Мемлекет және қоғам қайраткері Қызыр Жұмабаев 80 жаста
Өмірдің бір қырқасына шығып, бүгінде сексен жасқа келіп отырған осы азамат жөнінде кезінде баспасөз құралдары жарыса жазды, айтты, көрсетті. Бар саналы өмірін туған жердің топырағын түлетуге арнап, егемен даму жолына түскен еліміздің көркейуіне өзіндік үлесін қосқан бұл адамды қалай мақатаса да көптік етпейді. Ағамыз туралы бұрындары жарық көрген мақала, очерктерді жинап құрастырса солардың бәрі бір үлкен кітап болар еді. Жүректің түкпірінен шыққан ойларды пікірлерді, қайта-қайта зейін сала оқып, әр сәт сайын өзімше толқимын, кезінде қоян қолтық араласып, бірге жүріп еңбек еткен осы айтулы азамат туралы менің де өз тұрғымнан ой бөліскенім жөн болар деп санаймын.
Біз өз өмірімізде түрлі адамдармен дос, қызметтес, істес боламыз. Олардың бірімен тығыз араласып жұбымыз жазылмай кетсе, екіншілері уақыт өте келе алыстап санадан тыс қалады. Бұл орайда мен үшін Қызыр Ыбырайұлының орыны ерекше. Қазірде екеуіміз бір-бірінен қашық екі қалада тұрсақ та әуелде қызметтестік, кейін ағалы-інілі сыйластыққа ұласқан қарым-қатынасымыз ешқашан үзілген емес. Осы жолдарды жазып отырған сәтте өткен 80-90-шы жылдарда онымен бірге болған уақыттарым көз алдымда елестеп Сары Арқаның сар даласындай алдымда көсіліп сала береді.
Мен ол кезде бұрынғы Көшетау облысының Еңбекшілдер (қазіргі Біржансал) ауданының аупарткомында ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген едім. Сол 1987 жылдың күзінде аупарткомның басшысы Чапай Әбутәліповті Целиноград обкомына хатшы етіп сайлағаннан кейін лауазымы өсіп кететін болды да оның орнына Облыстық ауылшаруашылық өнеркәсіп комитеті төрағасының бірінші орынбасары Қызыр Жұмабаев келеді екен деген хабар жетті.
Аудан тұрғындары, әсіресе басшылық органдарда қызмет етіп жүрген біздер үшін, бұл елең етер жаңалық болды. Қызыр Ыбырайұлынан бұрын да ауданды талай басшылар басқарып түрлі қырынан танылған, ал бұл кісі қандай болады екен деген сұрақ бәріміздің көкейімізде тұрды. Шынын айту керек, бірінші хатшыларымыздың кейбіреуі ауданға келе сала қажет болсын-болмасын басшы қызметтегілерді ауыстырып, олардың орнына өзінің тамыр-таныстарын қойып ауыс-түйіс жасап жататын. Ал мына жаңа басшы қайтер екен деген сұрақ бәрімізді толгандырды. Сөтіп алаңдап жүргенімізде көп кешікпей обком хатшысы И. А. Алимов аудан активінің жиналысында жаңа бірінші хатшыны таныстырып, онымен тіл табысып жұмыс істеп кететіндігімізге сенім білдірді.
Сол жиында ол облыс басшылығына да, мәжіліске қатысушыларға да қолдағандары үшін алғыс білдіріп, аудан алдында тұрған келелі міндеттерді атқару жолында күш-жігерін аямайтындығын нықтап айтты. Оның әр сөзінен жігерлілік пен табандылық айқын сезіліп тұрды. Жиналыстан соң ол бірден аупартком аппаратымен танысуға кірісті, әрқайсымыздың аты-жөнімізді, лауазымдарымызды біліп алғаннан кейін бізге қойылатын жаңа талаптарды түсіндірді. Жүздесу аяқталып бәріміз кабинеттен шығып бара жатқанымызда ол атымды атап қала тұруымды сұрады. Екеуіміз жеке қалған соң:
– Мен жақтастарымды, қолпаштаушыларымды ешқашан өзіммен бірге ерткен емеспін. Әр уақыт барған жерлерімде қолынан іс келетін пиғылы ақ, жүрегі таза адамдардың көмегіне сүйеніп келдім. Сан тарау партиялық жұмыс, әсіресе кадрлармен жұмыс, әр уақыт назарда ұстайтын мәселе. Сен осы ауданның тумасысың, жергілікті жағдайды жақсы білесің, содықтан маған сенің көмегің қажет. Қалай, соған дайынсың ба?- деді жанарын қадай қарап.
