10.2 C
Kokshetau
Четверг, 3 октября, 2024
10.2 C
Kokshetau
ЖаңалықтарБурабайдың елі бай, бағасы қымбат, көлі лай!!!

Бурабайдың елі бай, бағасы қымбат, көлі лай!!!

Бөлісу

Сондай-ақ, оқыңыз...

Қасиетінен айналайын Бурабай, ұлы Абылайдың қырық сегіз жылдық хандық құрған қасиетті өлкесі еді. Ертеңгі болашақ үшін, қазақтың бөлшектеніп кетпеуіне бірден-бір себепші болған ұлы хан иеміз Абылайдың табанының табы қалған қасиетті Бурабай өлкесі коммерцияның басты көздіріне айналады деп кезінде ешкім ойлаған жоқ. Януардың бірінші жұлдызынан бастап 2024 ж Бурабайға жергілікті халықтың өзі ауасын жұтуы үшін ақы төлеп кіретін болды.  Ал керек болса…

Пиғылы жатпен қатар отырма демекші, ай-күннің аманында   ақылынан адасып жергілікті халықтан ақша сұрап отырған бұлар кімдер!? Әрине, өзімізге белгілі анау мен мыналар!.. Барлығының көкей құртын тескен баяғы халықтың қалтасындағы қаражатпен жарлысы байға, байы құдайға жетем деген құдайсыздар ойына келгендерін істеп, әйтеуір сең соққан балықтай қылып талтаңдап жүр!..

Жалпы Бурабайдың әр көлі, даласы, орманы, жан-жағын барлығын кім көрінген келіп қоршап алған. Қымбат виллалар, зәулім коттедждар салып тастағандардың әр жағында кімдер отырғандығын, жергілікті халықтың ешқайсы да нақты айта алмайды, біліп тұрса дағы. Өйткені, оны ар жағында жағасына кір, шалбарына қыр түспейтін, түкірігінің өлшемі шетелдік көк қағазбен өлшейтіндердің қолында екендігін ел біледі.  Бурабайдың көлінің батпақтығы мен ластығы әбден нөлдік деңгейге түсіп кетті. Өйткені бұған жауапты ешкім жоқ. Әрі-беріден соң, бұл көлді мемлекет бюджетінен тазалап та керек жоқ, айналасын қоршап алып жазғы маусымда көлеңкеде жатып ақша табатын ығай мен сығайдың, сығырбайдың қалтасына кетіп жатқан пайдакөзі боп табылатын көл екендігі барлығымызға мәлім. Бурабайдың көліне түспек түгілі мен аяғымды салмаймын. Қолқаны атқан иіс, іші әбден сасып нәжіске толған, үндістандағы Ганга өзенінен айырмашылығы шамалы, экологиялық сипаты таусылып біткен!

Сараң қараңғыда тамақтанады демекші, іші пысқандар енді жергілікті бурабайлықтарды өзінің ауасын, өзі жұту үшін құдайдан әрмен қатты жарлық шығарды яғни «сіз Бурабайдың табиғатын аралау үшін 1036 теңге ақша төлейсіз, арнайы бейнебақылау арқылы, кірерде тегін кіресіз, шығарда бейнебақылаудан өте алмайсыз (жергілікті халықтың өзіне осылай жасап қойды). Іс-әрекетке себеп түрткі демекші, жергілікті халықтың көпшілігі бұған 99 пайызы қарсы боп жатса дағы, қу бастан қуырдақ қуыратын сөлкебай санап, қалтасын ғана қалыңдатып жүретіндер бұны алдын-ала ескертіп барып қарашаның құлағын үйретіп алып, әккі әдіске көшіп отыр. Ал керек болса!.. Бұл Бурабай бұлардың әкесінен қалған мұрасы ма екен? Әлде аталарымыз елді жегіқұрттай жеп сорып жатқандарға тастап кеткен меншігі ме екен!?

Бұл жайында әзірге жергілікті билік мәу деген жоқ. Сірә, шәпкісінің жиегі бүрмелі, көзілдірігі алтын, табаны жер иіскемейтіндердің жоғарыдан пәрменді зор жарлық берген ғой.

Берген бұзады дейді. Жазғы маусымда Бурабайдың ішінен машина қоятын орын таба алмайсыз. Миллиондаған туристер келеді. Сол қаражат қайда кетіп жатыр!? Туристік аймақпыз деп кеуде керіп «биоәжетхана салдық», көшесін түзедік тағы тағы бықсыған көзге көрінбейтін дүниелер жайлы есеп беріп жатады. Алдымен Бурабай кентіне түскен миллиондаған туристен келетін табыскөзі қайда!? Ал енді бұдан былай Бурабайдың қақпасы ақылы болса, келген туристер ойына келгенді одан сайын істеп кетеді, ал осы ақшаны санап алғандар ертең экологиясына толыққанды жауап бере ала ма екен?

Жалпы қазіргі күні Қазақстан Республикасының әрбір жұмысшының еңбекақысынан 16% табыс салығы ұсталуда.  Осылардың барлығының ешкім есебін бермейді, бергісі де келмейді. Ал, сол табыс салығы т.б салықтардың барлығы жергілікті бюджетке түседі. Мұндай ірі көлемде түскен салықтан ауданның экономикалық ритмі бәрінен озық болуы керек. Ал бізде керісінше, нан бағасы -180-200 теңге. Азық-түлік бағасы шарықтап барады. Ауыз су мәселесі отыз жылдан бері шешімін таппаған.  Көшелеріне жарықтандыру енді-енді жүріп жатыр, тіпті кейбір көшелер әлі сол таз қалпында.  Ауылдық елді -мекендерге интернет желісі жетпеген, медицинасы жоқ ауылдар бар. Бұны барлығы қордаланып қалған үлкен мәселе отыз екі жылдан бері шешімін таппай қағаз жүзінде тамаша, әйбат боп тұр.   Егемендігімізді алғалы тікен егіп, жүзім күткен елдің біреуі біз шығармыз! Жұтқан ауаңызға дейін апарып ақылы қылып қойған!.. Айла ойлама, адал іс жаса дейтін баяғы бабаларымыздың тәмсілін бүгінгі билікте жүргендердің барлығы ұмытты.  Сүйеніші мықтының сөзі өтімді. Перғауында солар, жарты құдай, патша да солар!.. Сосын барып халықтың қайтсын???

Жаңа Қазақстан құрып жатқан Президент бастамасынан зор үміт күткен халықтың бара-бара ыңыршағы айналып «әділдіксіз қайыр жоқ» деп күрсініп соңғы үміті өлетін сияқты ма қалай боп кетті? Әрине, мемлекет басқару оңай шаруа емес! Бірақ, сабыр ет, қуаныш күт, бәле келсе, күте тұр, қайғы-реніш ала келсе деп отыз екі жылдан бері сабырлы боп сары алтынға айналып, сары уайымға түскен халықты ойлайтын кім бар? Күн сайын көшеде жай жүрсеңізде айыппұл, түкірсеңізде айыппұл, әжетке барсаңыз да ақша, қажетке кірсеңізде ақша, барлығы жекеменшік, бүйте-бүйте халық байғұстың қайда баратындығын көктегі бір құдай білер!

Әйтеуір бұның арты жақсылыққа апармайды. Заң кімге жұмыс істеп кетті өзі? Қараша халыққа ма, әлде бал қайда болса, ара сонда деп отырған қалталыларға ма!?

Құрметті оқырман! Посты таратуға рұқсат. Көптеп таратыңыздар өтініш. Ұлан-ғайыр қазақтың жері, тек халыққа арналған ат төбеліндей біреулер үшін емес! Сіз бен біз үшін. Ауасын тегін жұтуға, көшесін еркін басуға әрбір адамның заңды құқығы бар. Бұлар бүйтіп сағат сайын, сананы бұзатын заң шығара берсе, қара қазанда қайнап жатқан қара су, күндердің күні таусылып қазанның жарылуы мүмкін, бұл қазан қаңтарда жарылды, бірақ одан ешкім сабақ алмады. Біздің мұңымызды Президент естір ме екен!? Естісе Бурабайдың елі бай, бағасы қымбат, көлі лай боп кетті! Біз ертеңгі ұрпақ үшін не қалдырып барамыз!?  Осы сұрақ мені мазалайды. Сізді ше ағайын!?

БУРАБАЙДЫҢ ЖЕҢІСІ.

Барлық материалдар ESILNEWS.KZ желілік басылымының және «ESIL-MEDIA» ЖК, сондай - ақ, оның лицензиарларының меншігі. Сайт материалдарын коммерциялық мақсатта толық немесе ішінара көшіруге тек сайт иесінің жазбаша рұқсатымен ғана рұқсат етіледі.
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Ақмола облысы Бурабай ауданының Абылай хан ауылында дүниеге келген. Абылай хан атындағы орта мектепті аяқтап, он тоғыз жасынан бастап баспасөз саласында қызмет атқарып келеді. Өзекті мақалалары әр түрлі деңгейдегі басылым беттерінде Бурабайдың Жеңісі деген атпен жиі жарық көреді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

Соңғы мақала

Өзге де жаңалықтар