйелін өлтірді. Қасақана. Мастықпен. Әрине, «пәлен» деп айту қиын..! Арақтың кесірі, ішкіліктің кесапаты.

Содан кейін тергелді. Тексерілді. Қоғам да тыныш, елде үнсіз жатқан-ды. Тоғыз өңірді һәм тоғыз облысты қарғын судың құшағында қалған кезде резонанс тудырып тікелей эфирден Қ. Бишембаев пен Байжановтың сотын көрсете бастады.

Жәбірленуші тараптан төрт адвокат… және Салтанат Нүкенованың ағасы,
Бишембаев жақтан үшеу және анасымен, апасымен қысқасы бесеу.
Байжановтың адвокаты екеу.
Мемлекеттік айыптаушы екеу.
Судья.
Алқабилер ұзын -саны қанша екенін білмедім.
Орыс тілінен -қазақ тіліне аударатын аудармашы бар, сонсоң БАҚ-ның өкілдері, дүйім жұрт жарты ғалам… қарап отыр.

Бәрі демін ішіне тартқан. Қызығы сол, қылмыскерге айыптаушылар қанша жыл жаза кеседі деген ортақ сұрақ, мың сауал… Өсекторлар гәпіріп жатыр. Кім қанша қылмыскер болса да, жасаған ісін һәм қылмысын мойнына алсын! Бишембаев ақталып әлек.

Нүкенованы туыстары, туғандары Бишембаевты жазықты қылмыскер деп шыр-шыр. Кім туғаның, бауырын біреудің қолымен құдайға аттандырады.

Алдау мен өтірік-сұмның ісі. Екі жақ жылан мен мысықтай арбасты.
Өсектордың ішіндегі пікірлерге қарап отырсақ, Жарты ғаламның пікірі «Бишембаевқа… мәңгілік түрме!», «Бостандыққа шықпасын!» деген ресми тілдегі смс хаттар.
Жарайды…
Байды құдай атқаны-дәулетіне мас болар,
Ханды құдай атқаны-қарашасымен хас болар,

деген ауыр сөз, жарты лепес ойыма оралды. Сотты көріп отырып. Жағамды ұстап, төбе шашым тік тұрды. Қуандық қатардағы көптің баласы сияқты емес, тоқшылықта өскен жігіт. Еркелігі басым. Дүниенің қат екендігін көрмек түгілі, түсіне де кірмеген. Бәрі бар. Ас даяр. Көлік даяр. Ұшам десем де, құшам десе де бәрі жеткілікті. Тоңып емес, тойып секірген. Кекірігі май сасыған.

Нәпсі бөрі. Иман қозы. Бөрі нәпсіге тоят керек. Тояттады ол. Министр болды. Сотталыпты он жылға. Он күнге емес… қоян терісі жібімей жатып «ытқып шығыпты» әрі қарай қайта еркіндік. Сейіл. Серуен. Қыз. Келіншек. Керекеудың қызымен көңілі жарасып, сырғасын салып, құдалығын жасап «екі құда» төс қағыстырып, құйрық-бауыр асасып «мың жылдық құдамыз» деп Құдай алдында да, адам алдында да уағдаласқан.

Жарайды. Көп ұзамады. Ақыры екеудің махаббаты ыстық ықыластары трагедиямен аяқталып отыр.
Салтанат күйеуінің қолынан қаза тапты.
Қуандық өлтірді.
Енді «сойылдың басы сорлыға тиеді» деген. Бай баласы «әйелін өлтірді» деп қоғам шулады. Шуласын..! Ақыры марттың жиырма жетінші жұлдызында басталған сот, ырғалып-жырғалып мамырдың он үшінші жұлдызы күні нүктесі қойылды. Екі тараптың біреуі жеңді. Біреуі жеңілді.

