17.3 C
New York

Екібастұздағы апат: кім кінәлі?

Published:

150 мыңдай тұрғыны бар Екібастұз қаласында қыстың қақаған аязды күндерінде жылу жүйесі істен шықты. 150-ге тарта көп қабатты тұрғынүйлерге жылу беру тоқтатылды. Ауа температурасы соңғы күндерде түнде 25 градусқа дейін түсіп, күндіз 14-18 градусты көрсетіп тұр. Бірқатар үйлердің жылу батареялары жарылып, одан аққан су пәтерлерді бүлдіруде.

Екібастұздағы апатқа байланысты Премьер министр мен оның орынбасары келіп, апатты жою шараларымен танысты. Қазіргі белгілі болып отырған жай, диспетчерлер бір мезгілде жоғары қысым берудің салдарынан тозығы жеткен жылу құбырлары жарылған. Осының салдарынан бірнеше қазандықтың жұмысы тоқтап қалған. Арнайы құрылған комиссия апаттың себептерін, кімнің кінәлі екендігін анықтай жатар, дегенмен қазір белгілі болып отырғаны жылу құбырларының 90 пайыздан астамы тозып, шіріген. Дәл қазіргі сәтте ол құбырларды ауыстыру мүмкін еемстігі белгілі, яғни, биыл қыстан лаждап шығу қажет. Жарылған құбырлар дәнекерленіп, апат салдары жойылғанымен, тозығы жеткен құбырлардың әржері жарылып, апаттың алдағы уақытта да бола беретіні ешкімге құпия емес.

-Пәтеріміз даладағы сияқты ұлып тұр. Үф десең аузыңнан әппақ бу шығады. Мен осы қалада туып өстім, тіпті 90-шы жылдардың ауыр кезеңінде де дәл қазіргідей жай болмаған еді, -дейді қала тұрғыны Галина Новикова. Электр қыздырғыштарды көп қосатындықтан, свет жиі өшіп қалады.

Қазақстанда бүгінгі күні 37 жылу-электр орталығы бар екен. Олардың 22-сі, яғни 66 пайызы жеке меншіктің қолында. Жылу орталықтарының қондырғылары 80 пайыз деңгейінде тозған, яғни жаңғыртуды қажет етеді. Жылу беру маусымы енді басталғанына қарамастан, Өскемен мен Жезқазғанда да жылу-электр орталықтарында апат орын алып, абырой болғанда дер кезінде апат салдары жойылды. Десе де, мына жағдай анық: жылу-электр орталықтарын қайта жаңғырту жұмыстары жедел қолға алынбаса, алдағы уақытта Екібастұздағыдай жағдайдың басқа өңірлерде де қайталану қаупі зор.

Екібастұз жылу-электр орталығының қожайыны Александр Клебанов әлдекімдер айтып жатқандай ЖЭО-ны ол мемлекеттен жекешелендіріп алмағандығын, өзі сияқты жеке меншік иесінен сатып алғандығын, кәсіпорын сатып алған кезде-ақ шығынмен жұмыс істейтіндігін айтып ақталуда. Капиталы 500 млн доллардан асатын Қазақстандағы ең бақуатты адамдардың бірі саналатын Клабанов сияқты бизнесменнің  еш пайдасы жоқ, шығынмен жұмыс істейтін ЖЭО-ны не үшін сатып алғаны белгісіз. Пайдасы жоқ болса, басына бәле қылып не істейді?

Бүгінде мыңдаған екібастұздықтарды тауқыметке ұшыратқан апатқа қысымды көп берген диспетчер де, апатты дер кезінде ауыздықтай алмаған жұмысшылар да емес, ең алдымен сол кәсіпорынның қожайыны кінәлі екендігі дау туғызбас шындық. Клебанов мырза кәсіпорын қондырғылары мен  жылу жүйесінің 90 пайыздан астамы әбден ескіріп, тозғанын білмейді деуге болмас. Дегенмен де, оны жаңғыртуға ақша жұмсаудың орнына, жылу ақысы үшін алған ақшаны қалтасына басып, басқа мақсаттарына пайдаланған.

Ютубте биыл жазда Екібастұз жылу-электр орталығының жұмысына қатысты құрылған комиссияның бір мүшесінің жылу жүйесінің 95 пайызы тозғанын, биылғы жылы міндетті түрде апат болатынын айтып, Үкіметтің назарын аудармақ болған мәлімдемесі жүр. Бірақ соған қарамастан, кәсіпорын қожайыны Клабанов мырза да, қала, облыс басшылығы, Үкімет те  комиссия мүшесінің жанайқайын құлаққа қыстырмаған. Міне, соның салдарын енді тартып жатырмыз. Бәлкім ертең жұмыс комиссиясы апатқа кінәлі деп диспетчер мен бір-екі жұмысшыны айыптап, соларды жазаға тарттырар, бірақ та, бұл мәселені шешпейді. Ең бастысы, апатқа нақты жауапты және айыпты адамдарды анықтап, соларды байлығына, дәрежесіне қарамай қатаң жазаға тарту қажет. Және де, еліміздегі барлық жеке меншік жылу-электр орталықтарындағы жағдайды анықтап, тозған қондырғыларды жаңғыртуды міндеттеу керек. Әйтпеген жағдайда, Екібастұздағы апат сияқты апаттар алдағы уақытта басқа өңірлерде де қайталанары анық.

Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп
Қалкөз Жүсіп ҚазМУ-дің тарих факультетін бітірген. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етті. Қима аудандық «Дала таңы» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, Атбасар аудандық «Атбасар» газетінің» редакторы, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ, республикалық «Заң газетінің» ұзақ жылдар Ақмола облысындағы меншікті тілшісі болды. Қазақстан ақпарат саласының үздігі, түрлі республикалық конкурстардың жеңімпазы.

Related articles

spot_img

Recent articles

spot_img