spot_img
More

    …Егер, қазақ бай болса!

    Бізде қызық шетелге емге баратын кісіге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ, қолдаушысы болмаған соң «ауырған адамға» халық жұмылып қаржысын жинап береді, мейлі бала болсын, үлкен болсын, кіші болсын!

    Үйі өрттеніп кеткен адамға да билік тарапынан «тиын-тебен» беріледі екен. Айналып келгенде тағы да қараша халықтың қалтасынан шығынды көтеріп үй алып беріп жатады, я болмаса бай-бағландар көмектесіп жатады. Сонда халық пен биліктің арасындағы даңғыл жол қайда қалды!?  Жалпы қандай мемлекет болса да, оның негізгі реттеуші байлығы адам. Ал халықты үймен, аура қалса, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету ол мемлекеттін басты тұғырнамасы болуы қажет. Сондай деймін қаптап отырған басшылардың халыққа қажеті қанша!?

    Қазақ елі бай мемлекет. Жер асты байлығы да, басқа байлығы да жетіп артылады. Бірақ жемқорлықпен өтіріктен, бәтуәсіз байламнан көз ашпай отырғандықтан бейшара күйге түсіп, әбден  халқы қалжырап бітті. Қызықты қараңыз: Өткен 2021 жылы  85 миллион тонна мұнай өндіріппіз. Бұл дегеніміз -581 миллион 740 мың баррель…ақшалай шаққанда 61 миллиард. Міне қызық. Біздің елде Менделеевтің 99  элементінің 70-і өндіріледі екен. Сөйте тұра біздің ел әлемдегі кедей елдің санатында тұр. Бұған кінәлі жемқорлық, халық пен биліктің арасындағы ашық диалогтың жоқтығы, заңның әлсіздігі және орындалмайтындығы.

    Ауылшаруашылық саласының тозып біткендігі ешкімге жасырын емес, қазақтың қолынынан мұнай өндіру келмесе, технология ғылымын дұрыс меңгермесе. Ендеше байтақ жердің пайдасын көріп тым құрмаса еркіндік беріп, баяғы тозығы жеткен ауылдарды жөнге келтіріп «ортақ өгіздің» күшін пайдалануды қолға алуымыз қажет. Жеке-жеке шаруақожалығы болып отырған жекеменшік деген ұғымды алып тастап «орталықтандыру» сөйтіп халықты жұмыспен қамтитын уақыт келді.  Ал енді жеке-жеке әркім өз қотырын өзі қасып отырса, оның жеке мәселесі, егер өз күнімді өзім көремін десе. Ұжымдасу жұмысы алдымен халыққа пайдалы, халық біледі негізгі бюджет көзі мемлекеттен, демек ешкімге-ешкім тәуелді емес. Иесі мемлекет.

    Ауылды жерді тастап, қалаға келіп баспанасыз жүрген қазақтың проблемасын осылай-ақ шешуге болады. Сонымен қатар шетелден келген жас мамандарды бірден жайлы кабинет беріп, қызметін өсірмей, ауылдан бастату керек.  Қазақта «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мәтел бар.

    Ауылды әбден тоздырып «тұлдырсыз» қалдырдық. Сосын барып ауылдағы ағайын қалаға бет түзеді. Ал  қалаға барғанда екі жеп, биге шығып отырған «бизнесмендердің» салып жатқан үйлерін тағы да өмірінің аяғына дейін «ипотекаға» алып сорлап жүрген ҚАЗАҚ екенің жоғарғыда отырған көкелер біледі ме екен!?

    Қысқасы Шерағамыз айтпақшы «алтын сандықтың үстінде, жалаңбұт отырған» біз болдық. Өйткені жемқорлық жайлаған елдің халқы да бейшара күй кешеді.

    Егер қазақ бай болса, Оңтүстік Кореяға барып қара жұмыс істемес еді!

    Егер қазақ бай болса, АҚШ-қа барып мал бақпас еді!

    Егер қазақ бай болса, кешегі қаңтар оқиғасы болмас еді!

    Егер қазақ бай болса…

    Бурабайдың Жеңісі
    Бурабайдың Жеңісі
    Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

    Тақырып бойынша мақала

    spot_img

    Соңғы мақала

    ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

    Пікіріңізді енгізіңіз!
    мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз