– Әлфияның жайы осылай,- деп аяқтады әңгімесін Нұрбол. Үнсіз тыңдадым. Тысқа көз салып, едім күздің сүмелек жаңбыры әлі жауып тұр. Алдымдағы ыстық шайға қайта зауқым соқпады. Естіген әңгімем санама жеткен кезде денем мұздап, құйқам шымырлап, темекі тұтаттым. Шіркін, жүрегі бар адамға мына әңгімеден кейін күн сайын дамып жатырмыз деген аяр қоғамның бетіне былш еткізіп түкіргім келді. Миымда сан сұрақ.
Адамзаттың баласы, бұның ішінде тәрбиесі тал бесіктен басталатын қазақ деген текті халықтың ұрпағы азғынданудың алдыңғы баспалдағын аяқтап, жамандықтың жалауын төбесіне көтеріп, моральдық тұрғыдан азып бара жатқанын байқамайтын суқараңғы соқыр болып барамыз ба деймін. Кезең-кезеңімен адами құндылықтың былжырап, бейшаралық күйге түскендігін неге айтпаймыз?! Әлде айтуға болмай ма?! Ойланып отырып, қайтадан темекі тұтатыппын. Біз отырған дәмхананың іші көк түтін.
Қарама-қарсы жерде екі келіншек шарапты босатып, енді араққа ауысып, мөлшерінен тыс даурығып сөйлеп, ләйліп темекі шегіп, әдепсіздікке басып, аярлана күледі, ерсі көрініс. Санамызға сенбілік керек, Еуропаға еліктеп, әбден жұтаңдап жүдеудің жолына түстік. Демократия дейді қазір айтсаң. Сондықтан тысс, үндемегенім абзал.
– Иә, Әлфия көрікті, көркем келіншек еді,-деп бастады әңгімесін Нұрбол, соңғы рет былтыр бардым. Есі ауысқандарды емдейтін орталықтың еденін жуады екен. Мені көріп ұзақ құшақтады. Иығы селкілдеп жылағысы келді. Бірақ жыламады. Бар айтқаны «мен осында еден жуамын, енді мәйітімді алып кетіп елге жеткізерсің…»,-деп өксіді.
Қайдағыны айтпа дегім келді, бірақ айта алмадым. Дүниедегі ең жаман ауру ол-есі ауысқандық. Бір аяқ, бір қолын кесіп тастаса, я болмаса шолақ болсаң да, арбаға таңылып отырсаң да, ақыл-есің дұрыс қой, қанша жерден кемтар болсаң да санаң бүтін.
Білесің бе бауырым, неге адам баласы айуаннан артық қатыгез, хайуан екеш хайуан да жақынына шауып, бауырын тілмейді. Иә, менің Құдай қосқан келіншегім аяқ астынан бас ауруынан бақилық болды. Байғұс күні бойы басым зеңіп барады деп маңдайына ақ орамалды суық суға малып алып таңып жүретін. Миымның ішін құрт үңгіп жатқандай деп безектейтін, көрсетпеген емші, қаратпаған дәрігерім болмады. Қайда барсақ та бүгін-ертең тәуір болады. Құдайдың сағаты түскен күні деп көңілімізді марқайтып, жүдеген жанымызды жұбатып кері жіберетін-ді. Ақыры «басым-айлап» дүние салды.
Одан кейін Әлфияға жолықтым. Тамыздың таңы жаңа атып келе жатқан тұс еді. Орталық шаһарда қоғамдық көлікті жөндейтін жерде жұмыс істеймін. Қолым бос уақытта ермек болсын деп әкемнен қалған қолөнер шеберлігім бар аяқ киім тігіп, оны ақырын сатамын. Әйтеуір жалғыздың жары бір құдай деп таң бозарып атқанша ұйықтамаймын. Бірер сағат көз шырымын алсам, соның өзі маған тың күш сыйлайды.
Ертеңгілік жұмысқа шығып, асықпай жай басып аяңдап келе жатсам, алдымда басына тартқан аппақ орамалы бар, талдырмаш, құмырсқа бел келіншек қаланың орталығына қарай асықпай жан-жағына қызықтай қарап кетіп барады екен. Қала тұрғындары жаңа оянып, көшені тазалауға жауаптылар қыбырлай бастаған сәт. Қуып жетіп қатарластым. Жалт қараған жанарында асқан сұлулық пен мейірімділік, ұяңдық бар. Бұрыннан танитын адамдай бас изеп амандастым. Сірә, мына дәуқараның ақыл-есі дұрыс па дегендей бірден қабағын түйіп, аяғын тез басып кете барды. Ертеңіне тағы сол. Апта салып ақыры таныстық. Осы жолы амандасып қолымды созғанда өңіне жылулық кіріп, қабағы көтеріліп, қолын созып «Әлфия!»-деді дауысын қатайтып. Нұрбол…
Екеуміздің таныстығымыз осылай басталды. Осы қалада дүкенде тауар қабылдаушы болып қызмет атқарады екен. Кездесіп жүрдік. «Театрға барайықшы»,-деді бірде. «Мына мейірімсіз дүниеден театрдағы қойылым арқылы қырау басқан жаныма мүмкін жылу табармын»,-деп тұп-тұнық мөлдір жанарының ішіне нәзік мұң ұялады.
«Жақсы»,- деп сол күні театрға барып, қойылым көріп, шамы жарқыраған көшемен екеуміз асықпай үйге дейін жеттік. «Үйіме кір, шай іш»,-деді. Үшінші қабатта тұрады екен. Ұқыпты жан екендігі көрініп тұр. Әрбір заты орын-орнына қойылыпты, бір қабырға толған кітап. Өзім кітап-журналға қызықпағандықтан кітап оқиды екен деп түйдім. Қаймақ қатқан қою шайды ішіп отырып таңның қалай атқанын білмей қалыппыз. Біраз күлдіргі әңгімелер айттым, ауылда өскендіктен ғой, көбіне ауылымыздың әпенділеу адамы Сәду қария туралы ел ішіндегі қалжыңдарды айтып отырғанда құс оянып, таң ағарды.
– Жақсы, жұмысқа жиналайын, Сіз бара беріңіз,- деген соң, қоштасып шықтым. Ауасы кең шұғыла-шуағы мол үйден шығып, бойыма күш бітіп, қайраттанып жан-жағыма масаттана қараймын, өйткені осы сәтте бақытты едім. Мен үшін дүниенің дидарына қан жүгіріп, әлем мейірімділікке, сұлулыққа ұйығандай. Жұмысыма қалай жеткенімді аңғармай қалыппын. Жалғыз басты жігіттің оның үстіне төрт қабырғаға қарап, демалыс күндері ішкен тамағы бойына батпай жүрген адамның жаны сұлу, көзінен мейірім нұры тамшылаған жанға жолыққанымда өзімді шын бақытты сезіндім. Осы сағаттарым әлі есімде.
Ыстық шай алдырттым. Тағы үнсіз қалған Нұрбол, тысқа көз салып ұзақ ойланды. Қыркүйектің жаңбыры үдей түскен. Аспанды бауыры семіз бұлт торлап, сүмектеп әлі жауып тұр. Жүргінші аз. Біз отырған дәмхананың іші көк буылдыр темекі түтіні. Өз ойына өзі тұтқын болып отырған жігіттің әлдебіреуге деген сағынышы сары мұңға айналып, күздің көңілсіз күнімен сабақтасып, тым алысқа аспани әлемге сапар шегіп кеткендей, маңдайынан ірі-ірі тер тамшылайды, оны өзі де аңғармай отырған сияқты. Қатты ой үстінде.
– «Сосын»,- дедім үнсіздікті бұзып.
– Иә, Әлфия екеуміз ақыры шаңырақ көтердік. Менің қала шетіндегі жер үйіме келіп, оң аяғымен аттады. Бас тартқан жоқ. Көпқабатты пәтерде тұрамын деп кергімеді. Әйелі жоқ үйдің жайы белгілі ғой. Туыс-туысқан дегеннен менде ешкім жоқ, тұлмын. Дос-жаранды шақырып шағын отырыс қылуға да көңіліміз соқпады. Айлар өтіп жатты. Күндердің күні Әлфия бала кезіндегі басынан кешіргендерін айтқанда, түні бойы ойланып, көрер таңды ұйқысыз атырдым. Сөйтсем толыққанды баяндамапты. Көңіліне қырау салмайын деген шығар. Рас айтамын. Бәріміз бөрік киіп, азамат деген атты арқалап жүргендердің қатарындамыз ғой. Бірақ, құдайдың жаратқан пендесінің бірі еркек атаулысының ішінде хайуани түйсікпен өмір сүріп, жер басып жүргендер қаншама!? Дүниедегі ең жаман лас тірлік ол – нәпсіге ерік беру,-деп тағы да ойға батып, үнсіз қалды.
Тыстағы жаңбырдың аптығы басылып, қою тұман түсті. Күн күркіреді. Ыстық шайды ұрттап қойып, үстелдің ар жағында үнсіз отырған Нұрболға анықтап қарадым. Жас шамасы елуді еңсеріп қалған ірі денелі, кең иықты, балуан тұлғалы жігіт. Осы қалада шағын етік тігетін цехы бар.
– Иә, ойланып кеттім ғой. Өткен күндерімді ойласам санам санға бөлініп, түні бойы ойсоқты болып шығамын. Қазір кітапханадан кітап алып жазушы-ақындардың туындыларын оқитын болдым. Мені кітапқа ғашық қылып, жан-дүниемді оятқан Әлфиям ғой. Әлфия…
Әлфия келгелі үйіме береке кірді. Бұрын соқа басым сопайып жүргенде түлкі құрсақ қана жүретінмін. Істеп берген тамағы тіл үйіретін дәмді әрі қолынан бәрі келетін ісмер еді. Бес уақыт намаз оқып, Алладан тек қана мейірім сұрайтын, жәрдем тілейтін. Қылышын сүйретіп қыс келді. Кешке қарай үйге келсем, біздің үйдің төрінде жасы алпыстан асып кеткен үлкен апай отыр. Амандасқаннан кейін жұбайым «әкемнің қарындасы яғни тәтем» деп таныстырды. «Осы кісінің қолында өскенмін» деді. Қазанға барды салдық. Алыстан келген апайымыз салиқалы, сабырлы кісі екен. Он құрсақ көтеріпті. Балалары әр жерде қызметте көрінеді.
Әлфия ас үй жақта ыдыс жуып жүргенде жаулығы ақша бұлттай желбіреген, көпті көрген, көңіліне түйгені мол апай тамағын кенеп алып сөз бастады: – Балам, түр-тұлғаң келісті азамат екенсің, жарады «біреу бетімен айтады, біреу ниетімен айтады» деген атам қазақ. Көпті көрдік. Аш та болдық, тоқ та болдық, бірақ қанағат қарын тойғызады деп қанағатшылдық пейілден арылмағандықтан шығар, Алла маған деген нығметін аяп жатқан жоқ. Мен сенің жаныңа жара салғалы келдім деп,- біраз үнсіз отырды.
– Екі мұңлық елбесіп-селбесіп отыр екенсіңдер, бұған да шүкір деп отырмын деп сөзін әрі қарай жалғады. Е, шіркін не өлтірсе де адамды бауыр мен бала өлтірер деген. Көңілден қайыр, көзден мейір кеткен заман ғой. Иә, солай! Ар қайда, ұят сонда дейтін бұрын менің қайын атам жарықтық. Өткінші өмірде жетімнің жылағанын көрсем жанымды қоярға жер таппаймын. Бұл қу жалған кімді мұратына жеткізіп жатыр дейсің. Сендерді естіп жолға шыққалы ұзақ ойландым. Уһ! Әлфияның әкесі менің туған бауырым. Негізіне тартқан бала ғой. Бір әке, бір шешеден екеуміз ғана едік. Жол апатынан дүние салды. Алланың жазғаны шығар. Бұл ол кезде екі жарым жаста еді. Шешесі жыл жарым жүрді де, өзінің ауылдасына тұрмысқа шықты. Бұрын істі болған жігіт деп естідім. Баланы алып қалайын, он балам бар ғой, он бірінші болсын деп айтып көріп едім, болмады. Ала кетті. Шіркін бұрын қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған еді.
Қазір заң басқа. Содан Алматы жаққа көшіп кетті деп естідім. Неге екенін білмеймін, сол келін менің бауырым дүние салғаннан кейін нілдей бұзылып, кілт өзгерді. Баяғыдай менімен араласпай кетті. Әйтеуір өкпесіне дақ түсті. Күні-түні ойлағаным бір түйір осы бауырым болды, жетімнің қарны – жетеу деген. Қайтып, қалай жүр екен деймін де отырып алып егіліп, босап жылаймын.Ақыры адресін тауып алып үлкен ұлды ертіп жолға шықтым. Алматы деген үлкен шаһар екен жарықтық. Көлігі әрі-бері сабылған. Сұрай-сұрай Меккені де табарсың демекші, таптым әйтеуір. Бір бөлмені жалға алып тұрып жатыр екен. Күйеуін сонда көріп таныстым, қабағының астымен түксие қараған көзі өткір, ішімдегі тап дейтін нағыздың өзі екендігін байқадым, көзі қанталап қабағы келіспей отырды. Бірақ ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түсер деп үндемедім. Құдай ісі, бауырымның баласын бауырына салып отырған адам ғой дедім. Зауытта ұста болып істейтін көрінеді.
Мені ұмытып қалыпты Әлфия. Інімнен қалған жалғыз тұяқты құшағыма алып айтынып жылап алдым. Сол баяғыша келіннің өңі жылымады. Бір күн қонып кері кеттім. Жолға шығайын деп тұрғанда «Айналайын, Ғалия, ауыл арасы алыс, жер шалғай өзің білесің, бәлкім бауырымнан қалған жалғыз тұяқ сіңлімді ала кетейін, өзім оқытайын, өзім жетілдірейін»,-деп едім. Үнсіз басын шайқады.
Өзіміздің музыка емес, шетелдік бір әуен жүрді. Жаңағы кәйп қуып, ләйліп отырған екі келіншектің қасына мойны сорайған, ұзын бойлы мысық көз, томпақ бет, ұзынсары келіп жайғасқан. Үшеуінің әңгімесі жарасым тауып даяғашы қыз арақ тасып әлек, ындыны кеуіп қалғандай үшеуі тілектің артынан тілек айтып сыңғытып жатыр. Былай қарай тағы да екі жігіт жайғасқан. Көңілдері көтеріңкі. Күбірлесіп сөйлесіп отыр.
Үзілген әңгімесін қайта жалғаған Нұрбол, тағы да бір шыны аяқ шай алдырды.
– Сосын, әрі қарай деймін, әңгіменің үзілген тұсын жалғастыруын күтіп.
– Иә, сөзге шешен, көпті көріп, көңіліне көп нәрсені түйген апам күрсініп алды да: – Қайтейін. Әлфия алты жасында өгей әкесінің арам ниетінің құрбаны болған, тура төрт жыл бойы деп өксіп жылап жіберді. Екеуі еркін отырып әңгімелессін деді ме, ас үйден Әлфия біз отырған қонақ бөлмеге келген жоқ. Келген қайын апам өксіп отырып осылай дегенде тұла бойымды тоқ соққандай есеңгіреп қалдым. Төрт жыл бойы!.. Арам ниетті оңбаған жүрегі жоқ, тас жұтқырдың құрбаны болған.
– Сосын,- деймін дауысым дірілдеп.
– Ақыры анасы біліп қалып бесінші қабаттан секіріп өлді,-деді апам қырау басқан терезеге қарап жанарына үйірілген жасын жаулығының ұшымен сүртіп. Жер басқанға мәз болма, жерде ізің қалмаса дегенді атам жиі айтушы еді жарықтық. Азғынның осындай арам қылығынан кейін Әлфияны үйге алып келдім. Балам, адамзаттың баласы Адам ата мен Хауа анадан таралған, жұптасып өмір сүру, ұрпақ өрбіту бір-біріңе деген сүйіспеншілік арқылы өле-өлгенше бірге болу хақ тағаланың жазған заңдылығы. Қосылып түтін түтетіп екі жарты бір бүтін болып отыр екенсіңдер, ақ батамды беріп, көңілімнің түкпірінде жатқан сырымды айтайын деп арнайы келдім.
«Ауруын жасырған өледі» дейді ғой қазақ. Иә өледі, айналайын Әлфия бауырымның құс қайтқанда, құс кеткенде аздап басының ауруы ұстап, ескі ұстамасы қозады. Баяғы арсыздың әлімжеттігінен шошынған,- деді күрсініп.
Тұла бойым мұздап, арқама құмырсқа жүгіргендей терең ойланып қалыппын. Дүние-дүние болып жаратылғаннан бері жұмыр жер бетінде жауыздықтың жалауы неге биіктен көріне береді? Адамшылық қайда? Әлде құдайдың жаратқан пендесінің миы уланып, хайуани түйсікпен ғана өмір сүретін болып кеттік пе? Мұндайларды ар сотына салып жазалау керек қой. Жазаның ең ауыр түрі болмағандықтан шығар, қара жәшіктен естіп жататын жаңалықтың бірі осы педофилия. Әне бала зорланды, міне қорланды деп елді дүр сілкіндіреді. Ал қылмыскер бері кетсе он, әрі кетсе он бес жылға сотталады. Азғын қылмыскер жер басып, темір торда қоғаммен бірге жасасып өмір сүреді. Жазасын өтейді. Маңдайымнан суық тер шығып, қайтадан темекі тұтаттым.
Үзілген әңгімесін әрі қарай жалғамай үнсіз отырған Нұрбол, суып қалған шайының шыны аяғына үңіліп үнсіз ойланып отыр.
– Жадырап көктем келді. Үлкен шаһардың қары кетіп, ағаш бүр жарып, жер көктеп, қыр гүлдеп, дүние масаты күйге түскен мезгіл. Мерекелік демалыс күні еді. Ол-пұлы, азық-түлік алайық деп Әлфия екеуміз базарға келдік. Өтіп жатқан, кетіп жатқан, келіп жатқан жүргінші көп, кісі қарасы қалың. Базардың кіреберіс қақпасының алдында жиі көретінмін. Екі аяғы жоқ, көзі шүңірейген, оң жақ қолы иығынан кесілген мүсәпір қайыр тілеп отыратын. Мұсылман баласы ғой деп мен де бірер мәрте тиын тастап жүретінмін. Қасымда күлімдеп, бұлт астынан шыққан күндей болып келе жатқан Әлфия тілемсекті көрді де кілт тоқтай қалды. Шыңғырып тұра ұмтылды.
– Оңбаған, жексұрын, қатыгез хайуан, менің жас өмірімді тікенге айналдырып, қорлап, арымды аяққа басқан албасты, отырысын қарашы, мүсәпір болып, тфу деп бетіне түкіріп, қолындағы сөмкесімен арбасында әрең отырған мүгедекті жығып салып ал ұрсын. Түсінбей қалдым.
Қасымыздан жұрт өтіп жатыр. Тас жүрек қоғамға айналып сезімнен тұл болғанымыз соншалықты, әбден еліріп, ашуға булыққан Әлфияны айыра алмай жатсам өткіншілердің біреуі мойнын бұрып қарамайды да. Тіпті біреулер видеоға түсіріп қызықтап тұр. Әйтеуір әупірімдеп ажыратып алып мүсәпірді арбасына отырғызып кешірім сұрап такси ұстап үйге кеттім.
Әбден ашудың тұтқынына түскен Әлфия сол күні тас бүркеніп жатып қалды.
Музыка үні өшті. Жаңағы екі келіншек, мысықкөз жігіт үшеуінің қасында даяғашы қыз тұр. Үшеуі де тілдері күрмеліп әрең сөйлеп отыр. Төлем жасады. Тағы да отырысты жалғастырайық,-дейді талдырмаш келген, қолаң шашты, қара торы келіншек сылқ-сылқ күліп.