Жарайды, ортада Байжанов кетті. Төрт жылға.
Ал енді Байжанов «еркек тоқты құрбандықтың» керімімен сотталды. Оның үстіне әлеуметтік теңсіздіктің құрбаны болды. Бай мен кедейдің арасындағы көрініс. Байжанов жарлының баласы. Бишембаев байдың баласы. Байдың баласының сөзі өтімді. Ол оттан да, соттан да, судан да, оқтан да аман шығады. Соған сенімді. Артында тірегі бар. Байжановтың тірегі -қазақшылығы мен Құдайы. Одан басқа дымы жоқ. Баспанасы да бай баласыныкі.
Жат десе- жатты,
Тұр десе-тұрды.
Ақыры басына іс түсті. Бай туысының кесірінен сотталып кете барды.
Мен Байжановқа да,
Бишембаевқа да жамандық тілемеймін. Сағаты болсын! Түрменің аты түрме. Тар қапас. Дұшпанына тілейтін жер емес ол-жер.
Нүкенова иманды болсын!..

Ал енді басталды. Не дейсіз ғой? Әйелдер бастамасы. Кешегі «Раушан коммунистердің» ізін басқандар. Феминистер көшеге шықты. Олар «митингіге» шығады. Рұқсат. Алау-жалау плакат! Әйелдер зорланып жатыр, қорланып жатыр, өліп жатыр т.т ұрандары жер жарады, айқайы қыр асады. Әу дейтін құзырлы орындар жоқ. Үнсіз. Қайта «жұрт көрсін» көзі үйрене берсін дей ме, әлеуметтік желіде аузына келгенді айтып жатқандарына шектеу қоймай, таратып ширатып жатады. Жүрек айнитын лоқсып құсатындай жиіркенішті көрініс.

Кеше көшеде көрдім бір көзі жақын ағамды. Өңі солыңқы. Жабырқау. Ау ағатай халыңыз қалай? деп сұрай салдым.

-Е, хал дұрыс емес. Жалғыз ұлды үйлендіріп, былтыр облыс орталығынан үш бөлмелі пәтер әпергенбіз. Жеңгеңіз екеуміз. Биыл келін «ажырасам да, ажырасам» деп ажырасып тынды. Ақыры адвокат жалдап (пәтер ұлдың атында еді) пәтердің 50 пайызын сот арқылы сыпырып алды.

Сорлап мен және жеңгеңіз қалды. Пәленбай мың теңге несие төлеймін. Ұл қолымызда үшеуміз жабылып жұмыс істесек те, тапқанымыз асымыздан, несиемізден қалмай тұрып жатқан жер үйімді сатам деп жарнама беріп жүрмін,-деп қамықты.

Міне керең уақыттың жемісі.

Қазір түнгі клубқа барыңыз «байынан алимент» алып түнгі клубтың бел ортасында темекі шегіп, бұрқ-бұрқ сыра ішіп жүретін жесір келіншектер көбейді. Өткен бақ өкініш деген. Қазір әйелдердің правасын көтеріп жатырмыз деп Парламент пен Сенат мәз. Жағалары жайлау. Ертең бір аяғымен дірдектеп тұрған қазақстандық демографияның ахулы мүлдем төмендеп кетеді. Жастар шаңырақ көтермейді. Себебі бар, ертең күнім әлде қандай болады деп ойланады.

Сосын қыздарымыз қытайға, зәңгіге, шүршітке тағы басқаға тұрмысқа шығады. Жиен көбейеді, ақыры тұтас жерімізді бақа мен шаян, құрт пен құмырсқа жаулап қазақ деген ұлы халықтың тарихта есімі өшіп құримыз. Жиен ел болмас деген. Жиен қазақ болса жарайды-ау «ел болар жайы болса» дейтін зәңгі, қытай, шүршіт болса ше!?
Феминистерге
Шетелге тұрмысқа шыққандарға,
Көшеде арақ ішіп, біреудің отбасын бұзып, күйеуінің көзіне шөп салғандарға заң жоқ!
Кім жүргіш?
Еркек!
Кім бейшара?
Еркек!
Кім қанішер?
Еркек!
Сонда біздегі еркек атаулысының бәрі бірдей тексіз, қанішер, маскүнем, отбасын асырай алмайтын сүмелек боп кетті ме!? Жоқ олай емес! Бұл жерде сырттан келетін «тілсіз бағыт» беретін саясат жатыр. Өр рухты халықтың еркегін езіп, қайратын бордай үгіп қойса, сүмеңдетіп қойса, ол елдің ішіндегі басты рөлін ойнаушы шашы ұзынмен ортақ келісімге келіп «қарусыз ақ» қалпақпен соғып алып жатса менің бабам -батыр болған, би болған т. б дүр болған деген сөздің қадыр-қасиетінде құн бола ма!?

Еркек көбіктің көлеңкесі боп қалса, біттік… Беті аулақ шекарамызды бұзып жау кірсе, әйел қорғай ма!? Әрине мұндайда ер-азаматқа сын түседі. Бірақ үйде қатыны қожа боп отырса «қайда барасың, Отаның менің қолымда» десе, ол еркектің құдайдың жарлығымен де үйінен шығара алмайсың!

Балалар Әскерге бармай қашып жатыр. Неге?

Өйткені ол балалар анасының тәрбиесін ғана көргендер.

КСРО-ның құрамында болған қазақ, мәдениетінен толыққанды айырылған жоқ. Өйткені, ол кезде «есті аналарымыз» көп болды. Ауылда тұрды. Баласын да тапты, күйеуінің жағдайын да жасады. Солардың арқасында біз жетпіс жылдық бодандық бұғауында отырып, босаңсып қалмадық. Қайта дізерлемей, дірілдемей осы күнге жеттік.
Ендігі күніміз «феминистерге» қараса ҚАЗАҚ деген ұлтты болашақ интернет бетінен көруі мүмкін. Ал бірақ ол кезде ала-құла қоғамның әбден жын-жыбырға айналғанда көш басын керу бұру мүмкін болмай қалады.
Өз қотырын өзі қаси алмай отырып ресейлік «ойы бөлек, сойы бөлектер» келді Бишембаевтың сотына. Неге тәуелсіз ел бола тұрып, біздің соттар орыс тілінде сот жүргізді? Оларды неге мәймөңкелеп кіргізді!?

Мазақ болу үшін бе!? Әлемге күлкі болдық. Сорлы қазақ… Бүйткен елдігіне, ерлігіне болайын деп түбі бір туысқандар күліп жатқан шығар! Әу баста тергеушіге арыз орысша жазылған-ау шамасы.

Отыз жылдан астам уақыт тілін түзей алмай отырған ел, Бишембаевты жиырма төрт жылға соттатып, жеңдік деп отырған болар!? Бірақ Әлем алдында жақсылап тұрып жеңілдік. Тіліміздің жаназасын шығарып бердік. Ендігі жаназа «бөрік кигендердікі» ел ұстап, заң жасағандар бөрік кигендердің қабырын қазып, бет тақтайын дайындап қойды. Ал енді қылар айлаң болса, қылып ал!?

Көндік,
төздік,
таусылдық,
көзде жас, көңілде шер,
түбі түркінің тұлпар мінген баласы һәм еркектер зиратын дайын,енді қай күні өлетіндіктеріңіз Құдайға аян!..
Осымен ойым да, сөзім де тәмәм…

Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Ақмола облысы Бурабай ауданының Абылай хан ауылында дүниеге келген. Абылай хан атындағы орта мектепті аяқтап, он тоғыз жасынан бастап баспасөз саласында қызмет атқарып келеді. Өзекті мақалалары әр түрлі деңгейдегі басылым беттерінде Бурабайдың Жеңісі деген атпен жиі жарық көреді.

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар