17.3 C
New York

Байырғы атауларды қайта қолға алсақ…

Published:

Жетпіс жыл бодандықта болған елдің ішкі мәселесі жетіп артылады. Әрине мұнсыз тағы болмас. Қаншама жыл бойы тәуелділік, жеке басымыздағы биліктің жоқтығы, Мәскеу жаққа елеңдеп, солардан әмір мен жарлық күтіп отырған қазақтың сол кездегі тағдыры сарапқа салынып, таразы басына түскен жоқ. «Бөліп алда билей бер» деген ұстаныммен қаншама салтымызға, санамызға, ұлттық кодымызға сызат түсті.
Егемендігімізді алып, ендігі мәселені осыдан бастаймыз деп отырғанда әлеуметтің әлеуеті, экономика, даму процесі, халықтың жағдайы деп жүргенде отыз жылдың жылт етіп өте шыққанын аңғармай қалдық.

Президент «Жаңа Қазақстан» құрамыз деп реформа дайындады, жолдау да халыққа жол тартты. Соның ішінде Ұлытау облысы құрылып, кешегі тарихта ұлы Жошы ханның алғашқы хандықтың негізі қаланған жерді қайтадан жаңғыртып, облыс статусын беру әрине көпшіліктің көңілінен шықты.

Қазақыландыруға келгенде кейбір өзіміздің ағайындар кері тартып, әлқисаны қысқа қайырып дау айтатыны сөзсіз. Ұлы Абайдың атымен Семей облысы қайтадан құрылатындығы айтылып еді кері тартатын қазақ Абайдың атына облысты бергені несі?-деп «байбалам» салып тағы шыға келді. Иә, бергені несі деп өкпелеу қисынсыз. Абай қазақтың бас ақыны, әрі-беріден соң «Абай орысшыл» болған деп сандырақтапты біреу. Жарайды, ұлылар туған жер, ұлылардың, ұлы ойшылдардың кіндігінің қаны тамған қасиетті Семей өлкесінде Әлемнің үрейін ұшырып, атом бомбасын ойлап шығарған Курчатовтың атындағы қала да осы өңірде болғандығын бәріміз білеміз. Қырық жыл бойы қасиетті топырақты кеңес одағы білгенін істеп, сойқанды салды. Әй сол кезде бірде-бір қазақтың аузынан ажал сеуіп жатқан атом лабораториясы жайлы сөз шықпады. Себебі, айтуға қорықты, жалтақтады, үрейленді. Нәтижесінде ұлылардың табаны тиіп, кіндігінің қаны тамған қасиетті өлке, күні бүгінге дейін радиацияның кесірінен азап пен мехнат көріп жатыр, қаншама бала дүниеге кемтар болып келіп, қаншама адам ажалынан бұрын өліп жатқандығын тәуелсіздігімізді алып еңсемізді жазған күннен бастап ақиқатын «аймаңдай» қылып айта бастадық.

Жетпіс жыл құрсауда болдық. Сол кезде тілімізден айырылып қалдық деп күні бүгінге дейін сылтау айтып, сырықты жалғап, құрықты кезеп бойымыздан әр нәрсені ала қашып, өкшелеп қуғанға жеткізбей келе жатырмыз. Керең адамның аузына қарардың керімі, мәңгүрттеніп кеткен бүгінгі болмысы бөлек, бітімі өзге «жаңа заманның қазағына» шындығы керек көше, ауыл атауын өзгертеміз десе елеңдей қалады.

Себебі, баяғы енжарлық, бойдағы қорқыныш «ұлы халық» деп дәріптеген ұлттың айбаты мен айбары. Туһ! Неткен аянышты қал, аянышты жағдай! Турасын айтқанда өзіміздің тәуелсіз ел екенімізді айтуға жазуға, батыл қадам жасауға баруға жүрексінеміз, басы аманның – малы түгел деп сен тимесең, мен тименің керімі.

Бурабай ауданының біраз бөлігі күні бүгінге дейін «ресми шапанын» шешкен жоқ. Сол атам заманғы емес, бертін ХХ ғасырда оның алдындағы қарашекпенділердің ықпалымен атауы ауысып, шапаны ресми жабылған ауылдар. Веденов, Успеноюрьев, Николаев, Златополье, Савинка, т.б. ауылдардың атауын өзгертетін уақыт келді. Келгенде бұл мына жақта отырып айтып, біреудің тапсырмасымен жасалып отырған шаруа емес! Жоғарғы жақтан Президенттің аузынан шыққан «ләм» екенін біреу білер, біреу білмес. Жалпы «Жаңа Қазақстан» құрып, реформасын халыққа жолдап жатқан Президент «Қазақтың тілі ұлтаралық тілге айналуы тиіс» деді. Демек әрі-сәрі болып тұрған «тіпті өзіндік статусына» жете алмай жүрген тіліміздің де алдағы уақытта айы оңынан туады деген сенімдеміз.

Отыз жыл болды! Отыз бірінші жылға аяқ басып, егемендіктің самалымен тыныстап, нұрына шомылып, іргелі ел болып жаһан танып, алыс-жақын ел білген танып, мойындаған мемлекеттің біреуіміз. Аллаға шүкір, күні бүгінге дейін жетпей жатқан тұсымызда бар болса да жеткен жетістігімізді айтып тауыса алмаймыз. Кереғар пікірде байбалам салып «қияр жесе де «пияршылап» кететін біреулер» тырнақ астынан кір іздеп, ойбайға басып жатады. Отыз жыл бойы жинаған азды-көпті дүниені жоққа шығаруға болмас! Тарих деген ұлы сахна бар мен жоқты, аз бен көпті теңестіріп берер. Ендігі мақсат: ұлттық құндылықтарға көңіл бөліп, жергілікті жер-су аттарын ауыстыру жөніндегі күнделікті күн тәртібінде қолға алып, әрі қарай жандандырып қазақыландыру.

Өткенде жиын болып өтті. Осы жөнінде газетте жаздық. Облыстан келген аталмыш іске жауапты тұлғалар жарым сағаттан артық жергілікті әкім-қаралармен әңгімелесіп, ауылдардың атауын өзгерту туралы пікірлесті. Ішкі диалогты көріп отырып әкімдер қарсы емес. Тек, халықтың әлеуметтік әлеуетін дұрыстап алсақ дейді. Дейдімен… іс созылып кете ме деп келгендер қарсы уәж айтты. Иә, осы диалог барысында ұққанымыз. Ауылдық округті басқарып отырған ақжағалылардың көпшілігі тарихи атауды әлі де толық білмей отыр. Мысалы Зеренді мен Бурабайдың арасында күретамырдай болып тұрған Златополье ауылының байырғы атауы – Құмдыкөл. Веденов ауылының атауы-Ақтөбе, Николаев ауылының атауы-Аршалы (бір кездері айналасы толған арша болыпты, бүгін ол арша бар ма, жоқ па білмедік). Успеноюрьевтың атауы -Арықбалық. Міне іздеп, тізе берсек баяғы терілігі терге малшынып алакөз, пиғылы қас жауымен күресіп, қазақтың жерін сақтап қалуға ат салысқан бабаларымыздың меншікті жері, ұлы Отаны болғанын білуіміз парыз.
Ал енді уақыттың теперіші, бодандықтың бұғауы, басымызға түскен ноқта, Мәскеудің жарлығымен өзгеріп кеткен атауды қазақыландыру, байырғы атауын қайта беру бүгінгі тәуелсіз елдің ішінде еркін өмір сүріп, еркін тұрып, еркін жүрген әрбір азаматтың басты парызы.

Қасиетінен айналайын, осыншама ұлан-ғайыр қазақтың кең даласының ішінде Бурабайдай қасиетті көз тартар сұлулығы бар өлкеде өмір сүріп жатқан Сіз бен Біз бақыттымыз. Біздің кейбір қалам ұстаған жазушы, ақын, суреткерлер Бурабай жайына келгенде «Әлемнің екінші Швейцариясы» деп баяғы әлдекімнің аузынан аңдаусызда елге тарап кеткен бір ауыз сөзді қайталай беріп тізесін шығарып болдық. Швейцарияны көрген жоқпын. Бірақ неге біз өзіміздің қасиетті жерді, аңыз бен ақиқатқа толы киелі өлкеміздің сұлулығын екінші орынға қоямыз. Жарықтық К. Салықов «Памир, Гималайлар толып жатыр, Оқжетпес жер бетінде біреу ғана» деп бағалап кетті. Әлемнің жеті кереметінің тізімінен табылатын қасиетті Бурабай өлкесі, ұлы хан Абылайдың қырық сегіз жыл бойы хандық құрған өлкесі болғанын тарихтың өзі дәлелдеп дөп басып айтып отыр. Біз кімнің қабағына қарап, кімнің ықпалынан шыға алмай отырмыз. Әрине, бар кінәні өзімізге аударып, сүттен ақ, судан таза болсақ дейміз.

Кезінде сталиндік саясаттың ықпалымен, патшаның жарлығымен тағдыр айдап келген біздің ортақ отанымызда әр алуан ұлт бар. Ұлт болған жерде келіспеушілік пен өзара түсініспеушілік болады. Бірақ бес саусақ бірдей емес деп әрбір ұлтты «Құдайдың кенже баласы» деп бағалай беретін болсақ, келешекке беретін тәліміміз бен тәрбиеміз, салып беретін ізіміз, соқпағымыз қандай болмақ? Мені осы алаңдатты. Адамзаттың әліппесі ашылған күннен бастап жер бетінде қанша ұлт болса, сол ұлттың өзінің төл тарихы болады. Тарих сабақтастығы ұрпақтарға дәнекер болып, ел жадында жылдар өткен сайын жаңғыра береді. Ұлы мәртебелі уақытта өмір сүріп жатқан біз бен сіздің, жасап жатқан тірлігіміздің барлығы ертеңгі күнгі тарих. Өткен тарихты санамызға қайта сіңіріп, тәуелсіздікті бағалап, кемтар оймен келте қайырмай, әрдайым ұлтжандылықты берік жадымызда ұстап, өзара диалогпен шаруамызды атқара бергеніміз абзал!

Жергілікті зиялы қауым өкілдерінен қазіргі күні хат түсіп жатыр. Шучинск қаласының атауын да өзгертіп қазақы қылсақ дейді. Өткенде бұл жөнінде өзімнің парақшама жаздым. Пікір сан алуан. Нақты тоқтау айтар байлам жоқ. Бірақ бүгін-ертең қаланың атауын өзгертейін деп жатқан жоқ. Жергілікті аға буыннан ұсыныс хат бар дегенді естіп, көріп біліп отырмыз.

Сөздің қысқасы, ел болудың басты шарты көше мен ауылдың атауын өзгертуде емес дейтіндерге айтарым. Басты мақсат жұмылып тәуелсіз ел екенімізді білдіру. Тіл тұғырын, Дін-қасиетін, Діл іргетасын, осы үшеуін қалыпқа келтірсек қалғаны жөнге келер. Көше, ауыл атауы өзгерсе үйіміздің құжатын ауыстыру керек деп біреулер қоғамға «жел сөз» жібереді екен. Еліміздің заңы бойынша ешқандай сіздің қалтаңыздан қаражат кетпейтінін еске салғымыз келеді. Демек алдымызда атқаратын жұмыстар жеткілікті, ағайын! Бастысы ел аман болсын!

PS:_Жарты жыл бұрын жазып едім. Аудан атауын ресми атаудағы тақырбас ауылдарды, көшелерді қазаққа айналдыратын уақыт келді. Кім-көрінгеннің қабағына қарай бермей. Олар кетеді ертең, қызметім деп жүріп келер ұрпақтың бетіне не айтамыз!? Біздің аға буын шынымен-ақ сорлы болған екен ғой демесе болды. Өзім көрген білгенімді қазір жинап жазып отырмын, келешек іздесе түсінер деп.

Жеңіс Оспанов
Жеңіс Оспанов
Жеңіс Серібайұлы Оспанов бұрынғы Фрунзе, қазіргі Абылай-хан ауылында қарапайым отбасында 1984 жылы 9 мамыр күні дүниеге келген. Орта мектепті тәмәмдап он тоғыз жасынан бастап "Бурабай" аудандық қоғамдық-саяси газетінде тілші болып қызметін бастаған. Қазіргі таңда "Бурабай" газетінің редакторы. Әңгімелері әр басылымдарда жарық көріп келе жатыр. Ақмола облысы әкімінің "Алғыс хаты" және әр түрлі байқауларда проза жанры бойынша жүлде алған. Өзекті тақырыптарда мәселе көтеріп жазып жүр. Көбіне тарих, ауылдағы ескі әңгімелерді жинақтап басылым беттеріне жариялайды.

Related articles

spot_img

Recent articles

spot_img