Мен үнсіз басымды идім. Қызыр Ыбырайұлымен бір бірімізге деген сенімділікпен бірлесіп қызмет етуіміз, міне, осылайша басталып еді. Осыдан кейінгі жұмыс барысында оның қандай ғана іс болмасын тыңғылықты атқарылуын және осылардың барлығы бір ғана мақсатқа яғни адамдардың ортақ игілігіне бағындырылуын бәрінен де жоғары қойып отыратындығына көз жеткіздім.
Жаңа бірінші хатшының аудан өмірімен жете танысуынан кейін «Ауыл», «Мәдениет-90» бағдарламалары жасалып, олардың әрбір тармағының орындалу мерзімдері мен оған жауапты тұлғалар белгіленді. Аудандық кеңестің сессиясында бекітіліліп ресми құжат түрінде көрініс тапқан бұл бағдарламаларда, әсіресе, шағын елді мекендерде тұратын халықтың әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсарту басты міндет етіп қойылды. Расында негізінен қазақтар тұратын ауылдарда мектептердің, емдеу пункттерінің, тұрғын үйлердің жоқтығынан тұрғындар бірте-бірте көшіп, олардың бірқатары жойылып кетудің аз-ақ алдынды тұр еді. Бағдарламаны нақты жүзеге асыру барысында айналасы 3 жылдың ішінде аудандағы ұзын саны 20-дан асатын шағын ауылдарда тұрмыс күрт жақсарып сала берді. Кеңшарлармен қатар олардың барлығына жаңадан жол төселіп, байланыс тартылды, клубтар, моншалар салынып, емдеу пунктері, бала бақшалары ашылды. Еңбек жағдайын жасауға да жете көңіл бөлінді. Бөлімшелерде бұрынды-соңды болмаған жабық гараждар, техника жөндеу шеберханалары, мал қоралары тұрғызылып, егіс бригадаларында тамақтанатын, дем алатын, жуынатын бөлмелеріне дейін бар дала қосындарында механизаторларға, малшыларға өнімді жұмыс істеу үшін не керектің бәрі жасалды.
Өндірістік мәселелермен қатар жаңа басшы ауданның әлеуметтік саласына да жете көңіл бөлді. Соның нәтижесінде шағын ауылдарда 10 бастауыш мектептер қазақ тілді орта және орташалау болып қайтадан құрылды. Қаржы үнемдеу мақсатымен жоғарыдан түсірілген нормаларды еңсеріп, жаңадан мектептер, бала бақшалар, мәдениет ошақтарын, медпункттер ашу, оларға қажет кадрларды тарту, облыста бірінші болып мектептерді жаппай компьютерлендіру Қызыр Ыбырайұлына оңайға түскен жоқ. Оның қайта-қайта жоғары басшыларға шығып, осы мәселені түрлі жиналыстарда жиі-жиі көтеруінің, табандылығының нәтижесінде мәселе ақыры оң шешімін тапты. Осылайша тұрғындардың тұрақтамауының басты себебі жойылып, олар өздерінің туған ауылдарына оралып өмір жайнап сала беріп еді.
Әлеуметтік салада бірінші хатшының үнемі назарында ұстаған мәселесі тұрғын үй құрылысын өркендету болғанын аса екпін түсіріп айтпасқа болмайды. Ауданда бұрындары да үйлер салынып келген-тін. Бірақ сонда да, әсіресе, кеңшарларда, дихан, малшы қауымын айтпағанда, мұғалімдер мен дәрігерлерге баспана жетпей жататын. Осы келеңсіздіктерді жою жолында көлемді шаралар жүзеге асырылды. Алдымен құрылыс кооперативтері құрылып, кірпіш жасау цехтары іске қосылды, осы саланың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Соның нәтижесінде құрылыс ісі өркендеп, әр жылда 23 мың шаршы метрге жуық үй тұрғызылып, кейін бұл меже 30 мың шаршы метрге дейін арттырылды. Салыстыру үшін айтсақ, сол кезде облыстың қай ауданын алсақ та оларда бір жылда салынған тұрғын үй көлемі 6-7 мың шаршы метрден аспайтын. Сондықтан бұл көрсеткіш кезінде әлеуметтік саланы дамытуда облыс көлемінде бұрынды-соңды болмаған жетістік деп бағаланды.
Бұған қоса аудан орталығында әлеуметтік ахуалдың, әсіресе, тұрғын үй құрылысының өркендеуіне бірінші хатшының тың шаралар қолданғанын ерекше атап өтпеске болмайды. Бұдан бұрындары Степнякта жыл сайын бюджет есебінен екі-үш жылда бір рет қана 15-18 пәтерлік үй салынып келсе, ол енді барлық кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына ішкі өндірістік мүмкіндіктерді пайдалан отырып әр жылда кемінде 2-3-тен үй салып отыру міндетін жүктеп, бұл тапсырмасының мүлтіксіз орындалуын өзі қатаң бақылауға алды. Сөйтіп жыл сайын кемінде 20-25 жайлы баспаналар тұрақты пайдалануға беріліп тұрды. Қала тарихында алғаш рет 150 орындық «Ертөстік» қазақ балабақшасы ашылды, Көшелер тәртіпке келтіріліп, күл-қоқыстан тазартылды, барлық жолдар асфальтталып, тротауарлар төселіп, адамдарды күннен, жауыннан қорғайтын әсем аялдамалар орнатылды, жасыл желектер отырғызылды, қараусыз қалған стадион жөнге келтіріліп, спорт кешені, мейрамхана, сауда орындары, жолаушылар үшін кең де жайлы автобекет салынды.
Міне, осылайша мәдени-әлеуметтік проблемалардың табысты шешілуі кешікпей ауыл шарауашылық өнімдерін өндіруде айтарлықтай көрсеткішке қол жеткізуге тікелей ықпал етті. Жыл сайын сүт пен ет өндіру орта есеппен 3-5 пайызға тұрақты артып отырды, ал 1990 жылы егіннің әр гектарынан 18,5 центнерден астық алынып, бұл көрсеткіш бойынша облыста ең астықты деген өңірлердің қатарында болғанымыз әлі есімде. Егер ауданымыздың жері қыратты, қуаңды екенін ескерсек, бұл жетістіктердің астарында бірінші хатшының үлкен ұйымдастырушылық жігерінің, басқарушылық талантының жатқаны белгілі.
Басшымыздың биік адами қасиеттері мен ұйымдастырушылық таланты, қарапайым еңбек адамдарына, ардагерлерге деген жанашырлығы Горбачевтің қайта құрушылығы тұйыққа тіреліп, елді тоқыру басып, дүкендердің сөрелері босап қалған қатшылық заманда анық байқалды. Ең алдымен аудан орталығында шалғайда тұратын тұрғындар үшін ғана сауда жасайтын дүкенге олар арнайы бөлінген автобустармен қатынап күнделікті қажет тауарларды сатып алып тұрды. Сонымен қатар ардагерлер дүкені ашылып, ол да қат тауарларды тек соларға босатып отырды, ал әсем, әр түрлі өрнектермен безендірілген, ағаштан қиып салынған дүгірщіктер, жаймалар мен сөрелер орналастырлған жаңа орталық базарда аудандағы бар кеңшарлар, алты жұмысшы кооперативі мен орман шарауашылығы әр жексембіде кестеге сәйкес қала тұрғындары үшін ет, сүт және басқа да күнделікті қажетті өнімдерді үстемесіз, өзіндік құнымен сатты.
1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне алғаш рет баламалы сайлау науқаны басталғанда аудан тұрғындарының депутаттыққа кандидат етіп Қ.Ы.Жұмабаевты бірауыздан ұсынуы және оның сайлау күні қарсыласын басым дауыспен жеңіп шығуы халық алдындағы үлкен беделі мен оған деген шүбәсіз сенімінің айқын көрнісі болды. Ол халық берген жоғары өкілеттілікті өз басыма қонған бақ деп бағалап қана қоймай оны жұрт игілігіне барынша тиімді жұмсауға тырысып бақты. Жоғарыда баяндалған ауыз толтырып айтарлық шаралардың бірқатары осы депутаттық аманатты нәтижелі жүзеге асыру аясында атқарылып еді.
– Менің депутаттық шағымның ең бақытты сәті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы сессиясында республикамыздың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күн,- деп еске алар еді. Қызыр Ыбырайұлы.- Одан кейін Ата заңымыз жан-жақты талқыланып бекітіліп, бүгінде республикамыз экономикасы мығым дамыған елдер қатарына бірте-бірте қосылып келеді.
Халқымызда: «Жиырмасында қамал алмаған, отызында орда бұза алмайды»,- деген мақал бар. Егер Қызыр Ыбырайұлының өмір жолына үңілер болсақ, оның топ бастарлық қасиеті жастайынан-ақ байқалған. Омбы облысы Шарбақкөл ауданының Мәшен ауылында дүниеге келіп, орта мектепті бітіргеннен кейін Омбы қаласының ауылшаруашылғы институтын зоотехник мамандығы бойынша үздік бітіріп Павлодар облысының Баянауыл, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту, Уәлиханов аудандарының шаруашылықтарында аға, бас зоотехник қызметтерін атқарып өндірістік тәжірибе жинақтады. 1974 жылы сол Уәлиханов ауданындағы «Гагарин» совхозына директор етіп қойғанда ол небары 31-ақ жаста еді.
Бұл шаруашылықтың ісінің нашарлағаны соншалық, қыстақ науқанынында малға үнемі жем-шөп жетпей, оны ауданның басқа кеңшарларынан тасып әуре-сарсаңға түсіп жататын. Орда алған деген сол, жас директор келісімен осы келеңсіздікті жою мақсатында ең алдымен малға жетерлік етіп азық дайындауды мықтап қолға алды. Нәтижесінде жыл сайын он мың тонна шөп шабылып қой баздарына жеткізіліп отырды. Мысалы, бұл көршілес Ленинград, Чкалов аудандарында дайындалатын мал азығының қорынан сәл ғана аз еді. Облыста алғашқы болып «Армандастар» комсомол-жастар қой өсіру бригадасын ұйымдастырып, оның нәтижелі жұмыс істеуіне қол жеткізген де осы жас директор.
Міне, сөйтіп, айналасы 4 жылдың ішінде бұрынғы 2,7 килограмның орнына әр қойдан 4,5 килограммнан жүн қырқып, артта қалған кеңшарды алдыңғылардың қатарына қосқан кезде Көкшетау облысының сол кездегі бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков атқарылған істерді әдейі келіп көрді, жақсы бағасын берді, оның басшысын «Құрмет белгісі» орденімен марапаттауға ұсынды Одан соң осы кеңшар қой шарауашылығын дамыту және мал азығын дайындау бойынша республикалық жарыстың жеңімпазы атанғанда облыстың жаңа басшысы Оразбек Қуанышев та арнайы келіп, қона жатып шаруашылықпен жете танысып, өрелі істерге көңілі толып еді.
Рузаев ауданының «Шарық» кеңшары әуелде көзге түсіп дүрілдеп тұрғанымен соңғы жылдары қарқыны кетіп құлдырай бастағанда, бүкіл одаққа белгілі осы шаруашылықты қалпына келтіру өзінің алғырлығымен, іскерлігімен танымал бола бастаған Қызыр Жұмабаевқа тапсырылды. Ол кеңшар тізгінін өз қолына алған соң егіншілік мәдениетін көтеруді, фермалардың бәрін жаңалап, оларға бірыңғай сүтті сиырларды топтастыруды, ауыр саламақты ірі қараны өсіруді жолға қою бағытында көп тер төкті. Соның нәтижесінде кеңшар жыл сайын 1,5 миллион пұттан астық өндіріп, әр сауын сиырдан 3,5 мың литрден сүт сауып, етке әрқайсысының салмағы 450 килограмнан келетін өгізшелер тапсырып Бүкілодақтық жарыста 2 рет алдыңғы саптан табылды. Сол жемісті жұмысының оң нәтижесі – 1981 жылы оны СОКП-ның 26-шы съезіне делегат етіп сайлады, кеудесіне «Халықтар достығы» орденін тақты. Бұл сол кезде ілуде біреудің еншісіне ғана бұйыратын құрмет еді.