– Ымм… кетейік,-дейді құрбысы. Әлгі біздің можантопай жіберген алименттің барлығы бір отырыстан қалмады, ну ертең жәрдемақы келеді. Ха-а-хаа. Күлкісі қандай жиіркенішті. Біздің «ана» деген ұлы ұғымның қасиеті кетіп бара жатқандығын ойлап іштей булықтым. Үшеуі ортақ келісіммен қайта араққа тапсырыс берді.
Біз қайта шай алдырдық.
– Осы оқиғадан кейін, араға апта салмай Әлфия есінен ауысып толыққанды жындыхананың тұрғылықты тұрғынына айналды. Жұмыста отыр едім. Полиция бөлімінен хабарласты «Әлфия Ізғұтова сіздің жұбайыңыз ба?»-дегенде, бір қасіретке душар болып қалды ма деп аузыма сөз түспей «иә-ә иә!»-дей беріппін. «Тез біздің бөлімшеге келіңіз» деген соң, алып-ұшып бардым. Көзін жәудіретіп бөлек бөлмеге қамап қойыпты. Жұмысқа күнделікті барып келетін автобусының барлық терезесін күл-талқан қылып, ақыры полиция келіп тексеру жүргізіп, бұрын ауырғандығы анықталып шыққаннан кейін, «қоғамға қауіпті» депті дәрігерлер. Сол күні А. ауылындағы жындыханаға апарып салды. Міне, бауырым, жағдай осындай. Жаңағы көшеде қайыр тілеп отырған мүсәпір менің Әлфиямның өгей әкесі екен.
– Зұлымдық атаулысының ішіндегі ең ауыры қоғамның әлсіз мүшесі – баланы ойыншық қылып қорлау. Бұл нағыз қылмыс. Жазатайым жаңылысып біреуді жазым қылып алсаңыз заң кешірмейді. Неге біз педофилдерді құр соттап қоя саламыз, я болмаса өмірлік түрмеге отырғызады. Олар асқан айуандықпен қылмыс жасайды да жер басады. Осыны түсінбеймін! Ал Әлфияның анасының өліміне тікелей қатысы бар, жас қыздың тағдырын тас-талқан еткен қылмыскер мүсәпір болғансып көшеде қайыр тілеп отыр. Адамның соты емес, Алланың соты тірісінде жазалап қор қылып қойған. Ал оны білмейтіндер мүсәпір, мүгедек, бейшара деп садақа береді,-деп үнсіз қалған Нұрболдың жанарына қарасам ашуға булығып, өңі өрт сөндіргендей болып күреніп кетіпті. Үнсіз қалдым. Суып қалған шайымды ұрттап орнымнан тұрып қоштастым.
Тыстағы жаңбырдың аптығы басылыпты. Дәмхананың алдында жаңағы бір еркек, екі әйелдің үні өктем шығады. Сірә, мөлшерінен көп ішкен ішімдіктің әсері ме, полиция қызметкеріне тап-тап беріп қара торы келіншек телефонымен біреуге қоңырау шалып, жәрдем сұрап жатыр.
Бесінші қабатқа көтеріліп, үнсіз қара жәшікке телмірдім. Журналист қыздың дауысы мұншалықты зарлы болар ма, тұщымды жаңалық жоқ. Арыста әскери бөлімде алапат жарылыс болды. Қаза тапқандар бар дейді. Сол күні жайнамазымды жайып, құбылаға қарап отырып адамзатты ақыл-ес беріп жаратқан Алладан жылап тұрып кешірім сұрадым.
– Жер басып жүрген құлпенделеріңді кешіріп, жанына жанжылулық сыйлап, салиқалы қыла көр- дедім.
Өйткені, жер планетасы тұрғындарының пендешілік қарекетінен дүниенің дидары ластанып, дертінің асқынып бара жатқандығынан адам дейтін екі аяқты, жұмыр басты пенденің санасына әбілет кіріп, әбден орнығып алғандай көрінді маған…