Философияда адамның тағдырын оның мінезі айқындайды деген ұғым бар. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қызыр Ыбырайұлының пешенесіне тек қиын да жауапты істерді атқару жазылыпты. Бұған оның батылдығы, табандылығы, өзіне сенімдігілігі, әр нәрсені алдын ала ойластырып, дұрыс шешім қабылдай алушылық қабілеті себеп болса керек. Осындай мінез-сипатымен танылған жас кадрды бірден Чистополье аудандық атқару комитетінің төрағасы сияқты жауапты қызметке жоғарылатты. Облыстық ауыл шарауашылығы өнеркәсіп комитетіне өз ісін жетік білетін, әсіресе, мал өсірудің қыр-сырын терең меңгерген маман, төрағаның бірінші орынбасары қажет болғанда таңдау тағы да осы адамға түсті. Ол сенімді ақтады, сол үшін бар күш-жігерін аямай қызмет етті.
Егемен елдің ірге тасын қалаудың саналуан қиыншылықтарға толы алғашқы кезеңі Қызыр Ыбырайұлының Көкшетау облысының әкімі болып қызмет атқарған жылдарымен түспа-тұс келді. Осы кезде, мен облыстық әкімшілік аппаратында қызмет еткенде, оның бюджет тапшылығы, соған орай әлеуметтік сала қызметкерлері жалақысының, зейнетақының уақытылы төленіп тұруы, үзіліп қалған өндірістік байланыстарды қалпына келтіру, жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынасты орнату сияқты күрмеуі қиын істерді табындылықпен атқарғанын көрдім. Ол қайтсем де сенім үдесінен шығамын деп жанын салып бақты, бірақ әкімдері жиі ауысқан, бірыңғай тәртіп орнамаған, оның үстіне жаппай жекешелендіру жарияланып әркім көрпені өз бойына тартқан, жасыратыны жоқ, сепаратистік пиғылдар да бой көрсеткен сол қиын шақта, халықты жұмылдырып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарту оңайға соқпады.
Сондай заман қиыншылықтарына қарамастан жаңа әкім облыстар арасында бірінші болып Көкшетау қаласында қазақ драма театрын ашты, облыстық аурухананың терапиялық корпусын салдырды. Сонынмен қатар дүлдүл ақын, сазгер әнші Біржан салдың 150 жылдық мерейтойына орай, Степняк қаласында оның сүйегі жатқан жерді өзара үйлесім тапқан архитектуралық ансамблі бар алаңға айналдырып, бабамызға əдемі ескерткіш орнаттырды. Көкшетау қаласында, жұмысшы жастардың кешкі мектебін басқа жайлы мекенге ауыстырған кезде, босап қалған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, онда даңқты жерлесіміз, майдангер, Кеңес Одағының батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің 80-жылдығына орай көркемделіп жасалған мұражай аштырды.
Сол қиын кезде жоғары атқарушы органдар бір біріне қосу жолымен облыстың алты бірдей ауданын жабуды жоспарлағанда Қызыр Ыбырайұлы өзі тура Президенттің қабылдауында болып бұл шешімнің дұрыс еместігіне көзін жеткізіп, оларды таратылудан сақтап қалған еді.
Қызыр Ыбырайұлы үш жылдан кейін, Қазақстан ауылшаруашылық министрінің орынбасары – мемлекеттік акционерлік мал тұқымын асылдандыру компаниясының басшысы қызметіне ауысқанда, облыста жағдай бірте-бірте тұрақталып келе жатыр еді.
«Өнерді үйрен де жирен», – дейді халқымыз. Қадірлі ағамыз 1999-2007 жылдар аралығында Қазақстанның Өзбекстандағы Консулы, уақытша сенімді өкілі қызметтерін атқарған кезде жаңа қырынан танылды. Сол кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болған Қасымжомарт Кемелұлы елшіліктің жұмысымен жан-жақты танысып, көрші бауырлас елмен тығыз қарым-қатынас орнату бағытындағы істерге көңілі толып Қызыр Ыбырайұлына өз қолынан Алғыс хат тапсырды. Көп кешікпей оған І дәрежелі кеңесшісі атағын берді. Осылайша ағамыз абыроймен зейнеткерікке шықты.
Қызыр Ыбырайұлымен әуелде қалыптасқан әріптестік, қызметтік қарым-қатынас бүгінде ағалы-інілік сыйластыққа ұласты. Кездесіп, араласып, пікір алмасып жүреміз. Ол әр кез кішіпейілдік, парасаттылық, бүгінгі өмірге деген ризашылық қалпынан танған емес.. Осындай ғибаратты жандар, еліне еңбегі сіңген ардақты ардагерлер көп жасап, жайнап алдымызда жүре берсін лайым!
Орынбай Шәйкенов, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.